Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 10226 0 пікір 25 Қаңтар, 2016 сағат 13:34

МАХАМБЕТТІ МҰҚАТЫП, ЖӘҢГІРДІ НАСИХАТТАУ КІМГЕ КЕРЕК?

«Жарлы болсаң да арлы бол!» Біздің ұлттың болмыс-бітімінің ұстыны мен ұсқыны осында, осы сөзде. Иә, ар-намыс адам бойындағы қасиеттің шыңы. Осы қасиетімен адам өмірде өзінің орнын табады, жоғын түгендейді, айналасына өзін сыйлатып, құрметпен қарауға негіз қалыптастырады.

«Ерді намыс өлтіреді» дейміз, бұл ата тарихымызда сан қайтара іспен дәлелденген сөз. Айтарымыз сол қазіргі қоғамда намыссыздық, ұятсыздық төрге шығып, намыс аяқ асты таптала бастады. Бұған мысал қыруар. Телеарналар мен ғаламтор парақшаларларын көзіңді жұмып отырып ақтарсаңыз алдымен ілігер нысана намысы қор болған адам тағдыры. «Ұрып кетті, зорлап кетті...» дейтін көзінен қан тамған ақпарат асып-төгіледі. Әйелін сабап, балаларын тірідей жетімек қылған әке намысы тапталып, өмірге сәби әкелген ана намысы өз құрсағын жарып шыққан нәрестесін әжетханаға тастаумен былғанып жатыр… Қылмыс телеарналардың нөмірі бірінші жаңалығы болды. Сонымен бедел бүтіндеп әлек. Ал бұл сұмдықтардың сыртында ұлттық намыс деген зор сауытымыз тұрғаны қаперден қалыс қалып қоя беретіні өкінішті. Біздің төменде қозғамақ мәселемізге жоғарыда айтқанымыз қаншалықты қатысты деп ойларсыз, қиғаштау да көрінер, бірақ бір байланыс бар, ол байланысты сөздің тарқамасынан өзіңіз сезерсіз деп үміттенеміз.

Иә, біз намыс дедік. Бұл тұрғыда ата тарихымыз осыған шейін пәлен қайтара дәлелдеп тастаған ақ пен қараның орнын алмастыруға деген пиғыл қазір өршіп тұр, мәселен, Ер Махамбеттің рухын бәсеңсітіп есесіне жәңгіршілдікті насихаттау билікке жағудың ең бір қолайлы, ақылға қонымды жолы болып алды ма деймін. Ал билікке Жәңгір не үшін керек? Бір кезде оның да билікте болғаны, халықтың үстінен қарағаны үшін. Әйтпесе, Жәңгір Ордасындағы орыс мәдениетіне еліктеуден туған бақуатты тірлікті көз жұмып, таңдай тарсылдататындай дәрежеге қанша көтергенменен қарапайым халықтың оған бүйрегі бұрмайды. Халыққа ханнан қалған дүние жылтырақ емес, ар-намысына қорған болар Исатайдай, Махамбеттей батыры, олардың рухы керек! Сондықтан қазіргі кездегі жәңгіршілдіктің қызған көрік отындай дүрілдеуін мен намыссыздыққа ашылған жол, рухсыздыққа апаратын жаман сүрлеу деп түсінемін. Иә, бүгінде төл тарихымыз түгілі дүниежүзі тарихының астаң-кестеңін шығарып, астын үстіне қопарып жатыр. Осы істің дұрысынан гөрі бұрысы басым ба деп қалам. Әсіресе, батырларымызға келгенде. Бірақ қалай болғанда да ақиқат ол қашанда ақиқат күйінде қалады. Махамбет пен Жәңгір тұлғасын сөз еткенде де әу баста ешкім зеріттеп, зерделемей-ақ сол заманның, кейін тарихтың қалыптастырған өз шындығы барын естен шығармаған абзал. Оны бұрмалауға болмайды. Патша үкіметі Жәңгірді хан көтеріп, құзіретін ішкі бөкейлікпен шектеді. Ол мұқым қазақтың ханы болған жоқ. Оны қазақтың соңғы ханы деп дәріптеудің реті жоқ. Біле-білсек қазақтың соңғы ханы – Кенесары хан. Сол Жәңгір хан боп тұрған кезде бірнеше қайтара қазақтар бас көтерді. Ауыр алым-салықтан ығыры шыққан, мал жайылымдарынан, жерінен айырылып қатты ашынған бұқара қолына қару алуға мәжбүр болды. Соның ішінде кіші жүз қазақтарының үш бірдей ірі көтерілісін Жәңгір патша үкіметінің қарулы күшіне, пушкасы мен мылтығына сүйеніп, мұздай қаруланған орыс-казак атты әскерінің көмегімен аяусыз жаншып басты. Ұсталған тұтқындарды дүрелеп, итжеккенге айдатты. 14 жасар балаға шейін Жәңгірдің бұл өшпенділігінен тыс қалмады. Және Ордадағы қару-жарақ палатасы, дәріханасы, мектебі тағы басқасын хан үстем таптың емес, халықтың қамын ойлап істегендей қылып бір жақты мақтап, көтеру үрдісі басылмай келеді, осының барлығы ақыры айналғанда бүгінгі тәуелсіздігіміз үшін істелгендей белең ала бастады. Әрі-беріден соң ақын-жазушыларымыз да Махамбет Жәңгірге «Хан емессің қасқырсың» деп айтпаған деп шықты. Айтса: «қасқыр деген иттен тәуір ғой, ханды азулы қасқырға теңеген» деп кей бір оқымыстылар пайдасыз пәлсапаға бұрып, басқа астар іздейді. Өстіп халық таныған шындықты бұзғысы келеді. Біле-білсек, ол сөз Махамбетке дейін де айтылған, Махамбет соны жаңғыртып, өзінше айтты және оның айтысында халқын қанап отырған ханды ешқандай дәріптеу жоқ, даттау басым, сен халқыңды ұмыттың, «Хан емессің ылаңсың, қара шұбар жылансың, айыр құйрық шаянсың» деуі тіпті төтен, тіпті бөлек, айтқанда да асырып, жер-жеберіне жеткізіп айтқан. Оның астарын саналы бас баяғыда ұққан. Енді оны өзгертем деу ұят, масқара жағдай. Махамбет пен Жәңгір арасын жымын білдірмей жақындатамыз деп тыраштанудың, үлкен жиналыстарда көтерме сөзбен көпіртудің, мәймөңкелеудің қажеті жоқ. Халық өзі біледі ақ пен қараны. Халыққа уға бал жағып беру бос әурешілік.

Осы тұрғыда жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Жәңгір хан» пьесасына тоқталғым бар. Бұл туынды жаңаша көзқарасқа құрылған десе де өз басым одан бүгінгі бір сарындылықты ғана көрдім, яки жәңгіршілдікті. Бұған дейінгі Махамбет жайлы жазған қолжазбасын өз қолымен құртып, «Жәңгір ханға» иек артқан жазушы жазған екен!.. Тарихты батыл бұрмалаудың классикалық үлгісі тап осындай болар. Махамбетті «қарақшы» деп айыптап, оны тұтқындамаққа Ордаға жеткен Покатилов бастаған орыс-казак әскеріне:  «Менің Ордама баса-көктей кіретін сен кім едің?» дегендей зекіп сөйлеп, Жәңгір Махамбетті қорғаштап, кәдімгідей қыр көрсетеді. Ішің жылып кетеді. Ақыры ханнан көмек болмасын білген ызбарлы жазалаушы әскер бейбіт жатқан ауылдарды шауып, адамдарын өлтіреді. Жәңгір өзінің төлеңгіттерін жұмсап, орыс әскерін қырып тастайды. Таң қаласың. Залдағы көрермен сүйсіністен шектерін тартып, қол соғатын бір тұс осы. Браво! Қол соққыздыңдар.  Ал тарихта бұлай болып па еді? Махамбет пен Исатайды жазалау үшін патшадан әскер сұрататын Жәңгірге не болған? Алатайдай бүлінген бұл анық сол ма? Оны бұлай құбылту үшін қандай тарихи дерекке сүйену керек, ұқпай қойдық. Арғысы Мәскеу, бергісі Алматы, Астрахан архивтерінде сақталған соны дереккөзі осылай дейді ме? Жоқ. Олай демейді. Тағы да «тәуелсіздікке арқа сүйеген» екен.

Драматург Иран-Ғайып «Мен пьесса жазғанда тарихты көркем дүниенің негізгі кеңістігі етіп аламын да, жазарымды жазамын» дейді. Ал бұл кісінің «Жәңгір ханында» тарих кеңістік болудан қалған, кемістік күй кешіп, көркем ой-қиялдың уысына түскен. Не керек «тәуелсіздіктің арқасында» жаңаша таққа қонған Жәңгір хан осы қойылым арқылы Исатай мен Махамбеттің досы, қамқоршысы, ұлтының арды ойлаған нағыз ұлы болып шыға келді. Жазушының пьессасын режиссер кесіп-пішіп, өңдеп қайта «мал қылған» ғой, түпнұсқадағыдай бейнелесе Махамбеттің спектакльде атын да естімей қалуымыз кәдік екен. Тек қана Жәңгір, Жәңгір тағы да Жәңгір...

Бір тұсында Махамбет батыр жерге жүрелей қалған ханға қолын беріп, демеп тұрғызады. Бұл әрекет арқылы ұлт батырының, не халықтың биліктің алдына барып иілуі, қол қусырып тұруы керектігін меңзегендей әбден жүрек шошытады... Жәңгірдің бе, жазушының ба, әлде көрерменнің бе әйтеуір әлдекімнің түсінде болып жатқан оқиға қылып («Түс түлкінің боғы» оған не кіріп шықпайды деп ақтала салу оңай, әрине) көрсетіп, ақылға қонымсыз қылықтармен Жәңгір бейнесін дәріптейді. Ханның аузынан Махамбеттің өзіне қаратып айтқан өлеңі түспейді. Жәңгір өз-өзіне: «Хан емессің қасқырсың, қас албасты басқырсың. Достарың келіп табалап, дұшпаның сені басқа ұрсын!..» деп тұрғанда алмас қылыштай өлеңнің түк те мән-маңызы, ащы уыты қалмайды екен. Алдаспан жырды баланың ойыншығы қылды.  Жәңгір Исатайдың қазасын естігенде жыларман күйге түсіп, жоқтайды, күбірлеп дұға қылып, бетін сипайды. Сарайдағы он екі биі сүйіншілеп жеткізіп тұрған бұл хабарға хан қуануы керектей еді, ал ол қайғырады. Қызық енді... Иланып қала жаздайсың. Хан да, батыр да мұсылман баласы, сөйтсе сөйткен де шығар деген жылымық жылт ойға тарихтан бейхабар көңіл ілесе береді. Көз алдыңда сол заман айнымай тұра қалғандай болғасын көрерменнен не күтесің? Бұл айналып қана кетейін өнердің құдіреті ғой. Режиссерлік шешімнің діттеген жерін дөп басуы. Қойылымды біздің Батыс Қазақстан облыстық драма театры әдеттегідей мінсіз алып шықты. Атырауға апарып қойып, одан да олжамен оралды. Театрлар байқауынан бас жүлдені қанжығаға байлады. Құдай-ау, сонда жалған дүниеге жалпақ жұрт иланып қалғаны ма, удай өтірікке шынымен де сенгені ме? Өзім  осы «Жәңгір хан» қойылымын екі рет көрдім. Қабылдау кезінде және «қайтадан өзгерттік, келіңіз» деп шақырғасын көппен бірге. Бірақ екіншісі де көзқарасымды өзгерте алмады. Спектакль соңында көрермендер қол соғып, орындарынан тұрып кеткенде мен қақ ортада отырған күйі тапжылмадым. Қолым көтерілмеді. Саусақ дірілдемеді. Әртістерге қошамет көрсетуге арым жібермеді. Ұялдым. Күйдім. Намыстандым. Қорландым. Жай ойын, қойылым екенін жақсы ұғып отырсам да бұның ұрпаққа берер зарары мені тіпті титықтата қинап жіберді. Аянышты хәлімнен құтқарған аяғым болды. Тұрдым да шығып жүре бердім.

Әдетте театрымыз жылда науқанды Иран Ғайыптың «Махамбет» қойылымымен бастайтын, (2015 жылғы) бұл жолы «Жәңгір ханмен» шымылдығын ашып, құбылды. Көрерменін де құбылтты. Біз құбылмадық. Бас режиссер: «Мәке, сіз тіке түсінесіз, мұнда қат-қабат дүние көп» деді, Ермек Тұрсынов та «Келін» фильмі жайлы осылай дегені есіме түсті. Мың жерден астарлы, қат-қабат болсын, ақиқат – жалғыз. Орыстың үйінде жатып, тәлім-тәрбиесін алып өскен Жәңгірдің хандық тағдырында қара халықтың қамын ойлау кемшін, аз, ол ашқан Орда мектебінде орыс пен татар тілі оқытылған. Ордада ханды ұлықтау рәсіміне куә болған орыс офицерлері орысша шүлдірлеген қазақ балаларын көріп қайран қалған кезде, хан: «Бұл менің мектебімнің жемісі» деп мақтаныпты. Бүгін келіп біз «Жәңгір мектебі қазақ тарихындағы ең тұңғыш мектеп» деп лепіреміз. Ал ол «тұңғыш метепте» бүгінгі мемлекеттік тіліміз қазақ тілінің мансұқтанғанын, керек болмағанын тіпті ойламаймыз, не ойлағымыз келмейді. Бүгін көсіліп еркін сөйлеу үшін де тарихтың тек шындығына сүйенгеніміз абзалырақ қой. Алайда спектакльдің ар-ұятын мойнына алғандар заманмен бірге Жәңгірге қатысты көзқарас өзгеруге тиіс деп ойлайды. Бірақ ол өзгергені «өз көргендеріндей» қиялға құрылған, тарихты тәркі еткен. Оны реформатор, өркениеттің бір көшбасшысындай көреді.  Сөйтеді де ата тарихтың ақиқатын аяқ асты етеді. Осындай тарихи астары жоқ жалған танымнан туған туынды өскелең ұрпақты өтірікке тәрбиелемесіне кім кепіл?..

Иә, «Жәңгір хан» спектаклі арқылы тарихи кітаптарға бойлай бермейтін, ғаламторкөз жас ұрпақ тарихты өзге қырынан танып-білуде. Қазіргі билікке керегі осы ма деп қалдым. Себебі, қандайма осындай жаңа дүние жарыққа шықпасын, оның тұсаукесеріне басқадан бұрын әуелі облыс әкімі, ылғи басшылар шақырылады. Сөйтіп қойылым төңірегіндегі шығармашыл топ олардың бағасын, батасын күтеді. Қала, қалама жүйе солай. Таза халыққа арналып тарихи спектакль жазылмайтын, қойылмайтын болып барады. Бұл не сонда? Халықтың төл тарихына біз иеміздің кебі ме? Біз қалай қаласақ, қалай көргіміз келсе, тарих сондай болады, ата тарихыңа біздің ғана көзімізбен қараңдар дейді ме? Тағы да жүрек тіксінеді, шаншиды, ауырады...

Иә, халқымыз зор нәубетті, қан сорпа қиындықтарды басынан өткерді. Бәрінен аман шықтық. Өте зор шығынмен. Қалай шықсақ та кеудемізде арлы жанымыз бен намысымыз қалған болатын. Сол ар-намысымыздың арқасында ақыры тәуелсіздікке қол жеткіздік. Қазір тәуелсіздік деген қасиетті ұғымның өзін де төмендеткені, арзандатқаны сонша не болса соған жармастырып, «осының бәрі елбасының арқасы, тәуелсіздіктің арқасы» дейтін болды. Сөйтіп жаман нәрсеге де тәуелсіздігіміз телініп кетіп жатыр... Ал ар-намыс төгіліп... Фазыл Ескендірдің сөзі бар екен: «Ар-намысы тапталып, абыройы төгілгендер бірін-бірі жек көреді. Себебі, олар бір-бірінің айнасы іспетті. Осыдан келіп халықтың кісілік салттары төмендейді» (« Обесчещенные ненавидят друг друга. Каждый зерколо для другого. Отсюда грубость нравов») деп. Осы ойға кезінде Асқар Сүлейменов те бас ауыртып, қатты қамығыпты. Және айтыпты: «Қазақтың бір-біріне деген пейілінің азайғаны осы ақылға сыймас қорлаудың салдары. Қазақ есеңгіреп қалған. Алтын тақта отырып өзінің патша екенін ұмытып кеткен, құлға құрмет қылған. Бақыт пен байлық қол созым жерде екенін, мінез өзгерсе – тағдырдың да өзгеретінін білмейміз.» Осы айтылғандағыдай намысы қорланған бүгінгі қазақ та өзінің ата-бабасын қорлаған, өзгеге бодан болуға қызмет қылған хан-сұлтанды басқаша дәріптеп, жер-көкке сыйғызбай мақтай жөнелуге құлшынған. Олармен айқасып, азуын айға білеген ерлерінің аруағын төмендетіп, жауымен тең қылып, тең емес-ау кем қылып суреттеу намысы жем болған біздің ұрпақтың қолынан келетін шаруа бопты... Бұған қылар амалың да айлаң да жоқ. Еһ, дүние-ай... Сол театрға айналып қайта барамыз. Төл театрың ғой. Тәуелсіздіктің арқасында ашылған. Бір оқиға еске түседі. Ең ауыр қылмыс жасап, түрмеде жатқан жалғыз ұлының қанпезерлігін біле тұра оған тамақ апара барған шешесі: «Құлыным, құлыным...» дейді екен. Біздің пұшайман хәл сол сияқты ма, қалай өзі?.. Маңдайға басқан жалғыз киелі шаңырағың. Барлық әртістерін, режиссерін, тұтас ұжымын жақсы көресің. Бір оқиға еске түседі. Түрмедегі жалғыз ұлына тамақ апарып тұрған байғұс ана: «Құлыным, жұлыным!..» деп күбірлей береді екен. Ал баласы ең ауыр қылмыс жасап, жазасын тартып жатыр. «Мен сенің шешең емеспін» деп кеше безінген ана, бүгін қайта еміреніп, жалғызын жамандыққа қимай қайта іздеп келген. Осы оқиғамен салыстыруға келмес біздің жағдай, алайда сәл де болса сәйкестік бар да сияқты. Төл театрыңның өнер ұжымына, орындау шеберліктеріне тәнті болып, қанша жылдан бермен қол соғып, сүйсініп келесің, алда да сүйсінесің. Халық назарына қараны ақ деп «қылмыс» жасап қойғандай болса да оларда кінә жоқ. Бірақ ішке түскен нала, жара жазылмайды. Қате түзелмей бұл жара жазылмасы және кәміл.  Пьессаны жазған адамды да айыптап тағы абырой таппайсың. Ол кісіні де бұрынғыша сыйлап, құрметтей бересің. Содан осындай қоғамда өмір сүріп отырған өзіңе күйінесің, таланттардың басына сондай дүниені беріп, жазғызып, оны сахнаға шығартып қойған құдіреттің бір білгені ғой деп жеңілесің, тоқтайсың, тоқырайсың. Бірақ бәлкім бұл да намысымызды қайрау үшін болар деп қайта бекисің. Қолыңа Махамбеттің жорық жырларын алып, оқшау ой кешесің. От алып күшейесің. Қайта лап етесің. Сірә, аталарымыз ат үстінен түскенмен біздің рухымыздың әлі ат үстіндегі өмірі осы болса керек...

Міржақып Дулатов: «Ар-намыс, махаббат болмаған жерде адамшылық жоқ» десе, Мұқтар Әуезов: «Жалған намыс – қасиет емес, ар сақтаған – қасиет, ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза» деген екен. Біздің намыс жағамыз жыртылған, оны бүтіндерге қандай жамау, қандай рух керек?.. Ар жазасын күтеміз, қайта түлеу үшін, алайда ардан кеткен, намыстың түбіне жеткен қоғамда ар жазасынан да, Құдай жазасынан да қорықпайтын болып алғанбыз. Бет қалың. Жүз күймейді. Ар-намыс жоқ жерде, ұлттық рухқа орын жоқ. Ар-намыс жоқ жерде, адамшылық жоқ. Ар-намыс жоқ жерде ештеңе жоқ... Ар-намыс бар жерде өмір сүрейікші, оны аяқ асты етпейікші, бауырлар… Алла көріп тұр ғой.

Мұнайдар Балмолда

Abai.kz     

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2283
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3620