Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6428 0 пікір 22 Маусым, 2010 сағат 17:29

Өткір Малдыбеков: ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ТАНЫМЫНДАҒЫ СОПЫЛЫҚ ІЛІМНІҢ ОРНЫ

Қазақ жеріне ислам діні сопылық ілімді уағыздаған дәруіштер сұхбаты арқылы енді. Олар халық дүниетанымындағы құндылығын арттыра түсетін сопылық ілімді дамытқаны үшін әулиеге баланды. Сондықтан олардың қабірінің басына тұрғызылған кесенелер тәубе ететін киелі орын ретінде танылды. Түбі бір түркі халықтарының барлығы қазіргі күннің өзінде зиярат жасайтын қасиетті орын ретінде санайды. Соның ішінде даналық хикметтері арқылы халық сеніміне иман ұялатқан Ахмет Ясауи ілімнің орны ерекше. Ахмет Ясауи ілімінің маңызы мен негізгі мақсатын, даму ерекшелігін танып білу үшін ең алдымен түркі халықтарының ежелгі салт дәстүрлері мен діни сеніміне назар аударғанымыз жөн.

Қазақ жеріне ислам діні сопылық ілімді уағыздаған дәруіштер сұхбаты арқылы енді. Олар халық дүниетанымындағы құндылығын арттыра түсетін сопылық ілімді дамытқаны үшін әулиеге баланды. Сондықтан олардың қабірінің басына тұрғызылған кесенелер тәубе ететін киелі орын ретінде танылды. Түбі бір түркі халықтарының барлығы қазіргі күннің өзінде зиярат жасайтын қасиетті орын ретінде санайды. Соның ішінде даналық хикметтері арқылы халық сеніміне иман ұялатқан Ахмет Ясауи ілімнің орны ерекше. Ахмет Ясауи ілімінің маңызы мен негізгі мақсатын, даму ерекшелігін танып білу үшін ең алдымен түркі халықтарының ежелгі салт дәстүрлері мен діни сеніміне назар аударғанымыз жөн.

Түркілер ежелден қоршаған ортамен тіл табысуға ұмтылысында көкке сиынып, көк тәңірге арнап құрбандық шалған. Табиғаттың түрлі құбылыстарына гректер тәрізді «Зевс», «Пасейдон», «Гера» немесе үнділер тәрізді «Ваю», «Атман», «Вайша» деп жеке атау беріп, түрлі сиыну рәсімдері мен дәстүрлерін қалыптастырып, қоғам ішінде әр-түрлі сенімдердің белең алуына жол бермей табиғатты билеуші ортақ күштің көк тәңірі екенін танытты. Түркі халықтарының соғыс жорықтарын қолдайтын әрі жеңіс әперетін тәңірі ұлан байтақ жерде қағанат құрып, оны басқаруға да дем берген. Мұны өз кезегінде В. В. Бартольд ерекше атап өтеді: «Қаған өз тағы үшін халыққа борыштар. Өйткені тайпалық құрылымдардың бірлесуі жалпы халықты құрайды. Дегенмен хан өзінің таққа отыруын халықтан емес тәңірінің қолдауымен жүзеге асады деп санады» [1].

Барлық діннің негізінде болмыстың түбірін танып білу және сол арқылы өмір даналығын іздеуге талпыныс орын алған. Міне, түркілерде «Адамның әлемдегі орны», «Алғашқы жаратылыс», «Болмысты жаратушы» тәрізді алғашқы философиялық талдауларды өз дәстүрлеріне лайықты етіп түсіндіре алды. Адам әлемдегі құбылыстарды логикалық тұрғыдан ақыл-ой күшімен танып білуге қауқарсыз дәуірде діни қызметкерлердің жорамалдарын негізге ала отырып әрекет жасады. С. Орынбеков «Түркілер түсінігінде тәңірі өмір сүрудің негізі. Кейбірі тәңірі деп аспанның көкшілдігін айтса, басқалары тәңірді аспан ретінде қабылдады» [3] -деп, табиғи залаладан арашалайтын рухани күштің көк аспан аясында екеніне назар аудартады. Д. Банзаров пен К. Яковлевтің пікірлерін негізге алған Л. Гумилев «Тағыр-тайық» әдет ғұрпы бойынша түркілердің көк тәңіріге сиынуы әруақтарға сиынуынан жоғары тұрады [4]. «Тағыр-тайық» дәстүрінде бүкіл қауым ерлері жиылып тәңірі құрметіне құрбандық шалады. Сойылған мал еті түгел тарқатылып, құрбандықтың аяғы үлкен тойға ұласады. Л. Гумилев «Тағыр-тайық» дәстүрінде адам рухынан жоғары құдірет күшіне табынушылыққа баса назар аударып, ол құдірет күшін «жарық» деп көрсетеді.

Ақылға-ойға тәуелсіз адам өміріндегі рухани қажеттіліктер «Тағыр-тайық» дәстүрі іспетті құрбандық шалумен толысады. Бұл қажеттілік адамның психологиялық әлсіздігінен туындаған әрекет емес, оның мәні одан да тереңде жатыр. Яғни, адам өміріне жауапты түрде қарайтын бір рухани күштің барын біліп, соған сену. Ислам дінін мойындаған әр мұсылман да осы принципке бағынған. Яғни, «Алладан басқа табынатын Тәңірдің жоқтығына және де сендім Мұхаммед оның құлы және елшісі екеніне»-деп сенім келтірумен ғана мұсылмандар қатарына қосылған. Сонымен, түркілер көкке, күн мен айға жоғарыдан шапағат беретін күш есебінде табынумен қатар ата-баба рухында қастерлеген. Жарық дүниеде үстемдігін жүргізген құдірет иесі көк тәңірі адамзат қаза болғаннан кейін, өз үстемдігін жояды. Адам жер мен көктің аясында дүниеге келіп, соның аясында өмірден өтеді. Яғни тәні жер ана қойнауына қойылса, рухы көкке көтеріледі. Осы сәттен бастап барлық құдірет күштерінен тәуелсіз аруаққа айналады. «Аруақтар өзінің ұрпақтарына қиыншылықта сүйенер сүйеніші болған. Сондықтан соғыс шайқасына кіргенде, ат бәйгеден келе жатқанда және палуан күресінің жұлқысында ата-бабаларының атын ұран етіп шақырып, олардың аруағынан медет күткен» [5].

Осы жерде басты назар аударатын мәселе, түркілердің ата-баба аруағын қастерлеп, қадір тұтуын көк тәңіріге сыйынумен салыстырып, бірін-бірінен төмен немесе жоғары деп қарастыру қате. Өйткені бұл нанымдар түркі халықтарының танымдық жүйесінен өзіндік орын алған және бір-біріне бергісіз рухани күштерге ие. Сондықтан, бұлардың өзара айырмасын немесе үстемдігін айқындағаннан гөрі, екеуі бірлесіп келгенде ғана түркілердің рухани мұқтаждығын өтейтінін ескергеніміз жөн. Тәңіріге шалынған құрбандық ата-баба рухына да тиесілі етілген. Қаншама ғасыр өтсе дағы, қазірдің өзінде тәңірге (Алла) арналып шалынған малға оқылған құран ата-баба рухына бағышталады. Түркілер аруақтарға бағыштап төрт түліктің қайсысын болсын құрбандыққа шалған. Тірісінде аруағы асқан кісілердің мазарына барып қан шығарып, өзінің қолы жетпей жүрген көкейтесті арманын өтеуді тілеп, кей-кездері көзінің қарашығындай ұстаған қимасын атаған. Егер де тілеген арманы орындалар болса, атағанын құрбандыққа шалған. Бұл көріністі жақсы бағалаған С. Нестеров, «Дағдарыс қаншалықты қатты болса, құрбандық сонша бағалы болуы шарт» [6],-деген. Көшпенділер үшін бағалы жылқы малы. Өйткені жылқы жауға шапса - сәйгүлігі, көшсе, жүрсе - көлігі, тойларда көкпар, бәйге ойындарында қызықтайтын құмары. Қимастық істесе, тәңірінің қаһарына ұшырап, қайғы-қасіретке шалдығамыз немесе «аруақтар мазарда тынышынан айырылады» - деген ұғымдағы түсінік қалыптасқан. Бұл рухани тәсілдер мен филососфиялық ойлар адамзат баласына түрлі идеяларды ұсынды. Құрбандыққа негізделген діни философиялық дәстүрлер де адам түйсігінің күшімен түзілген. Адамзат танымының қуаттылығын көрсеткен Н. Кузанский: «Адамзат өз ақыл-ойының шығармашылық қызметі арқылы тәңірі ретінде танылды» [7]. Демек, адамзат өзіне беймәлім болған рухани күштерге табынып, табиғат аясында өз орнын белгілейтін философиялық тұжырымдарды қалыптастырды. Бұл тұжырымдар өмір ақиқатының негізгі нормаларын түзді. Бұл жөнінде Гегель: «Дінге деген сезім адамзат рухында философиялық ізденістердің қортындысы ретінде пайда болды» [8] - деп, рухани күштерге деген сезімнің адамзат ақыл-ойынан тысқары нәрсе еместігін түсіндіреді.

Табиғат құпиясын білуге құштарлық танытқан бақсы-балгерлер нақ сол рухани күштермен адам арасындағы байланысты реттеп отырған. Бақсылар қобыздың сарынына елтіп, «жын» шақырып, тәңірінің қолдауымен адамзатты қауіп-қатерден сақтандырды. Тағдырға алдын-ала болжау жасап, табиғат күштерін игергендігі соншалық, кейде айдай ашық күні аспаннан қара бұлт төндіріп, нөсерлеткен немесе аяқ астынан дауыл тұрғызып, айналасының астан-кестеңін шығарған. Олар емдеу ісімен болжау жасаудан құралақан болмаған тәрізді. Оны бақсы атауына балгер, емші сөздерінің қосылуы айшықтай түседі. Әлі күнге дейін халық арасында бақсы-балгердің емдеу үстіндегі әдіс-тәсілдері мен «жындарын» шақырып, зікір салу қимылдары жөнінде түрлі пікірлер сақталған. Бір қызығы, ол аңыз әңгіме немесе ертегі кейіпкері ретінде емес, сиқыр күшін бағындырған емші кейпінде танымал.

Ш. Уәлиханов бақсыларды жәрдем сұрар жындарына қарай үлкен, орташа, ұсақ деп үш топқа бөлшектеп, үлкен бақсының іс-шаралары мен әдіс-тәсілдеріне кеңінен тоқталады. Шамандық наным тек жынын шақырып, адамның сырқатын емдеуден құралған жоқ. Дін басында халыққа ықпалы зор, түркілердің рухани сүйенішіне айналған біліктілері тұрғанын естен шығармағанымыз абзал. Олар өмір қиыншылығына төтеп беруге жәрдемі тиер білікті рухани ұстаз қызметін атқарды. Орхон жазба ескерткішінде «білік» сөзі - «басқарушы», «данышпан» деген мағынада қолданылады. Ал Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білігінде» «білім» деген мағынаны береді. Шындығында білім басқаруға жетелер алғашқы құрал. Білім мен басқаруды ішінара бірлестірген біліктілік қасиеті кез-келгеннің бойына дарымаған.

Халық арасында аты аңызға айналған білікті тұлғалардың бірі Қорқыт-Ата. Оның айтқан әрбір нақыл сөзі өз алдына түркілік философияның маңызын түзеді: «Тәкаппарлықты Тәңірі сүймес... Мінген атың қиналмайынша жол алынбас... Шалып кесер өз қылышыңды мұқалтып шалғанша, шалмаса игі. Жалған сөз бұл дүниеде болғанша, болмағаны игі. Ер жомартын, ер бақылын жырау білер. Қарсы алдыңызда жолдан адастырмай, қобыз тартып жырлайтын жырау болсын, ей, ханым! Азып-тозып келген пақырға Тәңірім сауабын берсін, ей, ханым!» [10].

Жоғарыда айтылған терең философиялық мәні бар ой-толғамдар Қорқытты ұлы данышпан ойшыл ретінде танытады. Демек, түркілердің Қорқытты айрықша марапаттап, «ата», «әулие» атауы тектен тек емес. Мұнан Қорқытты тәңірілік діннің көш басындағы біліктілер санатына қосқандығы айқын аңғарылады. Ислам өркениетінің тегеурінді ықпалынан кейінгі жағдайда да Қорқыт өз биіктігін сақтап қалды. Дегенмен тәңірлік сенім сыртқы діни жүйелердің ықпалынан біршама өзгерістерге ұшырады.

Түркілер парсы, қытай және орыс секілді ірі мемлекеттермен көршілес болған. Бір-бірінен өзгеше мәдени ошақтарды ішін-ара байланыстырған түркілер, олардың діни сенімдері мен дәстүрлеріне де мән берген. Демек, түркілердің діни дәстүрлерінде буддизм, зороастризм және христиан діні түзген дәстүрлер мен философиялық ұғымдардың болуы кездейсоқ нәрсе емес, белгілі бір рухани танымдық әсердің негізінде жүзеге асқан шара.

Ислам діни дәстүрлерінің түркілер сенімінде басты орын алуы иассауийа тариқаты түзген философиялық методологияның мықтылығы. «Диуани хикмет» шумақтарында ойшылдың философиялық, логикалық ұстанымдары нақты айқындалды. Бұл халықтың рухани танымында, өмір талабына айналған діни дәстүрлерде иассауийа ілімдерінің кеңінен қолданылуына алып келді. Тәңірге деген философиялық ұстаным өз деңгейін кеңейтіп, Аллаға деген сеніммен ұштасып, рухани мәртебесін арттырды. Яғни, сопылық ілімдегі «қалб» мәселесі барынша ашық қарастырылып, бір Аллаға мойынұсыну адамзат жүрегіне жазылып қойған сенім ретінде қабылданды. Ал, жоғарыда айтылған діни құрылымдар негізінде шоғырланған философиялық ұғымдар түркілердің әдет-ғұрыптарында сақталып қалды.

Дәстүрлердің исламдық сипат алуында сопылық ілімді басты негіз етіп қарастырған Р. Н. Мустафина: «Ислам дініндегі бір Құдайлық қағидасына қайшы келетін ата-баба рухына табынуды мұсылмандық тұрғыдан баяндап берген де сопылық ілім» [11] -деп, ислам дініне аруақтарды қастерлеу жөніндегі талқылаулар мен дәстүрлер легімен толысқанын айтады. Әлемдік діни жүйелердің біріне айналған ислам дінінің таралу ерекшеліктерін қарастырған В. В. Бартольд: «Әлемде түрлі халықтар арасында таралған ислам діні , мәдениеті мен өмір сүру тәжірибесінің әртүрлі болғанына қарамастан, оларды ішінара байланысты етті» [12], -деген. Осылайша түркі халықтары араб дүниесінде VІІ-VІІІ ғасырларда туындаған сопылық ілім арқылы ислам дәстүрлерімен танысты. Тәңірі болмысын тану жолында түрлі ойшыл - философтардың көзқарастарын таразылаған А. Мехмет: «Тәңірінің білімді, құдіретті және рақымшылық етуші, т.б. қасиеттерін сипаттағанда, оның жаратқан әлемі жөнінде айта кеткеніміз дұрыс» [13],- деген. Демек Тәңіріні тану үшін алдымен оның жаратқанын таны.

Құранда жаратылыс төңірегінде көптеген ойлар түйінделген: «Алла сендерге жерді тұрақ, көкті күмбез қылды. Сондай-ақ сендерді бейнелегенде көркем бейнеледі» (40:64). Тақуалар өз пікірлерін әркез Құран аяттарына негіздеп отырған. Көк Тәңірінің ұлылығын қәдірлей білген түркі халқының таным, түсінігіне ортақ болған ислам дінінің рухани құндылықтары да Ахмет Ясауи хикметтері арқылы енді.

Сопылардың Құран мен хадистерді қайта қарап шығуы ислам руханиятының қазынасына көптеген философиялық құндылықтарды қосты. Ислам дінінде мистика-аскеттік бағытта діни және ғылыми негізде жарық көрген еңбектердің көптігі соншалық, олар әлдеқашан исламтанудан бөлек өзінің өзгеше дәстүрі мен әдістерге толы әлемімен ерекшеленетін сопылық ағымды құрды [15]. Ағым өкілдері алғашқы кезден-ақ ғибадаттан алаңдатқан нәрсенің бәріне тиым салды. Алланы іздеу жолында туындаған көзқарастар, оларды дәстүрлі ислам қағидаларынан біршама алшақтатып тастады. Мәселен, тоқтаусыз ғибадат ету нәтижесінде Алланы жүрегінен тапқан тақуа үшін арнайы сыйыну орнына арналған мешіттің қажеті шамалы. Осындай қайшылықтардың өрши түсуінен араб халифатындағы діни орталықтардан қудаланған тақуалар өз ойларын халифаттан шеткері орналасқан аймақтарға таратуға мәжбүр болды. Сопылық ілімнің араб халифатының батыс өңірінен Иранның шығыс бөлігі мен Орталық Азияға таралуына саяси-әлеуметтік жағдайлар да әсер етті. Осы кезеңде Иран әлеуметтік-экономикалық тұрғысынан және өзіндік дәтсүрімен сопылық ілімінің көркеюіне қолайлы жерге айналды. Ираннан Орталық Азияға енген сопылық ілім бұл өңірлерде түрлі тариқаттың құрылуына себепші болды.

Дж.Тримингэм «Суфийские ордены в Исламе» еңбегінде ХІІ-ХІІІ ғасырларда шығу тегі, діни дәстүрлері мен әдіс-тәсілдері жағынан бір-бірінен өзгеше бірнеше сопылық тариқатты атайды. Олардың ішінен түркі дүниесінің ұлы ойшылы Ахмет Ясауи құрған Ясауийа тариқаты да өзіндік орын алған [16].

Ясауийа тариқаты таза түркілік бағытта дамып, түркілердің діни философиялық көзқарастарының өркендеуіне өз үлесін қосты. «Көшпенділер арасында ислам діні таралғанынан кейін бақсы-балгерлер бірте-бірте шамандық әрекетті ислам дініне үйлестіріп бейімдей бастағаны белгілі. Бақсылар ойнағанда өзінің жындарын шақырып, иелеріне сыйынумен қабат исламның Алласына мінажат етіп, мұсылман киелілері мен шайхтарының аруақтарынан жәрдем күтті» [17]. Бақсылардың науқасты айналып, демеушілерін шақыруын суреттеген А. Диваев жазбалары да осыны аңғартады.

Халық арасында ислам дінінің ықпалы айтарлықтай жоғары болған. Шаманизмнің басты өкілдері өз сарындарында ислам киелілерін марапаттауы осыған негіз бола алады. Бақсының мақсаты халықтың рухани сенімінен алшақтамай, түрлі қимылдар жасап немесе тылсымдық күшке ие сөздерді айту арқылы оларды баурап алу. Бақсы жырлары түркі халықының дүниетанымдық көзқарасын айшықтап беретін философиялық құндылықтарды бәз қалпында сақтаған. Ең алдымен Алланың жәрдемін тілеген бақсы, Мұхаммед пайғамбардан бастап түркі әлемінде әулиелігімен танымал қожалардың есімдерін атайды және табиғи күштер мен аруақтарды да шет қалдырмайды. Бұл сол кезеңдегі түркілердің рухани танымында шоғырланған нанымдар жиынтығының көрінісін құрайды.

Осындай көріністердің ара-салмағын түсінген Ахмет Ясауи ислам дінінің қағидаларын көшпенділердің шамандық көзқарасындағы элементтерімен бірлестіре отырып, әрекет етті. Бұған дәлел ретінде иассауийа тариқатында пайда болған салттардың бірі "зікір арраны" айтуымызға болады. Зікір орындалған сәтте тақуалардың басынан өткерген шамандардың іс-әрекетін көз алдыңызға алып келеді. Демек, көшпенділердегі ислам діні олардың алғашқы наным-сенімдерімен бірігіп, бір-бірінен ажырамастай болып өте тығыз түрде араласып кеткен.

Фуат Көпрүлү, шаманизм бөлшектерінің сопылық ілімге енуі нақ осы иассауийа тариқатынан бастау алатынын айтады: «Түркілерді ислам сеніміне тартқан сопылар, шамандар сияқты іс атқарды. Зікір салуға еркектермен қатар әйелдер де қатысуға толық құқылы болды» [19]. Ясауийа тариқатында қалыптасқан бұл шара ортодоксальды топтардың арасында қарсылыққа тап болды. Дегенмен, Ахмет Ясауи нақтылы дәлелдер келтіру арқылы, мұның дұрыстығын айқындап берді. Ол зікір салуды - көрсеткіш немесе салт-дәстүр ретінде емес, рухани жан-дүние болмысының нақты өмірдегі көрінісі деп бағалады. Рухани жан-дүниенің болмысы зікір арқылы нақты өмірге айналғанда, оны орындаушылар жоғары Ақиқатқа жақындай түсетінін танытты [20].

Ахмет Ясауи жан тазалығына айрықша мән берген. Ұлы ойшыл насихат еткен сопылық ілімнің түпкі мұраты түркі дүниетанымымен үйлесімін тапты. Ол дүние құмарлықтың алдамшы көрініс екенін, көздің құрты болған байлықтың ешкімге де қәдір - қасиет әпермейтінін ескертіп, арамнан мал жинамай, әділ болу және ар тазалығын сақтау адамзатты өз биігіне көтеретінін айтты. Ол қоғамның әр мүшесін іштей рухани жағынан тазартып, имандылық жолына түсіруде нақ осы мәселені қолға алды. Және де мұнда сопылық ілімде қарастырылған «Жетілген тұлға» идеясының да өзіндік орны болды. Жан тазалығын қастерлеген адам нәпсіні тиып, қанағат етуді жоғары бағалауы себепті Тәңіріге жақын тұрған. Түркі халқының мәдени өміріндегі рухани құндылықтары мен философиялық түсініктеріне және олардың діни дәстүрлеріне Ахмет Ясауи жете назар аударды. Міне осыларды меңгеру Ахмет Ясауи сопылық ілімінің қоғамдағы көрінісін, дәстүрлердегі орнын айқындауға септігін тигізді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Бартольд В.В. Сочинения.,Т. 2. -М: Наука,1968. -716 с. /284/.

2. Жолдасбеков М. Орхон ескерткіштерінің тексі // Ежелгі дәуір әдебиеті. -Алматы: Ана тілі, 1991.- 420 б. /10/.

3. Орынбеков М.С. Предфилософия прото казахов. -Алматы: Өлке, 1994. -208 б. /156/.

4. Гумилев Л.Н. Көне түріктер. -Алматы: Білім, 1994. - 480 б . /75/.

5. Мыңжан Н. Қазақтың қысқаша тарихы. - Алматы: Жалын, 1994. -400 б. /343/.

6. Несиеров С.П. Конь в культах тюркоязычных племен Центральной Азии в эпоху средневековья. -Новосибирирск: Наука, 1990. -141 с. /92/.

7. Спиркин А.Г. Философия. -М: Гардарики, 1999. -816 с. /108/.

8. Гегель Г. Философия религии. Т.1. -М: Мысль, 1975. -532 с. /207/.

9. Уалиханов Ш. Тәңірі // Қазақ бақсы-балгерлері. -Алматы: Ана-тілі, 1993. -224 б. /37/.

10. Қорқыт Ата. Энциклопедиялық жинақ. Бас.ред. Ә.Нысанбаев. -Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1999. -798 б. /128/.

11. Мустафина Р.М. Представления, культы, обряды у казахов: -Алма-Ата: Қазақ университеті, 1992. -176 с. /4/

12. Бартольд В.В. Сочинения. Т.5. -М: Наука, 1968. -757 с. /462/.

13. Mehmet A. Dіn felsefesі. -Іzmіr: DEU Matbausі, 1990. -286 s. /138/

14. Ясауи А. Диуани хикмет. Аударғандар: М.жармұхамедұлы, С.Дәуәтұлы, М.Шафиғи. -Алматы: Мұраттас, 1993. -262 б. /50/.

15. Ислам, историографические очерки. Под.обш. ред. С.М.Прозорова. -М: Наука, 1991. -228 с./109/.

16. Дж.С.Тримингэм Суфиские ордены в исламе. -М: Наука, 1989. -328 с. /37-63/.

17. Мыңжан Н. Қазақтың қысқаша тарихы. - Алматы: Жалын, 1994. -400 б. /375-376/.

18. Диваев А. Бақсылар // Қазақ бақсы-балгерлері. -Алматы: Ана-тілі, 1993. -224 б. /57/.

19. Koprulu F. Turk-Mogol samanіzmіnіn tasavvufі іslam tarіkatlarі uzerіndekі tesіrі.// Bіlіg. Bahar.- Ankara: N 1.1996. S.1-8.

20. Абуов А. Ақиқат жаршысы. -Түркістан: А.Ясауи атындағы ХҚТУ, 2000. -144 б. /87/.

 

Өткір Малдыбеков Ахмет Ясcауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті философия кафедрасының меңгерушісі, доцент Өткір Малдыбеков Ахмет Ясcауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті философия кафедрасының меңгерушісі, доцент

 

АҚИҚАТ ЖУРНАЛЫ

 

0 пікір