Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 5341 0 пікір 23 Желтоқсан, 2015 сағат 08:53

ҚАЗАҚТЫҢ "ЖАМАН" АДАМДАРЫ


БІРІНШІ КЕЙІПКЕР

Ауылда "Арызқой Азат" атанып кеткен шал болды. Менің сыныптасымның атасы еді. Өзіне керегін, құқылы нәрсесін заңмен алатын. Бесінші сыныпта тәуелсіздік күніне газет шығарып отырғанбыз. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының кабинеті болатын. Суретші мен, бояушы Ақмарал деген қыз, жазушы Айгерім деген сыныптасым. Бір құшақ сақалы аппақ болып Азат ақсақал кіріп келді. "Жәмила, анау Әмерикаңнан келген көмектен менің немерелеріме де үлестір. Біз зейнеткер болғанымызбен ата-анасы жұмыссыз" деп шаруасын айтып жатты. Ол кезде Америкадан киімдер, тамақтар келетін. Кейін немересі америкалық тоқыма киіп келді. Америкалық киімдерді бірден ажыратамыз. Инкобатурлар сияқты бәрі бір стиль. Есімде қалғаны осы. 

ЕКІНШІ КЕЙІПКЕР

Ауылда Тиыштықбай деген кісі бар. Жұрт аса ұната қоймайды. Ол кісінің кемшілігі аудан әкімімен болған жиналыста жаңадан ашылған жұмыс орнына келінін алуды ұсынған. Және сол жұмысқа ақыры тұрғызған. Сонда деймін, майда-шүйде шенеуніктердің аузын майлап баласын, келінін жұмысқа тұрғызғандар жақсы да, әкімге турасын айтып, еш парасыз келінін жұмысқа алғызған Тиыштықбай жаман екен де... 

ҮШІНШІ КЕЙІПКЕР

Көршіміз Келжан деген ақсақал бар. Өте таза, дінге қыры бар, әңгімешіл адам. Елдің күлетіні ол кісінің үйіндегі тазалық. Үйі ауылдың басқа үйлеріндей айбақ-сайбақ, балалары кірқожалақ емес. Күзде бақшасы ерекше өнім береді. Бірақ жұртқа сол ұнамайды да тұрады. Себебі, шаруасына мығым, таза, бос әңгімемен ісі жоқ. Өтірік мақтап ешкіммен тамыр болмаған.

ТӨРТІНШІ КЕЙІПКЕР

Менің Үржамал деген апайым болды. Қатал еді. Мектептің педсоветінде үнемі проблеманы айтатын дейтін тәтем. Сол апайым ешкімге ұнамай ақ қойды. Шүкір деп таңның атысы мен күннің батысын ажырата алмай, өз аяғына өзі сүрініп жүрген мұғалімдерден оқ бойы озық болған соң ұнамайды. Басқа не?

Ойланып отырсам бұ қазаққа "аш құлақтан тыныш құлақ" деп жүретін немесе "заманым түлкі екен мен тазы болып шалайын" дейтін адамдар ұнайды екен. Ал, шаруасына пысық, дініне берік, құқығын таптатпайтын, парақор емес адамдар "заңқой", "арызқой", "сөзі көп, көпшіл емес" болып сыналып, жаман атақ алады екен. Бір ауылдың адамдарын жазғаныммен жалпы бүгінгі күннің тенденциясы осы деп ойлаймын. Бұ қоғамға жақсы болып көріну үшін еңбексіз тапқан ақшаң, сапасыз білімің, бірақ сол білімнен жүз есе жоғары даңғойлығың, сыпырта мақтайтын сұлу сөзің, жорғалайтын жүрісің, ақылды кейпің болуы керек екен... Жек көретін адамыңа керегіме жарап қалар деп ләм-мим демеуің тағы бар. Сонда ғана сен жақсысың... Қайрат пен ақылды әдірем қалғыр жүрекке бағындырмауың керек. Сонда түрлі бұралаңдар мен соқпақтардан қиналмай өтесің. Бірақ, о дүниеге барғанда Абайдың бетіне қарауды айтсаңшы...

Қуаныш Қожабайұлы

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір