Жұма, 19 Сәуір 2024
Деп жатыр 4610 1 пікір 1 Сәуір, 2016 сағат 11:37

БАЙБЕК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЖҰМЫСҚА ВЕЛОСИПЕДПЕН ҚАТЫНАУДА

Алматы әкімшілігінің қызметкерлері көліктерін велосипедке айырбастап жатыр. Сонымен қатар, аталған транспорт түрін сатып алу үшін ақша жинап жүрген қызметкерлер де бар деп хабарлайды Stan.kz.

Осы уақытқа дейін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектен бастап оның қоластындағы 86 қызметкердің велосипедпен жұмысқа қатынауды қолға алатындығы туралы айтылған болатын. Мұндағы басты мақсат – Алматы қаласы экологиясын жақсартып, халықтың таза ауамен тыныстауына жағдай жасау. Мұнымен қатар, қала тұрғындарына үлгі болу.

Бүгінде әкімшілік қызметкерлері толықтай велосипедке көшпесе де, аталған транспорт түрін таңдайтындар қатары көбейген.

“Өзіңіз көріп тұрғандай әріптестеріміз уақыт өте келе салауатты өмір салтына үйренісіп жатыр. Мынау тұрған экономика басқармасының төрағасы Мақсат Кәкімовтің велосипеді. Аталған транспорт түріне өзім жақында ғана ауыстым. Сәтбаев көшесінің бойында тұратындықтан, маған барынша ыңғайлы. Тіпті түскі ас уақытында бала отырғызатын қосымша бөлшегін сатып алмақпын. Бүгін баламды балабақшаға алып барамын деп аздап кешігіп қалдым. Өйткені бір қолыммен баламды жетектеп, екінші қолыммен велосипедті сүйреуіме тура келді. Уақыт өте келе қатарымыз көбейеді деген ойдамын”, – деген әкімшіліктің баспасөз қызметшісі Еркебұлан Кенжебұлатов жұмысқа келетін бойжеткендердің де велосипедке көшуге дайын екенін айтты.

Мұнымен қатар, кей қызметкердің велосипед сатып алу үшін ақша жинап жүргенін айтты. Әріптестер бір-бірінің велосипедтерін де танып алған екен.

Кей азамат бірде қоғамдық көлікпен жүрсе, енді бірде жұмысқа велосипедпен келуді жөн көреді. Олар барлығы да ауа райына байланысты екенін айтады. Арасында әлі күнге дейін көлікпен келіп жүрген азаматтар да жоқ емес.

Бірақ әкімнің қазірге велосипедпен жұмысқа келгенін ешкім көрмепті.

Естеріңізге сала кетсек, Алматы әкімінен бастап, әкімдіктің 86 қызметкері велосипедке көшетіні туралы хабарлаған болатынбыз.

Abai.kz

1 пікір