Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4634 0 пікір 5 Мамыр, 2016 сағат 13:50

Мюнхен қаласында Зуқа батырдың 150 жылдығы аталып өтті

1-ші мамыр бірлік күніне орай Германияның Мюнхен қаласында Зуқа батырдың 150 жылдық мерей тойы аталып өтті.  Шараны «Мюнхен Қазақ мәдениет қоғамы» өткізді.

Кездесуге Мюнхендегі  Қазақ, Түрік, Татар, Ұйғыр ұлтының азаматтары мен қаладағы түрік елшілігінің ресми өкілі Емін Үлкер және Вена мен Анкара қалаларынанда қонақтар келіп қатысты.

Түрік елшілігінің ресми өкілі Емін Үлкер құттықтау сөзінде: «Зуқа қажы батыр болуымен қатар діни білімі де аса жоғары ғұлама, халқына жол көрсеткен ел бастаған қоғам қайраткері. Бар халықты бір атаның баласындай көріп қанатының астына алған ел қорғаны» деді.

Кейін сөз алған Мюнхен Қазақ мәдениет қоғамының жетекшісі Ибраһим Ақтеңіз Зуқа батырдай қазақтың еркіндігі үшін күрескен тұлғаны  дәріптеу өз міндеттері екенін атап өтті.

Азаттық радиосында ұзақ уақыт қызмет атқарған, Зуқа батырдың үлкен ұлы Сұлтаншәріптің немересі Талғат Қосжігіт Зуқа батырдың күрес жолына тоқтала келіп, сондай қиын кезеңде қазаққа пана болған түрік еліне қазақтардың ризашылығын білдірді және осы шараны ұйымдастырушы «Мюнхен Қазақ мәдениет қоғамы» мен жетекшісі Ибраһим Ақтеңізге рахметін айтты.

Зуқа батыр - 1866 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында дүниеге келген. Зуқаның әкесі шығыс өңіріне аса танымал болған Сәбит дамолла еді. Арғы атасы Нұрмұхаммед абыз. Текті әулеттен шыққан батыр бабамыз, орыс отаршылдығы мен гоминдаң қытай езгісіне тап болған қазақ халқын азат ету жолында қаза табады. Биыл батыр бабамыздың туғанына 150 жыл толды.

Еске алу шаралары Қазақстан, Германия, Аустрия, Англия, Америка, Түркия, Қытай, Моңғолия сынды 10 шақты елде аталып өтіледі.

Жұмабай Мәдібайұлы

Абай-ақпарат

0 пікір