Бейсенбі, 19 Мамыр 2022
Деп жатыр 5209 0 пікір 30 Наурыз, 2016 сағат 13:15

НАЗАРБАЕВТЫҢ БАЯНДАМАСЫНА ТІЛІН ШЫҒАРҒАН ҚЫЗДЫ «НҰР ОТАН» ШАҚЫРТТЫ

Өткен сайлаудан соң билік басындағы «Нұр Отан» партиясы жеңіс форумын өткізгені әмбеге аян. Биліктегі ақ жағалылар мен студенттер жабылып жүріп, бас партияның жеңісін Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде тойлады.


Оған Мемлекет басшысының өзі қатысып, халықтың «Нұр Отан» партиясына деген ерекше ықыласына ризашылығын білдірген болатын. Осы жиында Нұрсұлтан Назарбаев мінбеден сөз сөйледі.  Партия жеңісінің форумына арнайы шақыртылған қыздың Назарбаев баяндамасы кезінде тілін шығарып тұрғаны БАҚ пен әлемжеліде талқыға түскен-тін.

Енді бүгін, Назарбаевтың сөз сөйлеуі кезінде тілін шығарған студентті "Нұр Отанға" шақыртыпты. Бұл туралы Nur.kz порталы хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сөз сөйлеуі кезінде тілін шығарып, танымал болған астаналық студент Инна Мальцева түсініктеме беруі үшін "Нұр Отанға" шақыртылғанын мәлімдеді. Бұл туралы бойжеткен өзінің Instagram парақшасында жазған.


Бұған дейін ол оғаш әрекетіне түсініктеме беретін жазба жариялаған болатын.


"Мен туралы жаман ойлап қалғандардың бәрі мені сөкпей, түсіністікпен қарайды деп үміттенемін. Себебі, негізінен мен ондай оғаш әрекеттер жасайтын адам емеспін. Мен қашан да іс-шараларда өзімді жақсы ұстай білемін және әр адам баласын ұлтына бола алаламай, сыйластықпен қараймын. "Ешкімді сөкпе, өзің де сөгіске ұшырамайсың" деген қағидамен өмір сүремін. Мен үшін бұл жағдай және маған деген бұрыс көзқарас өте жағымсыз... Тағы да кешірім сұраймын. Адами тұрғыдан түсіністікпен қарайсыздар деген үміттемін", - деп жазған бойжеткен.

«Abai.kz» порталы алдағы уақытта Назарбаев баяндамасына тілін шығарған қыздың тағдыры немен аяқталғанын жазатын болады.

Айсұлу Тұрсынбаева

Abai.kz 

0 пікір