Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 4305 0 пікір 16 Мамыр, 2016 сағат 16:05

ЖЕРІМДІ ЖАЛҒА БЕРІП ЖАН БАҚҚАНЫМ ДҰРЫС ПА?

Менің қорқатыным бүгін жерді жалға берсек. Бастапқыда керемет жетістіктерді көруіміз мүмкін. Өнім мол алынар. Тау-тау болып үйіліп жатар. "Міне көрдіңдер ме?! Осылай жалға бергеніміз қандай жақсы болған" деп БАҚ құралдары жарнам алап бағар. Біз де қате пікірде болғанымызға қысылатын шығармыз.
Алайда көп жыл өткесін немерелеріміз (Әрине, кім екендерін мүлде ұмытып мәңгүрт боп кетпесе) құдайдың күнінде келмісектермен қырқысып, төбелесіп, тіпті қызыл қанға боялып, соғысып жатса не болады. Ол кезде бүгінгідей шегінетін жер қала ма? Ұрпақтарымыз бас көтергендіктері үшін жазаланып, сотталып жатпайтынына кепілдік бар ма? Біздің ұлттың минталитетін де ойлау керек. Біз тәуелсіздіктің арқасында комадан енді оянып жатқан ұлтпыз. Шындап бұрынғымызға түссе бізден кейінгі бойында жауынгер бабалардың қаны бар балалар езгіге көнбейді. Ол біз секілді үреймен өскен совет балалары емес. Соны бүгінгі жастарға қарап аңдап жүргендеймін. Олар Мағжан көрген жастардан да өжет, албырт секілді. Өйткені олар қазақтың басынан өткен тарих, батырлық , ерлік туралы тарихтар жарыққа шыққан кезде тәрбиеленді. 25 жыл ішінде өндірістік жүйемен, ауылшаруашылық жерлерімен қалай жұмыс істеуге жарытып оқытылмаса да, тарихи жадылары жақсы жетілді. "Мен қазақпын!" деп кеуделерін ұрып өсті.
Бүгінгі оқиғаларға байланысты ойланғанда ертең үшін алаңдаймын. Мен ондайды көрмейтін де шығармын. Бірақ көрмегірді көріп жатқан немерелерім тиыш жатқызбайды ғой.
Сондықтан бүгінгі жағдайымды түзеп алуым үшін жерді жалға беріп жан баққаным, келер ұрпақтың тағдырын ойламағаным, бүгінмен ғана өмір сүргенім, әділдік бола ма?. Айтыңдаршы. Мен осы үшін қорқамын.
Бірақ қашан және кімнен қорыққаным дұрыс екенін білмеймін.

Құдайберлі Мырзабек,

FB-дағы парақшасынан алынды.

0 пікір