Жұма, 19 Сәуір 2024
Қағазстан 6686 0 пікір 2 Ақпан, 2016 сағат 11:30

ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚ - МЕДИЦИНАНЫ МЕҢДЕГЕН ДЕРТ

Өзге өңірді қоя тұрып еліміздің жүрегі Астананың өзінде сапалы медициналық қызметке қол жеткізу қарапайым халық үшін қиын шаруа болып тұр. Кез келген сырқаттың ең алдымен қақтығасатыны - дәрігерлердің қағазбастылығы.  Бұл қағазбастылық халықты әуре-сарсаңға салғаны, ал ем-шара беруден пайдасы аз шара екендігі көзге ұрады.

Қыс ауасында тұмаудың жаппай тарайтын әдеті. Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні бес жасар ұлымның қызуы қатты көтеріліп, 103-ке телефон шалып жедел жәрдем шақырдық. Келмеді. Таңға жуық қызуы түскенімен, дәрінің күшімен ғана тұр екен, баланың қызуы түске таяу тағы да қатты көтерілді. Қызуы көтеріліп, сұлық жатқан ұлымды құшақтай алып, тіркелген №7 қалалық емханамызға келдім. Ең алдымен маңдайым тірелгені - тіркеу бөлімінен өз аты-жөнімізді де, ескі кәртішкемізді де қызметкерлердің таба алмағаны.

«Құдай жар болсын, басқа жаңа кәртішке ашып, компьютеріңізге тіркей қойыңызшы!» деп жалындым. Уақытша кәртішке ашқан медқызметкер, тіркеу жұмысымен учаскелік дәрігерлер айналысатынын айтты. Ал қатты ауырып тұрған баламен «филтрге» баруым қажет екен. Ал оған бару үшін қақаған қыс ауасында киім ілгіштен кезекке тұрып киініп, сырттан айналып келу керек. Қызуы көтеріліп тұрған жас баламен қайта-қайта киініп шешінудің қиын екенін ұғу қиын емес. Дегенмен, бұл «филтрге» кіретін ішкі есік те бар, тоныңызды киініп-шешіне берудің қажеті те жоқ. Бірақ, тәртіп солай. Ол есіккке тек сыртқа шығып барып кіре аласыз.

Филтрде менің ұлым сияқты қызуы көтеріліп, жаны қиналып отырған оншақты бала бар екен. Бәрінің де қайталайтыны бір сөз: «Жедел жәрдем шақырғанға келмеді. Үлгермей жатыр екен». Солардың бәрін егде жасқа келіп қалған бір ғана дәрігер қабылдап отыр. Ауру жанын қысып, дегбірі қашып отырған аналар ашушаң, ал ауырып тұрған балалар жылауық болады. Бейшара дәрігер барын салып, бәріне жәрдем бергісі келеді. Бірақ уақыты мен күш қайраты сарқылып барады-ау. Жүйкелері сыр берген сырқаттар онымен шақылдасып ұрса кетуге дайын. Алғашқы дәрігерлік көмекті алған соң, менің жұмысқа жарамсыз қағазым жөнінде сөз қозғадым. Уақытша ашылған кәртішкенің түріне бір қарап: «Тіркеуде болсаңыз ғана больничный ашамыз» деді дәрігер. Тіркеуге тұру үшін өз учаскелік дәрігеріңізге барыңыз деп мені шығарып салды.  1-ші күн қызуы көтерілген ұлымды арқылып, 3 сағат кезекке тұрып, дәрігердің рецептін ала-мала үйіме қайттым.

Осылай менің еңбекке жарамсыз парағым (больничный лист) айналасындағы әуре-сарсаңым осы емханада бес күнге созылды. Ұлымның қызуы басылған соң, ертеңгі күні емханаға тұрақты тіркелуге қайтадан келдім. Мекен-жайым бойынша бекітілген 29 учаскеде кезек үш күннен кейін ғана жетеді екен. Үш күн кезекті күтіп үйде жата берсем, оңбай сүрінеді екем. Тәуекел деп кезексіз өз учаскелік дәрігеріме көтерілдім. Мәссаған, қызық болғанда олар мені 41-ші учаскелік дәрігерге қарайсыз деп бағытымды бұрып жіберді. Мұнда келсем де қым қуыт кезек. Кезегім жеткенде білгенім, тіркеуге тұру үшін құжаттардың көшірмесі керек екен.  Енді емхананың қабырғасынан бірде бір ксерокс таппадым. Осы әуремен 2-3 сағаттай уақытым кетіпті. Ұзақ жүруді жөн санамай, сырқаттанып жатқан ұлымның жанына үйге оралдым.  Тағы 1 күн босқа кетті.

Келесі күні құжаттарымның көшірмесін алып, өз учаскелік дәрігерімнің алдына барғанымда, еңбекке жарамсыз парағын мен бермеймін деп шарт кесті. Осы бір жапырақ қағазым болмаса, жұмыста сөгіс алуым әбден мүмкін екені айтпаса да түсінікті. Себебін түсіну үшін тағы да өзім ақпарат іздедім. Учаскелік дәрігердің басшысы өткен күндермен еңбекке жарамсыз қағазы ашылмайды деп түсіндірді. «Келген күні филтрдегі дәрігер ашпаса, учаскелік дәрігердің бұған қатысы жоқ» деп бастарын арашалап тұр. Мәселенің мәнін ұғу үшін еңбекке жарамсыз парағын рәсімдейтін кабинетке барып, журналдан тексеріп беруін өтіндім. Расында мен келген күні журналда тіркелмеппіз. Себебі белгілі ғой, тұрақты тіркеуде жоқсың демеп пе еді?!

Осы емхананың басшы дәрігеріне жалынғандай болып тағы бардым, «Құдай жар болсын, маған осы қағазды түзетіп алмасам, мынадай заманда жұмыссыз қалып қоюым да мүмкін» дедім. Басшы дәрігер мені жетектеп филтрге келді. Сырқаттарды қабылдаудан есі шығып отырған жасамыс дәрігер түсінік беруден басын ала қашқанымен, ақыры айтқанға көніп, түсініктеме жазып берді. Керек қағазыма қол жеткізу үшін басшыларының қолы керек екен. Ол құрғырлар басқа корпуска жиналысқа кетіп қалып, тағы да қапы қалдым. Жиналыстың арты жиналысқа созылатынын білетін мен бұдан әрі күтпестен тағы да үйіме кеттім.

Төртінші күні кешегі филтрдегі жасамыс дәрігердің жазғанын негізге ала отырып, еңбекке жарамсыз парағын ашты-ау, әйтеуір. Бастықтың қолы қойылған хатты сыздана ұстап, «өткен күнмен ашу керек екен ғой» деген медқызметкер жаратпаған түрмен жаман қарады.

Бесінші күні алдын ала жазылған учаскелік дәрігеріміздің кабинетіне кірдік. Сырқатынан айығып, тәуір болып қалған ұлымды таң атпай әуреге салдым. Осы еңбекке жарамсыз күндерімді пайдаланып медициналық байқаудан өткізе қояйын деп едім. Онда да сол бала-бақшаның талабы бойынша, қағаздарды қаттап қою үшін керек-тін. Таң атпай анализдер тапсыртқызып, ана дәрігер, мына дәрігердің кезегіне тұрып, баланың денсаулығын тексертіп шықтым. Бірді-екілі лор, хирург сияқты дәрігерлер «тек алдын ала жазылумен» қабылдаймыз деп бос отырса да қабылдамай қойды. Осылардан өтпегенім үшін медбайқауымыз толық болмады. Жұмысты тастап, тағы да емхана жағалап жүретін уақытым жоғын айттым да, мен де қолымды бір сілтедім. Таңғы сегізден түскі бірге дейін аштан аш кабинет жағалаған күніміз де өтті. Емхана асханасынан сұп суық сорпаны сораптап алып, еңбекке жарамсыз қағазымды ала-мала үйіме асықтым. Енді ғана сауыққан ұлымды шаршатып қинап алғаныма іштей өкіндім. Ең үлкен өтіп кеткен ызасы - емхананың қызмет көрсету жүйесінің жұрттың денсаулығына пайдасы жоқтығы.

Мән беріп қарасаңыз мұндай әурешілік еліміздегі барлық емханаларда кездеседі. Жұмыстың ең ауыр жерінде көптен бері тәжірибесі бар кәрі мамандар отырады. Ал жеңілірек жерінде жас мамандар жайлы жайғасып алған. Оларға тек алдын ала жазылып кіре аласыз. Әр қайсысы жеке-жеке бір құдай. Сызданып отырып мөрін басып, қолын қойғанын халыққа міндет қылады. Олардан тиісті қағаз-құжаттар алу керек болғасын «апатай-көкетай» деп жалынышты боламыз. Ал шынайы медициналық жәрдемді олар бере алмайды. Ақиқаты сол! Бүгінде қазақстан медицинасы жақсы жабдықтармен жабдықталса да, сырқаттарды емдеп жазуға дәрігерлерінің өресі жетпей отыр. Мұны қаншалықты жасырып жапсаңыз да халық көріп тұр. Шын ем-дауа іздегендер жақыны Өзбекстан, Қытай, алысы Америка мен Израильге барып емделеді. Аты жаман ауралардың жасарып кеткені соншалық 30 жастан аспай жатып «сахар», «рак» сияқты дертке шалдыққандарды қатарымыздан көріп қалдық. Сырқаттанған адам жеңілдікпен дәрі-дәрмек алу үшін сүйегін сүйрете жүріп, барлық әкімшілік кедергілерден өзі өтуге тиіс. Өтіп болам дегенше өлім де жақындап қалады.

Аса, құрметті ақ халаттыларымыздың үстінен қарайтын басшылар, айтыңыздаршы, ел неге сонша ем таппай күйзеліп кетті?

Сол халықтың қазынасынан қаншама қаражат денсаулық саласына бөлініп жатыр емес пе. Халық іштей біледі, Сіздер сол қаражатты тиімсіз жұмсап отырсыздар. Я дұрыс ұйымдастыруды да, қағазбастылықтан құтылуды да білмейсіздер. Дәрігердің бір жапырақ анақтамасын алу үшін бұл халық өзі дәптер, өзі қалам апарып, бояуы таусылып қалса, толтырып беруге де даяр. Ал, Сіздер нені қамтамасыз етіп жүрсіз? Баяғы жемқорлық аяққа тұсау, көзге тұман болып тұр!

Халықтың қарғысынан, ана мен баланың көз жасынан қорықсаңыздар етті?!

Жалынамын да, сұранамын:

-  Емханалардағы қағазбастылықты жөнге қоюға.

-  Жедел дәрігерлік көмекті кедергісіз, кезексіз қамтамасыз етуге.

-  Бастықтардың санын азайтып, мамандарды көбейтуге.

-  Дәрігерлерді кеңсе жабдықтарымен толық қамтамасыз етуге.

-  Медициналық байқауды алдын ала жазылусыз өткізуге.

-  Халықты тіркеу, анық және толық ақпараттандыру жұмыстарын дұрыс жүргізуге.

-  Бір есіктен кіріп-шығатындай етіп, халықты көп әуре-сарсаңға салмай қағазын толтырып беруге.

-  Дұрыс диагноз қоюды жеделдетуге, ауруды ертерек анықтауға.

-  Барлық қызметкерлердің қызметтік әдептілігін, халыққа құрмет ете білуін оқытып-үйретуге жағдай жасаңыздар.

Жоғарыда жазған жанайқайымды естиді деп үміт етемін. Жуырда болатын депуттар сайлауында да бұл тақырып назардан тыс қалмаса деп тілеймін.

Гүлжан Арыстанқызы

Abai.kz

 

0 пікір