Жұма, 19 Сәуір 2024
Білгенге маржан 17625 1 пікір 2 Ақпан, 2016 сағат 10:58

СУИЦИДТІҢ ӨРШУІ – ҚОҒАМҒА КЕЛГЕН ҚАТЕР

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, Қазақстан суицидтің саны жағынан үшінші орын алады. Әсіресе, елімізде жастар арасындағы өзін-өзі өлтіру оқиғалары кез-келген басқа елден үш есе көп дейді осы ұйымның сарапшылары. Осы ретте "degdar.kz" сайты  қоғамға төнген қатер - суицидтің алдын алу және кезек күттірмейтін шаралар туралы былай деп жазады.  Бірақ, отандық ресми статистика мұндай мәліметтерді жарияламайтыны белгілі. Бүгінгі күні бұл қауіпті феномен қорқынышты деңгейіне жетті, өкінішке орай, суицидке баратындардың көпшілігі 18-ге толмаған жастар. Бұл  деректердің  ар жағында қаншама адам тағдыры, отбасы қайғысы, елдің болашағы сияқты мәселелер тұр. Сондықтан да осындай теріс оқиғалардың себептерін зерттеп, салдарының алдын алу міндеті күн тәртібінен түспей келеді.

 «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қоры 2015 жылдан бастап Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының үкіметтік емес ұйымдармен әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру қызметі бойынша  жастар арасында суицидтің алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, Алматы қаласы ғана емес, аудан, бірнеше облыс көлеміне шығуы осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесіне елеулі ықпал етері анық. Айталық, өткен жылы  осы жоба аясында жастардың өмірлік ұстанымын, дұрыс көзқарастарын қалыптастыру мақсатымен өткізілген «Суицидтің алдын алу», «Өмірге ғашық болу» және т.б. тақырыптардағы дәрістер, семинар-тренингтер, дөңгелек үстел, конференция және т.б. шараларға мыңдаған оқушылар мен студент жастар қамтылды.

Әрбір адам бала кезінен алдына мақсат-міндет қойып, өмірінің басты мән-мағынасын айқындап алуы үшін болашаққа жоспар құрып, соған жету жолында ар-ожданымен үйлесімге ұмтылуы маңызды. Яғни, жас адам бірден дұрыс жолды таңдауы оның өмірге деген көзқарасы, өз өмірінің толықққанды қожасы болуға деген тілегімен, өз тағдырын өзі жасауға тырысуымен астасып жатыр. Ал, мұның бәрі оның өмірдегі қандай құндылықтарды таңдап алуына келіп тіреледі. Әлеуметтанушы-ғалымдар суицид жасау қаупінің өсу деңгейіне өмірлік құндылықтар мен әлеуметтік жағдай едәуір ықпал етеді деп есептейді. Яғни, жеке адам өзін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезіну дәрежесіне – адамның ортаға бейімделуіне тікелей байланысты.

Ғалымдар өзіне-өзі қол жұмсаудың себептері мен түрткілері адамның өмірдің мәнін жоғалтуына байланысты деп санайды. Жан-дүние құлазып, кеудесі бос қалғандай аңырып қалған адам үрей мен өзін-өзі кіналауға бой алдырады. Өзін ешкімге қажетсіз сезініп, жан жарасы тереңдей түседі. Осындай түпсіз терең шыңыраудан шығудың жолы тек өмірмен қош айтысу деп түсініп, жаңылыс қадамға баратындар жиі кездеседі.

Бұл арада жақын жандарыңның күнделікті мінез-құлқында, қарым-қатынасында байқалатын өзгерістерге мән беру аса қажет. «Өзін-өзі өлтіру жөнінде шын ойлап жүрген адам өзінің осындай ойы туралы қайткенде де айналасындағы адамдарға әйтеуір бір белгі береді дейді ғалымдар (Гроллман Э. «Суицид: превенция, интервенция, поственция»). Суицид аяқ астынан пайда болмайды, ол біртіндеп, импульсивті түрде келеді. Яғни, ушығып тұрған жағдайдың күндердің күнінде шектен шығары сөзсіз.  Суицид жасағандардың 70%-ы өз мақсаттарын қандай да бір түрде білдіреді екен. Олар ашылып әңгімелескісі келеді, біреудің оны тыңдағанын қалайды. Кейбір суицидті жоспарлаған адамдар аяқ астынан достарына, туыстарына заттарын беріп, сыйлықтар үлестіре бастайды. Тіпті, өзі үшін қымбат, құнды саналатын заттарын да оңай қия салады. Не болмаса, ештеңеге мән бермей, қызығушылығы жоғалып, сүлесоқ, немқұрайды қалыпқа енеді. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай көріністер алдағы бақытсыздықтың белгісі. Осының бәрінде адаммен ашық сұхбаттасып, сырласу керек.

Жалпы, суицидті дер кезінде танып, осындай теріс жайттардың алдын алу үшін жан-жақты ақпарат беру, түсіндіру, мәселенің мәніне бойлау, талдау, сараптама жасау қажеттігі сөзсіз. Осы тұрғыда «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қоры суицидтің алдын алу бағытында өткізген дәрістері мен семинарлары барысында оларға қатысқан оқушылар мен студенттер арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнаманың  мақсаты – жастардың өмірге көзқарасы, айналасымен қарым-қатынасы, бос уақыттарын қалай өткізетіні жайлы ақпарат алу арқылы осы ортадағы әлеуметтік ахуал жөнінде тұжырым жасау, оған назар аудару.

Сауалнамаға қатысушылардың негізгі жасы – 15-25 жас, ал басым көпшілігі – 67%-ы қыздар болып шықты.

«Бос уақытта немен айналысасыз?» деген сұрақтың жауабын диаграмма түрінде көрсетуге болады.

Яғни, жастардың 65%-ы бос уақытын әлеуметтік желілерде өткізеді.  Бұл күнделікті қарым-қатынасты әлеуметтік желілер алмастырады деген сөз. Сауалнамаға қатысқан студент жастардың көпшілігі негізінен ата-анасының қамқорлығындағы жаста екенін ескерсек, бос уақытты өткізудің мұндай формасы мінез-құлықтың барлық түрінен, көзқарастарынан, ұстанымдарынан көрініс табады, осыдан барып ата-анамен қарым-қатынас күрделенеді десек қателеспейміз. Ал, демалыс сәттерінде теледидар көретіндер – 15%. Кітап оқитындардың 13%-ды құрағанына қарап, осының өзіне қуану керек сияқты. Бірақ, спортпен айналысатындар, өкінішке орай тым аз болып шықты (7%).

Келесі «Қиын жағдайға тап болсаңыз кімнен ақыл-кеңес сұрайсыз?» деген сұрақ бойынша сұрау салынғандардың жауаптары жастардың өмірге деген көзқарастары туралы жалпы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

 Сауалнама деректерінен көрініп тұрғандай, адамға шын көмек керек кезде, ата-анасынан ақыл сұрайтындар – 49%, достарының пікіріне жүгінетіндер – 24%. Қалған 26%-ы өз проблемасын өзі шешетіні көрініп тұр.

Жастар ерекше қабылдағыш, әсерленгіш және жоғары әлеуметтік тұрғыда жылдам бейімделгіш болғандықтан, жаңа құндылықтардың пайда болуы мен бұрыңғыларынан бас тартуы қоғамның басқа таптарына қарағанда, бұл өтпелі әлеуметтік топқа қатты әсер етеді. Қазіргі жастарға кез келген жолмен баю ма, әлде жаңа жағдайларға бейімделу қабілетін беретін жоғары біліктілікті игеру ме, бұрынғы моральдық-адамгершілік ережелерден бас тарту ма, әлде жаңа шынайылыққа бейімделу икемділігі ме, тұлға аралық қарым-қатынастардың шексіз еркіндігі ме, әлде табысты өмір сүрудің түрткісі болатын отбасын таңдау ма – олар үшін қайсысы құндырақ екендігін өздерінің шешуіне тура келеді.

Өмірді мағыналы өткізудің жолдары туралы сұраққа берілген жауаптар негізінен оң үрдісті көрсетті. Жастардың 95%-ы өз өмірін шығармашылық бағытта, жаңа нәрселерді үйренумен өткізуді қалайды.

Суицидке барудың себебі неде дегенге келсек, оның ішінде, эмоциялық күйзелістер, отбасы проблемалары, қаржы тапшылығы және т.с.с. себептер бар екені анық. Сонымен бірге, өзін-өзі өлтіру – психикалық аурудың нәтижесі деп есептеу де негізсіз емес.

Өзін-өзі өлтіру идеясы туралы сөз қозғап жүрген балаларға назар аудару керек. Агрессиялық көңіл-күй, ашу-ызаға тым жиі берілу, қатыгездік, тітіркенгіштік сияқты сәттердің көп болуы оған көмек керек деген айқай іспетті. Ал, керісінше, одан оқшаулану, жақтырмай қарау теріс нәтижеге әкеп соғады, яғни, суицидті тездетеді.

Өкінішке орай, бұны көп жағдайда елеусіз қалдырамыз. Кейде адамның жанында жақын адамы болып, оған жағдайды түсіндіріп, ашық сөйлесуі жетпей жатады. Мұның бәрі суицидтік қауіп-қатердің алдын алу үшін ескерілуі тиіс.

Мамандар жасөспірімдердің эмоциялық жағдайына назар аударып, мінез-құлқын мұқият бақылап, қадағалап жүрсе, суицид белгілерін дер кезінде тануға, демек, оның алдын алуға болады деп санайды. Оның ішінде күйзелістік жағдаятқа тап болуы, эмоциялық көңіл-күйі, мінезі, сырт бейнесі, құрдастарымен, достарымен қарым-қатынасына, қызығушылықтарына және т.б. назар аударады. Оған қоса, интернеттегі парақшасы, күнделіктері және т.с.с. бәрі анық ақпарат бере алады. Өйткені,  «Өмірінде тым болмаса бір рет өзін-өзі өлтіру туралы ойланбаған бір де бір саналы адам жоқ шығар» (У.Джеймс)


Бұл дүниеде адам өмірінен құнды ешнәрсе жоқ, ал, өз өмірін қиюға барудың ойластырған адамның басына ауыр жайттар, психологиялық қиындықтар тап келгені туралы түйін жасауға болады. Сондықтан, осындай «эмоциялық күйзелістерге түсудің басты себебі не?» деген сұраққа берілген жауаптар да ерекше назар аудартады. Сұрау салынғандардың 40%-ы адам өзін ешкімге қажетсіз сезінгенде осындай шетін жағдайға барады деп санайды. Ал, 29%-ы өмірді қию – болашаққа жоспарыңның болмауының салдары деген пікірге бейіл. Әлбетте, алдына арман-мақсат қойып, соған жетуге талпынған адамның зиянды нәрселерді ойлауға мұршасы да бола бермейтіні анық.  Сондай-ақ, түрлі жағдаяттарға байланысты мінез-құлықтың бұзылуы, зиянды әдеттер, өлім туралы ойларға берілу суицидке алып келуі мүмкін деген пікірлер де бар.

Жалпы алғанда, айналасымен қарым-қатынасы кемшін, әсіресе, аяқ астынан жалғыз қалған адам қиындыққа шыдамай, өз өмірін қиюға баруы әбден мүмкін. Яғни, суицидтік үрдістерде психологиялық факторлар жетекші орын алады.  Бала жасында ашу-ыза, үрей, жазалау, жанжалдар және т.с.с. жағымсыз жайттар көп болса, бірте-бірте суицидтік мінез-құлық басқа да проблемалармен қабаттасып, теріс оқиғаларды тездетеді. Өйткені, бала жаны сезімтал, сенгіш, көңіл-күйі ауытқымалы болып ерекшеленеді. Ата-ананың, ұстаздардың осы факторларды ескеруі өте қажет.

Жалпы, адамның жастық кезеңі ересек атану, бір кезеңнен  басқасына өту сияқты жас шамасына ғана байланысты емес, сондай-ақ бір әлеуметтік-мәдениеттік кезеңнен келесі сатыға өтуді, алдыңғысының шектеулерінен шығуды білдіреді. Сондықтан, дәл осы өтпелі кезеңде жастардың бойына ешқашан ажырағысыз мәңгілік құндылықтар дәнегін еге білу, ең алдымен, отбасының міндеті. Себебі, адамның әлеуметтенуі үдерісі дүниеге шыр етіп келген кезден басталады және оның тұлға ретінде  қалыптасуына ең басты ықпал ететін – ата-анасы, одан кейін білім беру мекемелері. Мұнда оның денсаулығы, білімі іспетті шарттарға баса назар аударымен қатар, мейірім, жанашырлық сезімдерін егу маңызды. Қоршаған ортасындағы әлеуметтік ахуал, отбасындағы психологиялық климат, ата-анасымен, ұстаздармен өзара қарым-қатынас – осның бәрі баланың бойынан көрініс табады.

Осылайша, жүргізілген сауалнама нәтижелері жалпы қазіргі жастардың ортақ мінездемесі деуге әбден болады. Бүгінгі бүкіл әлем халқын шарпыған ғаламдану, бұқаралық коммуникациялық құралдардың шарықтап дамуы және басқа трендтер ең алдымен жастар өміріне орасан зор ықпал етуде. Бұл үрдістен мүлдем бас тарту әлде оқшаулану мүмкін емес, бірақ, оның теріс, жағымсыз үрдістерін неғұрлым азайту, алдын алу бағытындағы іс-шаралар ғана нәтиже бере алады.

 

Дина Имамбаева

әлеуметтанушы

Abai.kz

 

1 пікір