Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
46 - сөз 6611 0 пікір 1 Сәуір, 2016 сағат 10:59

ЕСІҢДЕ МЕ, СОЛ БІР КЕЗ...

Ес білгелі жаз жайлауда, қыс қыстауда өстім. Ата әжемнің қолында күбі пісіп, шиша сүртіп алаңсыз алты жасқа дейін жүрдім... Жайлауға "Сырт" деген жерге артынып-тартынып көшетінбіз, барғаннан қойшылардың "бір шәугім шәйләрі" басталатын.

Қатар қатар тізілген киіз үйлердегі балалармен арқа-жарқа араласып, бір үйге қонып жүре беретін едік. Сол көршілердің барлығын туыс деп ойлайтынмын, олардың бізге "үш қайнаса сорпамыз қосылмайтынын" ес келе білдік қой. Ешкім де қумайтын, шеттетпей өз баласындай қарап, қамқор болған қарапайым қазағым ай... Қазір мүлде бөлек әлем...

Шамның шишасы - дефицит! Жайлауға үш шиша сатып апарып, солардың қауіпсіздігін қызғыштай қоритынбыз. Шишаны сындырсаң қатаң жазаға ұшырайсың, таяқты жақсылап жейсің... Шиша сынды дегенше - қараңғылық басты дегейсің... Ауылдан "апталапкі" келгенше кеш бата салысымен шиша сындырғаның үшін жазаланып,сөз естіп отырасың. Ал ол "апталапкісі" түскір айына бір-ақ рет сүйретіліп әрең жетеді ғой... Жол жөнекей жеткенше бізге керек тауары таусылып та қалуы мүмкін...

Ай сайын келетін автомонша да есімде... Екі-үш бөлмелі, сыртынан от жағатын монша мәшинеге қызығып айналшықтап шықпайтынбыз... 

Арнайы келетін кино да бір таңқаларлық көрініс болатын... Алыс жақындағы қойшылар жиылып келіп, әппөөөқ болып ілінген постелдің (апамдар сейсеп дейтін) алдына жайғасатын, дырылдап барып қосылып, кәдімгі үлкен экранға айналатын. "Кинодағы адамдар сол экранның артынан шығып жатыр" деген оймен, кино қоюшы ағаларымызға маза бермей ілінген "сейсептің" артына тұра жүгіретінімізде есімде қалыпты...

Апа-әжелеріміздің киіз басып, білектегендері... алабота қайнатып "бұзаушық" деген сабын жасап шығаратындары, жүн иіріп, құрақ құрайтындары көз алдымда... неткен қайратты да, жігерлі жандар еді шіркін...

Тауда өскен рауғаштын дәмі әлі күнге аузымнан кетпейді, алуан түрлі гүлдерді көріп қайсысын жұларыңды білмей есің шығатын... 

"Жапан көбелек, жапан көбелек", "қон көбелек қон көбелек" деп көбелектерді қуалап жүріп ұстап алып, қос қанатын жұлып, қой қылып бағатынбыз... Қанатын табанымызға жағып, "жүйрік боламын" деп ырымдайтынбыз...

Бәрінен де кереметі сүт тартқан табақтың маңызын жалау, оны жалау үшін тер төгіп еңбек етіп, сүт тартатынбыз... Әр қайсысымыз жүз реттен күбі пісіп барып қымыз ішетінбіз... Еңбекпен келген нанның тәтті болатынын да санамызға бала кезден құйған екен ғой, үлкендеріміз... Ал қазір дайын асқа тік қасық болатындардың қарасы көөөп...

Кешқұрым атамыз пештің түбінде жантайеееп жатып, қоңыр домбырасын күмбірлетіп қойып құлақтың құрышын қандырып, әнін салып, күйін шертіп тәтті ұйқыға батырыыып жіберетін....

Мұның бәрін жазып отырғандағы себебім: кеше түс көрдім, түсіме балалық бал шағым кірді, осы әлемде жүр екенмін, бақыттымын... Оянып кеткеніме қатты ренжідім... көзімді қайта жұмдым, бірақ қайта ол әлемге бара алмадым...

Пысы: Сондағы түйген ойым әр уақыт өте маңызды, өз өрнегімен бағалы және құнды екен... Бүгіннің қадірін білмесең ертеңгі күнің өкінішпен өтеді екен... Әр сәттің, әр адамның, әр істің қадірін білген жөн екеееен...

Айнаш Әлдибекова

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір