Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Білгенге маржан 15626 1 пікір 11 Мамыр, 2016 сағат 13:40

АҚЫРЗАМАН ҚАШАН БОЛАДЫ?

«Қилы-қилы заман болар, 

Қарағай басын шортан шалар» 

Асан қайғы

Судағы балық қарағай басын қалай шалмақ? Демек, бабамыз осы екі-ақ ауыз сөзбен дүниенің астан-кестеңін шығаратын аласапыранның туатынын меңзеп отыр ғой? Әрине, ақырзаманның қашан болатыны бір Аллаға ғана аян. Бірақ кейінгі кездері осы «ақырзаман» туралы ақпарат тарату – еріккеннің ермегіне айналғандай. Олар жұртқа үрей таратып, содан ләззат алатындай. Әсіресе, 2012 жылдың 21 желтоқсанындағы «ақырзаман» ешкімнің есінен шыға қоймас. Алайда бүгінгі жағдайды бажайлап, ғаламшардың экологиялық жағдайына талдау жасау ар­тықтық етпес.

Тіршіліктің су, ауа, топырақ және от деп аталатын негізгі төрт элементтен тұратынын төрт жасар бала да біледі. Сондықтан қандай қа­терді болсын, біз осылардан күтеміз.

1.Топан су...

Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Ға­бит Мүсіреповтің күнделіктерінде мынадай жолдар бар екен:

– Ақырзаман бола ма? – Болады. Бір кезде ауа атмосфера де­генді көмір қышқыл газы – CO2 қазіргі нормадан анағұрлым асып, мұз теңіздерін ерітіп жіберсе, адам баласына, жалпы жан-жануар, өсімдіктерге екі түрлі қасіретті күн туады: 1. Жер бетін топан су басады; 2. Оттегі ауадағы өз нормасынан орасан кеміп кеткен соң, жан-жануарлар уланады. Сол кезде Нұқтың кемесінің де пайдасы болмай қалады. Мұхит суларының өз CO2 газына лық толы болмақ.

Осының белгілерін  біз бүгінде көзбен көре бастадық...  Ғалымдар Жер шарының орташа температурасының ғасыр сайын үш градусқа жылып, соның салдарынан Солтүстік Мұзды мұхиттың ери бастағанын анықтағалы да біршама жыл өтті. Тіпті 2015 жылдың 30 қарашасында Парижде дүниежүзінің 196 мемлекеттенің   Президенттері бас қосуы тікелей осы мәселеге байланысты. 1997 жылы болып, Киото хаттамасы қабылданған саммитке АҚШ қатыспаған еді. Енді осы жолғы жиынға АҚШ қатысып, «Мен Американың соңғы жеті жылда теңдессіз жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқанын көре отырып, біз ортақ келісімге келеміз деген оптимистік көңіл күйдемін» деп жазған АҚШ президенті Барак Обама Францияға сапарының алдында Facebook парақшасында. – «Бұл жиынның маңыздылығы сонда, 180 ел климаттық өзгеруге себеп болып отырған қауіпті қалдық шығаруды қысқартудың жоспарын ұсынып үлгерді». Қорытындысында қатысушы мемлекеттер жан-жақты климаттық өзгерудің алдын алатын келісімдерге қоса парниктік газдардың таралуын болдырмау мақсатындағы экологиялық бағдарламалар үшін жыл сайын 100 миллиард доллар жинайтын боп тарқасты. Әйтпесе, табиғаттың кейінгі жылдардағы тосын мінезі тосылтып тастады. Оның себебін ғалымдар  «Көлемі жағынан Антарктидадан кейінгі «Жасыл жер» Гренландия мұздықтарының да еріп, теңіздер деңгейінің көтерілуінен деп тапқан. Алайда мұндай мәліметтер қарапайым халықтан қашан да құпия сақталады.

Алайда, ақиқатты көзіміз көріп отыр. Германияда, Қытайда, Үндістан, Непал, Бутан, Бангкок, Бангладеш т.б. әлемнің әр нүктелерінде, тіпті өз елімізде де кенеттен орын алған су тасқынынан қаншама зардап шектік... Соның бәрі – Солтүстік Мұзды мұхи­тының еруінен. Англиядағы Рейдинг зерттеу тобының жетекшісі Джонатан Грессори: «Бүкіл әлем үшін қорқынышты құбылыс – теңіз деңгейінің 7 метрге дейін көтерілу мүмкіндігі. Оның алдын алу үшін атмосфераны көмір қышқыл газымен улау­ды тоқтату керек, – дейді. Ал ауа неден ластануда? Бір мезгілде әлемнің түкпір-түк­пірімен байланыстыратын әрі теледи­дар, музыкалық орталықтың, әрі жұмыс құралының рөлін қатар атқаратын компью­тер­ді ойлап таптық. Ал оның қандай жол­мен жасалып жатқанын білсеңіз. 24 кг бір компьютерді жасауға 240 тонна химия­лық заттар мен 1,5 тонна су жұмсалады екен. Ол біріншіден, фабрикада жұмыс жасайтын адамдардың денсаулығына зиян келтіреді. Екіншіден, ауызсуды ластайды. Сонан соң дайын болған компьютердің өзі ауаны авто­көліктерден гөрі көбірек ластай­ды екен. Бұл – ауаның ластануына келтіріл­ген бір ғана мысал. Бұған қаншама автокө­лік­терді, зауыт, фабрикаларды қосыңыз. Солтүстік Мұзды мұхиты мен Гренландия мұз­­­дарының еруі осы жылдамдықпен жал­ғаса берер болса, онда 2050 жылға дейін 20 пайызға кеміп, нәтижесінде, Тұман­ды Альбион елінде ауа райы күрт төмендемек. Оның салдары Жер шарына оттегі өндіретін тропикалық ормандардың жойылуына апарып соғады. Мұздықтардың еруі бір жерлерге су тасқыны қаупін төн­дір­се, кей­бір жерлерді ауызсу тапшы­лығына ұрын­дырмақ. Өткен жылдардағы орыс орман­дарының өртенуінің өзі біраз жайды аңғар­т­қандай. Бұл – климаттық ауытқу сал­дарынан Африканың салқындай бастап, Сібірдің сарышұнақ аязының жұм­саруының басы ғана... Қазірдің өзінде Сахарада көк шөп шығып жатыр. Көк шыққан жер көп ұзамай жап-жасыл баққа айналуы қиын емес. Бұл – Қасиетті Құранда айтылған  «ақырзаманның белгілерінің» бірі. 

2. Токионы жер жұтады дейді...

Дүниежүзіндегі дамыған елдердің ең біріншісі саналатын Жапонияның аста­насы Токио көп ұзамай жер бетінен жойы­ла­ды дегенге сенгің келмейтіндей. Бірақ оны біз ойдан шығарған жоқпыз. Сол елдің сейсмологиялық жағдайын зерттеп жүрген ғалымдар жер сілкінісі салдарынан алдағы 50 жыл ішінде Күн Шығыс елінің бас қала­сының жермен-жексен болу қаупі барын осыдан бірнеше жылдар бұрын болжаған екен. Мұндай қасіретті Токио 1923 жылдың 1 қыркүйегінде бастан кешкен, онда қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандардың саны 130 мың болса, 570 мың отбасы бас­па­насыз босып қалған. Сол оқиғадан кейін жапондар өз үйлерін супер үлгіде 6 балл­дық жер сілкінісіне шыдайтындай етіп сал­ған екен. Алайда биылғы жылы наурыздың 11-і күні жапон жұрты магнитудасы 8,9 балды құрайтын жер сілкінісін бастан ке­шір­ді. Аралдарды атамекен еткен халықтың қасіретіне теңіз де тажал боп төніп, биіктігі 10 метрді құрайтын таудай толқындар көл болған көз жасы мен көбіршік қанды ша­йып кеткенін көзіміз көрді. Соған да қара­мастан, самурай рухты халық Отанда­рын тастап кеткен жоқ. Осы жағынан келгенде, олар да қазекеме ұқсайды екен, яғни  «қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейді» деген қағиданы ту еткендей.

3. Күн сөнеді...

Ғалымдардың көбі дерлік Жерге төнер қауіптің зорын аспан денелерінен күтеді. Неміс және британ зерттеушілері осыдан 200 жыл бұрын Жерге алып метеориттің құлағанын айтады. Сол сәтте-ақ теңіздерден Цунами көтеріліп, биіктігі бір метрге жеткен толқынның қаншама тіршілікті жойғанын өзіңіз бағамдай беріңіз. Содан бергі кезең­дерде аспан денелері біздің ғаламшары­мызға қанша мәрте қауіп төндірген. Бүгінде сондай астеройдтардың саны 900-ге жуық көрінеді. Ол 900-дің біреуі ғана абайсызда жерге соқтығысып құлар болса... ойлаудың өзі қорқынышты! Кәдімгі өзіміз әр түні көзбен көретін жұлдыз­дардың ағуы жиілеп кетсе де қорқу керек екен. Себебі олардың арасында ұсақ кометалар болады. Олар ауаның озон қабатын тесіп, мұздықтардың еруіне әсер етеді. Мұхиттарда тіршілік ететін майда денелер қырылса, онымен қатысты балықтар, одан құстар да зиян шегеді. Ең қызығы, әрі қорқыныштысы – Күнге қатыс­ты айтылған болжамдар. Голланд астро­физигі доктор Пирс Ван дер Меер «Күн жарылғалы тұр» деген тосын жайды айту­да. Күн ядросында қалыпты жағдайда темпе­ратура 27 млн градус болса, соңғы жылдары ол 49 миллионға көтеріліпті. Біз бүгінде Солтүстік Мұзды мұхитының еруін ауаның ластануынан көреміз. Ал бұл ғалым ол проб­леманы осы Күн қызуының көтері­ліп кетуінен көреді. Егер осы қарқынмен қыза берсе, Күн көп ұзамай жарылатын көрі­неді.

Бұған қарама-қайшы пікір айтатын ғалымдар да бар. «Жер беті мәңгілік қараң­ғы қапаста қалмақ» деген олардың пікіріне құлақ түрсек, соңғы онжылдықта Жерге түсер Күн сәулесі 10 пайызға кеміп кетіпті. Мұны ғалымдар 90-жылдары байқағанмен, құлақ асар жан таппаған. Тек 2001 жылы Израильдегі вулконология орталығының мамандары 1958-1992 жыл­­дар арасында­ғы ғаламшарға түсер Күн сәулесінің жыл­дан-жылға 0, 23 пайыздан 0, 32 пайыз ара­лы­ғында кеміп отырғанын айтқанда барып, бұл мәселеге мән беріле бастаған.

P.S.

Исі мұсылман қашан да иманына берік, оның құлақ асатыны – тек Құран. Ол жерде ақырзаманның алдындағы үлкен және кіші белгілері анық жазылған. Оны білген адамның ешбір алып-қашпа әңгімеге құлақ аспасы анық. Себебі ақіретке амал жасау – әр мұсылман өмірінің мәні...

Мәриям Әбсаттар

Дереккөзі: sn.kz

Abai.kz

 

 

1 пікір