Жұма, 29 Наурыз 2024
Мың бір мысал 7525 0 пікір 29 Желтоқсан, 2015 сағат 15:05

2016 ЖЫЛЫ МӘСІМОВ ҮКІМЕТІ ОТСТАВКАҒА КЕТЕ МЕ?

Әуре-сарсаңға толы 2015 жыл да аяқталып, жаңа 2016 жыл жақындап келеді. Саяси сауаттылардың айтуынша, Мұнай бағасының жоғары болу кезеңі аяқталды және елеулі институционалдық реформаларды өткізу үшін ең қолайлы кезең. Қой жылын өткеріп, мешін жылына аяқ бастық. Қой жылында қойдан жуас халықтың қорасында қоқым тастар тұяқ қалмайтында дағдарыстарды өткерді. Төбемізден билік жүргізетіндер төл теңгеміздің тұқымын тұздай құртып тынуға әрекет жасады. Олпы-солпы экономикамыздың дал-далы шықты. Қараша халықтың қазынасы қаңтарылды. Айтып-айтпай не керек, қой жылы қой емес, қой терісін жамылған қасқыр жылы болып шықты.

Ал 2016 жылы қазақстандықтарды не күтіп тұр? Рас, онда да одағай тірліктер аз болмақ емес. Енді солардың бірсыпарасын санамалап көрейік.

Темір жол тарифтері қымбаттайды

Бірінші қаңтардан бастап қымбатшылық басталады. 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап ішкі қатынастардағы темір жол бағасы 7 пайызға қымбаттайды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы ҰҚ» АҚ вице президенті Берік Қамалиев мәлімдеді.

Сондай-ақ, 2016 жылы Қазақстанның әуе рейстеріне билеттер құны қымбаттайды

«Air Astana» әуе компаниясы президентінің мәлімдеуінше, Қазақстанның ішкі рейстеріне баға тарифтері көтеріледі. Әйтпесе, қазіргі тариф ішкі рейстердің шығынын ақтамайды-мыс. Айта кетейік, қазіргі таңда әуе тасымалы қызметімен айналысатын 22 компанияның тек алтауы ғана жолаушылар тасымалыман айналысады екен. Ішкі нарықтағы олардың үлес салмағы 51 пайызды құрайды.

2016 жылдың тамыз айында тағы да Парламент сайлауы өтуі тиіс

 Халқы ішерге ас, киерге киім таппай жалаңаштанудың аз алдында жоқшылықтың есігінен сығалап тұр. Мұндай сын сағатта Парламент Парламент екені рас болса, айбатына мінбей ме, айбарын көрсетпей ме?! Алайда 5 маусымын ұйқымен өткізген пәрменсіз парламентке пысқырып қарайтын билік бар ма? Не десек те, 2016 жылы Паламент сайлауы өтеді және бұрынғыдай үш партиялы емес, енді бес  партиялы парламент жасақталуы мүмкін деген қауесеттер де жоқ емес. Сарапшылардың пікірінше, осы жолғы сайлауда «Ауыл» мен «Бірліктің» бағы жанады деп болжайды. Десе де, одан өзгеріп кетер не бар? Жалпы, Қазақстан Парламентiнiң депутаттары туралы том-том қағытпалар жазуға болатын шығар, сiрә. Халықтың әлеуметтiк проблемалары туралы ұсыныстар айтуға келгенде үндерi әрең шығатын депутаттар Ақ Орда жақтан бұйрық түссе, танаурап жүріп тау қопарып тастауға дайын. Көре жатармыз.

 Қазақстан қуатты және жүйрік локомотивтің қарқынына ілеседі

Қалай десек те, біздің Қа­зақ­стан үшін таяудағы 6 жыл түгіл, одан арғы уақыт та қарқынды даму кезеңі болғалы тұр. Өйткені бірін­шіден, біздің халықаралық сауда-саттықтағы басты әріптестеріміз және іргедегі көршілеріміз Қытай мен Ресей Федерациясындағы жағдайлар еліміздің экономикалық күйреуіне айтарлықтай әсер етеді. Бұл екі мемлекет те біздің басты экспорттық тауарларымызға тапсырыс берушілер. Ол ол ма, батыстан қашқан ин­весторлар Қазақстанға ағылады. Кейбір деректерге қарағанда таяудағы он жыл ішінде ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін 140 миллиард долларлық инвес­ти­ция қажет екен. Оны да күтеміз.  Бұл экспорт-импорт айналымын ғана жеделдетіп қоймай, тран­зит­тік тасымалдың да төте жолы.

Жекешенлендіру жалғасады.

Мәсімов мырза жабық «Астана клубында» сөйлеген сөзінде  жекешелендіру жұмыстарының жалғасатынын мәлімдеген. Ендеше, осы жақта жұмыс істеу керек. Мәсімовтің айтуынша, алдымызда тұрған Қазақстандағы жекешелендіру осыған жағдай жасайтын болады. Сұрақ: кімге артықшылық беріледі? Қытайға ма, Ресейге ме немесе басқа біреуге ме? Мәсімовтің айтуынша, біз жағрафия бойынша ешқандай ерекше жеңілдіктер жасамаймыз. Инвестор әлемнің кез келген елінен, аймағынан болуы бек мүмкін. 90-жылдардағы жекешелендіруден айырмашылығы, қазір тартылатын ресурстарды көбейту туралы мәселе тұрған жоқ екен. Егер 90-шы жылдарда маңыздысы кәсіпорын үшін неғұрлым жоғары баға алу болса, бүгін бізге инвестордың технологиялары мен біліктілігі маңыздырақ. Ол өзімен бірге жаңа технологиялар, біліктілік, біздің экономиканы ары қарай әртараптандыру мүмкіндігін алып келу керек. «Қазір жекешелендіру нысандарының құны соншалықты жоғары емес. Біз 80-жылдардағы британ тәжірибесін зерделеп жатырмыз, ол кезде нысандар ағымдағы сәттің нарықтық бағасымен сатылды, бірақ келісім шарттарында, баға көтерілген жағдайда оның орны толтырылатыны көрсетілген болатын. Бірақ бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ»,-дейді премьер министр.

2016 жылдан бастап Қазақстанда нан өнімі тапшы болуы мүмкін

2016 жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы жаңа қиындықтарға тап болуы мүмкін. Халық банк басшысы Үміт Шаяхметова  фермерлерді қаржыландыру болмағандықтан егін көлемі азаяды деп есептейді. 2016 жылы жыл сайын себілетін егін көлемі қысқаруы мүмкін. «Келесі жылы өткен жылдардағы себілген егіннің 50 пайызы ғана егілуі мүмкін. Бұдан дән өнімдері мен нан тапшы болады және бұл нан бағасына әсер етеді. Менің ойымша, осы мәселені ойлану керек. Қазіргі уақытта барлық ауыл шаруашлығы шығынға батып отыр. Мен осы салаға алаңдаймын», — деді ол.

2016 жылдан бастап «Б» корпусының жалақысы 30 пайызға артады

2016 жылдан бастап «Б» корпусының мемлекеттік қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға артады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында осылай мәлімдеген болатын.

2016 жылдан бастап виза берудің жаңа ережелері енгізіледі

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың мәлімдеуінше, жаңа жылдан бастап біздің елге келетін шетелдіктерге өте қолайлы жағдай жасалмақшы. Министрдің айтуынша, Қазақстан азаматтары 41 мемлекетке визасыз кіруге құқы бар. Ал 2015 жылдың 15 шілдесінен 2017 жылдың соңына дейін 20 елдің азаматына 15 күнге ел аумағына визасыз кіруге рұқсат берілген

2016 жылдан бастап дінтану пәні оқытылатын болды

2016 жылдан бастап Қазақстан мектептерінде дінтану пәні оқытылады.
"Дінтану негіздері" пәні факультативтік курстар түрінде тоғызыншы сыныпта оқытылады, яғни ол қазір мектеп үшін міндетті негізде жүргізілмейді. Курсты оқыту көлемі аптасына - 1 сағат, ал жылына - 34 сағат.

Бірқатар әлеуметтік төлемдер 2016 жылдан бастап өседі

2017 жылға жоспарланған әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру 1 жыл ерте басталады. Бұл жөнінде экономикалық саясаттың жүйелі шаралары жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді. Ақша айырбастау бағамының өзгеруіне орай шығын көргендер де шет қалмақ емес. Теңгемен ашылған шұғыл депозит иелеріне өтемақы беруді тапсырды Елбасы. Әрине, қарапайым тұлғаларға. Президенттің есебінше, ондай тұрғындардың саны 1 млн 700 мың. 

Түйін:  Қасқыр жылынан қарысып жүріп өткенімізбен, мешін жылы  аузымызға ақ май бұйыруы неғайбыл. Жоғарыда біз атап өткен ресми мәлімдемелердің сыртында одағай ойлар аз емес. Мысалы, келер жылы пәрменсіз парламенттегі пенсионерлердің майлы орынын босата ма? Биліктегі герантократиялыұ жүйе әлсірей ме? Ел экономикасының ешкі майындай тоңдырып отырған Мәсімов үкіметі отставкаға кете ме? Қазақ даласын улап, құлақ естіп, көз көрмеген түрлі індеттерді әкелуші Ресей протонына тоқтау салына ма? Билік қудалауына түскен азаматтық қоғам белсенділеріне рақымшылық жасала ма? ЮНЕСКО  мойындап отырған түңғыш көшбасы – Әлихан Бөкейханның тойы, Абылайдың 300 жылдығындай, жетім қыздың тойындай, тасада қалмай ма? Біз енді осы және өзге де доғал деректерге ақ жағалылардан жауап күтеміз. Әрине, ол кісілердің қолдары тиіп жатса, датымызға ден қояр. Арғы жағын айтпаймын, ішің білсін, әлуәй...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3587