Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Билік 4730 0 пікір 27 Қаңтар, 2016 сағат 13:13

АЛМАТЫДА ОҢАЙҒА ТҮСПЕЙТІН ШАРУА ШАШ ЕТЕКТЕН

Күні кеше Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырза баспасөз брифингін өткізді. Еліміздегі алып мегаполисте қала әкімін әлекке салатын шаруалар аз емес, әрине. Мегаполисті басқару Байбек мырзаның арқасына артылған жүк, саяси сынақ сияқты. Сонымен, бай қаланың бас саясаткері өткізген бирифингтен не түйдік?

 

Әкім мырзаның айтуынша, халықтың наразылығын тудырған «Оңай-төлем» жүйесі қала ішіндегі транспорттардың 95%-на енгізіліп үлгеріпті. «Біз «Оңай» жүйесіне көшкен Қазақстандағы бірінші қаламыз. Мысалы, Сингапур, Гонконг немесе Оңтүстік-Шығыс Азиядағы дамыған мемлеккеттердің барлығы қолма-қол төлем емес, карточка арқылы жол ақысын төлеу жүйесіне әлдеқашан көшіп алған», - дейді Бауыржан Қадырғалиұлы.

Хош. Десек те, «Оңайдың» осал тұстары да жетерлік екен. Алматыда жаңадан іске қосылған электронды төлем жүйесі екі апта өтер-өтпестен жолаушылардың наразылығын тудырды. Зейнеткерлер таң атқаннан кезекке тұрып, тиесілі төлем картасын ала алмай жатса, қолына алып үлгергендер жолақысын төлей алмай әлекке түсті. «Оңай» жүйесінің бақылаушылары да, инспекторлары да, халыққа дөрекілік көрсетіп жатты. Тіпті, көліктен күштеп шығарып немесе жолаушылар толған автобусты жібермей ұстап тұрып алды. Бұның барлығын біз БАҚ арқылы білдік, көрдік. Осылайша, әрқайсының құны мың жарым еуродан асатын мақтаулы терминалдар жолаушыларға тұрақты қызмет көрсете алмай жұртты әуіреге салды. Бірақ, әкім мырзаның айтары басқа болып шықты. «Оңай» арқылы көлеңкелі бизнестің көмескіліктерін әшкерелеуге әбден болады екен. Мәселенки, «Оңай» арқылы бұлыңғыр экономикадан 7 миллиард теңгені шығарып аламыз», - деп сенімді түрде айтты әкім мырза.

«Біз анықтағандай, аталмыш бизнестің (қолма-қол төлем кезіндегі) көлеңкелі тұстары жетерлік еді. Біз болжамдар бойынша, осы күнге дейін түскен түсімнің 30 %-ы, жекелеген адамдардың қалтасына кетіп жатты деп келдік. Бұл сұмдық қой деп ойладық. Нәтиже біз ойлағаннан да нашар болып шықты. Қолма-қол төлемнен түскен пайданың 60%-дан астамы жеке қалтаға кетіп жатыпты. Ал «Оңай» жүйесін енгізгенде байқағанымыздай, бұрынғы жүйе біраз шикіліктерді әшкерелеп берді», - деді Бауыржан Байбек.

 Қала әкімінің айтуынша, әңгіме 20 миллиард теңге жайында... «Қазіргі қойылып жатқан ең негізгі сұрақ, бұл – айлық жол билеттерін айналымнан шығару туралы. Біз нарық көлемін түсіну үшін уақыт сұрадық. Ол толықтай айқын емес, түсінікті емес болды: қандай түсім, қандай шығын, ақша қайда кетіп жатыр? Бүгінде біз нарықтың көлемі 19-20 миллиард теңге екенін көріп отырмыз, яғни, 6-7 миллиард теңгені біз көлеңкелі экономикадан шығарамыз», – дейді Бауыржан Байбек. Оның айтуынша, айлық жол билеттерді қайта енізу туралы ұсыныс келді, ол қалалық мәслихаттың 27 қаңтардағы отырысында қаралады. «Жеті жасқа дейінгі балалар тегін, мектеп оқушылары – 1000 теңге, зейнеткерлер – 2000 теңге, бұл категорияда көп балалы аналар қаралмаған. Жергілікті бюджеттен бөлінетін 5 пайыздық жеңілдік беріледі, көп балалы аналар үшін 2000 теңге және студенттер үшін 3000 теңге. Ең маңыздысы – бірінші, екінші топтағы мүгедектер, ҰОС ардагерлері және оған теңестірілген адамдар үшін қалада жүру тегін болады», – деді Алматы әкімі.

Енді әңгімемізді "Оңай" төлем карточкасынан өзгеге бұрайық. Өйткені Алматыда оңайға түспейтін шаруа шаш етектен.

Әкімнің айтуынша, осы мақсатта жергілікті бюджеттен екі миллиард теңге бөлінеді. Естеріңізге сала кетейік, «Оңай» электронды жүйесі 2016 жылдың қаңтарында енгізілді. Қала басшысы жүйе бойынша мәселелер барын айтты, дегенмен бұл өте аз мөлшерде, ал халықтың көпшілігі риза екенін де атап өтті. Алматы бюджеті 30 миллиард теңге үндемдеп қалды Иә, шайтанарбадан алдына тірі пенде түсірмейтін Ахметжан ақсақал Алматыны басқарып тұрған кезде бюджетті экономдау туралы көп айтылмаған еді. Баспасөз брифингінен тағы бір есте қалғаны сөз: өткен жылдың қорытындысы бойынша бас шаһар 30 миллиард теңге үнемдеген. «Осыған дейін айтылғандай, әркім өз қарекетінше өмір сүруі керек. «Нұр Отан» партиясы фракциясының бастамасы бойынша, біз қалалық мәслихатта бюджетті қайта қарап, өткен жылғы орынсыз шығындарды есептеп, ақырында бюджеттен 30 миллиард теңгені үнемдедік. Есесіне, үнемделген қаражаттың белгілі бір бөлігін қоғамдық маңызды мәселелерді шешуге жұмсалатынын айтамыз», - дейді қала басшысы. Рас, халқымыздың «көрпеңе қарап көсіл» дейтіні бар емес пе еді. Байбек мырзаның айтпағы да осы болса керек. Мысалы, 2016 жылы әлеуметтік маңызды мәселелерді дереу шешуге қала бюджетінен 1,8 миллиард теңге бөліу жоспарланып отыр. Соның ішінде, 145 миллион теңге қала мектептеріндегі бір мезгіл ыстық тамаққа, 1,4 миллиард теңге әлеуметтік қызметкерлердің жалақыларын көтеруге, 177 миллион теңге мүмкіншілігі шектеулі жандарға көмек ретінде қарастырылған.

Түйін: Бауыржан Қадырғалиұлы қала басшысы болып тағайындалған күні БАҚ«Б.Байбекті қандай Алматы күтіп тұр?» деген сұрақ қойып келген еді. Сол сұрақты таратып айтсақ төмендегідей болып шығады:

Кептелісі көп Алматының жол мәселелері шешімін тапай келе жатқаны белгілі. Жылына екі-үш мәрте жөнделетін «жолсыз» жолдарды Байбек мырза, бір ретке келтіре ала ма?

Қоқыс басқан қаланың тазалық мәселесін Бауыржан Қыдырғалиұлы қалай шешпек?

Алматының ластанған ауасы – бүгінде өзіндік бір «брендке» айналып кеткендей. Бұл туралы білмейтін қазақстандық жоқтың қасы. Тіпті, 2022 Ақ Олимпиаданы өткізу сеніміне де селкеу түсірген сірә, осы ластанған ауа болса керек-ті.

Алматы сейсмо-қауіпті аймақ саналатыны белгілі. Бауыржан мырза бұны да қаперінен еш шығармаса керек-ті.. Алматы жұртын аракідік әуреге салып тұратын сел, лай тасқындары да адами факторлардың салғырттығының көрінісі екені түсінікті. Әсіресе, өткен жылғы Наурызбай ауданында болған лай тасқынынан кейін, жұрттың есі екеу, түсі төртеу күйге түскені әмбеге аян. № 6, Талғар, Шапай су бөгендері жөндеу көрмегендіктен қарапайым жұрт жапа шегуде. Жас әкім бұл жайтты да жадында мықтап ұстап, мәселенің мәнін табуға тиіс деген ойдамыз.

Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов мырза Алматы қаласының тізгінін ұстаған жылдары жақсы бастамалар қолға алынған-ды. «Ендігі жерде қалада салынатын әрбір үйде қазақы нақыш болуы керек» деген еді Тасмағамбетов. Содан кейін-ақ, қалада байрақ түсті, қазақы ою-өрнектермен безендірілген зәулім үйлер салына бастаған. Енді осы бастаманы Бауыржан Байбек мырза жалғастыра түссе деген тілек те бар.

Әкім мырза барынша ескеруге тиіс тағы бір мәселе – Алматы сыңаржақ саясаткерлер ойлап жүргендей емес, орысшылдық синдромынан әлдеқашан айыққан. Есімов мырза ескермей кеткен мәселе тегінде осы болса керек-ті. Экс-әкім, тіпті, журналистермен кездескенде де, шәй ішкенде де, қалалық актив мүшелері кездескенде немесе есеп беру жиындарында да, жұмысында да, үйінде де, Ресейдің мемлекеттік тіліне жүгінетін. Десе де, оның аудиториясы – қазақ тілді еді. Ресми деректерге сүйенсек, Алматы тұрғындарының саны – 1,5 миллионнан асып жығылған. Олардың 50,7 пайызы өзге қалалардан келген «мигранттар». Демек, Қазақстанның өзге аймақтарынан келгендерді қоса алғанда мегаполисте 2,5 млн астам жан саны тіркеледі. Бұл дегеніңіз – Алматының экономикалық дамуына, өндірістің қарқындап өсуіне, ішкі тауар және сауда айналымының үдерісті жолға қойылуына мигранттардың үлесі мол екендігін білдіреді. Қысқасы, Бауыржан Байбек мырзадан жұрт айтарлықтай жаңашылдықты, өзгерісті күтетіні хақ. Сондықтан, шаруасы шаш етектен келетін Қазақстандағы ірі мегаполистің дөңгелегін жаһандық дағдарыс кезеңінде Мемлекет басшысының үнемдеу саясатының шеңберінен шықпай игеріп әкету – Бауыржан Қадырғалиұлының ерік-жігеріне байланысты екені анық.

«Ел біз үшін емес, біз ел үшін не істей аламыз?», - деп жұрт ісіне жұмыла кіріскен Алаш ардагерлерлеріндей қайрат таныту - бүгінгі күннің тәртібінде тұр. Дегендей-ақ, Бауыржан Байбек мырза биыл 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтетін Әлихан Бөкейхановқа Алматы қаласынан бір көше берілетіндігін айтып, кешегі жиынды қорытындылағандай болды. Бәрекелді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір