Жұма, 19 Сәуір 2024
Мәйекті 7832 0 пікір 3 Ақпан, 2016 сағат 09:08

ӘЛЕМДІК ЗИНА КҮНІ «ҚҰТТЫ БОЛСЫН!»

Жүз пайыз қазақтар тұратын ауылдардың намыссыз таксилеріне дейін (қай ағылшынның ризалығын табайын деп жүргенін қайдам?) көліктерінің төбесіне «ТАХІ» деген жазуы бар шәшкі тағып алыпты. 

–  Тахи... Ей, намыссыз, тексіз болсаң, жалпақтап өт өмір бақи!
Төбесіне «жалданатын көлік» деп жазып алса шәшкісімен қоса шашы өртеніп кете ме? Бір таксист:
–  Бүгін клиент көп, неге десең бүгін «Валентина» күні,  – деп, ыржалаң-ыржалаң етеді. Мәз-мейрам, өзін шат-шадыман бақытты сезінеді. Шыдай алмай:
–  Неменеңе жетісіп тұрсың, бауырым-ай! –  дедім.
Дәлелдеп түсіндіруге тырысып-ақ бақтым, қайтейін, өз қолыңды өзің кесесің бе, мәңгүрт жігіт сөз иесі емес, ез иесі болып шықты.

* * *

Әрине, ақылдан жұрдай жігерсіз жігіт пен қансыз қызға асыға күткен қымбат әрі қимас күн! Бұл күн бұрын күнтізбеде жоқ еді. Қашан және қалайша біздің яғни қазақтың күнтізбесіне еніп, тамырын тереңге, кеңге жайып, тапжылмастай орнығып, ойып тұрып орын алған? Бұған кім рұқсат етіп, кім жол берді? Демеушісі кім және кімнің идеологиясы? Мақсаттары не және қорытындысы қандай? Билік, қоғам, зиялылар, намыстылар, ұлтшылдар, қане, қайсы бірің бөгет болып күрес жарияладыңдар? Күрескендерге айтарым – істеріңнің жемісі, күрестеріңнің қорытындысы қане? Тым болмаса саусақпен санап біреуін көрсетші? Ауыз толтырып біреуін айтшы қане? Қолында билігі бар қоғам күш берген «шайтани мейрамды» қарусыз, жаяу, бірен-сараң қара халық тоқтата ала ма? Бір жазбаң мен бір сағат уағызыңа қарсы интернеттің «катюшасы» 24 сағат бойына шаршамастан, үздіксіз сатырлатып тойтарыс беріп тұрған жоқ па? Байлауда тұрған ит, не бос жүрсе де тек сылбыр үрген ит ешкімнің жүрегіне қорқыныш ұялата алмайды. Демек, құр бекер, негізсіз! Біздің мысал мынаған саяды: қолымыздағы бауыр ет баламызды аузынан от шашқан аждаһа еріксіз, жойқын күшпен жұлып алып, жұлмалап шайнауда. Қылқытуға сәл-ақ қалды. Әлсіз құл қызыл қан, тек қана шырылдаған дауысы ғана естіледі. Сәлден соң ол да тоқтамақ! Ал біздің қолдан келетін қайран: «әй, жат, қой, кет, жібер деймін, құтқарыңдар, көмектес» деумен ғана шектелуде. Қазақта: «Мың естігенше бір көр», «мыңның түрін білгенше бірдің атын біл», «мың айтқанша бір істе» деген секілді мақалдар бар. Яғни бізге іс керек. Ал сөз бостандығы шектеулі қоғамда бірнәрсе істеу мүмкін бе?

Турасын айтайын, қақпамыз ашық, сүзгі жоқ. Қанаты ұзын сұрқиялар емін-еркін ағылуда. Қақпа түгілі қақпағымыз ашылып қалған. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей, ашық қалғанға кез-келген бұралқы ит сарып кетті. Былғанған мимен еуропаша ойлай бастадық. Жүн жеп, жабағы тыштық. Харамды – халал, қалғанын – обал қылып алдық. Жастарға бұл мейрамды Валентина қатын жаяулап келіп, қарумен, қорқытып-үркітіп, зорлап бекітіп кеткен жоқ. Бұл – біздің ермелілігіміздің кесірі! Қоғам мен биліктің кейінгі ұрпаққа алаңдамай еркіне тайраңдатқанының жемісі, онымен қоса күреспегенінің белгісі! Бұл кәпірдің, Құдайсыздың мейрамы! Яғни бұл мейрам бізге кәпірлер арқылы келді. Елімізде 130-дың үстінде өзге диаспора өкілдері тұратыны белгілі. Биліктің пайымдауы бойынша бұл мейрамға қарсы шыққаның – еліңдегі 130 өзге диаспораға, оның ұстанымы мен салт-санасына, сеніміне қарсы шыққаның болып есептеледі. Өз қандасымызды қинасақ та «ассамблея» деп өзгелерді асыра сыйламыз. Биліктің бұл мейраммен күреспеуінің салдары да осы, ол бір. Екіншіден, күнтізбедегі 1-қаңтар жаңа жыл бізге үйреншікті мейрам болып қалды. Онымен біз күреспек түгілі жаңалық енгізіп оны дамытумен әлекпіз. Мейрамды шырайландырып, шыршаны шырайналдырып жүргеніміз өтірік пе? Оны біз қалыпты жағдай ретінде қабылдаймыз. Себебі – патшамыздың өзі жаңа жылды шарап құйылған құтымен тілек тілеп тұрып ашып береді. Кейін 8-наурыз, авторы Цеткина. Бұл мейрамды жатырқамай өздеріне етене сіңірсін деп «Аналар, әйелдер, ардақтылар мейрамы» деген жалаумен бетперделеп қойған. Оның шығу тарихын ел әбден біліп болды. Ол да бізге қалыпты жағдай болып қалды. Енді осы екі арадан «Валентина» күні басын қылтитып атып шықты. Яғни «жерден шыққан желім батыр» мейрамы ертеңгі күні әлгі екі мейрам секілді қалыпты жағдайға айналады, айналып та үлгерді. Керісінше енді құлпырып, жайқала бермек.

Біз бұл мейрамға күшіміз келмегені сол, бұны ең болмаса қазақиландырайық деп шулаудамыз. Яғни Валентина күні емес, «Қыз жібек пен Төлеген, Еңлік пен Кебек, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Ләйлі мен Мәжнүн» күні деп атайық деген пәлсәпалар ортаға тасталды. Бұл – сорлы қазақтың, болдық, көндік, бейшарамыз дегенін білдіретін ишара! Бұл мейрам – бізге ың-жыңсыз жымысқы күлкімен күңірене кіріп келді. Оп-оңай ұя салып, жеп-жеңіл жұмыртқалады. Яғни бұлар біздің ең бірінші интернет арқылы санамызды жаулады. Дамыған заманның кері кеткен адамы болып қалдық. Сапасыз адам санасыздан пайда болады. Саф алтынды тот басты деген осы.

Бұл мейрамды жою үшін ендеше не істеу керек? Қандай шара қолданған жөн? Бұл көзге көрініп тұрған дерт емес. Бұл – әркімнің санасына, миына сіңген құрт-кесел! Бұл – ота жасап сылып алып тастауға келмейтін жегіқұрт! Бізге еш білдірмей қалай кіріп келді, дәл солай бізде еш білдірмей ың-жыңсыз қамырдан қыл суырғандай қып бұл мейрамды мидан жәймен суырып шығарып тастауымыз керек. Шын жүректен, електен өткізіп барып құр айқай емес, жанайқайға салуымыз керек. Мейрамымыз аз болып дәл осы мейрамға жерік болып қалдық па? Айналайындар-ай! Олай болса Алланың қалауымен, нәсіп еткен ырыздық-несібесімен, берген денсаулығымен күнде аман-есен тірі жүргендеріңнің өзі мейрам емес пе? Өлсең – қаза, қайғы, жылап-сықтау, жоқтау, қасырет, қаралы күн! Бұл мейрам – жастар жабысып алып айырылмайтындай қандай қасиеттерге ие? А, а, оны бәрі біледі. Бұл жерде мейрамның нәпсі құмарлық дәрежесі бірінші орында тұр. Бұл мейрам – тәтті, шекер жалған сезімдермен безендірілген, жүректі мықты дуалап тұр. Екі сиқыршы бір-біріне ұрланып қарау, нұрланып қылымсу, құмарланып құлшыну, армандап аңсау, тағатсыздана күту, ойлану, толғану, сергелдеңге түсу, мұңаю, ерекше еркелеу, наздану, рахат роман, сағым ішіндегі сағыныш, балауса бақыт, шырын-шәрбат, ынтық бал сезім, сылана сүйісу, балмұздақша еріп қорғасынша балқу, әрі қарай жетінші қатқа көтеріліп шамадан тыс шалқу! Айта берсе көп, міне, осының бәрі жастардың әлсіз буынына қанжар сұғып тұр.

Бұл мейрам – жастарды мәңгілік махабатқа емес, бір күндікке, азғындыққа жетелейді. Бір күнә – бір күнәнің жаршысы! Күнә – күнә тудырады! «Гражданский брак» дегендер – осы мейрамның пісіп жетілген жемісі! Бұл мейрамның тоғыстырар мүйісі – түнгі клубтар, қызтекелер мен еркекшоралардың клубы, зинақор мен жезекшелер үйі, жетімдер үйі мен қарттар үйі, тікенек сыммен қоршалған түрмелер, соңы бақа-шаян, құрт-құмырсқа, абжыландар мекені – қорқынышты суық қабір! Тиын үшін тәнін сатқан қызбен тиын үшін оны тасыған таксидің күнәсі бір. Бұл мейрамды пайдаланып, сылтауратып келіп досы жоқта досының келіншегінің қолынан ұстап, құттықтап, бетінен сүю – харам! Зина жасағанмен тең! Бұл мейраммен бір-бірін құттықтау, гүл сыйлау, СМС хат жазу, ММС сурет жіберу, алдау, арбау – харам! Бұл мейрамға үн қосып, әрлеп, дамытып, жалғастырған, насихаттаған, жыр-шумақ, ән шығарған, қандай да бір өз үлесін қосқан адамның бәрі – күнәһар! Бұл күнді жеңіл ойлайтын, жеңіл жүрістілер, зинақорлық пен жезөкшелікке үміткерлер ғана тағатсыздана күтеді. Бұл мейрам – қорғап алуға, болмаса қандай да бір дәлелдермен ақтап алуға өте лайықсыз! Шоққағардың оққағары болмай-ақ қойыңдар! Сондықтанда, түсіне білген адамға доңыз бен маймылдың харекеті кімге үлгі? Ойланыңдар, бауырлар!

* * *

– Айтпақшы, бұл мейрамның біздің санамызға сіңуіне себеп болған нақты күнәһар ұсталды!
–  Кім ол, айтшы бізге, көрсетші қане, сазайынын тарттырайық!
–  Қолдарыңнан келе ме?
–  Неге келмейді!
–  Ол – ИНТЕРНЕТ!
–  Өй, қойшы, әзілдеп тұрсың ба? Біз шын көріп қалдық қой?
–  Енді, шын емей немене? Қылмыскер ұсталды, енді оны тек қана өлім жазасына кесу керек. Оған басқа жаза қолдану лайықсыз!
–  Қалайша? Интернеттің түбі бар ма еді?
–  Түпсіз терең болса неге кіресіңдер, жалғыз көзді диюдің көзіне неге түсесіңдер!
– Не дейді? Интернеттің де иесі бар ма?
–  Әрине!
— Ол кім?
– Ібіліс шайтан! Әлде шайтанның үстінен арыз жазып оны соттата алмайсыңдар ма? Таныс-тіректері, еруші жамағаттары көп пе? Бір нәрсені ұқ, бауырым! Интернет – ертеңгі күні бір көзді ТАДЖАЛҒА еретін әскерлерін дайындауда. Интернетке байланғаның – осы бастан таджалға әскер болып сайланғаның! Сарбаз болып саналғаның!
–  Оны қалай соттайды, онымен біз қалай күресеміз? Қызық екен, адам көзге көрінбейтін затпен күресе ала ма?
–  Көзге көрінбейтін күнә жасап батпаққа белшелеріңнен батып жатқан жоқсыңдар ма? Әлде жасаған сауаптарыңды қолдарыңмен ұстап көрдіңдер ме? Оны көзге көрінбейтін бір ғана күштің көмегімен ғана жеңуге болады.
–  Ол кім?
–  Ол, Жаратқан иең Алла-Тағала! Әркім Алласын тыңдап, оның көрсеткен жолдарымен жүріп, айтқанын істеп, шайтанға қарсы шықса, әлбетте ібіліс-шайтан жеңіліс табады. Ол үшін билік басындағылардың өзі Құдайын білу керек. Бұл мейрамды жоюдың және бір саяси жолы бар. Оны тек қана «сол майданда қан төгем» деген нағыз сарбаздың өзіне айтам!
–  Ім, енді түсінікті болды.

Валентинаға жол жоқ!

Атаңа нәлет, кәпірдің Валентині!
Күнтізбеге және бір пәле тиді.
Ақылы таяз, жастарымды жастайынан,
Жалған ғашық сезімдермен әлектейді.
Қауқарсыз қоғам, бетсіз билік, заңың әлсіз,
Ал біздің арналарға не жетпейді?
«Махаббат, ғашықтардың мейрамы» деп,
Радио, журнал, теледидар безектейді.
Мектеп пен ата-ана сөзіне ерсең:
«Мейрам ғой, қуаныш қой, дым етпейді,
Әрине жарнаманың салдарынан,
Шайтанның арбауына сын өтпейді.
Бесіктен бүгін шыққан сәби қыздар,
Шыға алмай жалған сезім құрсауынан,
Ертеңіне қоянша көжектейді.
«Одиночный мать» деген орден беріп,
Қоғам оны «мұндай қыздар өжет» дейді.
Некесіз ұл, жетесіз қыз, шата ұрпаққа,
Миларын өзгертсеңде сөз өтпейді.

* * *

Адамзатты тайдыру, күнәһар қып,
Ібілістің, Шайтанның басты арманы.
Валентина – есі кеткен ессіздікі,
Зинақор мен жезөкшенің баспалдағы,

* * *

«Жылына бір келед» деп пайдаланып,
Өзге біреу ғашығын құшайын ба?
Әлде жас, аңғал қызбен, сезімін ұрлап,
Тек уақытша, жылы жаққа ұшайын ба?
Зинаға жол салатын бұл мейрамдар,
Жыл айналып келіп тұрар қыс айында.

* * *

Бұл күні сатылады тауарлары,
Базар, дүкен, көше-көше, әр бір тұста.
Жүрекше, тілек қағаз, аққу мүсін,
Қызықтырып ой салар түрлі нұсқа.
«Қызды тый, 40 үйден» деген қазақ,
Расында да данышпан, неткен ұста!
Қыздың жолы – жіңішке, қылкөпір деп,
Тұсау салып, бекіткен кейбір тұста.
Сондықтанда жастарым, күресіп өт,
Күресіп өл, Валентинмен әрбір қыста!

Тұрар Шапқара, Құлсары қаласы

Abai.kz

0 пікір