Жұма, 26 Сәуір 2024
Қоғам 5519 1 пікір 28 Желтоқсан, 2015 сағат 14:18

БИЛІКТЕГІ ПЕНСИОНЕРЛЕР ЖАСТАРҒА СЕНБЕЙДІ

Жуырда Мемлекет басшысы "Мемлекеттік қызмет" туралы заңға вето қойғаны туралы қазақстандық БАҚ жарыса жазды.  Ел президенті: «25 жыл бойы саясат сахнасында жүрген шенділермен қоштасуымыз» керек деді.

Иә, Елбасы осы жолы зейнетке шықса да, жылы орнын босатқысы келмейтін, жасы келген саяси тұлғаларды саяси қызметтен босатуды ұсынғанда, ширек ғасырдан бері таныс шенеуніктердің бірсыпырасымен қоштасатын болдық деп ек.  Біздің топшылауымыз бойынша, президенттің пәрменімен бірқатар әкімдер мен Парламенттің қос палатасындағы депутаттар өз мандаттарын тапсырып, келесі сайлауға қатыспауы керек сияқты еді.

Әрине,  мемлекеттік  қызметпен бірге туған адам жоқ. Қызметке ұрпақтар толқыны ауысып келіп жатады. Алайда, зейнетке шығар жасында креслодан түспей, Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері президент Назарбаевпен бірге келе жатқан адамдар көп-ақ. Кеше бәрі қылшылдаған жас еді. Уақыт өте шау тартты, жастары ұлғайды. Бірақ  соның көбі, жоғарыда көріп отырсыздар, Мәжіліс пен Сенаттан орын тауып алған.

Естеріңізде болса, abai.kz порталы бірінші болып, қалшылдаған қарт шенеуніктердің тізімін ұсынған еді (http://abai.kz/post/view?id=5549).

Десе де, Президенттің пәрменімен, өткен аптаның аяғында бірқатар шенеуніктер жылы орындарын сақтап қалатын болып шешілді.

Былай қарасаңыз Қазақстандағы Заң шығарушы орган зейнеткерлерді демалыс орны немесе «қарттар үйі» секілді. Енді олардың орнына сөз жоқ жас буын келуі тиіс еді. Президент Назарбаевтың өзі: «Қазір мен жалғызбын. Сендер менің ығымдасыңдар. Сондықтан менің белбеуімнен мықтап ұстаңдар. Ертең сендерге қиын болады», - деп еді. Президент осы сөзімен жанына серік болып жүрген, бірқатар замандастарын саяси қызметте сақтап қалғысы келетінін аңғартса керек.

Жақында Президент мырза бірқатар шенеунікке зейнет жасында саяси қызметтерін жалғастыруға рұқсат берді. Елбасының ерекше назарына ілінгендер кімдер дейсіздер ғой. Мемлекет басшысының жарлығымен «Қазақстанның мемлекеттік қызметі туралы» заңына сәйкес, зейнеткерлік жасқа толған келесі мемлекеттік саяси қызметшілердің өкілеттіктері ұзартылады. Олар:

  1. Қазақстанның Энергетика министрі Владимир Школьниктің — 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін.
  2. Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің — 2018 жылғы 31 желтоқсанға дейін.
  3. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың  — 2020 жылғы 22 қарашға дейін.
  4. Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің — 2016 жылғы 1 қыркүйекке дейін.
  5. Қазақстанның Ауғанстан Ислам республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Өміртай Бітімовтің — 2018 жылғы 31 желтоқсанға дейін.
  6. Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Дәненовтің  өкілеттілігі 2018 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы – өзінің ең сенімді серіктерінің бірі – Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы – Нұртай Әбіқаевты қызметінен босатты. Әбіқаевтың комитетіне су жаңа кадр келді. Ол - Самат Сатыбалдыұлы Әбіш. Назарбаев әулетінен шыққан Самат Сатыбалдыұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды.  

Жоқ, Әбіқаев қызметсіз қалған жоқ. Мемлекет басшысының өкімімен, экс-төраға енді Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды.

Түйін: Ширек ғасырдан бері аттан түспей келе жатқан шенеуніктердің шау тартып жатса да, майлы креслодан айырылмақ түрі жоқ. Елбасының ерекше назарына ілінген «пенсионерлер» ел тізгінін ұстап, саяси жүйеміз толық геронтократияға айналғаны жасырын емес. Иә, сол – ақсақалдардың  билік  жүргізу  принципі. 

Осы тұста Мұхаңның(Мұхтар Шахан)  «12-3=?» деген өлеңі есіме түседі. Дәл бүгінгі көріністі суреттейді.

Ал, Брежнев билік жүргізген кеңестің кер кезеңінде, маңайына өңшең қалшылдаған қарттарды жинап алып, жастар арбаның бесінші доңғалағына айналған еді ғой. Кәні? Сол қоғам не ұтты? Күйреп, бітті.

Рас, олар тәжірбиелі, әккі, оң мен солын байыппен аңғарады. Саясатта ұзақ жылдар бойы келе жатыр. Дегенмен, қариялар билігі – Конституцияда айтылған демократтықтан алыстап, өз мақсатына  жету  үшін  адамдарға  жалған  уәде бергіш, деректерді  бұрмалағыш  және  жел сөз, жалған жарнаманың ығына жығылғыш һәм басшыға жағынғыш – демагогтарға айналып кеткені де шындық.

Пенсионерлер қаптаған парламентте пәрмен жоқ. Бұл дегеніңіз барып тұрған – деспотия!

Жоғары билік жастарға сенбейді ме, сонда? Әйтпегенде, ақыл өресі Әбіқаевтан кем емес, Кулагин мен Школьниктерді он орап әкететін қаншама жас саясаткерлер тасады жүр? Солардың көбісін, мемекет өзі арнайы «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде оқытып, шеберліктер шыңдатып, дайындаған еді ғой. Ол үшін де, қазынадан қыруар қаржы бөлінген. Сол мамандар қайда? Бұл да бір жалқы сұрақ, доғал дерек. Біз  қанша айтсақ та, қарт саясаткерлердің қаңқуын әлі біраз тыңдайтын болдық. Ширек ғасыр бойы билікте жүрген қариялар аттан түспейміз дейді. Бұндайда, үйренген жау атыспаққа жақсы демей ме?! Үйреніп қалғанбыз...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

1 пікір