Жұма, 29 Наурыз 2024
Білгенге маржан 6279 0 пікір 28 Сәуір, 2016 сағат 13:24

ХАЛҚЫНЫҢ ҚАРҒЫСЫН АЛҒАН БИЛЕУШІЛЕР ДЕ БАР

Бір елге басшы болу – сол елдің халқының амандығының кепілі бболу екенін бәрі біледі. Билік басшысы халық үшін мына үш дүниені жасауға міндетті деген тәмсіл бар екен. Әуелі, өз жерінің шекарасын берік қылуы, өз елінің шаңырағын биік етуі,  және өзі басқарып отырған елде қайыршы болдырмауы тиіс. Егер, ел тізгінін ұстап отырған мейлі ол хан болсын, сұлтан болсын, патша болсын не президент болсын халқы үшін осы үш жағдайды жасап бермесе оны қараша қанталапай етеді.

Тарихта қараша халықтың кәріне ұшырап, тағынан таймақ түгілі елінен табанын жалтыратқан билеушілердің мысалы жетерлік. Соның соңғы ғасырда орын алғандарының бірсыпарысын «korrespondent.kz» сайты жазыпты.

Фульхенсио Батиста. 1940 жылы Кубаның президенті боп сайланды. Бірақ, елдің ықыласына бөлене қойған жоқ. Елдегі дүркін-дүркін төңкерістердің көмегімен билігін сақтап қалуға тырысып бақты. Оның кезінде Кубада тапсырыспен кісі өлтіру мен адамның ізім-ғайым жоғалуы дендеді. Бұл Батистаның оппозицияны ауыздықтау тәсілі-тұғын. Ақыры, Эрнесто Че Гевара мен Фидель Кастро бастаған революционерлер оны биліктен тайдырды. 1959 жылы Батиста Доминикан Республикасына қашып, кейіннен Португалияға өтіп кетті. Соңғы тұрағы Испанияның Гуадальмина қалашығы болды. Жүрек талмасынан қайтыс болып, Мадридте жерленген. 

Иранның соңғы патшасы да қанталапайға түскен. Мохаммед Реза Пехлеви 1979 жылы Иранда орын алған ислам Революциясынан кейін елін тастап кетуге мәжбүр болған. Біраз жылдан соң Каирде көз жұмды. 

20 ғасырдың ең жұмбақ та «біртүрлі» саясаткері – Бокасса Жан-Бедель. Өзін Орталық Африка империясының императоры деп жариялап қана қомай, өзін атақты мұсылман қолбасшысы Салах ад-Динге теңеді. Халқы аштан қырылып жатқанда жауһар тастармен көмкерілген тәж киіп жүрді. 19 әйелі мен 77 перзенті (өзі ресми мойындағаны) болды. Пікіріне қарсы келгендерді азаптап, жазаға кесті. Тіпті, «Бокасса адам жейді» деген әңгімелер де айтылды. 1979 жылы оның бұйрығымен оқушыларға арналған мектеп киімінің бірыңғай үлгісі енгізілді. Бірақ, нанын әрең тауып жүрген халық үшін оның бағасы тым қымбат болатын. Сондықтан мектеп оқушылары бірыңғай мектеп формасына қарсы наразылығын бідірді. Сол кезде Бокассаның бұйрығымен оларға қарсы оқ атылды. Бұл осы уақытқа дейін оны қолдап келген Батыстың ашуын келтіріп, теріс айналуына ұласты. Осы кезде қатты ызаланған халық оны биліктен кетірді. 1979 жылдың 20 қыркүйегінде Бокасса Жан-Бедель Ливияда сапарда жүрген кезінде ОАР-да француз жасағының көмегімен қантөгіссіз төңкеріс жүзеге асырылды. Өз елінде биліктен айырылғанын білген Бокасса Ливиядан кейін Париждегі Ардикур қамалында тұрды. Ал, өз елінде оны сыртынан соттап, өлім жазасына кескен болатын. Соған қарамастан 6 жылдан соң ол халық кешірімі мен тақтан дәмеленіп, ОАР-на оралды. Бірақ, ойындағысы болған жоқ. Дереу тұтқынға алынған Бокасса қайта сотталып, тағы да өлім жазасына кесілді. Сот кезде Бокасса адамның дене мүшелерін жеу үшін емес, семантикалық сенім тұрғысынан (жауының жүрегі айбын береді немесе бүйрегі жолды ашады деген сияқты) сақтап жүргенін дәлелдей алды. Сондықтан оған тағылған «каннибализм» айыбы алынып тасталды. Бірақ, өзге қылмысы да жеткілікті еді. 1987 жылдың 12 маусымында Бокасса Жан-Беделді ОАР соты өлім жазасына кесті. Бірақ, келесі жылы оған рақымшылық жарияланды. Үкім алдымен өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасына алмастырылып, кейіннен 20 жылға сотталды. Елде демократиялық құрылым қайта орнаған 1993 жылы амнистияның арқасында Бокасса бостандыққа шықты. Үш жылдан соң жүрек талмасынан көз жұмды. 

Халқының кәріне ұшыраған тағы бір басшы – Филиппин аралдарын 1965 жылдан 1989 жылға дейін басқарған Фердинанд Маркос. Фердинанд Маркос Филиппин президенті боп тұрған кезде елде оның жеке басына табынушылық шыңына жеткен еді. 1972 жылы елде конституцияның күші тоқтатылғанда жағдай тіпті ушығып кетті. Маркос қарсыластарының бәрін сотсыз-ақ түрмеге жапты. 1986 жылы елде кезекті сайлау болып, онда заңды белден басқан Маркос қайта президент болып сайланды. Бірақ, бұл оның соңғы билікке келуі еді. Сайлаудан көп өтпестен, сол жылы Филиппинде әскерилер одан билікті тартып алды. Ал, Маркостың өзі елінен қашып кетті. Алдымен Гавай аралдарына барған Фердинанд Маркос 1988 жылы АҚШ- та көз жұмды. 

Ал, посткеңестік мемлекеттер арасында елінен қашып кеткен алғашқы басшы – Асқар Ақаев. Тәуелсіздік алғалы Қырғызстанды басқарып келген Ақаев 2005 жылғы «жауқазындар революциясының» нәтижесінде биліктен тайдырылды. Оппозиция оны және оның туыстарын жемқорлықпен айыптап, қудалады. Салдарынан Асқар Ақаевтың елден қашып кетуіне тура келді. Қазір М.Ломоносов атындағы ММУ-де ұстаздық етеді. Мәскеу мен Астананың арасында көшіп-қонып жүр деген ақпарат бар. 

Ал, оның орнын басқан Құрманбек Бәкиев те билікте көп отырған жоқ. 2010 жылы қырғыз ағайындар тағы да жаппай көтеріліп, оны да биліктен бас тартуға мәжбүр етті. Белоруссияда бас сауғалаған Бәкиевті Қырғыз парламентінің «елге қайтарылсын» деген талабына қарамастан батька Лукашенко бауырына басып, саяси баспана берді. Қазір Құрманбек Бәкиев Минскіде ойыншық шығарып жүр. Сол елдің азаматтығын алған. 

Қырғыздардан кейін өз президентін биліктен тайдырған Украина болатын. Сол кездегі президент Виктор Януковичтің Украинаның Еуроодаққа кіру туралы келісімге қол қоюдан бас тартқаны 2013 жылдың соңында Майдандағы митингіге мұрындық болды. Соңы жаппай наразылықтарға ұласып, ақыры Янукович елден қашып кетіп, Ресейде жасырынды. Халық пен тәртіп сақшыларын бір-бірімен қақтығыстырып, қашып кеткеніне қарамастан өзін әлі де Украинаның заңды президенті санайды. 

Әзірге қойнауы құпияға толы қарт тарих өзге елде сұлтан болып, абыройы барында биліктен өз еркімен бас тартқан бір ғана тұлғаны таниды. Ол – Сұлтан Бейбарыс. Ол өзге елдегі билігін кіндік қаны тамған жерде өсетін жусанының иісіне айырбастады.

Айсұлу Тұрсынбаева

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3580