Жексенбі, 5 Желтоқсан 2021
46 - сөз 3800 0 пікір 30 Желтоқсан, 2015 сағат 10:06

ОЗҒАН ЕЛГЕ ІЛЕСЕ БІЛУ ДЕ БАҚЫТ

Мойындайық, қазіргі журналистер, қазақтілді-орыстілді деп бөлмей-ақ қояйын, өздері бармаған, қатыспаған, ортасында болмаған оқиға туралы кабинетте отырып ой қорытудың шебері болып алды. Айдын Айымбетовтың Байқоңырда бетіне "қасиетті су" шашылғанын бәріміз көріп, даурықтық - алайда оның ғарышқа Құран алып ұшқанын келген соң ғана білдік. Алмас Өтешев пен Жасұлан Қыдырбаев қолда тұрған алтынды белорусқа ұстатып жібергенін көріп тұрып, төрешіні кінәладық - алайда бапкерлердің тактикалық ұтылысын мойындағымыз келмеді. Осы екі азаматтың допинг дауы туралы түсінігіміз де өте үстірт. "Ақтөбенің" легионерлері 67-74 мың еуро алатынын бүгін білгендей шулай жөнелдік - көзіқарақты журналиске олардың сондай табысы бар екені баяғыдан белгілі болатын. Қожағапанов ұлттық құрама бапкерін тағайындауды дауысқа салуды ұсынып еді - ойбай, өлген әкеміз көрден кенет тұрып кеткендей төбе шашымыз тік тұрды. Ордабаев, Гурмандардан бастап қыжыртып жатыр. Ол бастаманы Қожағапанов емес, әріптесіміз Аманкелді Сейітхан ұсынғанын, оны ҚФФ президенті қолдағанын, сөйтіп, екі сауалнама ұйымдастыруды ұсынғанын басқаны қойып, сол жерде отырған орыстілді әріптестеріміздің өзі дереу бұрмалап, сайттарына сала бастады. Сөйтсек, бүкіл әлем қазір "қуырылып, буы басылмаған" осындай "қуырдақ-ақпараттарға" шөлдеп отырады екен. Салқынқанды деген "Еуроспорттың" өзі бапкерлікке Кобзон мен Боратты ұсынып, өз қиына өзі тұншығып, рақаттанып күліп жатыр... Күліңдер! 
Қысқасы, әлемде байсалдылық пен сабырлылық жоқ. Сол дүрмекке ілесіп, тарта берейік, тарта берейік. Өтірік ақпаратты жеңсік асындай қабылдап, халқыңыз кері шегіне берсін, шегіне берсін. Сөйтіп, ХХІ ғасырда Сайлаубекті жыл адамы деп танып, Нюшаның тыртиған шолақ шалбарын әңгіме ғып, әжесі немересіне Анандидің тағдырын айтып жылап... отыра берсін... Озған елге ілесе білу де бақыт екен ғой...

Есей Жеңісұлы

"Фейсбуктегі" парақшасынан алынды

0 пікір