Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Қоғам 7337 0 пікір 2 Ақпан, 2016 сағат 15:10

ТӘЖІКТЕР СОҢҒЫ ҚАЛАНЫ ОРЫС АТАУЫНАН АЗАТ ЕТТІ. АЛ, БІЗ ШЕ?..

Жақында Тәжікстан Республикасы Президентінің пәрменімен орысша аталатын соңғы қаланың атауы тәжікшеленді. 

Тәжікстан Республикасының министрлер кабинеті   Чкаловск қаласына тәжік тілінде атау беруді ұсынып, ел Президенті Эмомоли Рахмон мырзаға ұсыныс хат жолдаған. Министрлер ұсынған ұсынысты Тәжікстан Президенті мақұлдады. Сөйтіп, Чкаловск Бустон болып өзгерді.  

«Қала атауларын  мемлекетті құрушы ұлттың тіліне ауыстыру – ұлттық құндылықтарды насихаттауға, әм өскелең ұрпақтың санасына өз ұлтының тарихын сіңіруге, ата-бабаларының мәдениеті мен тарихын танытуға және бүгінгі тәжік халқының мемлекетшілдігін көрсетуге жол ашадады», - деп жазады тәжікстандық «Ховор» ақпараттық агенттігі.

Айта кетейік, Тәжікстан Республикасында аудандар мен қала атауларын тәжік тіліне ауыстыру жұмыстары 2000-жылдың басынан басталған. Мысалы, 2000-жылы Ел Президенті Эмомоли Рахмонның бастамасымен  Ленинабад облысы – Соғдий болып, ал  Ура-Тюбе қаласы – Истаравшан, Гармский ауданы – Рашт ауданы болып өзгертілген.

Сондай-ақ, 2011 жылы Тәжікстанның қалаларындағы Ленин, Гагарин, Гоголь, Пушкин секілді орыс әдебиеті мен қоғам қайраткерлерінің есімдерімен аталатын көшелер толықтай тәжік ақын-жазушыларының есімдеріне көшті.

Тіпті, Тәжікстанның таулы аймақтары мен шалғай елді-мекендерінің де атаулары толықтай тәжікшелендірілген. Мысалы, 2006 жылы Тәжікстан тауларындағы «Ленин» және «Револьюция» шыңдары жергілікті халықтың бастамасымен «Әбу әли ибн Сина» және «Истиклол» болып өзгертілді.  Ал, 1999 жылы «Комунизм» деп аталатын тау шыңына Тәжікстанның мемлекет қайраткері – Исмаил Сомонидің есемі берілді.

Түйін: Тәжікстанның Президенті Эмомоли Рахмонның бастамасымен сонау 2000-жылдардың басынан бері қарай жүргізіліп келе жатқан, елді-мекендер мен жер-су атауларын тәжікшелендіру жұмыстары жақында өз нәтижесіне жетті. Ал бізде ше? Тәуелсіздік алған жиырма бес жылдың ішінде моно-қала түгілі білдей бір облыс орталықтарының атауын қазақ тіліне ауыстыра алмай сорлап келе жатқанымыз жасырын емес. Мұндайда Эмомоли ерледі демеске шараң жоқ.

Ал, біздің елде Павлодар мен Петропавл қаласына қазақша ат беру туралы қоғам белсенділері айта-айта шаршады. Мұның сыртында, жүздеген қала, аудан және шағын елді-мекендер әлі күнге коммунистік кезеңнің сарқыншақ атауларымен аталып келеді. Олырдың бірсыпырасы: Октябрский, Красина, Ахмирова, Самсоновка, Защита, Прохладная, Аблакетка т.с.с. болып мызғымай тұр. Шығыс Қазақстан облысындағы жеті жүзден астам қала, аудан атаулары әлі күнге дейін өзге мемлекеттің тілінде сайрап тұрғаны жасырын емес. Бұл туралы «qazaquni.kz» сайты жазған еді, кезінде. Мысалы, Өскемен қаласындағы 34 ауданның бір де-біреуі қазақша аталмайды. 672 көшенің қазақшасы оншақты ғана…Әлгі тізімге қарасаңыз, Өскеменді Совет өкіметі өмір сүріп жатқан немесе Ресейдің бір пұшпағындағы бір қала ма деп қаласыз. Сөзіміз дәлелді болу үшін санап көрейік: Карл Маркс (2 көше), Киров, Куйбышев, Кутузов (3 көше), Куратов (3көше), Суворов, Степан Разин, Ермак, Фрунзе,Чапаев, Жуков, Свердлов, Дзержинский, Калинин, Микоян, Ворошилов, Р.Люксембург, Клара Цеткина, Крупская, Аврора, Коминтерн, Комсомольский, Октябрьский, Революционный, Советский (3 көше), Правда, Питер коммунарлары, Краснознаменный, Краснодонский, Красногвардейский, Краснофлотский, Краснопартизанский деп қып-қызыл болып, ұзақ-сонар шұбап кете береді. Тіпті Ново-Троицкийге дейін бар. Міне, осындай қалаға (Өскеменге)   Жириновскиий мен Зюгановтар келе қалса, «бұл жерден орыс империясы көшпеген екен ғой» деп жылап жіберіп, қайтпай қоятын шығар… 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір