Сенбі, 15 Тамыз 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 102287. Жазылғандар — 80716. Қайтыс болғандар — 1269
Мәйекті 3584 0 пікір 29 Наурыз, 2016 сағат 19:09

ШІРКЕУДЕН ҚАРУ-ЖАРАҚ ПЕН ОҚ-ДӘРІ ТАБЫЛДЫ

Qamshy.kz сайты Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, бүгін  қаладағы Евангелия сеніміндегі христиандардың «Жаңа өмір» шіркеуінен қару-жарақ пен оқ-дәрі табылғаны хабарлады.

Бұған дейін шіркеу пасторларына келушілерден заңсыз ақша жинаған, қаржы жымқырған деген күдік туғаны туралы хабарланған еді. Осыған орай Алматы полицейлері шіркеу басшыларын Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлімі 1-тармағы (Ірі көлемдегі алаяқтық) бойынша тергеуге алған болатын.

Аталған шіркеудің құқыққорғау органдары назарына ілінгені бір бүгін емес көрінеді. Өткен жылдың шілде айында Алматы ішкі істер органдарына Евангелия сеніміндегі христиандардың «Жаңа өмір» шіркеуінің бес бірдей келуішісі шағым түсіріп, шіркеу пасторларын қайырымдылық арқылы түскен ірі көлемдегі қаражатты, жылжитын, жылжымайтын мүліктерді жымқырды, алаяқтықпен айналысты деп айыптаған көрінеді.

Тергеу шаралары барысында қала полицейлері 25 наурыз күні сот санкциясымен «Евангелия Сеніміндегі Христиандарының «Жаңа өмір» Шіркеуі» діни бірлестігінің кеңсесінде және шіркеу басшыларының үйлерінде тінту жүргізген.

Тінту нәтижесінде қаржылық-экономикалық қызметке байланысты біршама құжаттар табылып, арнайы сараптамаға  жіберілген.

Сондай-ақ, Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі тінту кезінде тіркелмеген қару-жарақ пен оқ-дәрі табылғанын хабарлап отыр. ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек құқыққорғау органдарының азаматтардың шағымы бойынша жүргізген тергеу шараларын шіркеудің кейбір жақтаушылары теріс сипатта бағалап, әлеуметтік желілер арқылы осы істі діни себептермен қуғындау деп мәлімдеп жатқанын айтады.

«Құқыққорғау органдарының азаматтардың шағымы негізінде олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін жүргізген шаралары әлеуметтік желілерде діни себептермен байланыстырылып түсіндірілуде. Сондай-ақ, полиция тінту кезінде діни әдебиеттер мен  ұйым қорынан ақша тәркіленді деген жалған ақпарат тарауда. Полиция мұндай ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлайды және жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді», - дейді ол.

«Бұл оқиға осыған дейінгі кейбір саяси топтар мен ақпарат құралдары арқылы қоғам санасына сіңіріліп келген «Діни бірлестіктер мен ұйымдар қызметінде кінәрат шықса, тек мұсылман қауымдастықтарынан шығады, қару асынса, тек ислам дінін ұстанушылар асынады, лаңкес тек мұсылмандар қатарынан шығады» деген түсініктің жалған екенін, лаңкестік пен алаяқтықтың діні болмайтынын тағы бір дәлелдегендей»  деп жазады Qamshy.kz порталы.

Abai.kz

0 пікір