Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 3965 1 пікір 21 Желтоқсан, 2015 сағат 12:15

«МОРАЛЬДЫҚ ТҮРМЕДЕН» РАҚЫМШЫЛЫҚ АЛА АЛМАДЫ

 

Желтоқсан көтерілісіне келер жылы – отыз жыл. Отыз жыл бұрын қып-қызыл орданы бұзсақ, сол жылы туғандар да орда бұзар жасқа келіп қалды. Қазір Желтоқсанның үнін көтеріп, ұлықтаудың орнына, аузын жауып құлыптауды әдетке айналдырдық. Желтоқсанның әлі күнге дейін өз құқын даулайтын заңы да, статусы да, әлемдік тарихи мәртебесі де жоқ.

Меніңше, Желтоқсанның өгей күй кешуі – саяси элитамыздың таяздығының көрінісі. Ал руханиятымыз – сондай саясаттың құлы. Біліктілігі сын көтермейтін тарихшыларымыздың бұл «оқиға ма, көтеріліс пе?» дегеннің төңірегінен аса алмай жүргендігі де сондықтан. Олар болған оқиғаның өзі көтеріліс, көтерілістің өзі тарихи оқиға екендігін түсіне алмай-ақ қойды. Желтоқсан мәселесі – қорқатын іс емес, абыройлы іс. Қорқудың өзі адам бойына демократиялық сана қалыптастыруға дәрменсіз білімсіздіктен туады. Қорықпас үшін не істеуіміз керек? Және кімнен қорқамыз?

Бұл мәселені «Қайсар жүрек» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған бір жиында тарихшы бір бауырымыз қазір желтоқсанды ұлықтамаудың себебін ұлтаралық қақтығыстың тұтанып кету қаупімен байланыстырды. Одан әрі уақыты жеткенде бұл мәселе шешіледі дегенге саяды. Ұлтжандылардың өзі ширек ғасыр бұрын осылай деуші еді, әлі де ояна қоймаппыз.

Тоқсаныншы жылдары «темірді қызған кезінде» соға алмадық. Әлі де ештен кештің жақсы боларын ескерсек, дереу қимылға көшу керек. Желтоқсан мәселесін аспандатсақ, отаршылдардың ұрпақтары тарпа бас салатын жабайы адамдар емес шығар. Олар мәселенің байыбына бірден жете алатын жағдайда болмаса, оларға арналған жобамызды әлемдік азаттық тарихын қайта оқытудан бастайық. Сөйтіп, формуланың алғашқы сатысы шешілсе, Желтоқсан тағлымын ғылыми тұрғыда түсіндіруге көшеміз. Өктем ұлт әділдік пен жауыздықтың, шындық пен сұмдықтың, бейбітшілік пен қасіреттің ара жігін ажырата білгенде ғана жүрегіне түк бітіп, бізді жарылқап тастамаса да, барға тәубә деп, сабырға келер еді. Осының өзі қоғам танушылар мен билік өкілдерінің санасына жетпей жатқан концепция.

Желтоқсанға мемлекеттік, халықаралық мәртебенің берілмеуінің өзі – моральдық қорлық. Сондықтан желтоқсаншылар елдегі «моральдық түрмеден» әлі күнге дейін рақымшылық ала алмады. Солақай саясат халқымыз үшін қадір-қасиеті болмаған өктем ұлттың қас-қабағына қараймын деп, өз қырандарын сол «қылмыскер» атанған күйінде пәниден ұзата бастады. Кезінде Қазан төңкерісі социализмнің басын бері бұрса, Желтоқсан оны қайтадан әрі бұрған еді.

Желтоқсан ұйымдары жыл санап көбейіп келеді. Мұны кейбір сарапшылар бастары бірікпейтін шашырандылыққа жориды. Мұның өзі желтоқсаншыларды кінәлауы аздай, сарапшының өзінің де «қалтыраған» ішкі саясат пен жалпы қоғамдық ғылымдардан және философиядан хабары шамалы екендігін көрсетеді. Ұйымды көбеюге мәжбүрлейтін де билік. Желтоқсанды желтоқсаншылар бөлшектемейді, ықпалды топқа тәуелді еткен саяси мұқтаждықтар бөлшектейді. Билік тарапынан көңіл жықпастықпен Желтоқсан датасында ғана көрсетілетін ықыластың «шапағаты» барлық ардагерге жетпегендіктен, бір ұйымның ғана қалқасында қалмас үшін, біразы бөлініп, басқа ұйым құрып келеді. Желтоқсанды ұлықтауда мүдде біріккенмен, мүддені шешу жолындағы пікір мен идея бірікпесе, ұйым тағы да бөлініп, әркім өз бағытымен жұмыс істейді.

Саяси ұйымдарды күштеп біріктіруге әрекеттенудің өзі – саяси сауатсыздық. Демократиялы қоғамда ұйым көбейген сайын, өзара бәсеке күшейеді де, халықшыл идеясы мен іскерлігі жағынан мықтылары жеңіп шығады. Әлсіздері не жойылады, не өзінен күштіге сонда ғана топтасады. Екіншіден, ұйым көбейсе, Желтоқсан көбірек насихатталып, ел ішінде беделі артады.

Әр деңгейдегі әкімнің орынбасарлары жылма-жыл желтоқсаншылардың еті тірілерін тізімдеп жинап, дөңгелек стол кездесулерін өткізеді. Ардагерлердің басым бөлігі шақырылмай, арманда қалса, тарих үшін жанталасып жүретін біздің өзіміз айқай-шумен сол кездесулерге кейде кіреміз, кейде кіре алмаймыз. Кірсек, баяндамаға дайындалып келген біз соншалықты сауатсызбыз ба? Әлде атағы бар ғалымды сөйлету бедел ме? Жылда бір тарихшыны шақырып, жауыр әңгімені қайталаумен уақытымыздың көбін зая кетіреді. Әлгілерде Желтоқсанның халықаралық тарихи маңызын айғақтайтын тың ұсыныс та жоқ.

«Қайсар жүрек» қоғамдық бірлестігі өткізген дөңгелек столда бір тарихшы бауырымыз: «Желтоқсан туралы кітап жазып қажеті жоқ», – дейді. Оның ойынша, мұрағаты жоқ кітаптың бәрі дәлелсіз.

Мұрағат Қауіпсіздік комитетінің қолында болса, оған қарамай азайып бара жатқан ардагерлердің естеліктерін кітап етіп құрастыруға осындай тарихшылар да, билік те қарсы болса, Желтоқсан тарихы тірідей құрдымға кетпей ме? Желтоқсанды кезінде Мәскеу «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп, төмендеткісі келсе, әлгі жиында саясаткер Дос Көшім де екінші қырына мән беріп, мұның бүгінгі көзқараста оң баға екендігін растады. Бұл дұрыс.

Ал желтоқсаншылардың көбі Желтоқсанның бағасын тоқсаныншы жылдардағы аласапыранда «анау берген, мынау берген» деуден аспай келеді. Олардың нұсқап отырғандары алаңда болмаған, комиссияға немесе Конституциялық сотқа қатысып, болмаса басқа да жолдармен сырттай топшылап жүрген зиялы қауым өкілдері. Желтоқсанның бағасын олардан бұрын біз, желтоқсаншылар бергенбіз. Желтоқсанның бағасын білмесек, алаңда ұрандамас едік. Ал менің отыз жыл бұрын берген бағам төмендегідей:

...Бұл жай оқиға мен көтерілістен де асып түсетін, он бес одақтас республика және он алты социалистік мемлекеттен құралып, марксизм тілінде бес қоғамдық-экономикалық формацияның бірі атанған социалистік жүйеге қарсы жасалған тұңғыш саяси төңкеріс немесе бетбұрыс болғандықтан, оның айтылмай жүрген ғаламдық тарихи маңызы да осында. Басқа социалистік елдердегі көтерілістер экономикалық талаптармен ғана шектелді. Мұндай бетбұрыстың геосаяси жағынан тек Қазақстанда болуын түсіндірейік. Жері де, халқы да көп, тарихта әлемді бағындырған өркениеттің ошағы – Еуразия десек, Еуропа, Азия континенттерінің арасын дәнекерлеп, материктің қақ ортасында жатқан ең үлкен ұлттық құрылым – осы Қазақстан Республикасы. Сондықтан көп ұлттың, этностардың, тілдердің, қырық құрау діндердің, еуропейд, азиат сынды нәсілдік белгілердің формация заңымен қисынсыз сәйкестіріліп, Бермудтың ұштағанына айналдырылған тұсы да – осы Кеңестер Одағының «коридорына» айналған біздің жер еді. Сәйкеспейтін химиялық элементтердің реакцияға түсуі жарылысты жақындатса, Мәскеу Пленумының шешімі соны жылдамдататын католизаторға айналды. Желтоқсан көтерілісі социалистік жүйе езгісіне жұтылып бара жатқан барлық этностар үшін тәуелсіздікке бағытталған демократиялық ықпалды оятты.

Әрине, таптық езгі күшейсе, социализмге ұқсас бір формацияның қайтып оралуы да мүмкін. Оралған жағдайда оның да мазмұны жағынан ұлттық болуын қалаймыз. Яғни, идеалистерді материалистердің терістеуі де ситуациядан туған қоғамдық құбылыс. Сондықтан «пәлсапалық спиральды» әлемдік тартылыс заңының табиғи сипаттамасы арқылы өзімізде жалғастырып, әлем үшін жаңашыл зайырлы қоғамның көшін бастауға да мүмкіндігіміз бар. Қоғамдық теңсіздік адамдар арасындағы теңсіздіктен, адам арасындағы теңсіздік табиғи теңсіздіктен бастау алады. Сондықтан пәнидің өзі – теңсіздіктердің отаны болғандықтан, оның даму заңдылығына ешбір формация үстемдік ете алмайды.

Әйтсе де, табиғи ерекшеліктің айқын сипаттамасы түйсігімізге ұлттық белгілер арқылы байқалса, ұлттық-демократиялық бағыттағы халықаралық ымыраны қалыптастыратын жаңа жобамен айналысуға мен де кірістім. Егер саясатымыз – орысқа, экономикамыз – қытайға, руханиятымыз – арабқа тәуелді болса, санамызды шектеген рухани дәрменсіздік үлкен қауіп-қатерлерге ғана соқтыратынын сезінетін уақыт жетті. Желтоқсан ардагері шын ардагер болса, ел мен жерді барлық ықпалдан қорғауы тиіс. Бұл ұзақ әңгіме.

Қазірдің өзінде саяси баға, құқықтық мәртебе беретін Желтоқсанға қатысты заңды айтпағанда, мемлекеттік тіл, дін, кеден, көші-қон турасындағы және басқа да ұлтаралық қатынастарды реттеп, өзара тұтастықты сақтайтын, әлеуметтік-экономиклық шекарамызды анықтайтын заңдардың толыққанды деңгейде болмауы ел тәуелсіздігін қорғауға кері әсерін тигізеді. Ал Желтоқсан статусына қатысты заңды неден бастайтынымызды білмесек, ғаламтор арқылы өткен ғасырда тәуелсіздік алған барлық мемлекеттердің іс-тәжірибесінен керегімізді алып, өз еліміздің геосаяси ерекшеліктеріне сай ортақ тұжырым жасайық.

Көш жүре түзеледі. Бұл мәселені түбегейлі шешіп, оның тарихи мәнін анықтау үшін және ықпалды статус белгілету үшін бұрынғыдай қоғамдық комиссиядан гөрі, мемлекеттік комиссия жасақталғаны әлдеқайда тиімді. Оның жетекші тобы – қоғамдық ұйымдар, ал атқарушы тобы – мемлекеттік құзырлы орындар болса, жұмыс та жүре бастайды. Өйткені бұл шараны мемлекет қаржыландырса, тиісті орындарды өз ісіне есеп беруге мәжбүрлейді.

Желтоқсанды бұл деңгейде бағалай алмайтын ықпалды топтар үшін бағалаудың ең оңай жолы – желтоқсаншылардың өздерін бағалап, олардың әлеуметтік жағдайына көмектесіп, материалдық мұқтаждықтарын шешуге атсалысу. Мұнда баспана, жер, тегін емдеу және қаржылай көмек мәселелерін шешу басты орында тұрады. Мен құрылыс жұмыстарында жүріп, алғашқы үй кезегіне 1982 жылы тұрып, Алматының отыздан артық ғимаратын салуға қатысып, отыз жыл дегенде 2012 жылы үй алдым. Ол аздай, маған бірнеше дәлелді құжаттар көмектесті. Оның бірі – ұсақ бала-шағаны бағып отырған жолдасымның «Алтын алқасы».

Желтоқсаншыларды елге таныту арқылы дәуірлік қантөгістерді бастан өткізіп, соның түпкілікті нәтижесі ретінде келген тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұрпаққа жеткізіп, патриоттық рухты ояту үшін, тегін мемлекеттік ақпарат құралдары, оның ішінде жеке арна болмаса да, республикалық телерадио арналарынан берілетін тұрақты бағдарлама және тегін газет ашылуы қажет. Мен жалақы алудың орнына, жолым бар, басқа бар, айына бір адамның жалақысын қалтамнан шығарып және өзге желтоқсаншылардың да ақшасын қосып, «Желтоқсан ақиқаты» газетін шығарып, оны 14 облыстың зиялылары мен республика басшылығына тегін үлестірген едім. Басқа газеттердің бір бетін бірнеше адам дайындаса, мен газеттің бүкіл 12 бетін жалғыз өзім жазып, техникалық жұмыстарын да атқардым. Өйтпесек, марқұм болған желтоқсаншыларымызбен бірге Желтоқсан тарихы да өшіп барады. Ұлттық телевизия арнасын басқаруға басқа топ келіп, олармен пікірлес бола алмағаным үшін жұмыстан қысқарып, үйде екеуміз бірдей жұмыссыз отырғанымызға да он бес жылдан асып барады. Жұмыссыздар қатарына айқау-шумен тіркелсек, соңыңнан шырақ алып жүріп, шығарып тынады. Жеті баланың жәрдемақысының жалпы құны он екі мың теңге. Жұмыс істемесең, қосалқы жәрдем ақы бермейді. Сондықтан әскери комиссариатта «повестка» таратушы болып екі ай жұмыс істеп едім, одан да шығарып жіберді. Айлық жалақысы отыз бес мың теңге болатын.

Ақпарат құралдарына қайта оралайын десең, кейбірі жолатудан қорықса, кейбірінің іштарлығы, кейбірінің қолдағы жобаны ұрлап, өзіңмен қош айтысатын жиендігі көлденеңдеп тұрады. Енді бірі өз ұстанымына күштеп бағындырғысы келеді. Қысқасы, желтоқсаншылардың әлеуметтік жағдайына мысал бір менің басымнан-ақ табылады. Қазір менің денсаулығым жұмысқа жарамсыз. Бүгінде Қалқаман ауруханасында ем алудамын...

Мәселеге көшсек, Желтоқсан кешені мен тарихи мұражайын орналастыруға Алматы қаласынан жер беруді сұраймыз. Қазақстан тарихының көп томдығына енгізу үшін Желтоқсан мәселесін қайта саралап жинақтайтын болса, оның редколлегия құрамына бұл мәселемен айналысып жүрген біз сияқты желтоқсаншылардың бірі кіруі керек. Және оның ғаламдық маңызын құжаттандыру үшін, Қазақстан бірқатар халықаралық ұйымдарды да пайдаланғаны абзал.

Өтіп жатқан жылдардың бірін «Желтоқсан жылы» атандырып, қалаларының көрнекті жерлеріне «Желтоқсан көтерілісіне – 30 жыл» деген жазу ілінcе игі. Және бұрынғы «октябрьдің» насихатталуы сияқты ол жазу барлық газеттің маңдайшасында болуы керек. Он алтыншы жылғы ұлт азаттық көтерілісті шектеусіз насихаттаған «октябрь» ғұрлы да өрісіміз қалмады. Қазір екі көтерілістің жағдайы да сын көтермейді. Енді Желтоқсан тарихынан сыр шертетін суретті альбомдар мен кітаптар, аудио, бейне таспалар шығарып, орталық мұражайға сол кездегі желтоқсаншылар мен оларға зәбір көрсеткендердің құрал-жабдықтарын жинастырып өткізе бастаған жөн.

Өткен жылы ақын, сазгер және Жазушылар одағының мүшесі ретінде елу жас мерейтойыма арналған шығармашылық кешімді Жастар театрына кең көлемде қарызданып, халыққа тегін өткіздім. Қалалық Мәдениет басқармасына көмек сұрап жазған екі арызымның біріне ғана телефон арқылы «Көмектесе алмаймыз» деген жауап алдым. Афиша шығаруға да шамасы жетпеген бұл мәселені әкімнің орынбасарымен кездесуде де айтып едім, әкімшілік танымал адамдарға ғана көмектесетіндігін айтты.

Желтоқсан көтеріп жатқан халықтық мәселеден алшақ жүретін «танымалдардың» шошаңдауына кім мүмкіндік берді? Тағы да тәуелсіздік. Кейбір өнер тұлғалары кешегі Желтоқсанда «Нам горько!» деп, газет арқылы хат жазып, бізді қорлады. Бірақ олардың жолында әрқашан да жасыл шам жанып тұрады.

Республика деңгейіндегі ас-жиындарға билік тарапынан шақырылған шығармашылық бірлестік өкілдеріне арнайы көлік бөлініп, құрметті қонақ ретінде келсе, олармен құқы бірдей Желтоқсан бірлестіктері тағы да жетім баланың күйін кешеді. Райымбек ауданындағы Мұқағали тойына баруға билік тарапынан көмек болмаған соң, өздері бала-шағаның аузынан жырып ақша жинап, киіз үй, дастархан ұйымдастырып, мал сойып, той қонақтарын күтісті. Мұндай шарада есеп жоқ.

Ресейдің бұрынғы астанасы Петроград «Революция бесігі» атанғанда, қазақтың бұрынғы астанасы Алматыны «Азаттық пен демократияның ошағы» деп неге атамаймыз? Алматы туралы қайта-қайта шығып жатқан дәу суретті кітаптардың бір бетін Желтоқсанға қиюға неге қорқамыз? Сол кітаптарды әкімшіліктегілер ұялмай, желтоқсаншыларға сыйлық орнына беріп құтылады. Тарихты жасырған кітап үшін далаға ақша шашып не қажеті бар? Қалаға онсыз да шашылып жатқан ақша қайдан шығып жатыр?

Көп елдің патшалары тәуелсіздік күрескерлерін қабылдап, қошемет көрсетеді екен. Ал біздегі спорт пен өнер жұлдыздарының маңдайына ғана жазылған мұндай мүмкіндік азаттық әкелген қаһармандар үшін – құр қиял. Тәуелсіздік болмаса, сол спорт пен өнер жұлдыздарының еркін көсілуіне кім мүмкіндік береді? Мыңдаған доллар сұрап, халықты менсінбейтін кейбір өнер жұлдыздарына «Халық әртісінен» гөрі, «Байлардың әртісі» деген атақ лайықты.

Екінші дүние соғысындағы 98 қазақстандық Кеңес Одағы батырының қазір 20-сы да есте қалмаса, Желтоқсанда сотталған 99 батырдың біразы жылы сөз де естімей, бақилық болып кетті. Әншіге де, дәрігерге де, тіпті генаралға да, ғарышкерге де бұйырып жатқан «Халық қаһарманы» атағы тәуелсіздік жолында жастығының жарқыраған тұсын темір тордың ар жағында өткізген жүзге жуық қаһармандарымызға да көптік етпес еді.

Оны қимасақ, «Желтоқсан қаһарманы» деген атақ шығарайық. Желтоқсанды марапаттайтын ешкім қалмаған соң, «Желтоқсан ақиқаты» бірлестігіне өз ұсынысымды өткізіп, «Желтоқсан ардагері» медалінің шығуына түрткі болдым. Оның алғашқы данасын сол бірлестік ел басына жолдады.

Енді осының да өтеуі бар шығар. Отыз жылдық мерекеде Желтоқсан жиналысына қатыспайтын қала әкімдерінен гөрі, желтоқсаншылар өмірінде бір көріп қалуға ынтық болған патшаның келуін күтеміз. Елдік шараға ел басының қатысуы – Желтоқсанды бағалаудың алғашқы сатысы болмақ. Ерлігімізді ғаламға бағалату үшін – әуелі өзіміз бағалауымыз шарт. Көтерілісті бірінші бастап, Тәуелсіздікті соңынан жариялап жатқанымыз сияқты, кеш те болса, айтылған мәселені аяқсыз қалдырмайық.

Аманғазы КӘРІПЖАНӘУЛЕТІ,

желтоқсаншы, ақын, Қазақстан Жастар одағы

сыйлығының лауреаты

«Общественная позиция»

проект «DAT» №44 (315) от 17 декабря 2015 г.

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3621