Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Мәйекті 8794 0 пікір 26 Қаңтар, 2016 сағат 14:15

АЛАҚАНДАЙ СИНГАПУР: 30 ЕЛГЕ ҚАРА ӨЗІҢЕ ҚАРА

 

1867 жылдан Британ империясының отарына айналған Сингапурды кезiнде ағылшындар теңiз саудасының тоғысында орналасқан iрi теңiз айлағы және Азиядағы әскери бекiнiсi ретiнде пайдаланып келдi. 1959 жылы өзiн басқару құқығына ие болғанда шағын аралдағы мемлекеттiң әскерi де жоқ едi. Елдiң жалпы iшкi өнiмi жан басына шаққанда бар-жоғы 400 доллардан айналған. Империядан мұраға теңiз айлағы мен әскери база жұрнақтары ғана қалды. Тұрғындарының басым бөлiгi теңiзден аулаған балығын сатумен күн көрдi.
 
БIРIНШI БАЙЛЫҚ – АДАМ
1959 жылғы парламент сайлауының нәтижесiнде “Халық бiрлiгi” партиясының жетекшiсi, қытай ұлтының өкiлi Ли Куан Ю үкiмет басшылығына келдi. Бұл адамды қарсыластары “авторитарлы билiк құрушы” деп айып­таса, жақтастары “Сингапур кереметiнiң әкесi” ретiнде таниды. Расында да, Ли Куан Ю 31 жыл үздiксiз ел басқарып, премьерлiктi ұлына табыстағаннан кейiн де билiктен қол үзбедi. Осы үшiн айыптағандарға ол үнемi уәж ретiнде қысқа уақытта жемiсiн берген экономикалық саясатын алға тартып келдi. Бiз ендi осы экономикалық кереметтiң қалай басталғанына аз-кем тоқталайық. 1965 жылы Малайзия федерациясының құрамынан шыққан соң, Ли Куан Ю үкiметi бiрiншi кезекте елдiң даму жолындағы мүмкiндiктерi мен кемшiн тұстарын саралап алды. Пайдалы қазбалардан Сингапур жұрдай. Құмның өзiн сырттан алдырады. Ауыз суды Малайзиядан тасып iшедi. Табиғи ресурстардан теңiз балығы ғана бар. Дегенмен табиғат бұл елдi мүлдем құралақан қалдырмапты. Теңiздегi тоғыз жолдың торабындағы Сингапур Еуропа мен Азияның ортасындағы теңiз қақпасы iспеттi. Еуропа мен АҚШ-тан шыққан кемелер жанармай құю үшiн аралға соқпай кете алмайды. Бұл жағынан Сингапур “Азияның Суэц арнасына” айналған. Екiншiден, британ отаршылдығы кезiнде ел тұрғындары ағылшын тiлiн үйрендi, батыстық үлгiдегi заң-сот және әкiмшiлiк жүйесi қалыптасты. Ли Куан Ю бұл факторлар Сингапурды қысқа уақытта “үшiншi ел” қатарынан әлемнiң озық мемлекеттерiне қосудың маңызды алғышарттарының бiрiне балайды. Осы жайттарды саралай келе, Сингапур үкiметi бiлiмдi, iскер, жемқорлықтан таза адамдарды елдiң басты “қазба байлығы” ретiнде жариялайды. Шыншылдық пен сенiм – сингапурлық ұлттық идея деп танылды.
Ең алдымен Ли Куан Ю тiл мәселесiн шештi. Қырық рулы ел қырық пышақ болмауы үшiн ол жергiлiктi үш тiлге, оған қоса ағылшын тiлiне мем­лекеттiк мәртебе бердi. Сингапурлықтарға ағылшын тiлiн күштеп мiндеттеген Ли Куан Ю осы арқылы “бiр оқпен екi қоян атты”: елдiң басын бiрiк­тiрдi әрi халықтың жаңа бiлiм игеруiне қол жеткiздi.
 
ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖЕҢГЕН ЕЛ
 Сонымен, Ли Куан Ю елдiң қолдағы байлығы – адамдарды сапа жағынан өсiрудi бастайды. Жоғары бiлiмдi, iскер, әлемдiк бәсекеге қабiлеттi ұлт болу – жалпыға ортақ идеяға айналды. Тiптi, жоғары бiлiмдi ер-азаматтар тек бiлiмi жоғары әйелдерге үйленсiн деген мемлекеттiк саясат та жүр­гiзiлдi. Қолдағы бар қаражат бiлiм беруге жұмсалды. Ли Куан Юдiң өзi бiлiмiн толықтыру үшiн премьер басымен Жапония мен Еуропаға барып оқудан, үйренуден арланбады. Сингапур билiгi жемқорлықты жойып, бiлiктiлiгi жоғары мамандарды тарту мақсатында ел басқаратын топ менедж­мент­тiң жалақысы жоғары болуы керек деп санады. Мәселен, 1970-80 жылдары сингапурлық судьялардың жылдық табысы жүздеген мың дол­лар­ға жететiн. Ал шенеу­нiктердiң жалақысы АҚШ-тағы өзi қатарлас әрiптестерiнен де жоғары. Мемлекеттiк қызметке ең ақылды, iскер, адал жандар лайықты деген ұран тасталды. Кез келген шенеу­нiктiң санасына қабiлетiң мен еңбегiңе қарай өсесiң деген ұғым сiңiрiлдi. Әрi Ли Куан Ю жемқорлықпен ұсталғандарды қатаң жазалайтынын ескерттi және сөзiнде тұрды. Елден барлық жемқорды қуып жi­бердi. Пара алып тұтылған туыс­тарын да, достарын да аямады. Бiрде ол сыбайлас жемқорлықты қалай жеңдiңiз деген сұраққа: “Үш досыңызды түрмеге отырғызудан бастаңыз. Не үшiн жазалағаныңызды бiлгенде, басқалары да түсiне қояды”, – деп жа­уап бердi. Жемсауы кеңдер шетке қашты, түрмеге жабылды, өздерiне қол жұмсады. Жем­қорлық туралы дәлелдi ақпар бергендердi заң қанатының астына алып қорғады. 1970 жылдары басталған жемқорлыққа қарсы күрестiң арқасында 30 жылда Сингапур әлемдегi жемқорлық iндетi аз үздiк елдердiң ондығына ендi. Ал Азияда бұл жағынан оған тең келетiн еш мемлекет жоқ. Екiншiден, елде бизнес ашқысы келгендердiң жолын ке­дергi атаулыдан тазалап бердi. Мұнда кәсiп бастаудың жеңiлдiгi сонша, интернет арқылы 7 минутта мейрамхана ашуға болады. Осы уақыт iшiнде барлық қажеттi құжаттарыңыз реттелiп, iсiңiздi бас­тауға мүмкiндiк аласыз. Бұған жету үшiн, елдiң жоғар­ғы басшылығынан бастап, қатардағы қызметкерiне дейiн елге қаржысын әкелгiсi келген инвестордың жағдайын жасауға кiрiстi. Әкiмшiлiк кедер­гiлердi жоюмен қатар, үкiмет жол, су құбырлары, электр желiсi т.б. салуға және медициналық қызмет көрсету саласына, экологияға қаржы аямады. Сондағысы келген инвесторға инфрақұрылымы дамыған, табиғаты көрiктi, қоршаған ортасы ластанбаған, ал адамдары кез келген жұмысты игеруге қабiлеттi елдiң келбетiн көрсету екен. Инвесторлар үшiн салықтың түрi де, мөлшерi де азайтылды. Елде небәрi 5 салық түрi бар. Барлық салығының жиынтық сомасы 30 пайызға да жетпейтiн Сингапур әлемдегi салық жүйесiнiң рейтингi бойынша 5-орынға шықты. Бизнеске осындай қолайлы жағдай жасаған ел қысқа уақытта “Азия жолбарыстарындай” атылып шығып, Оңтүстiк-Шығыс Азияда өндiрiстiк өсу жағынан жылына 14 пайыздық көрсеткiшке бiрақ жеттi. АҚШ, Еуропа және Жапонияның 3 мыңнан астам трансұлттық корпорациясы жемқорлықтан ада, кәсiпкерлiкке еркiндiк берiл­ген, жоғары бiлiктi жұмысшысы мен дамыған инфрақұрылымы бар Сингапурда кәсiпорын­дарын ашты. Шетелдiк компанияларды экономиканың кез келген саласынан кездестiру­ге болады. Дегенмен Сингапур үкiметi ең алдымен, электроника, биотехнология, химия өнеркәсiбi, жаңа технологияларды дамытуға, шетелдiк капиталды осы салаларға жұмылдыруға ұмтылады.
 
ӘЛЕМНIҢ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҚТАРЫН ЖАЛҒАУШЫ
1965 жылы Малайзиядан бөлiнiп шыққан кедей Сингапур он жыл iшiнде әлемнiң маңызды қаржы орталығына айналады десе, көпшiлiк миығынан күлер едi. Сан-Францискодағы қаржы орталықтары жабылып, ал Цюрихтегi банктер жұмысын бастағанға дейiнгi уақытта қаржы айналымы амалсыз тоқтайтын. Ал әлемдiк экономика тәулiк бойы iстейтiн банк жүйесiн қажет еттi. Осы орайда, бұл елдiң үкiметi Сингапурдың ең ыңғайлы географиялық, дә­лiрек айтқанда сағаттық белдеуде орналасқанын ұтымды пайдаланды. Әлемнiң жетекшi қаржы институттарын өзiнде жұмыс iстеудiң қауiпсiз әрi пайдалы екенiне иландыра алған Сингапур үзiлiссiз iстейтiн халықаралық қаржы жүйесiнiң маңызды буынына айналды. Human Rights Watch секiлдi құқық қорғау ұйымдары Сингапурдың банк жүйесiн өзге елдердiң жемқор басшыларының отанынан ұрлаған миллиардтаған долларын сақтауға көмектеседi деп айыптайды. Бұған басқа жағынан қарасақ, бұл ақша сингапурлықтардың әл-ауқатын, экономикасын көтеруге жұмсалуда.
 
АУЫЗ СУЫ ТАПШЫ ЕЛГЕ ҚАРАП, АУЗЫҢНЫҢ СУЫ ҚҰРИДЫ
 Әрине, ел экономикасының бiр бөлiгi әлемнiң әр түкпiрiнен жиналған арам ақша мен контрабанданы “сiңiруге” қызмет ететiнi құпия емес. Бiрақ бұған қарап, ел осының арқасында “экономикалық кереметке” жеткен екен дей алмайсыз. Сингапур өндiрiсiне қажет шикiзатты былай қойып, iшетiн суына дейiн сырттан сатып алады. Сол себептi оның импорты 400 млрд доллардан асады. Есесiне, жоғары технологиялы экономикасы Сингапурға жыл сайын құны жарты трлн дол­лар­ға жуық тауарды экспорт­қа шығаруға мүмкiндiк бере­дi. Әлем нарығына құрал-жабдық, көлiк құрылғыларын, электроника бұйымдарын сатады. Химия өнеркәсiбiнiң өнiмдерi де үлкен сұранысқа ие. Алақандай ғана арал көршiлерiн азық-түлiк, сусындар мен темекi өнiмдерiмен қамтамасыз етiп отыр. Малайзия ке­регiнiң көбiн кеше ғана өзiнiң құрамында болған көршiсiнен алуға мәжбүр. Осының арқасында, аралдағы мемлекет әлемнiң ең дамыған үздiк отыз елiнiң қатарына қосылды. Бұл бiрден сингапурлықтардың тұрмысына әсер еттi. 1980 жылдардың аяғында-ақ, яғни небәрi 25 жылда сингапурлықтардың 80 пайызы ауқатты орта тап өкiлдерiнiң санатына ендi. Қатардағы азаматтар арнаулы мемлекеттiк қорлардың көмегiмен инвестиция жасап, ел экономикасының нақ­ты иесiне айналды. 2013 жылы Халықаралық валюта қорының рейтингiнде Сингапур жан басына шаққанда ЖIӨ сатып алу мүмкiндiгiнiң тепе-теңдiгi бойынша әлемде 3-орынға шықты. Көлемi жағынан екi Алматыдай ғана болатын елдiң ЖIӨ көлемi 300 млрд долларға жуықтады. Елу жыл iшiнде жан басына шаққандағы табыс 150 есеге өсiп, 2011 жылы 60 мың 600 доллар­ға жеттi! Бұл елге инвесторлардың ерекше ықыласпен қарауының тағы бiр себебi – Сингапур инфляцияны ауыздықтауда алдына жан салмай келедi. 2008 жылғы әлемдiк экономикалық дағдарыстың өзiнде оның көлемi 6,6% болса, одан берi экономикасын қайта көтерген Сингапур 2014 жылы инфляция деңгейiн 1,5%-ға түсiрдi.
 
ӨСЕР ЕЛГЕ ӨРIС КЕҢ
Сингапур билiгi адам капиталын әлi де басты байлығым деп бiледi.Ұлттық бюджеттiң 20 пайызға жуығы бiлiм мен ғылымға жұмсалады. Әлемдегi ең кiшкентай мемлекетте алты танымал университет бар. Қазiргi Сингапур барлық тетiгi мүлтiксiз iстейтiн қуатты суперкомпьютерге ұқсайды. Айтпақшы, суперкомпью­тер­лердiң саны жағынан да сингапурлықтар әлемде көш бас­тап тұр. Тұрмысы жоғары елдiң заңы ерекше қатал. Көшеде түкiрiп, қоқыс тастағандар аяусыз жазаланады. Көлiк жүргiзу құқығын арнайы аукционда жеңiп алуға тура келедi. Бұлай етпесе, аумағы 710 шаршы шақырымды ғана алып жатқан ел қоқыс алаңына айналып кетер ме едi деп топшыладық. Шетелдiк саяхатшылардың Сингапурдағы тазалыққа қайран қалатыны да содан. Бұл елдiң билiгi барлық жағынан таза болуды мақсат тұтатын секiлдi. Есiрт­кi сатқандар мен кiсi өлтiрген­дер бiрден өлiм жазасына кесiледi. Есесiне, бүгiнгi Сингапур қылмыс деңгейi ең тө­мен мемлекеттер қатарында.
Қазiр бұл ел түрлi бұйым шығаратын 3D принтер секiлдi жаңа өндiрiс түрлерiн игеруге көштi. Яғни, 30 жылда түгi жоқ кедей елден дамыған мемлекеттер қатарына қосылған Сингапур болашаққа көз тiгiп қана қоймай, оның қамын бүгiннен жасауда. Сингапурлықтардың жылдық орташа табысы – 44 мың доллар. Айлығы 750 доллардан аспайтын адамның зейнетақы жарнасын ол iстейтiн компания төлейдi. Ипотекалық несиенiң жылдық сыйақысы сингапурлықтар үшiн 2-2,5 пайыздан аспайды. Небәрi 5 млн халқы бар мемлекетте халықтың өмiр сүру ұзақтығы орташа 83-85 жасқа жетедi. Денсаулық сақтау саласы алға кеткен ел ендi “медициналық туризм” дейтiн саланы қолға алған.
Ең қызығы, Сингапур мұ­найына құдайындай сенiп келген бiз секiлдi елдерге өзiнде жоқ көмiрсутектi өндiруге қажет құрал-жабдықтар, қондырғылар жасап сатады. Ендi осыдан соң, қазынаның бәрi бар, әрi дамудың сингапурлық үлгiсiн таңдаған Қазақстанға “ар-ұждан”, “ұят”, “тазалық” дейтiн экономикалық ұғымдар жетiспей тұр дегенiмiзге келiсесiз бе? 
Дәнеш ҰЗАҚ
Дереккөзі: http://zhasalash.kz
0 пікір