Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 4613 0 пікір 31 Наурыз, 2016 сағат 10:37

ЕЛІМІЗДІҢ СЫНАҚ ЗЕРТХАНАЛАРЫ РЕСЕЙЛІКТЕРМЕН БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ ТӨТЕП БЕРЕ АЛМАУДА

Отандық кәсіпкерлерді техникалық реттеу, метрология және аккредитация саласындағы проблемалар алаңдатып отыр. Тауарларды сертификаттаудың тиісті жүйесінің болмауы  ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін.

Осы саладағы проблемалар Алматыдағы Кәсіпкерлер палатасында өткен жұмыс кездесуінде талқыланып, оларды шешу жөнінде ұсыныстар айтылды.  Жиынға сәйкестікті тексеру жөніндегі органдардың өкілдері, жекеменшік сынау, мөлшерлеу және салыстыру-тексеру зертханаларының басшылары мен сарапшылары қатысты.

Жиында сала өкілдері нақты проблемаларды ашық айтты. Айталық, «UniTestNew» ЖШС сарапшысы Людмила Калишевич: «Біздің компанияның нарыққа шыққанына көп болды. Біз салыстыру-тексеру зертханасы ретінде байланыс операторларына қызмет көрсетеміз, деректерді жіберу жүйесін, интернет тексерісін жүзеге асырамыз, – дейді. – Біздің қызметке Мемлекеттік стандарттың өзі келіп жүгінеді, себебі оларда мұндай жабдық жоқ. Кез келген кәсіпкер өнімге сертификат алу үшін, Мемлекеттік стандартқа барады, ал олар оны бізге жібереді. Ал көрсетілген қызмет үшін кәсіпкер бізге де, Мемлекеттік стандартқа да ақы төлейді. Яғни, шын мәнінде Мемлекеттік стандарт мөр мен қол қойғаны үшін ғана ақы алып отыр. Барлық сынақтарды, өнімді тестілеуді біз жүргіземіз. Мен ҚР Техникалық реттеу және метрология комитетіне ведомствомен аккредиттелген сынау орталықтарын ашу арқылы бұл ресімді жеңілдетуді сұрап бірнеше мәрте барғанмын. Мұндай тәжірибені ресейліктер қолға алған болатын, ал қазір бұл РФ Мемлекеттік стандарты үшін де, кәсіпкерлер үшін де ыңғайлы. Бірақ біздің өтінішке аталған шара заңнамада қарастырылмаған деген жалтарма жауап берілді».

Келесі кезекте сөз алған Leica Geosystems Kazakhstan LLP ЖШС сарапшысы Олег Дельденков: «Компания өнімдерінің қатарында GNSS/GPS жүйелері, 3D лазерлік сканерлері, құрылысқа, ауыл шаруашылығына арналған қашықтық өлшеуіштері және т.б. ең заманауи жабдықтар бар. Сертификат алу үшін «Қазақстандық метрология институты» РМК-ға жүгіндік.

Біріншіден, қызмет мерзімі көңілден шықпайды (өтінімді қарау және құжатты беру 20 жұмыс күнінен соң ғана орындалады), ал екіншіден, қызметтің құны өте жоғары. Реестрге енгізгені үшін ғана біз 700 мың теңге төледік, тағы 300 мың теңгені құжаттың мемлекеттік тілдегі аудармасы үшін талап етті. Бірақ мәселе онда емес. Біздің жағдайда барлық процеске 5 ай кетті.  Бұл компания имиджіне нұқсан келтірді. Орталық Азиядағы барлық өкілдіктер компанияның жаңа өнімдері таныстырылымын жасап сатуда. Ал біз болсақ өз клиенттерімізге жарты жыл бұрынғы өнімдерімізді де ұсына алмаймыз, себебі олар Қазақстанда сертификатталмаған. Біз сарапшылардың қарау мерзімін қысқарту және тауарлар мен тұтас қызметтерді сертификаттау мен стандарттау рәсімін жетілдіру керек деп есептейміз», – деген пікір білдірді.

«Біздің нарықта жекеменшік Ресей зертханаларының мүддесі үшін қызмет жасайтын брокерлік және консалтингтік делдалдардың болуы жағдайды күрделендіріп отыр. Олар кез келген өнімді 2 күн ішінде төмен бағамен сертификаттап береді.  Ал қазақстандық кәсіпкерлердің көп бөлігі дәл солардың қызметіне жүгініп отырғаны заңды. Техникалық реттеу комитетінің табалдырығын айлап тоздырғанша, бұл қағазды арзан әрі тез сатып ала салу оңай. Олардың сертификаттары қаншалықты заңды? Мәселе осында.  Өнімді тестілеуден өткізу процесі бейнеті көп және бірнеше тәулікте біте қоймайтын шаруа екені бәріне белгілі.  Бұл жалған қағаздар барлық аккредиттелген зертханалардың, оның ішінде  Комитеттің жабылуына алып келмей ме? Бұдан кейін оларға кім жүгінетін болады?

Біз қазір Кедендік одақ аясында жұмыс жасағандықтан, ресейлік компаниялардың Қазақстан аумағында қызмет жасауына кедергі болуға құқығымыз жоқ, олардың қызметіне тексеріс жүргізуге де құқылы болмай отырмыз.  Бұл біздегі тағы бір проблема», – деді Сертификаттау жөніндегі органдар қауымдастығы төрағасының орынбасары Ринат Баутов.

Пікірлерді тыңдаған Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, кездесудің модераторы Қайрат Құдайберген жағдайды өз бақылауына алуға уәде берді.

«Осында отырған барлық кәсіпкерлер мен сарапшыларға Алматы қ. ӨКП-на нақты ұсыныстар айтылған хат жолдауды ұсынамын. Біз, өз кезегімізде, айтылған проблемаларды «Атамекен» ҚР ҰКП-ның орталық аппаратында талқыға салатын боламыз. Оған қоса, ҰКП жанында жұмыс жасайтын «Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» да ресейлік сертификаттау органдарына байланысты халықаралық проблеманы шешуге атсалысатын болады.  Тауарларды сертификаттаудың тиісті жүйесінің болмауы  ел нарығының контрафактілік тауарлармен толу қаупін тудырады, ал бұл ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін», – деді Қайрат Құдайберген.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3512