Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 7588 0 пікір 26 Желтоқсан, 2015 сағат 10:52

АСХАТ ӨМІРІБАЕВ. ҚАПЕР

(әңгіме)

С. ДАЛИ. "ӘЙЕЛ"

Күнбике көзін ашты. Қалтырап барады екен. Мұз үстінде жатқандай. Ұйқылы-ояу күйі қай жерде жатқанын бағамдай алған жоқ. Жылт еткен бір сәуле болсайшы. Жеті қараңғы түнде оянғанмын-ау деген санасындағы сезімтал түйсік. Құдды біреу үстінен таспен бастырып қойғандай қол-аяғын қозғалта алсашы. Өне-бойы сал болып қалғаннан сау ма, өзі? Тыныс алуы қиындап, демігіп барады. Үй ішіндегі балаларын оятып алармын деген оймен күйеуін сыбырлап шақыра бастады.

-  Сабыр, әй Сабыр!

    Сабыр тіл қатпады. Күнде жанында қорылдап жататын күйеуі үнсіз. Әлде сыртқа шығып кетті ме? Не болса да балаларын көмекке шақыруға бел буды.

-  Рүстем, әй Рүстем!

Үн жоқ.

- Рүстем, Рауан! Ояңсаңдаршы! Тамағым құрғап қапты, бір жұтым су әкеп беріңдерші!

   Шақыруы жауапсыз қалды. Іргелес бөлмеде жатқан балалары естімейтін шығар деп дауыстай бастады. Дауысы қарлығып шықты.

-  Перизат, қызым, тұра ғой. Шешең қол-аяғын қозғалта алмай жатыр. Кеше кешке дейін бақшада жүргеннен кейін бе, ұйып қалыпты. Келіп уқалап берші. Терезенің желдеткішін ашыңдаршы, үйдің іші қапырық болып кетті ғой. Жарық тағы сөніп қалған ба?

  Қысылтаяң шақта жақындары қол ұшын созбады. Ауызына бір тамшы су тамызуға біреуі келсеші. Мұрнына сыз топырақтың иісі келді. Басын қозғалтып еді, иегіне дейін әлдебір шыт жабылғанын сезді. Қап-қара түнек жайлаған мына жер үйі емес, бейтаныс бөлме екенін түйсінді. Әуелде өзінің сыз сіңді саман кірпішті үйі екен деп ойлаған. Жотасын суық сыз қарып барады. Бетіне бір шөкім дымқыл топырақ себеледі. «Мен осы қайда жатырмын?». Қаперінің түкпіріндегі қорқыныш бір уыс жүрегін дүрсілдетті. Үрей басқан санасы ет пен сүйектен жаралған денені дірдек қақтырды.

- Мені... мені көміп тастаған ба? Мен.. мен тірімін ғой, өлген жоқпын!

   Жалма-жан қол-аяғын қозғалтып, матап тастаған шытты жыртуға әрекеттенді. Қатты шошығаны соншалық, бар дауысымен шыңғырып жіберді. Есі шыға, есіре қышқырды. Қап-қара қабір іші қорқынышын үдете түсті. Әйел сәлден соң өзін-өзі жұбатпақ болып қарқылдап күле бастады. Қол-аяғы еркіне бағынбай селкілдеп жатты. Осынау қас-қағым сәтте жүйкесі тозып кеткендей күй кешті. Қатты бақырып, жан-жағына аунап,  аласұра бастады. Өз дауысынан өзі шошып, жаны кеудесінен шығып кетердей күйге түсті. Деміл-деміл дем алып, тар ауаны тарылтты.  «Дәл қазір жүрегім жарылып кетер. Мейлі, бұлай қорлық көргенімше, өліп кеткенім жақсы еді» деп ыңырсыды. Бір сәттік өлім уақытын күткендей ыпыны кетті. Аласұра айғайлағаны соншалық, тамағы қарлығып қалыпты. Күнбике бір сәт үнсіз қалды. Осынау меңіреу тыныштықтағы жер астында жалғыз қалудың қасіретін сезіп жатыр. Үстіне шым-шым топырақ себеледі.

- О, Жаратқан! – деді  алғаш рет жаны қиналғанда Тәңіріне тіл қатып. –Мені өстіп қорлағанша жанымды бірден алсаң нетті? Әлде менің көрер жарығым бар ма?

  Бұл кезде күн батып бара жатыр еді. Қараңғылық пен үрей құрсаулаған дүниеде адамдар үйлерінің шамын жағып, көңіл көтеріп жатты. Қара жамылып әйелінен айрылған Сабыр мен балалары оқыс қазадан өне-бойы аза болғанымен, жер астындағы жан күйзелісін сезінбеді. 

    Күнбике бір минуттың ішінде бір уыс шашының ағарып кеткенін сезген жоқ. Жантүршігерлік алапат сезім алпыс екі тамырын қуалай, бүкіл денесін тітіркентті. Тап қазір қимылсыз жатқан мұны жылан шағып, болмаса көртышқан тірідей кеміріп, құрт-қоңыз, улы өрмекші атаулы жұмсақ теріні тесіп жіберердей түршікті. Құлағының түбіне тықыр естілгендей болды. Жүрегі атқақтап, еркіне бағынбай, дүрсілі құлақ қалқаның тамырын бүлкілдетті. Қабірде қамалған әйел үшін қас-қағым сәт мыңжылдықпен пара-пар болды. Жер бетінде жүргенде азық-түлік сақтайтын қоймаға түсіп көруге жүрегі дауаламай, күйеуін жұмсайтын. Бірде өзі қараңғылық құшағына алған қоймаға сатымен түсіп келе жатқанда аяғынан біреу шап берердей зәресі ұшқан. Үйге қонақтар келген соң амалсыз салқын қойма сөресіндегі үш литрлік банкідегі қиярға қол созған. Сонда жарыққа лып етіп сыртқа тез шыққысы келген. Ал қазір... қазір мұнда жарық түсетін есік тұрмақ, иненің көзіндей саңылау да жоқ. Күнбике қазір мезгілдің күн, әлде түн екенін айыра алмады. Қабір - мәңгілік түнек мекені екен. Қысылтаяң сәтте ойына өмір бойы естіген ескі, ең қорқынышты әңгімелер келіп, үрейін ұшырды. Жүрек суылы бетіне шыққанын сезді. Тіпті, өлген адамды жерлеген соң түр-түсінен тура қарауға адамның жанары тайсалатын екі періште келіп, сұрақтың астына алатынын  құлағы  шалған.  Ауыл молдасынан қабірде жатқан адамға Нәнкүр мен Мүнкір есімді қос періште «Раббың кім? Дінің не? Мұхаммед (с.ғ.с) деген адамды танисың ба?» деген сауалдар қояды дейтінін естіген. Сол кезде қорыққаннан адамның тілі күрмеліп, жүрегі жауап қатады екен. Бір Аллаға сиынған, Оның періштелері мен көктен түскен кітаптарына иланған, пайғамбарларына, жақсылық пен жамандықтың Жаратушыдан екенін мойындаған, ақыретке сенген, бес уақыт намаз оқып, ораза ұстаған, зекет беріп, қажылықты өтеген адам жұмаққа барады дейтін еститін. Осыларды бірақ тәрк еткен адамның мәңгілік мекені тозақ болар.

 Есіне Әсия әжесінің айтқаны сап ете түсті. «Қарғам, құбылаға бет бұрып, Аллаға құлшылық қылсаңшы. Тым болмаса, сәждеге басың бір тисін» деп ақылын айтатын. Сол кезде «Тү-у, осы әжемнің адамның мазасын алатыны-ай! Намазын өзі-ақ оқи бермей ме?» деп кейіген. «Әже, кейін оқимын ғой. Оның үстіне Сәбет өкіметі намаз оқығанымды біліп қойса, бір бәлеге ұшырап қалармыз» дегенде, әжесі: «Қыз бала балиғатқа жеткен соң етегін жауып, парызын өтеуі керек» дейтін. Арада бес-алты жыл өткенде жоғарғы оқу орынына түсті. Сабырды ұнатып, тұрмыс құрды. Уақыт шіркіннің зымырап өте шыққаны-ай! Жасы отыздан асып кеткенін байқамай да қалыпты. Сонда еш қаперсіз жүріп, қабірге қалай тап толды? Есіне тоқ шәугімнің құйрығын электр қуатына апарғанын ғана біледі. Сосын... сосын бүкіл денесін дыз еткізген ғаламат тоқтың дірдек қақтырған...Жанұшыра бақырып қалған... Бітті! Қалғаны есінде жоқ...         

- Мен өлген жоқпын, әлі тірімін! – деді Күнбике өз-өзіне. - Тілімді кәлимаға келтіріп өзімді мұсылман санағаныммен, парыздың ешбірін орындамаппын-ау! Алла тағала маған мүмкіндік берді: мен – тірімін! О, Жаратқан, саған мың алғыс! Менің біліп және білмей жасаған күнәларымды кешіре гөр! Мені тозақ отынан, қабір азабынан сақта! – деп ернін жыбырлатып жалбарынуы мұң екен, атқақтаған жүрегі тынши бастады. Бірақ жер үстінде жүргенде Жаратқанға жалбарынып, сәждеге бас имей кеткеніне өкінді. Ернін қатты тістеп алғанын байқады: иегіне қарай жып-жылы сұйықтық сорғалады.

- Мен – тірімін! Иә, иә, тірімін! Егер өлген болсам, адамдар мені жерлеп тастаған соң көктен екі періште түсер еді. Мен қайткенде бұл жерден шығуым керек.

   Арқасын сүйеп, отырып көрді. Әбиір болғанда, ақым іші биік екен. Әйтпесе, орнынан тұра алар ма еді. Бар күшін салып, кебінді жыртпақ болды. Қайратына мінген әйелдің қарулы қолына мата шыдас берген жоқ. Әуелі кішкентай тесік жасап, оң қолын, сосын сол қолын шығарып алды.

   Сабыр бір-ақ күнде әптер-тәптерін шығарған оқыс қазадан есеңгіреп отыр. Жылай-жылай екі көзі домбығып ісіп кеткен. Күнбикемен алғаш танысқан сәтін, үйлену тойын, бақытты күндерін еске алды. «Басқа түссе, баспақшыл» деген. Дәл қазір Күнбике есіктен кіріп келіп, үйдің берекесін кіргізердей. Қабырғасын қақыратып кеткен тосын қазаға көндігіп кете алмады. Тағдырға мойынұсынғаннан басқа не амал бар? Қалыпты жағдайдың астан-кестеңі шыққанына жүрегі сеніңкіремеді.     Бұл кезде Күнбике жарық дүниеге шығуға ұмтылды. Шіркін-ай, күннің алтын кірпіктері жанарын осқылып, жарқ ете қалса ғой! Кебіннен екі қолын шығарып, аяғына оралған матаны кеудесіне буып-түйіп алды. Кенет жүрегі қысылып, маңдайынан тер бұрқ ете қалғанын сезді. Ақымның ішінде тізерлей отырып, сол жақ бүйірінде қаланған қабырғаның кірпіштерін бір-бірлеп алмақ болды. Әбиір болғанда сылағы әлі сыз, кеуіп үлгермеген екен. Қос қолымен кірпіш қабырғаны итеріп көріп еді, сәл жылжығандай болды. Опырылып бірақ бұзыла қойған жоқ. Қайта ішке топырақ саулай бастады. Күнбике сабырлық танытып, ақылмен шешім қабылдамаса, көрдің ішінде тірідей көмілетінін түсінді. Уақыт өткен сайын тынысы таралып, деміге бастады. Өне-бойын тер басты. Дәл қазір шалт қимылдамаса, шырағы сөнерін түйсінді. Қап-қараңғы қапаста қос қолымен қабырғаны сипалап, ішке қарай еніңкіреген кірпіштің кетігін тапты. Оны өзіне ақырын тартып еді, алақанына сыз топырақ сау етті. Әйел өзін топырақ басып қалмау үшін қабырғаны бірден бұзбай, жалғыз кірпіштің орнындай тесіктен бермен ағылған сусыма құмды ақымның түбіне жинай бастады. Іле ішке төгілген құм аралас топырақ ақымның жартысын толтырғанда әйел тәуекелге бел буып көрден шығуға талпынды. Дереу кірпіштерді опыра жанына жинай бергенде салмақпен төменге шөккен топырақ ақымның ішіне лап қойды. Мол топырақ әйелді басып қала жаздады. Осы қас пен көздің арасында әйел кебінді жыртып, аузын байлап, жоғары ұмтылды. Қос қолымен топырақты төмен түсіріп, жанұшыра жанталасты. Қысылтаяң сәтте ауа жетпей, тұншығып бара жатқанын сезді де, құйылып жатқан топыраққа жүресінен отырып, тізерлей жоғары ұмтылды. Осынау қас-қағым сәтте қабірдің аузын жапқан бос топырақ гүр етіп төмен құлады.  Аузы-мұрнын жапқан кебінге топырақ жабысып, тыныс алуын онан әрмен қиындатып жіберді. Аласұра алқынған әйелдің өкпесі мен алқымы күйіп барады. Бір кезде жандәрмен қолдарын созып еді, кенеттен алақандары жылып сала берді. «Жел! О, тіршілік! Жел ғой мынау!». Дереу бойын тіктеп, өзін жаншыған ауыр топырақтан су астында тұншыққан адамдай басын шығарып, алқына дем алды. Ол өмірінде алғаш рет жұлдыздар жамыраған айлы аспанның кереметтігін сезінді. Мына жалған дүниенің шыбын жаны шыққанша нәпсі қоздырып, көзді арбауын-ай! Әйел бостандыққа шыққанына қуанып, екі көзіне ерік берді.

   Тірідей көмілу қорқынышы сейілді, енді айналада айдың жарығымен шағылысып тұрған бейіттерден шошыған жоқ. Сыртқа шықпақ болып еді, бойынан әл құрып, өзінің тым шаршағанын сезді. Сәл тынығып алған соң шұңқырдан жоғары шығуға әрекеттенді. Нәзік саусақтарының тырнағы кертілгенше қабырғаға өрмеледі. Құмға кірген қос аяғын суырып, жоғары өршелене түсті. Жер бетіне шығып кете алмай, бірнеше рет құлады. Күнбике соңғы күшін сарп етіп, әупірімдеп қолдарын қабір шетіне іліктірді. Аяқтарын қабырғаның қос бұрышына тіреп, тысқа шықты-ау! Ол жер бетіне шыққан соң қабірінің қасына жата кетіп, ұзақ дем алды. Қатты қиналғаннан екі өкпесі өшіп, алқынып кеткен екен. Өң мен түстің арасында жатқандай басы мең-зең болған. «Сонда мен қанша уақыт қабірде жаттым?» деп өз-өзіне сұрақ қойды әйел.

   Арада сүт пісірім уақыт өткен. Кебінге оралған әйел ойрандалған қабірге көз салмауға тырысты. Жаңа бір әзірде ғана қос дүниенің қақпасы болған қабірдің үңірейген аузына қарағысы жоқ. Қараса болды, түбіндегі қою қараңғылық мұны ғана емес, күллі әлемді жұтып жіберердей. Бойын тіктеп, ілбіп жүріп кетті. Әншейінде айсыз түнді меңіреу деуші еді. Сөйтсе нағыз меңіреу қараңғыны көрмеген екен. Жұлдыздар самсаған түнде жападан жалғыз келеді. Жаздың жылы түні бойын жауратпаса да, әлдебір беймаза ой өне-бойын қалтыратып барады. Міне, көзіне таныс қорым шалынды. Мұнда бақилық болған әке-шешесі жатыр. Бәлкім, олар мұның қабірден аман-есен шыққанына қуанып, көзге көрінбей іштей тілекші болып тұрған да болар.

   Күнбике кенет солқ-солқ етіп жылап жіберді. Көзінен бүртік-бүртік жас ақты. Қара жерге тізерлей отыра кетіп, қос алақанын қойып, маңдайын тигізді.

- Кешірші! Кешірші! – деді жанарынан жас сорғалаған күйі. – О, Жаратқан! Өзіңнен кешірім сұраймын! Осы жарық дүниеде сенің бар екенімді білсем де, құлшылық қылмаппын-ау! Сен бізге ризық-несібеңді бердің. Ұрпағымды көбейттің. Ал мен әрбір жұтқан ауа үшін шүкірлік жасамаппын. Саған қайырымсыздық қылыппын. Сен мені тәубеге келтірдің. Мына жалған дүниенің қызығына көзім байланып, ақыретті ұмытқан екенмін. О, Алла! Сен аса қамқор, ерекше мейірімдісің. Пендеңнің күнәларын кешіре гөр! Мен енді күн сайын Саған ғана құлшылық қыламын.

   Ай сәулесі айналаны аппақ нұрға бөлеп тұр. Жазғы жылы самал кебінді желпіп жатыр. Еңірген әйел қара жерге маңдайын төсеп, ұзақ сәжде жасады. Қос алақанын көкке жайып, бетін сипады. Осы сәтте Күнбикені арқасынан ауыр жүк түскендей бойы жеңілдеп сала берді. Көз жасын сүртті. Орнынан тұрып, көлік жолын бойлай ілбіп жүріп кетті.      

   Күнбике өзінің көрден тірі шыққанына қатты қуанды. Енді тездетіп үйге жетіп алу керек деп шешті. Үй демекші, отбасы, ағайын-туыс, дос-жаран көз жасын көлдетіп, мұны жерлеп тастаған жоқ па? Ендеше, үйге қалай бармақ? Отбасына қалай оралмақ? Бұл о дүниелік болып кеткенде сонау Алматы, Семейдегі туыстар тегіс жиналып, қабіріне бір уыс топырақ шашып, «Иманды болсын!» деп ақ тілегін айтқан жоқ па! Тіпті, отбасының молшылығын көре алмайтын Сараның өзі көңілі босап, күңіренбеді ме? Сонда деймін-ау, қай бетімен ел-жұртқа көрінбек. Бәрін қойшы, өмірлік серігі  Сабырдың өзі мұның тірі екеніне сене қояр ма? Қайдам, көрден кебінмен сопаң ете шыға келген әйелін көргенде жүрегінің талмасы ұстап, сұлап түспей ме? Балалары ше? Шешелерінің аспан жаққа кеткенін естірткен болар үлкендер жағы. Бала екеш бала да, қорыққанан бір-біріне ұйлығысып, бұрынғыдай бауырына тығыла ма? Осы тақылеттес ойлар Күнбикенің мазасын қашырып келе жатты. Міне, бейіттерді артқа тастап, соқпақ жолмен аяңдап келеді. Төбенің үстіне шыққанда Аягөз қаласының самаладай жарқыраған шамдары көрінді. Қазіргі бар ойы – отбасының қалай қабылдайтыны.

 Күнбике елді-мекенге апаратын асфальт жолға жетті. Әл-дәрмені құрып, ақ кебінін самал жел желпіп келеді. Ақ кебін деген аты ғана, әйтпесе әлгінде ғана топырақ саулаған қабірінен жанталаса шыққанда үсті әлем-жәлем болған жоқ па! Дәл қазір зираттардың арасынан безек қағып, селкілдеп келе жатқанын біреу көрсе, жүрегі табан астында жарылып кетер ме еді? Әйел артына қарайлаған жоқ, дәл қазір шыңқай шымнан соғылған биік моладан біреу шыға келсе де, елеусіз ілби беруге бар.

  Ту сыртынан ауыр көліктің дауысы естілді. Күнбике иен далада ит-құсқа жем болғанша, тәуекелге бел буып, көлікті тоқтатпақшы болды. Көп ұзамай «Газ-53» жүк көлігінің қос фары жанарын осқылады. Жол жиегінен қол бұлғап қалды. Жүргізуші жолдың оң жағында қол көтеріп тұрған әйелді көріп, таң қалды. Бұл – қалаға келе жатқан көлік еді.  Жеті қараңғы түнде үстіне шәлі, әлде орамал жамылған әйел не істеп жүр? Жамылғысы самал желмен жел-желп етеді. Сәл әрірек ай белгісі жарқырап, жұлдыздардай самсап жатқан бейіттер бойын үрей ұялатты. Бәлкім күндіз жақын ауылға жаяу жетпек болып, жүрек талмасы ұстап құлап қалған біреу шығар? Жоқ, әлде... көзіме жын-шайтан көрінді ме? Көне көз қариялардан иен далада жалқы қалып қойған ешкінің бақырып, оны «бисмилла» деп ұстай бергенде ұшты-күйлі жоғалып кеткені жөнінде қорқынышты әңгімелерді көп естіген. Енді бірде «қараңғы түнде сайда от жанып жатыр екен, барсам түк те жоқ» деген жантүршігерлік оқиғалар есіне оралды. «Осының бәрі адамды қорқыту үшін шығарылған аңыз ғана» деп ойлады. Неге екені белгісіз, түнде алдынан кезіккен бейтаныс әйелден қауіптенді. «Егер бұл әйелді ала кетпесем, обалына қалармын. Әрі ел-жұрт мұқтажға көмек бермей далаға тастап кеткенімді білсе, партбилеттен айырылармын. Мейлі, өкіметтің қызыл қағазынсыз да өмір сүрермін, бірақ  қол ұшын бермегенім үшін өмір бойы өкініп өтпеймін бе?   Иә, бұл жанға қазір менің көмегім ауадай кажет. Онда несіне іркілемін? Бір бәлесі жабысып қалмасы болды да» деді өзіне өзі естілер-естілмес.

  Ауыр көлік кілт тоқтады. «Бисмилла» деді жігіт. Оң жақ бүйіріндегі есіктің кішкене терезесінен дауыстап:

- Қайда барасыз? - деді.   

- Қалаға. Ала кетіңізші. Әлім құрып барады. Жарты жолға дейін болса да.

- Мен де қалаға бара жатыр едім. Жолыңыз болды, - деп есікті ашты. – Отырыңыз.

- Рахмет, інім, - деді әйел ерні болмашы жыбырлап. «Інім» дегені құлағына жылы естілген. Әйел көлікке теңселіп әрең мінді. Көлік жүргізуші бейтаныс әйелдің үстіне қарап, аузын аңқитып ашып қалды. Үнді сериалдарында қыздар киетін сари деген киім болушы еді, үстін ілгені соған ұқсас бірдеме. «Бәлкім, қаңғыбас біреу шығар» деген ой қылаң берген.

- Қорықпа, інім, - деді Күнбике. – Мен жалмауыз кемпір емеспін. – Мені тезірек қалаға жеткізші.

Жігіт үндеместен көлікті от алдырып, жүріп кетті. Кабина жарығын сөндірді. Екеуі қалаға жеткенше ләм-мим демеді. Жол бойы жігіттің ойы сан-саққа жүгірді. Тек шамдары самаладай жарқыраған Аягөзге кіргенде әйел жөткірініп сөйлеп кетті.

- Есімің кім, інім?

- Елсерік, - деді бұл екі көзін жолдан алмастан. Әйелге қарайлауға батпады.

- Елсерік, сен мені үйге апарып таста. Менің үстімдегі кебінді көріп, тіксініп отырғаныңды білем. Бірақ бұл тағдырдың жазуы. Иә, мен өліп, қайта тірілген адаммын. Таңданбай-ақ қой, ащы да болса шындық осы. Көрден шыққан түрім мынау. Мына бетіммен үйге қалай барам?

- Не? Не дейсіз? Кебін дейсіз бе? Көрден шыққаны несі? – жігіттің түсі бұзылып кетті. Кенет ауыр көлік ырғатыла шайқалып барып, қайта қалпына түсті. Аударылып кете жаздаған. Шопыр рөлді қалай бұрып жібергенін байқамай қалды.  

- Қорықпа інім, құлаққа жағымсыз естілетінін білем.  Бірақ шындық осы. Көрден жаңа шыққан бетім...

- А-а, солай ма!? - деді Елсерік ауызына жөні түзу сөз түспей. – Манауыңыз  сұмдық екен!

   Жігіттің өне бойын суық тер жауып кетті. Жүрегі атқақтай соғып, дүрсілдей жөнелді. Өмірінде дәл мұндай күйге түсіп көрмепті. Елсерік көз қиығымен бейтаныс әйелге қарап, жүрегі шайлығып қалды. Осынау қараңғы түнде қасында құдды құбыжық отырғандай шошынды. Онысын бірақ әйелге сездіргісі келмеді. Дәл қазір болып жатқан жағдай өңі емес, түсі секілді. Бейтаныс әйелден күдіктеніп, беймаза ойларға берілді. Енді байқады, рулді ұстаған қолдары қалтырап кетіпті. Әйелдің сөзіне қалай сенбесін, үстіне кигені анау... Сөзі де нық. Тұла бойы түршігіп, әйелдің жанында тым кішірейіп бара жатқандай сезінді. Дәл қазір тарпа бас салардай секемденіп отырды. Құлағының түбінде бейтаныс әйелдің сөзі әлі жаңғырып тұр: «Көрден шықтым, інім».

  «Астағфиралла! Көрден де адамдар шығады екен-ау! Бұл дүние не боп кетті өзі? Бұл күнде ешнәрсеге таңғалмайтын болдық қой» деді Елсерік іштей.  Көлікпен ұзақ жол іссапарда болатын әріптестері «қараңғы түнде көзімізге әр түрлі елестер көрінеді» дегенде сенбейтін. Ал қазір... қазір сол елес дәл жанында отыр. 

 Бұл кезде көлік қалаға да кірген еді.  

- Інім, маған үлкен қызмет жасап, қалаға жеткіздің. «Сый қылсаң, сыпыра қыл» деген. Өзің жүрегіңнің түгі бар жігіт көрінесің. Үй ішіме менің амандығымды айтып, қайта табыстыр. «Күнбике қайта тірілді» деп сүйінші сұра! Мен өлген жоқпын, тірімін, тек сәл ұйықтап кетсем керек. Сөйт інім, қолыңнан келген көмегіңді аяма, - деп ашығын айтқан.

 Елсерікті тер басты. Маңдайындағы шып-шып терді жеңімен сүртіп тастады. Жігіт өз құлағымен естігенге жүрегі бірден илана қоймады. Әйел айтқан мекенжайға келіп, көк қақпаның алдына бір-ақ тоқтады. Бірақ кабина шамын жаққан жоқ. Көрші-қолаң, біреу-міреу Күнбикені танып қойса, шошып кетер деп ойлаған.

- Інім, мені түсіндің бе? – деді Күнбике.

- Түсіндім, - деді Елсерік елеусіз тіл қатып. Сөйтті де көліктен секіріп түсіп, үйге беттеді. Бұл кезде  үй сыртында шам жанып тұр еді. Қонақасыға арнап тігілген берзент шатырлар әлі жиналмапты. Жігіт қақпаны тартып көріп еді, ашық екен. Шәуілдеп үретін иттердің дауысы естілмеді. Бұл кезде түн ортасы ауған болатын. Даладағы қазан-ошақтың басында жүрген ешкім көрінбеді. Бәлкім, ел-жұртты екі-үш күн аяғынан тік тұрып күткеннен шаршап, шалдыққан үй иелері ұйықтап қалған болар деп түйді. Есікті ақырын тықылдатып, үнсіз күтті. Сыртқы есікті сықыр еткізіп отағасы Сабыр ашқан. Алыстан көңіл айтуға келген бір туыстар деп ойлаған. Қарсы алдындағы бейтаныс жігітті көріп, тосылып қалды.

- Ассалаумағалейкум! – деді Елсерік қабағын жазбаған күйі.

- Әліксалам.

- Күнбикенің үйі осы ма? Мен шопыр едім.

- Иә, осы болатын, - деді Сабыр жеңіл күрсініп.  – Қапыда айырылып қалдық қой.

  «Осы жұрт түнде де көңіл айтуға келе беретін болды ғой. Қайтсін енді, ұзақ жолдан келе жатқан шығар. Қайғыны бөлісіп, азайтқысы келген шығар» деп ойлады Сабыр.

- Кімдерді алып келдіңіз? Үйге кірсін, - деді сүлесоқ күйі.

- Мен көңіл айтуға келгем жоқ, - деді Елсерік отағасының жүзіне тура қарап. – Үйге кіріп сөйлесейік.

Сабыр тосырқап қалды. «Бұл кісі не үшін келді екен? Бәлкім, тірі күнінде Күнбике біреулерден қарыз алып, соны даулап келген болар. Әу, сонда да адамның көңілі үшін иманды болсын деп айта салмай ма?».

   Елсерік міз бақпай әлі қарап тұр екен.

-  Жүріңіз, үйге кіріңіз, - деді отағасы құдайы қонақты төрге бастап. Бұл кезде балалар шырт ұйқыда болатын. Түпкі бөлмеден көзін уқалап шыққан Еркежан қарындасына «шәй қойып жібер» деді. Бұл кезде бауыры Шанжархан мен келіні Күнәй да үйге кісілер келгенін біліп, ұйықтап кете алмай, төсектен тұрған. Түнделетіп келген бейтаныс қонаққа сәлем берген. Елсерік дастархан басына жайғасқан соң отағасына қарап:

-  Сіз – Күнбикеге кім боласыз? – деді.

- Күйеуі, Сабыр болам. Иә, сіз қандай шаруамен келіп отырсыз?

- Қалай айтсам екен?

- Айта беріңіз.

- Бірақ сіздер шошымаңыздар. Мен осы қаладағы бір мекемеде шопыр болып жұмыс істеймін. Мен айтқалы отырған жағдайды естіп, мені алаяқ, өтірікші екен деп қалмаңыздар. Міне, сіздерге паспортымды, көлік жүргізу куәлігімді, жолсапарға берілген жолдаманы көрсетейін, - деп төсқалтасынан құжаттарын суырып алып шықты.

- Түк түсінсем бұйырмасын, мұны бізге не үшін көрсетіп отырсыз? - деп Сабыр таңданыс білдірді.

- Сіздер қазір мен айтатын жаңалыққа сенбей, қорқып қалуларыңыз мүмкін.

- Адамның зәресін ұшырмай, тоқетерін айтсаңызшы. Онысыз да сіркеміз су көтермей отыр, - деді Еркежан дауысы өзгеріп.

- Жоқ, бәрі дұрыс. Айтайын дегенім Күнбике...

- Не, ол сізге қарыз ба еді?

- Жоқ. Күнбике... ол... ол... тірі!

- Не?! Не деп тұрсыз! – деп әйелдердің көздері атыздай болып, орындарынан атып тұрды.

 - Бауырым, бұл не мазақ?! Жеңгемді бүгін ғана өз қолыммен жерледім. Өзің ішіп алғаннан саумысың? – деді Шанжархан дауысын қатайтып.

- Жоқ, сап-саумын! Имандай шыным.

- Сонда біздің қайғырып отырғанымыз өтірік пе?

- Мен де түнделетіп бөтен есікті қаққым келген жоқ.

 Істің насырға шауып бара жатқанын байқаған Сабыр:

- Тоқтаңдар, бұл жігіттің сөзін соңына дейін тыңдайық, - деді.

- Жаңа қалаға келе жатқанымда, бейіттердің жанынан өттім, - деді Елсерік сөзін жалғап. – Бір әйел қол көтеріп тоқтатты. Қалаға ала кетуін өтінді. Жеті қараңғы түнде жалғыз адамды жолда қалдырмайын деп кабинаға отырғызып алдым. Үстіне мата оралған әйелді көргенде таңданып қалдым. Шошып қалғаным да рас. Ол жолда маған басынан өткен жағдайды айтты.

   Сабыр тобық жұтқандай сұп-сұр болып кетті. Әйелдердің азуы ашылып, аңтарылып қалды.

- Қазір Күнбике қайда? – деді Шанжархан шыдамай.

- Кабинада отыр.

- Не дейсің?! Көзіңе жын-шайтан көрінген шығар. Өлік шығып күңіреніп отырған үйге келіп, мазамызды алатындай саған не істедік? Қазір сазайыңды берем, - деп ол өршелене ұмтылмақ болды.

- Тоқта! Жетер! – деді Сабыр ақырын. - Кәні, айтқаның рас болса, әйелімді ертіп кел!

  Елсерік үндеместен сыртқа шығып, көліктің кабинасын ашты. Әйелге «бәрі дұрыс, уайымдама» деді. Күнбикені көліктен түсіріп, үйге ертіп келе жатқанда әйелдердің тілі байланып қалды. Шанжархан бір орнында мелшиіп қалған. Шамның жарығы бетіне түскен Күнбикені анық көрді.

-  Жеңге, бұл сенбісің? – Шанжархан әйелді қапсыра құшақтап, көзіне жас алды. Әйелдер де ботадай боздап қайта көрісті. Үй ішінде қалған Сабырдың жүрегі суылдап, сырттан күңірене естілген дауыстан байыз тауып отыра алмады. Не істерін білмей, үй ішінде шыр көбелек айналып жүрді. Күнбике үйге кіргенде Еркежан ауыз үйдегі ескілеу халатты үстіне жаба салды. Өлген әйелін қарсы алған Сабыр өз көзіне өзі сенбей, табалдырықта состиып тұрып қалды.

  Сабыр көз алдында дүние астаң-кестеңі шыққандай күй кешті. Есі ауып, бойынан әл-дәрмені құрып бара жатқанын сезді. Осы кезде інісі қолтығынан демеп, диванға отырғызды.

- Жеңгемді түпкі бөлмеге алып кетіңдер, -  деген Шанжарханның дауысы емес-еміс естіліп бара жатты. Құлағы шыңылдап қоя берді. Тынысы тарылып, демігіп барады екен. Жүрек тұсын оң қолымен ұстады.

- Әй, Күнәй, су әкел! Валидол, тезірек!

  Әйелі зыр жүгіріп, ас үйден салқын су мен дәрі әкеп берді. Сабыр үнсіз түймедей дәріні жұта салып, суды сімірді. Тұңғиық ойға батып бара жатты.

-  Жоқ, ол менің әйелім емес. Олай болуы мүмкін емес,  - деп айғайлап, орнынан атып тұрды.

- Сабыр, сабыр ет! – деді Шанжархан.

   Отағасы қайта сылқ етіп отыра кетті. Арада шәй қайнатып уақыт өткен соң ғана өзіне келе бастады. «Көрдеен шыққан әйелмен қалай бірге тұрасың? Бұл сұмдық қой! Өлген адаммен бірге жату деген... тіпті ақылға сыймайтын нәрсе» деген оймен сезімге берілсе, «Бұл сенің сүйіп қосылған әйелің ғой. Қайтып бас тартасың?.. Мұндай келеңсіз жағдайға тап болғанына ол кінәлі емес. Ақылға кел, сәл мызғып кеткен жарыңнан жерініп не көрінді?» деп жүрегі басу айтқандай болады.    

  Таң атып қалыпты. Сары уайымнан қажып, көзі ілініп кетті. Сабыр орынан тұрғанда жұрттың үй ішіндегілердің қуанышын бөлісіп жатқанын естіді. Сырттан дауыстап келген адамдардың үні сап тиылған.

    Күнбике моншаға кіріп, жуынып, үстіне тәуір киімдерін киген соң айнаға қараған. Таңырқап қалды. Кекілінің ұштарына ақ түсіпті. Алайда, бұған өкінген жоқ, өзінің көрден аман-есен шыққанына қуанды.  Мектепке бармаған балалары зыр жүгіріп, шешелерінің мойнына асылды. Сабыр әйеліне тесіле қарағанымен, тіл қатпады. Тіпті, төсегін бөлек салдырған. Күнбике күйеуінің тосын шешіміне ренжіген жоқ, қайта сәждеге жығылумен болды. 

    Ағайын-туыс тегіс жиылып, Күнбикенің тіріліп келгеніне арнап той жасаған.    Қысылтаяң шақта қол ұшын берген Елсерікті арнайы қонақ қылып, әбден күтті. Көл-көсір дастархан жайып, рахметін жаудырған. Жүрегінің түгі бар жігіттің ерлігін ауылдастарына жеткізген. Кешқұрым Елсерік су жаңа жеңіл көлік жүргізіп бара жатты.

Abai.kz

 

  

0 пікір