Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Билік 7570 0 пікір 13 Сәуір, 2016 сағат 17:46

БАСҚА ДЕПУТАТТАР МӘЖІЛІСТЕ КОСАРЕВТІҢ «ҚОЛЫН ҚЫСУ» ҮШІН ҒАНА ОТЫР МА?

Бүгін ҚР Парламентінің төменгі палатасы қазақ жерін аукцион арқылы саудаға салу туралы заң жобасын талқыға салыпты. «Abai.kz» порталы бас болып, күн тәртібіне шығарып, әлеуметтік желілерде қызу пікір-талас жүріп, халықтың наразылығын тудырған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың бұл ұсынысына күллі қазақ жұртшылығы қарсылық білдіріп жатыр. Ұлт зиялылары, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен БАҚ өкілдері күйініп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтан араша сұрап, үндеу жолдады. Жерді сатуға жол бермеу керек екендігін айтты.  Бұл туралы «Abai.kz» порталында күн сайын мақалалар жарияланып отырды.

Ал бүгін жаңа сайланған депутаттар жерді аукцион арқылы жарты бағасына сатып жіберу туралы мәселеге өре-түрегеліп, қарсылық танытуы керек пе еді, егер үш партиялы парламент бұқараның базынасына құлақ түрсе...

Алайда депутаттар дем шығармапты. Жалғыз ғана Халықтық коммунистік партия жетекшісі Владислав Косарев осы жерлерді латифундистердің меншігіне беруге қарсы болып, ҚР премьер-министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдаған.

Осыдан соң, біз ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне хабарластық. (Досжан Сәуле Мағазбекқызы және Бапакова Сәуле Талғатбекқызы деп көрсетілген – ред.) Мәжілістің баспасөз қызметі телефон көтермеген соң, депутаттық сауалдың авторы – Халықтық коммунистік партияның жетекшісі Владислав Косаревқа хабарластық. (Ары қарай диолог – ред.)

- Алло, бұл депутат Владислав Косарев пе екен?

- Иә дәл өзімін.

- Мен журналист Нұргелді Әбдіғаниұлы боламын, «Abai.kz» сайтынан... Бүгінгі Мәжіліс отырысындағы сіздің депутаттық сауалыңыз жайлы сұрайын деп едім...

- Иә, маған сен туралы айтқан, братишка. Не болды, мыналар сенің жеріңді тартып алайын деп жатыр ма (күлді)...

- Мәселе жалғыз менің жерім туралы емес қой...

- Жақсы, түсіндім. Бүгін мен жерді аукционға қойып сату дегенге қарсылық көрсеттім. Өкінішке орай, жалғызбын. Десе де, мұндай қара пиғылды әрекетті қолдай алмаймын.

- Неге енді ғана қарсы болып жатырсыз? Бұл мәселе көтеріліп келе жатқанына біраз уақыт болды ғой.

- Дұрыс айтасың. Мен былтырғы жылдың маусым айында осы жерді сату туралы мәселе көтергенде өз қарсылығымды айтқан болатынмын. Сол кезде Үкіметке депутаттық сауал жолдадым.

- Досаев мырза Үкіметтің дағдарыстан шығуының жалғыз жолы осы деп отыр ғой...

- Это все чепуха! Тығырықтан шығу емес, жекелеген мүдделердің пайдасын еселеу ғана. Үкімет биыл шілдеде 1,7 милион гектар жерді саудаға шығаруды көздеп отыр. Бұнымен аяқталмайды. Осыдан кейін тағы ауылшаруашылық мақсаттарына тиесілі 7,4 миллион гектарды сатпақшы. Қазақстан Үкіметі нарықтық либералды қатынастарды ауылшаруашылық жерлерін аукционда жеңілдікпен сату арқылы одан әрі тереңдетуге тырысуда. Мұның артында пайда табу мүддесі тұрғанын түсінеміз. Біз, коммунист-депутаттар, Үкіметті жер мәселесіне қатысты ұстанымын қайта қарауға шақырамыз.

- Сізді өзге әріптестеріңіз қолдамады ма?

- Бұл жалғыз менің сөзім емес. Фракцияның үні. Ал өзге партиялардағы әріптестерім өз саяси ұстанымдарына сәйкес, өздерін тиісті деңгейде ұстай білді.

- Сонда қалай?

- Мәжіліс отырысы аяқталған соң, бәрі келіп, менің қолымды қысып, арқамнан қағып, қолдау білдірді.

- Түсінікті, уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет.

- Жақсы... 

Осыдан кейін біз тікелей жер мәселесімен айналысатын Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетіне хабарластық. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз бізді аталған комитетке мүше Амангелді Дәуренбаев мырзамен байланыстырды.

Телефон арқылы сұрағымызды қойып, пікір сұраған едік, жап-жаңа депутат: «дәл осы мәселеге қатысты ештеңе айта алмаймын, ренжімеші бауырым...», - деп қысқа қайырды.

Бекболат Тілеухан, Бақытбек Смағұл, Нұртай Сабильянов секілді жұрт өзіне жақын көретін мәжілісмендердің телефондары байланыс аясынан тыс жерде болды. Алдағы уақытта депутат мырзалардың жер мәселесіне қатысты пікірлерін жариялайтын боламыз.

Түйін

Біз бұл арада  Мәжілістегі бір партияның беделін асырып, біреуін кемсітуді мақсат тұтып отырғанымыз жоқ. Болған оқиғаны болған күйінде бердік. 107 депутаттың арасынан жерге араша түсер бір жанның табылмауы өкінішті-ақ. Сонда, жоғарыдағы аты аталған депутаттар Мәжілісте коммунист Владислав Косаревтің қолын қысып, арқасынан қағу үшін ғана отыр ма?!.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2249
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499