Сәрсенбі, 5 Тамыз 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 94882. Жазылғандар — 67031. Қайтыс болғандар — 1058
Мәйекті 4821 0 пікір 1 Ақпан, 2016 сағат 00:14

ЕНДІ ПУТИННІҢ АЛАШ ТАРИХЫН ЖОҚҚА ШЫҒАРҒАНЫН КҮТІП ОТЫРМЫЗ БА?

Біздің билік Әлихан Бөкейхан мен тұтас Алашты Путиннің кезекті рет жоққа шығарғанын күтіп отырған сияқты. Ғалымдар мен ұлт зиялыларының жазған хатына байланысты Үкіметтің сырғытпа жауабына қарап отырып осыны ойладық. 

Алаш көсемінің айтулы мерейтойына орай Астанада, Еуразия Ұлттық университетінде бас қосқан ғалымдар, зиялылар, журналисттер өзара біраз мәселелерді талқылай келіп, әкім-қараларға хат жазуды ұйғарады. Сондай хаттың бірі – Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке де жолданыпты (1-суретте). Хатта ақылға қонымды, әкімшіліктің қолынан келетін бірнеше ұсыныс жазылған (2-суретте). Ал, жауап хатта ұсыныстың бәріне анық та толық жауап берілмегенге ұқсайды (3-суретте).

Қала әкімшілігінің жауабы аз десеңіз, Үкіметтің өзі Әлихан Нұрмұхамедұлының мерейтойын өткізу жөніндегі «Ақ жол» партиясы жолдаған депутаттық сауалға: «Қазіргі уақытта қаржы-экономикалық ахуалға және бюджеттің қысқартылуына байланысты 2016 жылғы мерейтойлық іс-шараларды өткізуге арналған мақсатты қаржы қаражаты көзделмеген.

Осыған байланысты, мерейтойлық іс-шаралар мемлекеттік органдардың ағымдағы жұмысы шеңберінде және бюджеттен тыс қаражатты тарту есебінен өткізілетін болады.

Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойын мерекелеу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру мәселесі бойынша арнайы комиссия құрудың орынсыз екенін хабарлаймыз», - деп жауап берген.

Бұл жауап Қазақстан Үкіметіне Бөкейхановтың керегі жоқ екенін көрсетеді. «Бюджеттен тыс қаражатты тарту есебінен өткізілетін болады» дегені «біздің өз көсеміміз бар, өз көсемдеріңнің тойын өздерің жасап алыңдарға» келтіргені деп түсіндік. Ал, Б.Байбек Үкіметтің Алматыдағы өкілі. Ол Үкіметтен асып қайда барады?!.

1913 жылғы «Қазақ» газетінің 2-санында жарық көрген «Қазақ тарихы» атты материалда: «Кейінгілер ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп алғыс, рахмет алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп, қарғыс-лағынет аламыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс. Тарих – түзушіліктің кітабы. Тарих тіршілікте жолбасшы дейтініміз осы» деп келетін жолдар бар. Сусылдаған уақыттың тарих парағы Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері кейінгілер ғибрат аларлық үлгі тастап, болашақтан алғыс алғанын соқырға таяқ ұстатқандай дәлелдеді. Әлекеңнің 150 жылдығы болса, кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс.

Тарихты өзінен бастаймын деп оңбай қателесіп, көрішісінің табасына қалған соң, есі кіргендей болған билік тарихты жолбасшы деп білмейтін тоңмойын, дойыр әдетіне тағы басқан сыңайлы. Әлде билік Әлихан мен Алашты Путиннің жоққа шығарғанын күтіп отыр ма екен?!

Шиырып келгенде, ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы Үкіметке де, басқаға да «кейінгілер ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп алғыс, рахмет алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп қарғыс-лағынет аламыз ба?» дейтін үлкен сын! Ал, қарғыс пен алғыстың арасы – бір-ақ шешім!  

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір