Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Өмірдің өзі 6213 0 пікір 25 Сәуір, 2016 сағат 13:42

БҰЗАҚЫЛЫҚ БОЛҒАН ЖОҚ. ӨЗІ ЖИЫЛҒАН ХАЛЫҚ ӨЗІ ТАРАДЫ

Атырау. 2016 жылдың 24 сәуірі. Қазақстанның халқы, мұнайлы аймақты мекен етіп жатқан - атыраулықтар бас көтеріп, Үкіметтің ауылшаруашылық мақсаттарындағы 1,7 миллион гектар жерін сату және шетелдік азаматтарға 25 жылдық мерзімге жалға беру туралы бастамасына қарсы бейбіт шеруге шықты.


Ресми деректерге сүйенсек, Атырау қаласындағы Исатай-Махамбет алаңына 600-700 тұрғын жиналыпты. Ал сол алаңға шыққандар мен белсенділердің айтуынша, бейбіт митингке кемінде 10 мыңнан астам адам жиналған.

Бұл - Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық тарихындағы тұңғыш рет демократиялық принциптерге сай өткізілген бейбіт шеруі болғаны анық.

Алаңға жиналған  халық жер сатуға қатысты наразылығын білдірді. Үкімет пен жергілікті әкімшілікке өздерінің ұсыныс - талаптарын қойды.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мырза алаңға жиналған көптің ортасына келіп, мемлекетшілдігін, азаматтығын көрсетті.

Әдеттегі әкімдерше, шыт киініп, шіреніп, шідірейіп, халыққа жекіріп сөйлеген жоқ. Қарапайым ғана киіммен, халықтың ортасында тұрды. Алаңға жиналған атыраулықтармен бірге болды.

«Бауырлар, мұнда мынадай мәселе бар. Сіздердің қойып отырған талаптарыңыз – қазіргі қолданыстағы заңды өзгерту. Осы жерде тұрған азаматтардың барлығының көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар. Айтқан талаптың барлығын қағазға түсіріп маған беріңіздер. Мен Парламентке, Үкіметке, басшыларға жеткіземін сіздердің талаптарыңызды»,-деді Нұрлан Ноғаев.

Атырау қаласындағы Исатай-Махамбет алаңына түскі сағат 14:00-ден бастап жиналған халық әкіммен тікелей тілдескен соң, бейбіт тарасты. Бұзақылық (мародёрство), жаппай тәртіпсіздік секілді жағдайлар орын алған жоқ.

Осыдан кейін біз Атырау облысы әкімінің (Н.Ноғаевтың) баспасөз қызметіне хабарластық. Ондағылар телефон арқылы Атыраудағы болған оқиғаны баяндап берді.

-Атырауда қазір жағдай тынышталды. Кеше алаңға жиналған халық өздерінің талаптарын айтты. Бас жарылып, көз шыққан ештеңе болған жоқ Олар сағат екілерде жиналды. Әкім Нұрлан Ноғаев барды. Халықтың талабын тыңдап, оларға жағдайды түсіндірді. Шамамен, 17:00-ге дейін халық алаңда болып, кейін тарқап кетті. Анау кейбір БАҚ шулап жатқандай ешкім әскер кіргізіп, халыққа күш көрсеткен жоқ. Ешқандай да бұзақылық деген болған жоқ. Өзі жиылған халық өзі тарады,-дейді Атырау облысының баспасөз қызметінің жетекшісі Саламат Сабыр.

 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір