Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Мәйекті 7849 0 пікір 2 Ақпан, 2016 сағат 11:54

"ЕЛІМ" ДЕП ӨТТІ ЕСІЛ ЕР

- Қажығұмар ағамыздың «Қыл­мыс» романының алтыншы томында әкем Әнуардың (романда Әлібек) қа­за­сынан соң, Қажығұмар ағамыздың шешеме көңіл айтып келетіні жазылған. Сол ро­манда әкемнің Қытай түрмесінде жатып қайтыс болған кезі де суреттелген. Бірақ әкем менің есімде деп айта алмаймын, әкем­ді ұстағанда мен тәй-тәй басқан бала екен­мін. Ал қуғын-сүргін заманда әкеммен бір­ге болған уақытым бір күнге де толмайды екен! Бәрін кейін білдік қой. Әкемді Қы­тайда «мәдениет төңкерісі» кезінде ба­сына «қалпақ кигізіп» (жала жауып деген мағынада), мәңгібақи түрмеге қамап тас­тайды. Шешем де «халық жауының» әйелі болып шыға келеді. Отбасымыз кадрларға арналған тұрғын үйден қуылып, кезінде Шың Шысайдың ат қорасы болған ла­шық­қа көшіріледі.

Әкем түрмеде он жылдай жатып, қай­тыс болады. Бірақ өкімет сүйегін бермей, түрмеде жерленеді. Тек кейіннен, 4 жылдан кейін әкемнің атағын «қайта қалпына келтіріп», Үрімжі қаласындағы сол кездегі Ха­лық Сарайында салтанатты қоштасу рә­сімін өткізіп, әкемнің сүйегін түрме ма­ңындағы зираттан Үрімжідегі құрбандар зиратына көшіретін болды. Бұл Шыңжаң көлемінде «мәдениет төңкерісінен» кейінгі осы «төңкерістің» кесірінен өмірінен айы­рылған өлке дәрежелі басшыға арналып өткізген тұңғыш азалы жиын еді. Сол кезде маған ерекше әсер еткені анамның жоқ­­тау айтқаны болды. Отбасымыз мар­құм әкемнің сүйегімен бірге сарайға кір­генімізде, анам қытайы, ұйғыры, қазағы аралас залға дауыс шығарып жоқтау айтып кірді. Анамның зарлы үні түсінген адам­­­ның ғана емес, тіпті қазақшаны мүл­де түсінбейтін басқа ұлт өкілдерінің де кө­зіне жас үйірді. Сол тұста 14-15 жас ша­­ма­сындағы мен алғаш рет қазақтың өлім-жітім салтының да осындай салтанатты болатынын білдім. Қажығұмар ағамыз да осы жоқтауды естіген соң, «Мынадай жоқталған өлімнің, дәл қазіргі шақта арманы аз шығар» деп жазады ғой романында.

— Сіз де біразға дейін «халық жауы­ның» баласы болып өсіпсіз ғой...

— Әкем Әнуар, ағасы Мағауия мен Мер­ғазы, әкемнің немере ағасы Әбіл­мә­жін, атамыз Жәкула — барлығы да импе­рия­ның қуғынын көрген адамдар. Нағашы жа­ғым да бұл сүргіннен аман қалмапты.

Бұл - Асқар Әнуарұлының i-news.kz сайтына берген сұхбаты екен. Болыс болған атасы Жәкула Совет өкіметінің талауына түсіп, әкесі Әнуар қытай коммунистерінің  қолынан қаза тапқан Асқар  туралы бүгін бір суық хабар естіп отырмыз. Есіл ер дүниеден озыпты.

Асқар Жәкулин - Атажұртына оралған айбоз ұлдардың бірі еді. Келген бетте кәсіпкерлік іспен жатпай-тұрмай шұғылданды. Сөйтіп, аз жылдың ауанында қазақ кәсіпкерлерінің ортасынан ойып тұрып орнын алды, ортақ игілікке үлес қосты. Ол әркез "елге, жұртқа пайдам тисе екен", "қазағымның аты озса екен" деп өмір сүрді. Оның өмірлік ұраны осы болды. Аталған сайтқа берген сұхбатында ол және былай депті:

– Біздер, шетелден келген қазақтар, қоғамның ішіне кірісе алмай, қашанда шеттеліп жүре­міз. Ал теледидардан, газеттен қашанда оралманды кедей-кепшік, баласын оқыта алмай, күнін көре алмай отырған байғұс, бейшара етіп көрсетіп, сондай пікір қалыптастырады. Біздің “оралман” деген атқа көңіліміз толмай, ренжігеніміз дұрыс емес екен. Мәселе, “оралман” деген атында емес, соны көтеретін, оларға дем беретін ел ағаларында екен. Біздің арамызда оқыған, білімді, іскер азаматтар өте көп. Неге соларды дұрыс жағынан таныстырмасқа? Қашан басы­мыз­ды көтереміз? Мәселен, Еу­ро­паны іскерлігімен мойындат­қан ағайынды Зенгиндер сияқты мық­ты қазағымыз бар деп неге таныстырмайды? Бұл шара орал­ман болып келген ағайын­дар­ға үлкен рухани қолдау болар еді.

Асқар Жәкулин жарық дүниені 51 жыл кешіп қана ортамыздан кетті. 51 жасының 2-3 жылын аты жаман дерттен айғудың арпалысына жұмсады.  Бірақ, ажал шіркін алып тынды.

Жанның жәннатта болсын, жүзіңнің нұры пейіште шалқысын. Бұ дүниеде бастаған ісің байтақ еліңде жалғасын тапсын. Бақұл бол.

 

Төмендегі деректі-фильм Асқар Жәкулиннің бабасы ЖӘКУЛА КҮШІКҰЛЫ-150ЖЫЛДЫҒЫНА арналып түсірілген екен. Деректі-фильмнің авторы Болат Мүрсәлім.





Abai.kz ұжымы 

0 пікір