Сенбі, 20 Сәуір 2024
Мәйекті 5259 0 пікір 26 Сәуір, 2016 сағат 11:17

«ЖАРТЫ ҚҰДАЙ» ҺӘМ ПӘТЕР ЖАЛДАУШЫ

Еліміздің жүрегі атанған Астанада баспанаға қатысты қаншама қарбалас тірліктер бар. Жылжымайтын мүлік айналасындағы бизнес - қып қызыл ақша. Әсіресе баспананы жалға беру - оңай табыс табудың таптырмайтын көзі.

Әлбетте, жалға алушы өзіміздің қырдан  келген баяғы қаймана қазақ. Жалға беруші баспаналарды амалын тауып рәсімдеп үлгерген жергілікті Астана тұрғындары, табысты кәсіпкерлер немесе іліс-таныстың арқасында жеңілдікпен қол жеткізген бюджеттік қызметкерлер.

Баспананы жалға берушілер әдетте көп нәрседен ұтылмайды. Бұл басы қасында тұрмаса бірдеңені ұрлап кететіндей қауіпті бизнес емес, жылжымайтын мүлікті ешкім қалтасына салып алып кеткен жағдай болып көрмеген. Дегенмен жалға берушілер ескі «жетім бұрыштан» қалған «жартылай құдай» психологиясынан әлі де арыла алмай келеді. Пәтер жалдаушының өмірін қайта-қайта келіп тексеру, негізсіз талаптар қою кәдімгі әдетке айналған.

Десе де осы қағиданы бұзған жағдай Астанада орын алды. Жалға алған пәтерін мезгілсіз келіп тексергені үшін жалға алушы үй иесін сотқа берді. Үй иесі Благодат есімді әйел істің осынша насырға шабарын күтпесе керек. Пәтер жалдаушылардың адами құқықтарын таптап үйренгенін ол сот отырысында да жасырған жоқ. «Менің сөйлегенім ұрысқан сияқты, бұл мендегі әдет» деп жауап берді ол судьяға қаймықпай. Сот төрағасы істі нәтижесіз жауып, қылмыстық сотқа беруге сілтеме жасады. Өйткені үй иесінің әрекеттері қып-қызыл қылмысқа жатады екен. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда пәтер жалдаушының барлық құқықтары қорғалған. Заңда көрсетілгендей үй иесі жалдаушыларды мезгілсіз мазалауға, қалай және кімдермен бірге өмір сүретінін тексеруге, жалға алу мерзімі біткенге дейін қандай  да бір материалдық шығын өндіріп алуға шектеу қойылған.

Ал Благодат есімді үй иесі өзінің айтуынша үнемі кез келген уақытта пәтерін тексереді және жасалатын келісім-шартты өзі түзеді екен. Айдың ортасында келіп жанжал шығарып, пәтер жалдаушыларды қуып шығу оның әдеттегі тірлігіне ұқсайды. Осылайша оның бірнеше пәтер жалдаушыларды қуып шығып ақшасын қайтармай қойғаны мәлім болды. Бұл дегеніңіз кәдімгі «алаяқтық» және «балағаттау» деп аталатын ҚР Қылмыстық кодексінде жазылған әрекет. Оған қоса табыс тауып отырған бизнесіне қатысты ешқандай салық төлемейтіні де назардан тыс қалған жоқ. Благодаттың мемлекеттік жеңілдікпен алған пәтеріне өзі тұрмастан, жалға беріп отырғаны Астаналық тұрғын үй департаментінің де қызығушылығын тудырды.

Бұл жағдай пәтер жалдаушылар мен жалға берушілер арасындағы көзге көрінбес күреске ұқсайды. Әйткенмен, пәтер жалдаушының да бас көтерер қауқары бар екеніне сүйсіну керек шығар.

Гүлжан Ізтай

Аbai.kz

0 пікір