Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Билік 5593 0 пікір 28 Наурыз, 2016 сағат 12:12

ЕЛБАСЫ БІЗДІҢ ОЙДЫ ДӨП БАСТЫ

Жаңа депутаттар алдында бағдарламалық сипатта сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Н.Назарбаев мектептерге бес күндік оқу жүйесін енгізуді ұсынды.

Бұл орайда ол былай деді: «Дамыған елдердің мектептерінде бескүндік оқу аптасы енгізілген. Бұл баланың қайтадан қалпына келіп, педагогтың демалып, сабаққа дайындалуына мүмкіндік береді. Олардың кейбірінде, тіпті, сабақ аптасына төрт күн ғана болады. Мұндай форматқа өту – дамыған елдерге ортақ тренд. Ғалымдар да оқу аптасын қысқарту білім алу нәтижелі ететінін ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Бізге де осы тәжірибені енгізу керек. Білім және ғылым министрлігі ең құрығанда бастауыш мектептерге осындай жүйені енгізу керек».

Бұл ел көкейінде, ұстаздар қауымын мазалап жүрген мәселе еді. Биылғы оқу жылы басталған 1 қыркүйек күні осы Абай порталында жарық көрген «Жаңа оқу жылы туралы ой» (http://abai.kz/post/view?id=4509) деген жариялымда елімізде оқу жылын тамызда бастау, бес күндік оқу жүйесіне көшу мәселесін көтеріп, оқырмандар арасына талқыға салған едік. Енді міне, сол ел талқылаған мәселеге Елбасы назар аударғаны көңілге қуаныш ұялатады. Халықтың үніне құлақ тосу, онымен санасу 5 институционалдық реформаның бағдарында белгіленгені белгілі. Приезидент өзі бас болып жұрттың көкейі мен тілегіне қарай жұмыс жасау керектігін мегзеп отыр. Қысқасы, Елбасы – біздің ойымызды дөп басты. Ендігі кезекте Үкімет Президент қойған мәселені көп созбай, тезірек жүзеге асыруы қажет.

Мектептерге 5 күндік оқу жүйесін енгізумен қатар, оқу жылын 1 тамыздан бастауды, сол арқылы қысқы мезгілдегі демалысты ұзарта отырып, электр энергеиясы мен жылуды үнемдеуге, күннің суықтығынан мектепке бармай ұтылатын күндерді демалыс есебінен азайтуды қолға алу қажет. Мұның неге қажет екендігін сол мақалада айтылған мынадай пікірлер арқылы тағы да жұртшылық назарына салғымыз келеді: 

  1. Білім маусымын күз айы кіргеннен бастау кеңестік дәуірдің 30-жылдарынан орныға бастаған екен. Оқушы балалардың жаз айында ұзақ демалатын себебінің сырын патшалық Ресейдің аграрлық ел ретінде қалыптасқан экономикалық жағдайынан іздеу қажет. Патшалық Ресей тұсында жаз айларында оқушылар мектеп қабырғасына тартылмаған. Өйткені сол кездегі тұрмыстың ауырлығына байланысты жас балалар күн көрістің қамымен егін немесе мал өсірумен айналысатын ата-аналарына көмектесетін. Басқаша айтсақ, мектеп жасындағы бала жаз айларында егін немесе мал шаруашылығымен тікелей айналысып немесе оны қосымша күнкөріс ретінде тұтынып жүрген ата-анасына (бүгінгі күннің сөзімен айтсақ, өзін-өзі қамтамасыз етіп жүрген азаматтарға) егін салу, оны жинау, шөп шабу, мал бағу сынды жұмыстарына қолғабыс етіп, өз жәрдемін тигізетін болған. Бұл сол тұстағы мешеу қалған экономиканың болмысынан туындаған қажеттілік, тұрмыс тауқыметі болды. Жұмыр жер бетіндегі жұртпен білім-ғылым, өнер, дәулет жолындағы тартыс бәсекесіне араласып, ДСҰ-ға кірген, ұзақ жылдарға бағытталған «Қазақстан – 2050» Стратегиясында 30 озық елдің қатарында болуды мақсат еткен біздерге әрідегі патшалық Ресей мен бергі кеңес дәуірі тұсындағы ескі дәстүрді ары қарай жалғастыру экономикалық және оқу үрдісін ұйымдастыру тұрғысынан тиімсіз. Индустриалды-инновациялық экономиканы тереңдетіп дамытуға бет бұрған бүгінгі Қазақстан үшін аграрлық экономика тұсында қалыптасқан дәстүрден, кеңестік жүйедегі бірізділік қасаңдылықтан арылу керек».
  2. Жаңа оқу маусымын тамыз айынан бастау арқылы ұстаздардың алтыкүндік жұмыс күнін бескүндікке ауыстыруға болады. Аптасына екі күн тыныққан мұғалім, өзге мамандық иелеріндей, жаз айларында 30 күндік заңды демалысқа ие болады. Бескүндік жұмыс күні мұғалімдерге өз білімін жетілдіруге, шығармашылықпен айналысуға кең мүмкіндік беріп, әрі денсаулығын сақтауға септігін тигізсе, оқушыларға түрлі үйірмелерге еркін қатысуға жағдай тудырады. Болмаса, бескүндік пен алтыкүндікті өзара араластыруға болады. Мысалы, күн жылы, жарығы ұзақ бірінші (тамыз, қыркүйек, қазан айларында) мен төртінші (сәуір, мамыр айларында) тоқсанда алтыкүндік кестемен, ал жарық көзі қысқа екінші (қазан, қараша, желтоқсан) мен үшінші (қаңтар, ақпан, наурыз) тоқсанда бескүндік оқу аптасын белгілеуге болады. Бұл тұста мұғалімдердің демалысы 40 күн шеңберінде болып, оны олар жағдайдың барысына қарай екі бөліп (қыс-жаз) алуына да  болады.
  3. Қазақстанның солтүстігінде қыс айларында күннің суықтығынан мектеп оқушылары апталап сабақтан қалып қоятын кездері жиі болып тұрады. Қалып қойған сабақтарды қуып жетеміз деп ұстаздар оқушыларға тапсырманы үйіп-төгеді. Ақырында, шамадан тыс берілген тапсырмалар жарым-жартылай орындалып, оқушының білім қоржыны толмайды. Оның соңы екі жаққа да – ұстазға да, оқушыға да тиімсіз. Бір-бірін алдау болып шығады. Қысқы ұзақ демалысты аяз қысып, боран соғатын желтоқсанның соңы мен қаңтар айына орайластырып, аталмыш қолайсыздықтың әсерін азайтуға әбден болады.
  4. Қысқы мезгілінде бескүндік оқу кестесіне көшу және оқушыларға күннің көзі қырауда ұзақ демалыс беру - экономикалық тұрғыдан да тиімді. Әлемде экономикалық дағдарыс тереңдеп, оның салдары елімізге қатты әсер етіп жатқан кезеңде біздер Қазақстанның географиялық орналасуын, ауа-райының ерекшелігін оңтайлы пайдалана білуіміз қажет-ақ. Ең алдымен қыс мезгілінде жылдан-жылға қымбаттап бара жатқан жылу мен электр жарығын үнемдеуге мүмкіндік туып, оқушыларға қысқы демалысты Қазақстанның оңтүстігіндегі жылы аймақта ұйымдастыру арқылы (қысқы лагерьлер), ішкі туризмді күшейтуге жол ашылады. Әсіресе, оңтүстіктің таулы аймағындағы шаңғы спорты дамыған куротты аймақты (Алматы, Шымкент) ерекше өркендетуге болады. Сонымен қатар ұстаздардың біліктілігін көтеретін курстарын да қысқы демалыс кезінде жүзеге асыруға болады.

Айта берсек, әңгіме көп деген. Сөздің іске айналғанын да абзал. Қазақстанның сөзден іске көшетін мезгілі әлдеқашан ұзап кеткен. Ұзаған  мезгілді қысқарту жедел әрі жылдам қадам басуды талап етеді.

Алмасбек Әбсадық, филология ғылымдарының докторы

Қостанай

Abai.kz

0 пікір