Сейсенбі, 30 Қараша 2021
Уақ-түйек... 13117 2 пікір 27 Желтоқсан, 2015 сағат 12:50

МЕШІН ЖЫЛЫ СІЗГЕ НЕ БЕРЕДІ?

Түйе (тышқан) сеніп (сиыр) бойына (барыс),

Қалған (қоян) ұмыт (ұлу) жылдардан (жылан).

Жатпа (жылқы) қарап (қой), мойыма (мешін),

Тайма (тауық), именіп (ит) ділмардан (доңыз).

Келе жатқан Мешін жылы Сатурн мен Юпитердің ықпалында болады дейді жұлдызнамашылар. Бұл жыл адам өміріне үлкен өзгеріс әкелетін жаңалықтарға толы болмақ. Бірақ ежелгі қазақтардың пайымдауынша, Мешін жылы – жайсыз жыл. Бұл жылы бүліншілік, сәтсіздіктер мен жағымсыз оқиғалардың көп болуы мүмкін. Сол себепті бұрынғы қазақтар Мешін жылын қауіп-қатерлер жылы деп, одан сақтанып отырған.

Мәселен, қазақ даласында 1920 жылы жұт болып, мал қырылып, бұл жыл тарихта – «Тас мешін жылы» деп аталды. 1931-32 жылғы алапат аштық та Мешін жылы болды. Одан бұрын, Ақ Орда хандығы 1428 Мешін жылы құлады. Дегенмен, Мешін жылы (1680) Әз-Тәуке хан таққа отырып, ел билеген.

Еске сала кетейік, биылғы Мешін жылында қазақ үшін дөңгелек дата да, мерейлі мереке де көп: Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Алашорда өкіметінің 100 жылдығы, Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы...

Ал біз Мешін жылында еліміз түрлі мехнат пен қайғы-қатерден аман болсын деген тілекпен барша қазақтың көңілін «DAT-долбармен» демеп жібергенді жөн көрдік. Жұлдызшылар «адам қай жылы туса, мінез-құлқы сол жылдың егесі саналатын жануарға ұқсас келеді» деп айтады. Оның қаншалықты шындыққа жанасатынын өзіңіз пайымдап көріңіз.

Ескерте кетейік, қазақ халқының ежелгі жыл қайыру есебі – Шығыс күнтізбесіне сәйкес жасалған жұлдызнама бойынша, Жаңа жыл ақпанның 7-сінде кіреді.

 

ТЫШҚАН

Тышқандар әділ, кең пейілді, жомарт жүректі және өз-өзін басқара біледі. Әркіммен тіл табыса білетін қасиетінің арқасында, олардың таныс-білістері де көп. Бірақ олар нағыз досқа мұқтаж. Алға қойған мақсаттарына жетпей тынбайтын табандылар. Олардан жақсы саудагер, жазушы, сот қызметкері немесе публицист шығуы мүмкін. Олар үшін 2016 жыл – «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін», әр іске ерекше сабырлықпен қарайтын жыл. Әдеттегі тиянақтылықтан таймаса, Тышқандар үшін Мешін жылы үлкен жетістіктер мерзімі болады. Жеке өмірінде жылдың сәуір, шілде және қыркүйек айлары табысты болмақ.

Тышқандар Мешін жылында артық уайымсыз, тоқшылық пен тұрақтылықта өмір сүреді. Десе де, артық шығынға ұшырамаудың жолын біліп, әр қадамына мейлінше мұқият болғаны жөн. Бұл жылы қызметінің өсу мүмкіндігі мол. Ал өмір ағысы барлық салада тек жағымды жаңалыққа толы болсын десе, олар жақындарына, дос-жарандарына мейлінше көп уақыт бөлуге тырысуы тиіс.

 

СИЫР

Сиырлар – алған бетінен қайтпайтын қыңыр, бірақ өз-өзіне өте сенімді адамдар. Бейнетқор, үнемі көш басынан көрінуді қалайды. Сырттай қараған адамға сабырлы боп көрінуі мүмкін. Бірақ ашуланғанда жан-жағын жайпап жіберуден тайынбайды. Мүмкіндігі болса, Сиырды себеп-салдарсыз мазаламаған дұрыс.

Келе жатқан жаңа жыл Зеңгі баба тұқымы үшін өте маңызды. Көптен бері қордаланып қалған сұрақтар шешіліп, жұмысында жетістікке жол ашылады. Жұлдызшылардың болжамы бойынша, келер жылда күтпеген жерден үлкен олжаға кенеледі. Көптен күткен марапаттау сәті де туады. Бірақ өзімен бақталас адамдардан сақ болғаны жөн: жең ішінде жұдырық жасырғандар оңтайлы сәтті пайдаланып, Сиырдың мүйізін қағып алуға әрекет жасап бағады.

Денсаулыққа көп мән беру керек болады. Реті келсе, жылдың сәуір немесе қазан айларында демалысқа шығып, тіпті алдын ала ауруханалық ем-дом шараларын жасап алғаны дұрыс.

 

БАРЫС

Барыстың мейірімділігінде шек жоқ. Бірақ Құдайдан басқа ешкімнен қорықпайтындардың қатарынан. Тереңнен ойлай біледі, сезімтал және көңіл-күйдің адамы. Бірақ Барыстарда ешкімге сенбейтін секемшіл мінез басым.

Барыстар үшін бұл жыл биік белестерге де, кішігірім жеңілістерге де толы болады. Келер жылы олар жаңа көлікке немесе жайлы пәтерге ие болуы әбден мүмкін. Тамыз және қыркүйек айларының бірінде пайда болған жаңа танысы жақсы жоба ұсынуы мүмкін. Бұл мүмкіндікті батыл пайдалана білгені үлкен табысқа бастайтын жол ашуы ықтимал.

Барыстар қолынан бірнәрсе келмесе, көңіл күйі түсіп, күйзеліске тез ұшырайды. Мешін жылында ондай қайталанатын сәттер тап болған жағдайда, Барыстың қайсарлығын еске алу керек. Олар Маймылдың кез келген сайқымазағына төтеп беретін мінезі арқылы күлкілі жағдайдан абыроймен шығады. Лотореядан ұтыс шығады деп дәмеленудің қажеті жоқ: барлық табыс Барыстарға тек табанды еңбек арқылы ғана келеді. Табыстың сәті күздің соңына таман туады.

ҚОЯН

Қоян жақсы сөздің қадірін біледі, талантты, ұстамды, тыныш, талғамы биік. Шешім қабылдауға келгенде асығып-аптықпайды. Қоян жылы туған бизнесмен, заңгер, дипломат үшін табыстың кені кезігеді.

Қояндар үшін 2016 жылы бойындағы бұрын-соңды біліне бермеген дарыны ашылатын кез туады. Сондай-ақ өмірінде күтпеген күрт өзгерістер болуы да мүмкін. Мысалы, тұрғылықты жері өзгеріп немесе жұмыс орыны алмасуы ықтимал. Жеке өмірінде қаңтар, ақпан және қазан немесе қараша айларында оң өзгерістер байқалады.

Мешін жылы бұл жұлдыздың табыс кілті тек өзіне ғана байланысты. Бірақ тым әсірешілдікке бармай, кез келген жағдайда сабырлы, ұстамды болғаны жөн. Мешін «қорқақ» Қояндардың жанынан табылып, көмек қолын созатын ерекше жанмен табыстырады. Бұл кезде сезімге тым берілмей, ақ пен қараны ажырата білуі керек. Қоянның секемшілдігі нәтижесінде бұл жылы дос-жарандар мен әріптестер қатары сиреуі мүмкін. Бірақ мұндайды уақыттың елегінен өткен жағдай деп бағалау қажет.

ҰЛУ

Ұлу өзгелерден өмірлік күш-қуатымен, денсаулығы мен қабілет-қарымының жаңа жағдайға тез бейімделуімен ерекшеленеді. Бірақ бұрынғы бірбеткей, кез келген келеңсіздікті бірден көңіліне алып қалатын қызба мінезді Мешін-маймыл көтере бермейді. Себебі бұл Мешіннің қоғамдық ортадағы ықпалы күшті болады. Әдетте Ұлу табиғатынан қаншалықты шабан болса да, әсіресе карьера мен қызмет жолында ұшқыр келеді.

Ұлулар үшін Мешін жылы сәттілікке толы болмақ. Әсіресе қызметі шығармашылыққа жақын адамдар үшін жетістікке қол жеткізу мүмкіндігі өседі. Жеке өмірінде қараша мен желтоқсан айларында өзгерістер болып қалуы ықтимал. Жыл бойғы күткен қаржылық мәселелері де оңтайлы шешіледі.

Оларды жаңа адамдармен кездесу, қызықты саяхат күтіп тұр. Десе де, барлығына бірдей күш те, уақыт та жетпейтінін ескеріп, алға қойылған нақты мақсатқа ғана ұмтылу қажет болады. Ұсақ-түйекке көңіл бөлу – Ұлудың қуатын жеп қояды.

ЖЫЛАН

Жылан – өзінің тәжірибесіне, ақылына ғана сүйеніп, көзімен көргеніне ғана сенетін адамдар. Ол өзгенің қатесінен сабақ алуға аса құштар емес. Дегенмен, адам тани алады. Жолы болғыштығы сондай, қанша керек – сонша ақша табуға қауқары жетеді.

Бұл жылы Жылан үлкен жауапкершіліктен өтеді. Оны сырттан сынайтындар көп болады. Отбасы мен үй-тұрмысының берекесі – тек қана өзінің қажыр-қайратына ғана байланысты.

Жыландардың жанында екінші жартысы болмаса, олар Мешін жылында міндетті түрде өзінің сүйіктісін кездестіреді. Ал отбасылы Жыландарға көптен бері тыныштық бермей жүрген – несие, тұрғын үй, әлеуметтік проблемалар, тұрмыстық кикілжіңдер өз ретімен шешімін табады. Тек маймылдың алдамшы қулығына еріп кетпеу керек.

Жаңа жылда бұл жұлдыз өкілдері материалдық қажеттіліктерге мұқтаж болмайды. Демек, дағдарыстан, қаржылық қыспақтан қорқудың қажеті жоқ. Бірақ бұйыртқан несібені үнемді жұмсай білу керек.

ЖЫЛҚЫ

 Жылқыға тән күш-қуаты бойында тасып тұрған бұл жұлдыздың өкілдері үшін Мешіннің берері көп. Адамдарды тез баурап алатын қасиеті арқасында олар көптен күткен жаңа жобаларына әріптестер таба алады. Ешкімге тәуелді болғысы жоқ, біреудің ақылына да мұқтаж емес Жаңа жылдың берер сыйы мол. Келер жылы өміріне кері әсерін тигізетін істер мен адамдардан алшақ болса, Жылқыға кезігер кедергі болмайды. Өз мүддесі үшін аянбай еңбек етсе, биік ағаштың басындағы жемісті маймылдың өзі әкеліп береді. Бірақ сол жемісті басқалармен де бөлісе білу керек. Несібенің бәрін бауырына басып алу – келер күннің берерін азайтады.

Мешін жылында Жылқыға бірінші орынға жеке бастың мәселесін қоюдың қажеті жоқ. Барлық табыс оларға көппен бірге келеді. Ал егер қандай да бір кездейсоқ байланыстар, қарым-қатынастар болса, оның бәрін үзетін кез келді, әйтпесе Мешіннің алдауына түсіп қалады.

ҚОЙ

Қой жылы туғандар ақ көңіл, жайдары мінезді, өте талантты. Оның үстіне керітартпалығы тағы бар. Жоғары талғам иесі, өнердің әр түріне икемді. Өзінің материалдық байлығы асып-тасып жатпаса да, жоқ-жітікті жарылқап, жақсы сөзбен болса да, жанына демеу болуға тырысады.

Қоңыр мінезді Қой үшін бұл жыл оңынан басталғалы тұр. Күздің алғашқы айларына дейін ол Юпитердің ықпалында болады. Ал Юпитер Қойды тек қана жетістікке жетелейді. Жаз айында көңілінен шықпайтын жабырқау жағдайлар болуы мүмкін.

Дегенмен, сабырлық пен ақылдың арқасында Қой барлық қиындықтардан оңай шығады. Жеке өмірін нақсүйер сұлудың жылуы мен шапағаты нұрға бөлеуі әбден мүмкін.

Бірақ Қой үшін Мешін жылы өзгерістер уақыты боларын қаперден шығармау керек. Әсіресе денсаулық жағдайындағы өзгерістерге аса мән беруі керек. Жаз айларында шипажайдан алған күш-қуаты жаңа талпыныстарға жетелейді. Түрлі оқиғалар толқынына тап болса да, кез келген жағдайдан жеңімпаз болып шығуға Мешіннің өзі жәрдем жасайды.

МЕШІН

Бұл жұлдыздың иесі бүгін айтқанын ертең-ақ ойынан шығаратын немесе уәденің соңын әзілге аударып жіберетін өз Мешінінен абай болуы керек. Жолы болғыш қасиеті мен жоқтан барды құрастыру бейімін маймыл тартып алуы мүмкін. Жеке өмірі мен тұрмысында көктем айлары жақсы жаңалықтар әкеледі. Биыл бастаған жобалары Мешін жылында толығымен жүзеге асады.

Мемлекеттік немесе жалдамалы қызметі елеусіз қалмайды. Сыйлықтар мен марапатқа кенелер жылы – нақ осы Мешін. Табар табысы жұмсалар шығынынан әлдеқайда мол болады. Бірақ несібесіне көз алартқан Мешіннің сауық-сайранынан, бос ыр-дуынан абай болу керек.

Десе де, тым жұмысбастылыққа салынып, жеке өмірін, отбасын естен шығарып алмағаны жөн. Өйткені дәл Мешін жылы жалғызбасты маймылдың әзәзілі күшті болады. Сыланып, таранып жүретін бойдақ маймылдан сақ болу керек. Жаңа жылда саяхатқа, қызықты сапарға аттануы ғажап емес. Ондай мүмкіндік туа қалса, ойланып жатудың қажеті жоқ: сенімді серіктермен бірге жол жүріп кеткен абзал болады.

ТАУЫҚ

Тауықтар – аузын ашса, арғы жағынан жүрегі көрініп тұратын ақкөңіл адамдар. Еңбексүйгіш, батыл. Әрнеге әуесқойлығы да басым келеді. Жұрттың назарында болғанды, өзін мақтағанды жақсы көреді. Ешкімге сенбейді, тек өз дегенімен жүреді.

Мешін жылғы Тауықтар тапқан-таянғанын бейберекет жұмсап, ақыр соңында ақшасының қайда кеткенін білмей қалмас үшін, бір шоқып, екі қарауға тура келеді. Туған-туысқа жәрдем жасаудан басқа ешкімге қарыз беруге болмайды.

Нептунның ықпалында болатын Тауықтар үшін бұл жыл өте табысты болады. Себебі Мешін жылында Нептун күннің көзіне жақындай түседі. Жұмысы күз айларында өрлеп, жыл соңында үлкен олжаға кенеледі. Бірақ, қолда барды бағалай білгені жөн. Әйтпесе, барынан айрылып қалуы ғажап емес.

Жаңадан үй салу қажет болса немесе жаңа жобаны бастау ойында жүрсе, Тауыққа Мешіннен асқан қолдаушы табылмайды. Бүгінгі жұмыртқа – ертеңгі балапан екенін ұмытпағаны абзал.

ИТ

Ит – әділдікті сүйеді, өзінің құқығы үшін күресуге бар күшін сарп етеді. Оны материалдық байлық қызықтыра бермейді. Қатты қажет болып бара жатса, жерден қазса да, қаражат табады. Басқаларға мін тағып, сын айтуға бейімдігі және бар. Бұл жылы дүниеге келгендердің арасында мұғалімдер мен бизнесмендер көптеп кездеседі.

Жаңа жылда Иттер «қорыған жерге әуес болады»: Мешін бауырына басып алған несібеден (мәселен – тендерден) үлес алуға ұмтылады. Және ол талпынысы нәтижесіз болмайды: жіліктің майлы жағы бұйырады. Қолына алған кез келген істе табыс пен жеңіс Иттер жағында болады. Мешін оларды «ит тірліктен» құтқарады.

Бірақ сол несібені итше шашуға болмайды. Сол үшін біреулермен ырылдасудың тағы да қажеті жоқ. Айтақтауға еріп, жақын ағайындармен түс шайысудан сақ болғаны дұрыс. Мешін жылында Ит көптеген жаңа достар кездестіріп, әрдайым басқа жұлдыздардың назарында болады. Сондықтан Мешін итпен дос болуға асығады.

ДОҢЫЗ

Доңызға әркез арқа сүйеуге болады. Жақсы серіктес. Үлкен ақылдың иесі. Білім алуға талпынысы жоғары болғанымен, ұяң мінезінің кесірінен көп нәрседен құр қалуы мүмкін. Аз сөйлеп, кез келген мәселені ақылмен шешіп үйренген. Ұрыс-керіс дегенді ұнатпайды. Достары саусақпен ғана санарлықтай. Бірақ сол аз ғана досына адалдығы – оның ең үлкен олжасы. Бұрын сырт айналып кеткен достары Доңызға жақын жүруге зар болады.

Аша тұяқты жануар үшін Мешін жылы осыған дейін атқарылып келген еңбектің жемісін көруге арналғандай. Алдына қойған мақсаттары әсіресе көктем айында ерекше жеңілдікпен орындалады.

Мешін жылында мақсатын биік қойған сайын, оған жету жолы да жақындай түспек. Жаңа жылда арман-қиялға берілгіш Доңыздардың айы оңынан туып, біраз арманына қол жеткізеді.Бірақ ішкі түйсігіне құлақ түре жүруі тиіс. Кез келген сәтте мәселенің шешімін табуға сол түйсігі көмекші болмақ.

Жаңа жыл жаңа жобаларды бастауға қолайлы кезең болмақ. Тиісінше, бұрын қолын байлаған қаржылық қиындықтары шешіледі.

Жұлдызнаманы дайындаған Бақытгүл КӨПБАЙҚЫЗЫ, «D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №45-46 (316-317) от 24 декабря 2015 г.

2 пікір