Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3612 0 пікір 27 Маусым, 2010 сағат 07:06

Ерлан ҚАРИН, саясаткер: Қостілділіктен көптеген қатерлер туындауда

- Ерлан мырза, журналистер күні қарсаңында БАҚ саласында қордаланған мәселелер, оның ішінде ақпараттық қауіпсіздік мәселесін қозғасақ дейміз. Кезінде өзіңіз де «Қазақ журналистикасы ұлттық партияның ролін атқарып отыр» деп, үлкен баға берген едіңіз. Бірақ бүгінгі БАҚ-тарға өз қызметін атқаруға мемлекеттік бақылау мен монополия тұсау болып отырған жоқ па?

- Ерлан мырза, журналистер күні қарсаңында БАҚ саласында қордаланған мәселелер, оның ішінде ақпараттық қауіпсіздік мәселесін қозғасақ дейміз. Кезінде өзіңіз де «Қазақ журналистикасы ұлттық партияның ролін атқарып отыр» деп, үлкен баға берген едіңіз. Бірақ бүгінгі БАҚ-тарға өз қызметін атқаруға мемлекеттік бақылау мен монополия тұсау болып отырған жоқ па?

- Қателеспесем, 2006 жылы «Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі» тұжырымдама қабылданған болатын. Сол тұжырымдамада ақпараттық қауіпсіздікке қандай факторлардың әсер ететіні айтылған еді. Оның ең алғашқы факторы ретінде мемлекеттік монополия немесе белгілі бір саяси топтардың монополиясы келтірілген. Яғни, бұл арада билік те өз деңгейінде мемлекеттік монополияның ақпараттық жүйенің жағдайына, ақпараттық қауіпсіздікке шын мәнінде үлкен қауіп төндіретінін түсінеді және мойындайды. Егерде осыдан 5-6 жыл бұрын ақпараттық кеңістіктің ең басты проблемаларының бірі - ақпарат құралдарына кейбір олигархтық, қаржылық-саяси топтардың ықпалы болса, кейінге кезде бұл проблема кейінге кетіп, мемлекеттік монополия мәселесі алға шықты. Бірақ, соған қарамастан, соңғы жылдары бұл үрдіс тым күшейіп кеткен сияқты.  Әсіресе, дағдарыстың ықпалынан. Әрине, статистика бойынша БАҚ-тардың көбі, дәлірек айтсақ, 85 пайызы мемлекеттік емес. Бірақ сол жекеменшік ақпарат құралдары қаржыны қайдан алады? Мемлекеттік тапсырыстан. Әрине, бір қарағанда, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Керісінше, мемлекеттің қолдауы дұрыс та сияқты. Себебі медиа активтердің мемлекеттің қолында шоғырлануы және қаржылай көмек беруі мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімді іс жүзіне асырылуына септігін тигізуі керек. Алайда, екінші жағынан, мемлекеттің ықпалы бәсекелестіктің азаюына және соның нәтижесінде ақпараттық өнімдердің сапасыздығына әкеледі. Бүгінде кейбір мемлекеттік арналарды қарау мүмкін емес болып кетті, жиі-жиі қайталанатын роликтер сол арналарды тек үгіт-насихаттың құралына айналдырып жібергендей әсер қалыптастырады. Жұрт оны көре ме? Көрсе де, амалсыздан. Осы жағдайды мойындауымыз керек. Сол бағдарламалар қызықтырмағаннан тұрғындар балама өнімді іздейді.

- Десек те, бұл ақпараттық кеңістіктегі қалыптасқан жағдайдың бір жақ шеті. Негізгі қауіп-қатер ретінде көптеген сарапшылар отандық ақпарат құрадарына шетелдік капиталдың немесе тұлғалардың араласуын айтады. Сіздің ойыңызша осыны жоққа шығаруға бола ма?

- Бұндай жағдай тек ақпарат кеңістігінде емес, жалпы еліміздің телекоммуникация саласында қалыптасқан, мысалы, елімізде 10 миллионнан астам ұялы телефон абоненттері бар болса, сол байланыс жүйесінің операторларының негізі шетелдіктер. Ақпараттық салаға келсек, елімізде аймақтық және республикалық 63 телеарна қызмет етсе, соның 6-ауы шетелдік заңды және жеке тұлғалардың қатысуымен қызметін атқарады. Және де, біршама басылымдық ақпарат құралдары бар. Көп те емес, бірақ аз да емес. Мұнда тұрған ештеңе жоқ та сияқты. Оның үстіне, шет елдерінде Қазақстанның 200-ден астам ақпарат құралдары да өз өнімдерін таратады. Мәселе басқада, ол - қандай ақпарат өнімдерін таратады және қалай таратады? Бұл жағынан келсек, әрине жағдай мүлдем басқаша. Шын мәнісінде, біздегі көптеген республикадағы телеарналарымыздың көбі негізінен тек шетелдік, соның ішінде Ресейдің ақпарат өнімдерін шектеусіз таратады. Бүгінде «Еуразия» телеарнасын қарасаңыз, елімізде өндірілетін бірде-бір хабар жоқ. Яғни, біз өзіміздің ақпараттық кеңістігімізді басқа елдің БАҚ-тарына ашықтан-ашық беріп отырмыз. Бұл біріншіден.

Екіншіден, көпшілік мән бермей жүр, бірақ ендігі мәселе - кабельдік және спутниктік желілер жайы. Кабельдік және спутниктік пакеттердің құрамында қазақстандық бағдарламалардың саны 10-нан аспайды. Ол мысалы, Қазақстан, Хабар, Ел Арна, КТК, Caspionet, СТВ, Эра, 31 арна, Астана, НТК, HIT TV. Шетелдік, соның ішінде ресейлік бағдарламалардың саны орта есеппен 20-25. Ағылшын және өзге тілдегі бағдарламалар пакеттің түріне қарай 5-10. Сонда есептеп қараңыз, отандық ақпарат өнімнің үлес-салмағын қанша екенін. Оның үстіне, өзімізде тарайтын 5-6 қазақстандық арнаның өзі Ресейдің ақпараттық өнімдерін тарататынын ескерсек, басым көпшілік шетелдікі болып сонда шығады. Ал біздің елімізде кабель жүйесінің 146 операторы бар. Кім не таратып жатыр сонда? Спутниктік желілерде отандық бағдарламалар бұдан да аз. Және спутниктік қабылдағышты кез келген адам өзі қондыра алады. Арзан Ресейдің немесе қытайдың қабылдағыштары көп болса 15-20 мың теңгеге сатып алуға болады. Демек, осының барлығын реттейтін уақыт келген сияқты.

- Дұрыс айтасыз, егерде Қазақстанның солтүстігіндегі облыстар кабельдік, спутниктік желілер арқылы Ресейдің БАҚ-тарын көрсе, еліміздің оңтүстігі Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан БАҚ-тарының көрермені боп отыр. Бұның қандай салдары бар?

- Ең қызығы, спутниктік және кабельдік арналар мен отандық телеарналар тең құқықты емес. Мәселен, біздің телеарналарымыз отандық заңнамалардың талаптарына сәйкес жұмыс істейді. Мұнда тілдік талаптардан бөлек, жарнама беру мәселесі де бар. Бізде шылым, темекі, алкогольдік өнімдерді күндізгі уақытта жарнамалауға рұқсат жоқ. Ал ресейлік ақпарат құралдарында мұндай талаптар қамтылмайды. Сондықтан олар спутник немесе кабель желісімен ашықтан-ашық өз бағдарламалары арқылы айтулы өнімдерді жарнамалайды және бұдан қыруар қаржы табады. Осындай теңсіздік қалыптасқан. Сондықтан кабельдік және спутниктік жүйелерге байланысты арнайы заң қабылдаудың уақыты келді. Еліміздің Кедендік одаққа қосылуын ескерсек, бұл біздің экономикалық және саяси мүдделерімізге нұқсан келтіруі ықтимал. Себебі ол Ресей өнімдерінің, әсіресе алкоголь мен темекі өнімдерінің спутниктік және кабельдік арналар арқылы біздің елімізде шектеусіз жарнамалауға мүмкіндік береді. Жалпы, Кедендік одаққа қосылудан көптеген басқа да мәселелер туындайды. Мысалы, телевизия мен телекоммуникация қажетті қондырғылар мен аппараттардың құны біршама қымбаттап, отандық телекоммуникация жүйесінің дамуын да тежеуі ықтимал.

- Бірақ отандық көрермендер таратылған ақпаратты тек қабылдап қоймай, бұл мемлекеттердің идеологиясын бойына сіңірмей ме?

- Екі жыл бұрын Ресей мен Грузия арасындағы әскери шиеленіске байланысты әлеуметтік зерттеулер өткізілген болатын. Сонда еліміздегі орыстілді тұрғындардың басым бөлігі, яғни 80 пайызы біржақты және үндес жауап берді. Ал еліміздегі қазақтардың пікірі 20 пайыздан бөлініп, ыдырап жатты. Біреуі қолдап, екіншісі қарсы шығып, қалғандары мүлдем жауап беруге қиналып қалды. Неге? Себебі біздің азаматтарымыз - әртүрлі ақпарат құралдарының ықпалында. Қазірдің өзінде, мәселен, Қырғызстандағы қалыптасқан жағдай негізінен ресейлік ақпарат құралдарының интерпретациясымен суреттеліп отыр. Біздің азаматтардың көпшілігінің Ресей БАҚ-тарының позициясымен үндес ой айтуы да сондықтан. Мысалы, еліміздегі бірқатар ақпарат құралдары мен сарапшылар, Қырғызстандағы ішкі жанжалды тоқтатуға ресейлік әскерді енгізу қажеттіген айтып, соны бізге келіп үгіттеп, насихаттайды. Әскерді енгізуді айтпағанның өзінде, кейбір пікірлерде Қырғызстан екіге бөлінеді, мемлекет жоғалады, құриды деген әңгіменің астарында тек сол қырғыз мемлекетінің өміршеңдігіне емес, біздің де мемлекеттігімізге күмән туғызу бар сияқты. Біз қырғыз еліндегі оқиғаларды басқа тұрғыдан саралап, сараптауымыз қажет. Ағайындас, көршілес мемлекет болған соң, біз бұған ерекше жанашарлықпен және сондай оқиғалар қайталанбас үшін біз не істеп жатырмыз дегендей тұрғыдан қарауымыз керек. Ал шетелдік ақпарат құралдарында Қырғызстандағы бүгінгі оқиғалар көбінесе мысқылдап беріледі. Ондағы мысқылдың астарындағы ой тек қырғызға ғана қатысты еместігін ұғыну қажет.

- Таяуда Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Қазақтың саны 65 пайыздан асса да, біз БАҚ-тағы мемлекеттік тілдегі көрсетілімдерді 35 пайызға да жеткізе алмай отырмыз» деп мәлімдеді. Жалпы, мұндай заң талаптары орындалмай жатса, неліктен қатаң жазалау әрекеттері жүзеге аспайды?

- Онымен құзырлы органдар айналысуы қажет. Бұл жәй қоғамның талабы емес, ал заңның нормасы. Заңды біреу бұзса, оны жазаға тарту қажет. Бірақ бұл нормалар қанша дегенмен жеткіліксіз. Бүгінде еліміздегі ақпараттық кеңістікте қалыптасқан жағдайдың ерекшілігі - ол орыстілді және қазақтілді ақпарат құралдарының баяғыдай жәй сандық арақатынасының мәселесі ғана емес. Мәселе бүгінде рейтинг пен жарнамаға  да барып тіреледі. Біздің рейтинг агенттіктерінің мәліметіне сенсеңіз, халықтың басым бөлігі «ОРТ-Еуразия» арнасын қарайтын сияқты. Бірақ рейтинг агенттіктері тек қалаларда орыстілді аудитория арасында сауалнама жүргізеді. Сондықтан рейтингтің нәтижесі де басқаша боп шығады. Міне, соның салдарынан жарнама қазақтілді БАҚ-тарға үлестірілмейді. Сондықтан кейбір сарапшылардың, «Gallup-Медиа» компаниясының рейтингісі тек бір арнаның мүддесі үшін жұмыс істеп жатқан жоқ па деп сұрақ қоюы да орынды. Яғни, бұл тақырыпта жүйелі талдау қажет. Бірақ осы айтылған проблемалардың барлығы, айталық қазақ тіліндегі хабарлардың өз үлесінде таратылмауы, заңның сақталмауы, жарнаманың біржақты үлестірілуі - бұның барлығы ресми саясаттағы қостілділіктің салдары. Егерде мұнымен түбегейлі айналыспасақ, қазір немесе болашақта бұл проблема қайткенде де шыға береді. Қысқаша айтқанда, біздегі көптеген проблеманың себебі мен көзі - ол қазаққа бір әңгіме, ал өзге ұлтқа басқа бір әңгіменің айтылуында. Әсіресе «Ел бірлігі» доктринасына байланысты дау тұсында бұған толықтай көзіміз жетті. Орыстілді ақпарат құралдарынан қазақ газеттерінде көтеріліп жүрген бірде-бір мәселені көрмейміз. Мәселен, ұлттық тарихқа қатысты: Алаш, аштық тақырыптары, т.б. Немесе күнделікті қазақ қоғамын мазалайтын тіл мәселесі де көтерілмейді. Қостілділік - бұл тек орыстілді және қазақтілді ақпарат құралдарының сандық ара-қатынасы ғана емес. Бұл терең әрі күрделі мәселе, оның рухани, мәдени және саяси астары да бар. Дегенмен, қостілділіктен туындайтын проблемаларды айтып, мойындамасқа тағы болмайды. Доктринаның дауынан кейін бұған назар аудару керек-тін. Себебі қоғамдағы ішкі қарама-қайшылық бір оқиғаға әртүрлі мағына берілген соң, оны қоғамның әрқилы түсінуінен қалыптасады.  Әрине, басқа біреулер айтуы мүмкін, бізде саяси плюрализм бар, сондықтан барлығы бірдей сөйлеп, бірдей ойлануы қажет емес пе деп... Алайда, әртүрлі пікір айту бір бөлек - ал бір қоғамда әртүрлі құндылықтарды тарату ол мүлдем басқа. Ыдырау, ең алдымен, сананың ыдырауынан басталады. Қоғамды бөліп отырғанымыздың түп негізі де осында.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ

 

0 пікір