Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 6316 0 пікір 3 Ақпан, 2016 сағат 09:16

ДЕПУТАТ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ...

Қазір теледидар тетігін басып қалсақ, газет бетін ашып қалсақ, өзіміз сасып қалатын дәрежеге жеттік. Себебі, еңкейген қариядан бастап бесіктегі балаға дейін, тіпті базарда шемішке, шұлық сатып тұратын әйелдердің өсегі алдағы депутаттық сайлау болып тұр.

Нарқы барда парқы жоқ заманада долларымыз дандайсып, дағдарыстың дауылы қысып тұрған шақта, біздің елде бұл науқанның бәсі қызып-ақ тұр. Жақында жан-жағын нұрландырып жүретін «Нұр Отан» партиясы 127 депутаттықтан дәмелілердің  тізімін ұсыныпты. Охоо, бұл тізімде кім жоқ дейсіз ғой? Шекесі шылқыған шенеуніктен бастап, әнші Қайрат Нұртасың да, спортшы Илья Ильинің мен Серік Сәпиев те, тілінің тікенегі бар Айбек ағам айтқандай «Құдайым бермей кеткір Бердіоңғаров та» бар. Осыларды « елің үшін құрбан болатын кезің келді» деп отыз жетінші жылдағыдай репрессияға шақырсаң, бірде-біреуі келмейді-ау деп ойлайсын кейде.

Жарайды, басында жекеменшік ақылы бар адамда осылар депутат болуға лайықты ма деген орынды сауал туындауы мүмкін. Ел дегенде езіліп, тіліне теріскен шыққанша халықтық мәселені көтеріп жүрген Нұртай Сабильянов пен Бекболат Тілеуханның жөні бір басқа. Ал олимпиада ойындарында 230 келіні көтеріп жүрген Илья Ильин халықтың жүгін көтере алар ма екен? Жириновский сияқтылар жерімізге көз тігіп, ұлтымызды тілдеп жатса, Сәпиев мырза жұдырық ала жүгірер ме екен? Әлде бұлар кез – келген заңды нокаундқа жіберіп , «Ауырмайды жүрек» деп отырыр ма екен?  Ол жағы әзірге белгісіз. Бізге белгілісі онсыз да  мәні кетіп бара жатқан мәжілістің театрға айналатындығы. Енді парламентке су жаңа әртістер келіп, қойылымдары бұрынғыдан да қызықты бола түседі.

Айтпақшы, әлгі тізімнің бел ортасында Арқалықтың абыройлы азаматы Абай Мұқанов та бар екен. Абай ағамның іскерлігін, қамқорлығын халық көріп жүр. Тек «өйтемін, бүйтемін, отқа басты үйтемін» деп хабарсыз кетпейді деп сенеміз. Не дегенмен ұлы ақын атамыздың есімін жамылып жүр ғой. Шынымды айтсам әлгі тізімге қарап отырып, менің де депутат болғым келіп кетті. Неге дейсіз ғой? Себебі, мен де әртіспін. Қайрат Нұртасты басып озбасам да, Сәпиев пен Ильиннің алдын орап кетердей қауқарым бар және оған әртістік қабілетім де жетеді. Егер халық қолдап сайлауға түсіп жатсам, маған дауыс беруді ұмытпаңыздар!

Шыңғыс Кенжалиев

Abai.kz

0 пікір