Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Үміт пен күдік 5534 0 пікір 31 Наурыз, 2016 сағат 11:12

БЕЛЬГИЯ САПАРЫ: ЕО НАЗАРБАЕВТЫ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН САҚТАУҒА ШАҚЫРДЫ

Мемлекет басшысы Бельгияға арнайы іс-сапармен барды.  Еуро одақ басшыларымен кездесу өткізген Нұрсұлтан Назарбаев Брюссельде одақ  төрағасы Дональд Тускпен кездесті.


Екі жақ Қазақстан мен ЕО-ның саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы әріптестігін талқылады. Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек,  кездесуде Қазақстан мен Еуроодақтың (ЕО) саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығы мәселелері талқыланған. Қазақстанның сыртқы сауда айналымы көлемінің жартысынан көбі ЕО үлесіне тиетінін айтқан Президент Назарбаев Еуроодақпен интеграция еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды бағыттарының бірі екенін айтқан.

Өз кезегінде одақ төрағасы Дональд Туск Қазақстан мен Еуроодақтың ынтымақтастығы одан ары нығая түсетініне сенім білдірген.

Брюссельдегі бұл кездесуде қазіргі кездегі Украина мен Ауғанстандағы ушыққан ахуал және терроризммен күрес мәселелері де талқыланған.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық одақ комиссияның басшысы Жан-Клод Юнкермен кедесті.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев пен Ж.-К.Юнкер бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен брифинг өткізді.

Қазақстан Президенті еліміздің Еуропалық одақпен 23 жыл бойы ынтымақтасып келе жатқанына назар аударды.

– Бүгінде Қазақстан – Еуроодақпен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған бұрынғы кеңестік кеңістіктегі бірден-бір ел.  Бұл құжатқа былтыр қол қойылды, республикамыз оны ратификациялады, сондықтан осы келісімнің экономикалық бөлігін 1 мамырдан бастап уақытша пайдалана аламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы елімізде өткен президенттік және парламентік сайлауларға байланысты құттықтау жолдағаны үшін де алғыс айтты.

– Таяудағы парламенттік сайлауды 1000-ға жуық шетелдік байқаушы бақылады, олар сайлау үдерісі демократия, бостандық және бәсекеге қабілеттілік қағидаттары негізінде барлық тиісті заңнаманы сақтай отырып жүзеге асырылғанын растады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев ЕО елдерін алдағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне және «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру ісіне қатысуға шақырды.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен ЕО санкциялық текетіресті әсіресе оның біздің елге ықпалын ескере отырып, барлық мүдделі тараптарға тиімді түрде шешу жөніндегі іс-қимыл аясындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласқанын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның таяу көршілерімен – Қытай Халық Республикасымен және Ресей Федерациясымен жақын достық қарым-қатынас орнатып отырғанына, олар экономикалық ынтымақтастық бойынша негізгі серіктес болып саналатынына назар аударды.

Мемлекет басшысы келіссөздер барысында Қазақстан мен ЕО азаматтарының өзара барыс-келісі, соның ішінде Еуроодақ тарапының да виза режіміне қатысты жеңілдік жасау мүмкіндігі туралы мәселелер қозғалғанын атап өтті. Тараптар Қазақстан әуе компанияларының ЕО елдеріне ұшуын шектеуге байланысты ахуалды шешу жайын да талқылады.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қарастырылған барлық мәселе бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілгеніне назар аударды.

Ж.-К.Юнкер сауда-экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.

– Бұл тығыз қарым-қатынастар сан түрлі формаға ие болуда. Еуропалық одақ – Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі, – деді Еуропалық комиссия төрағасы.

- Мен Қазақстандағы адам құқықтары мәселелерін көтердім. Мен адам құқықтарына қатысты Қазақстанда қабылданған ережелердің қатал қолданылатыны туралы мәселені айттым. Бұл түйткілдерді басқаларға қарағанда жетік білмесем де, президент Назарбаевты 30 жылдан бері білемін. Оның мұндай мәселеге өте нәзік қарайтынын, әсіресе Қазақстан билігі мен шетелдік үкіметтік емес ұйымдар арасындағы қарым-қатынаста абайлайтынын білемін, - деді Жан-Клод Юнкер Брюссельдегі бірлескен баспасөз жинынында.

Сондай-ақ ол маңызды өңірлік үдерістерге қатысып отырған Қазақстанның бітімгерлік ықпалына Еуропалық одақтың сенім артатынын атап өтті.

Ж.-К.Юнкер келіссөз барысында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар мен адам құқығын одан әрі қамтамасыз ету мәселелері қозғалғанын айтты.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3513