Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 5657 0 пікір 10 Мамыр, 2016 сағат 15:29

18-ҒАСЫРДАҒЫ БАТЫРЛАРДЫҢ МАЗАСЫН АЛҒАНША, ӨЗІМІЗДІ ҚАМШЫЛАЙЫҚ!

Қазақтар өз жеріне иелігін сақтап қалу үшін еңбекке жұмылу керек. Ауылдардағы шаруа қожалықтарынан бірлескен шаруалар одақтарын құрса жақсы болады. Ұсақ шаруалар одақтаспаса қуатты техникаларға, жеңілдетілген қаржылық көмектерге қол жеткізе алмайды. Орталарынан іскер, адал азамат шығып қуатты техникалар сатып алып, МТС ұйымдастырса. Мәселен бір жігіт он шақты шаруамен еңбек шартына отырып, соның негізінде бизнес жоба жасайды. Банктер оған сол бизнес-жобаға сәйкес жеңілдетілген несие беріп, техника алуға көмектеседі. МТС өз кезегінде жыл сайын көктемгі егісте, жазғы жер өңдеуде және күзгі орақта жер иелеріне еңбек шарты бойынша қызмет көрсетеді. Жер иелері қызмет көрсетушімен есеп айырысқаннан соң тұқымдығын сақтауға өткізгеннен кейінгі таза пайданы иеленеді. Өстіп жер иесі өз жерін еншісінде ұстайды. Оған Отаным деп қарайды.
Ал соңғы жылдарда ауылға барған сайын бақайтыным, еріншектік, немкеттілік, бойкүйездік белең алып барады. Мұның бәрі сенімнің жоғалуынан туындаған дерт. Жұрттың бәрінде лидерлік қабілет жоқ. Оларды ұйымдастыра білу керек. Әйтпесе, айта берген ертегіден де адамның жалығатын кезі болады.

Баяғыда жер жетпей совхоздар дауласып жататын. Жұмысшы жетпейтін. Миллиардттап алған астықты жинайтын кезде бейсауат машина жүрмейтін. Жұрттың бәрі егін орағына жұмылдырылатын. Мекеме қызметкерлері галстугін шешіп тастап, комбайн штурвалына отыратын. Бүгін бір кездегі мыңғыратып табын-табын мал баққан елден атқа мінер бақташы таппай қалдық. Бәрі телесериялдағы байлар секілді өмір сүргісі келеді, бірақ оған қалай жетуді білмейді. Миллиондап, миллиардттап ақша ұрлап әшкереленіп жатқандарды естіп іштері ашиды.
Бүгін қытай басып кетеді деген үрей пайда болды. Қытайға керегі тамақ шығар. Сол тамақты өзіміз өндіріп неге қытайлықтарға сатпаймыз?.. Оларды үйге кіргізбей-ақ терезеден керегін сатып беру саясатын неге ұстанбаймыз?
Бауырларым, еңбекке бұрылайық! Үкіметтен еңбекке жағдай туғызуды сұрайық. Талап етейік. Ал саусақты қимылдатпай "Қабанбай!", "Бөгенбай!" деп ұрандай бергеннен ештеңе шықпайды. Он сегізінші ғасырдағы батырлардың мазасын алғанша, өзімізді өзіміз қамшылайық.
Осыған кім не айтады? Кімде қандай ұсыныс бар?

Құдайберлі Мырзабек

FB парақшасынан алынды

0 пікір