Жұма, 19 Сәуір 2024
Күбіртке 6120 0 пікір 15 Сәуір, 2016 сағат 10:32

ОЛАРДЫ ҰСТАЗДАРДЫҢ ҚАРҒЫСЫ АТАДЫ

«Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға» - деп данышпан Абай айтқандай, әлемдегі мамандықтардың ішіндегі ең қасиеттісі, ең құрметтісі, ең асылы, ардақтысы – Ұстаздық!

Бұл мамандықтың үлкені немесе кіші болмайды. Ұстаздық – ұлағаттылық! Ұлағаттылық - кемеңгерліктің бастауы немесе қайнар бұлағы. Әлемдегі барлық данышпандар, аяғы салбырап, аспаннан түскен жоқ, ұстаздың алдынан шыққанын ұмытпауымыз керек. Сондықтан да ұстазға құрметі ерекше елдің болашағы зор дер едім. Керісінше болған жағдайда, ол бақытсыз ел немесе бақытсыз ұлт атанары даусыз!

Түркия Республикасының тұңғыш әрі жаңашыл реформатор президенті Мұстафа Кемал Ататүрік өзі президент болып таққа отырған күні айлығы мен жағдайын жақсарту үшін екі мамандық иелерінің ел алдындағы құрметін арттыру мақсатында ерекше жарлық беріпті. Оның бірі - ұлттың болашағы қолдарында тұрған ұстаздардың айлығын көтеріп, жағдайларын жақсарту болған екен. Ал, екінші жарлығы - дәрігерлердің айлығын көтеруге арналған. Бұл - өз ұлтын шексіз сүйген адамның ғана қолынан келетін ұлы жақсылық еді!

Ал, біздің ел ұстаздарының жағдайын жақсартатындай қандай қадам жасады?.

Міне, ширек ғасыр болды, елдегі айлығы төмен, тұрмысы нашар мамандық иелері – Ұстаздар.

Бұл аз десеңіз, елдегі ең лас саяси науқанға мұғалімдерді, құрметті Ұстаздарды жегу – әдет болғалы да ширек ғасыр. Қазақстанда бір де бір рет әділ сайлау өтпегені белгілі. Міне, осы лас жұмысты аса қадірлі мамандық иелері - ұстаздардың қолымен жасайтын біздің жүйеге ұстаздар әлі-ақ лағнет айтады. 

Кешегі қазақты қынадай қырған, қырғызған қызыл коммунистер әлі биік мінбелерде отыр.

 Ол тексіздір не істемеді?..

 Ұстаз қарғысы - ауыр болады.

Оларды түбі Ұстаздар Қарғысы атады!

Мен оған кәміл сенемін!

Жұмаш Көкбөрі

Abai.kz

0 пікір