Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Билік 14322 0 пікір 9 Желтоқсан, 2015 сағат 03:00

«ЭКСПО-2017» - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Әлем алдында еліміздің мүмкіндіктерін паш ететін айтулы шара – «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізетін уақыт та алыс емес. Астана ең үздік әлемдік әзірлемелер мен трендтерді көрсететін осынау бірегей алаң иесі болып айқындалғалы да үш жыл ұшқан құстай өте шықты.

     «ЭКСПО-2017» – Қазақстан үшін маңызы зор, мақсаты биік жоба. Жалпақ жұртшылықтың назарын өзіне аударатын бұл бірегей көрме  экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамудың жаңа үрдістеріне жол салары хақ. Қазақстан осынау тарихы ғасырлар асуында жатқан Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізуге шешім қабылдаған бұрынғы кеңестік кеңістіктегі мемлекеттер арасындағы алғашқы ел. Осы арқылы еліміз дөңгеленген дүниеге ортақ стратегиялық міндеттерді талқылайтын талай жаһандық жиындардың ұйымдастырушысы ғана емес, өңірдегі көшбасшы мемлекет екендігін де көрсетіп отыр. Бүгінде әлемде орын алған күрделі ахуалға, қаражаттың қаттығына қарамастан, еліміз көрмені лайықты өткізуге бел буды. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, қолға алған істі табыспен аяқтауға кез келген ел мүдделі. Ендеше күллі әлем көз тігетін ауқымды шараға дайындықтың өзі айрықша жауапкершіліктен, ширақтықтан ауытқымай жүруі шарт.
    Көрмеге дүние жүзінің 100-ден астам елінен 2 миллиондай турист келеді деп жоспарлануда. Уақыт жақын. Алайда, шетелді былай қойғанда, еліміздің өзінен қанша турист келетіні беймәлім. Келушілерге қандай жағдай жасалатыны, көрмені өткізуден қандай пайда күтуге болатыны, қанша демеуші тартылатыны, қандай мәдени-көпшілік шаралар өтетіні туралы нақты мәлімет жоқ. Турасын айтқанда, құрылыстан өзге жұмыстың бәрі баяу. Көрмеге дайындық барысы талқыланған кеңесте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесіне сапалы дайындықты қамтамасыз ету мен өткізудің бүкіл Қазақстан үшін маңызды екенін атап өтті. Өйткені, бұл еліміздің әлеуетін бүкіл әлемге әйгілеудің теңдессіз мүмкіндігі.
Дайындық мәселесінің сападан бөлек өрбімейтіндігін Елбасы келтірген бірқатар деректер нақтылай түседі. Кеңесте Мемлекет басшысы айтқандай, көрме нысандарының құрылысы  бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, 2016 жылғы тамыз-қыркүйекте аяқталуы тиіс болса, бұл ретте техникалық сипаттағы түйткілдер жеткілікті. Өзара келісіліп атқарылмағандықтан, жұмыста жүйе жоқ. Жобалауды басқару ісі мүлде болмаса, жобалық-сметалық құжаттарды беру кестесін талап етудің өзі қисынсыз. Негізгі құжаттаманың бөліктерін әзірлеу ісі қосарлы ұйымдар арасында бөлініске түскен. Ол аздай, көрме учаскесі маңындағы жер ресурстары тиімсіз пайдаланылуда. Ал нысандар құрылысында бағаны тым өсіру – қаражаттың талан-таражға түсуінің тікелей жолы. Мемлекет басшысы еліміздің экспорттық тауарларының бағасы төмендеуіне байланысты бюджетке қажетті қаражат толық түспей отырғандығын, сондықтан «ЭКСПО» үшін де, Универсиада үшін де қаражатты қатаң үнемдеуге тура келетіндігін баса айтты.

     Елбасы кеңеске қатысушыларға мәселенің негізгі мәйегін қолға ұстатқандай етіп түсіндіріп берді. Яғни, көрмені табысты өткізу оның тақырыбының толық ашылуына, елдердің көбірек қатысуына, келушілерді тарта білуге, жаһандық серіктестермен, демеушілермен ойдағыдай деңгейде жұмыс жүргізуге байланысты. Бұл орайда көрмені табысты өткізген елдердің – Португалияның 1998 жылғы Лиссабонда, Қытайдың 2010 жылы Шанхайда өткізген көрмесінің тәжірибесін зерттеу қажеттігі назардан тыс қалмады. Аталған елдерде ұйымдастырушылар барлық ұйымдастыру мәселелерін сауатты жүргізіп, нысандарды көрмеден соң пайдалану, оларды жалпы қаланың жүйесімен үйлестіру мәселелерін де қамтыған. Сонымен бірге, қателіктерге жол бермес үшін мұндай көрмелер жұмысының Испанияның Сарагоса, Оңтүстік Кореяның Ёсу қалаларында-ғыдай нашар болуының да себептерін түсіне білген жөн.
      Бүгінге дейін көрмеге өздерінің қатысатынын тек 30 ел ғана растап, 5-еуі ғана комиссарларын айқындаған. Оған қоса, көрмеге қатысу туралы бірде-бір келісімшартқа қол қойылмаған. Ал мемлекеттік бюджеттің жинақталу тетіктерін ескере отырып, шығыстарды жылдық жоспарға енгізулері үшін олардың келісімін алдын ала алу керек. Мемлекет басшысы осыған байланысты Сыртқы істер министрлігіне комиссармен бірлесіп, ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушылардан ресми растау келісімін алу ісін ұйымдастыруды тапсырды. Инвестициялар және даму  министрі Ә.Исекешевке, энергетика министрі В.Школьникке, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясына қатысушы елдермен жұмыс жүргізу кезінде олардың павильондарын, материалдарын қоюды ұйымдастыру, келушілерді тартуға мейлінше көбірек қаражат салулары үшін тақырыпты ашуға жағдай жасау мәселелерін нақтылау тапсырылды.
       Мемлекет басшысы баламалы технологияларды қолдану саласындағы негізгі 20 елге ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Сонымен қатар, көрмені ілгерілету және қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету үшін қаражат тарту аясында Қазақстанда жұмыс жасап жатқан ірі халықаралық компаниялардың әлеуетін пайдаланған жөн. Елде және шетелдерде көрмені кең таныту арқылы келушілерді тарту бағытында атқарылар іс көп-ақ.
– Бүгінде айқын коммуникативтік-медиалық жоспар жоқ, имидждік жұмыс мәселесі жүйелі түрде нақтыланбаған, барлық күш-жігер тек бір жолғы іс-шаралар өткізуге бағытталған. Тек сауатты ойластырылған стратегия ғана көрменің табысты өтуінің тағы бір көрсеткішіне – елге туристер тартып, 5 миллион адамның келуіне қол жеткізуге мүмкіндік туғыза алады, – деді Қазақстан Президенті.
       Әзірге әлемдік қоғамдастықтың алдағы көрме туралы ақпараттандырылу деңгейі төмен. Елдерді қатысуға шақыру үшін ең болмағанда ірі экономикалық, туристік форумдарда, спорт шараларында, алдағы Давос форумында, Санкт-Петербург форумында, Астана экономикалық форумында көрме тақырыбы бойынша таныстырылымдар ұйымдастыру қажет.
Сондай-ақ, қатысушылардың 85%-ы өз отандастарымыз болғандықтан, әр өңірден қанша турист келетіні, олардың қалай жетіп, қайда орналасатыны нақты мәліметтерде көрініс табуы керек. Осы бағытта Премьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевқа, инвестициялар және даму  министрі Ә.Исекешевке, сондай-ақ, әкімдерге көрмені халықаралық деңгейде және ел ішінде насихаттау жоспарын әзірлеп, оны сапалы түрде іске асыру жүктелді.
Елбасы ЭКСПО-2017 көрмесін ілгерілету жөнінде туристік қоғамдастықпен арадағы жұмысты жандандыруға, мәдени бағдарламаларды әзірлеу жұмыстарына, волонтерлерді дайындаудың сапасына, көпшілік жиналған жерлердегі қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге тоқталып, барлық бағытта нақты, мүлтіксіз жоспарлар болуы тиістігін ескертті. 
Көрменің пайда әкелуін қамтамасыз ету тақырыбын да қозғай келе, Мемлекет басшысы:  «Жария етілген Тіркеу досьесіне сәйкес, біз демеушіліктен, билет сатудан, тамақтандырудан, қызметтер көрсетуден 330 млн. еуроға жуық кіріс алуды көздеп отырмыз. Бұл ретте, жаһандық демеушілермен арада келісімдерге қол қою ЭКСПО-2017 көрмесінің кірістілігі мәселесін оң шешу үшін басты мәселе болып саналады. Досье жоспары бойынша, біз тек демеушіліктен, соның ішінде ЭКСПО-ның жаһандық 8 серіктесін тартудан 200 млн. еуродан астам қаражат табуға тиіспіз» деп  атап өтті.
      Қазақстан бүгін экономикасы анағұрлым тұрақты, инвестиция және ынтымақтастық үшін тартымды ел. Ендеше осы мүмкіндіктер мен қолда бар ресурстарды оңтайлы пайдалану қажет. Бұл тұста көрмеге әлемдік компанияларды тарту оның беделін арттыруға оң ықпал етіп, елімізге ағылатын инвестициялар легін көбейтпек.
      Көрмеге дайындық барысында жалпы жұмыстың сапалы болуы қатысушылардың өзара үйлесімді, қоян-қолтық әрекетіне байланысты болатыны белгілі. Алайда, қазір әркім өзіне тиесілі тар шеңбердегі салаға ғана жауап береді, құрылымдар арасында өзара іс-қимыл, мардымды ықпалдастық байқалмайды. Үкімет тарапынан барлық жұмысты үйлестіру болуы үшін Мемлекет басшысы Премьер-министрден ЭКСПО-2017-ге дайындалуға және өткізуге  жауапты тұлғаны бекіту жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды. Түптеп келгенде, көрменің табыстылығы – баршаның жұмыла атқарған іс-қимылының нәтижесі болмақ.

Жания Әбдібек

abai.kz

0 пікір