Жұма, 19 Сәуір 2024
Мәйекті 5804 0 пікір 4 Ақпан, 2016 сағат 09:20

ТОЙ ҺӘМ ШОУ-МӘЖІЛІСКЕ ТАҒЫ КІМДЕР КЕЛЕДІ?

Еліміздегі жетекші саяси құрылым - «Нұр Отан» партиясы парламент мәжілісіне сайлауға 127 кандидаттың тізімін жариялады. Партиялық тізім ығай мен сығайға толы. Жетекші партия тізімінен қазақ еліндегі бүгінгі саяси құрылымның ахуалы мен рухани-моральдық жағдайдың ауанын байқауға болады. Осынау ығай-сығайдың ұлты мен елі үшін «сіңірген» еңбектеріне шолу жасап, қолдан келгенше, қойдың он екі мүшесіндей бұтарлап көрейік.


«Нұр Отан» партиясы тізімінің серкесі - Мемлекеттік хатшы Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА. Бұл кісі әлеуметтік қорғау саласы уәзірінің қатардағы орынбасары, уәзірдің өзі, Президент Әкімшілігіндегі әйелдер ісі комиссиясының жетекшісі болды. Қай қызметінде де қарапайым халыққа жақын жүргенін көргеміз жоқ. Саяси тұлғасы да жарқырап көрінген емес. Көптің ішіндегі күңгірт бейне. Қаңқу сөз «Әбдіхалықованың арбасын көңілі жақын Бердібек Сапарбаев сүйреп жүр» дейді...

Жаңа депутаттыққа бақандай алты өңірдің басшысы ат қосыпты: Алик АЙДАРБАЕВ, Даниал АХМЕТОВ, Сергей КУЛАГИН, Амандық БАТАЛОВ, Бердібек САПАРБАЕВ, Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ.

Маңғыстаудың «мырзасы», мамандығы мұнайшы Алик АЙДАРБАЕВ екпіндеп барып, етпетінен түсті. Батыстың ақ шағылдарының асты қара май болғанымен, үсті үскірік үстірт екен, екінің біріне шағылатын жұмсақ жаңғақ болмай шықты. Жергілікті жұрттың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-сана, әдет-ғұрпы мызғымай қойды, Әлекең құпияның кілтін таба алмады. Бәлкім, керісінше, қара майды сора бермей, әулиелер мекеніне жаңа технологияларды тартып, ауылшаруашылығын мықтап қолға алу керек пе еді, қалай болғанда да, алға басқан қадам кері кете берді... Яғни, нүкте (кнопка) басуға шамасы жетер...

Көштен қалған тайлақтай адасып-аңырап жүрген Даниал АХМЕТОВтің қолына шығыстың тізгіні тигенде, Өскеменді қанша күшенсе де қазақ қыла алмаған Бердібек САПАРБАЕВтан кейін жаңа леп, тың самал есе ме деп дәметтік. Дәмеміз Дәмегүл апамдікіндей болды. Даниал көкемнің «атқан оғы» айдалаға кете берді, дөп тимеді. Ештеңе өзгерте алмады...

Ал, өзін Ақмола өңірінің бақуатты «болысындай» сезінетін Сергей КУЛАГИН баласын астананың әр ауданына әкім қылып ауыстырумен әлек болып жүр. Гу-гуге құлақ салсақ, облыстың орасан жері «болыстың» құзырында көрінеді. Астанаға кім әкім болып келсе де, жердің тарлығынан өңір «болысынан» болысуын өтінеді екен. Кулагиннің есебі түгел, жауабы қысқа: «дашь на дашь...», яғни, «мен саған жер беремін, сен менің баламды әкім қыласың» «Сауда - сақал сипағанша»: Астана әкімі жер алады, Кулагиннің баласы әкім болып барады...

Алматы облысының басшысы Амандық БАТАЛОВ өмірбойы №2 кезектегі адам болып келді. Кенет, ол №1 тұғырға топ ете түскенде, басқа түгілі, өзі сенбеді. Сенім білдірілді, жарлыққа қол қойылды, амал нешік, тырмысу керек. Тырмысып та, тырысып та келеді. 

Ақтөбеге ат жетектеп жеткен Бердібек САПАРБАЕВ жаңа әдіс іздеп әуре-сарсаңға түспеді. Айналасына журналистика факультетінің есігін ашпаған, тіпті, ашса да алған бағасы «үштіктен» аспаған ортанқол, орташа ойлап, орташа жазатын қабілеті кемшін газетшілерді жинап, өзін-өзі мақтатып, ашық пиарға бас салды. Мысалы, айдалада «авариядан» ауыр халде жатқан полицейлердің шырқыраған жанын Сапарбаев «сақтап қалды», жер түбіндегі жат елдің астанасын «білмеген» мұғалимаға Бердібек «сабақ үйретті», орысша сөйлеген қытайлық инвестордың қазақша білмегеніне Сапарбаев «қатты өкпелеп қалды»... т.с.с. Қысқасы, кіндік қаны тамған Қызылордаға басы артық бір қауын екпеген, шөбі шүйгін Шымкенттің шырайын ұқсата алмаған, тоқсан тылсым табиғаты тамсандырған Алтайдың абыройын асыруға шамасы келмеген Бердібек Сапарбаев қалқайған төбесінен жалпайған тақыры басым Ақтөбеде асып-сасып, ақырға құлады... Басшыға қай қылығымен жағатынан құдай білсін, әйтеуір, Сапарбаев барған жерден қап-қап мақтау естігенімен, ілкімді ілгерілеу көрінген жоқ. Бұл сөзімізге данышпан Абайдың азып-тозған туған топырағының адам шошырлық ахуалы куә...

Қос министр астарынан су шыққандай немесе елге еңбегі әсіре өтіп кеткендей депутаттың тыныш өміріне ұмтылыпты: бірі - Қаржы уәзірі Бақыт СҰЛТАНОВ, екіншісі - мәдениетшіл Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.

Ә дегенде, Бақыт СҰЛТАНОВ білімді жігіттей әсер қалдырды. Бірақ, біліктілігін Президент Әкімшілігінің дәліздерінде жоғалтып алған секілді. Әйтпесе, «әкелері» күшігінде талап тастады. Қазір қаржы мен маржаны шатастырып алды...

Ешкімнің көңіліне келмесін, Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫның ХанТәңірі, ең биік шыңы - ректорлық лауазым еді. Көтере алмас белбеуді беліне байлады. «Қабырғалары көрініп, өкпесі өшті». Қазақ хандығының мерейтойы - балабақшадағы ертеңгіліктен алыс кетпеді. Көпсериалы көркемфильм көміліп қалды. Басқасына бас ауыртып қайтеміз...

Сосын, бір шоғыр басқару құрылымдарының функционерлері жалаулатып шықты. Қазақтың бүгінгі экономикасының ауыр жағдайы бұлардың қаншалықты нашар басқарушы екендіктерін дәлелдеп берсе де, шешінгендер судан тайынатын емес. Ахметжан ЕСІМОВ - қазақтың ауылшаруашылығын күйретіп, ең ірі қаламыз Алматыны үйелетті. Еліміздің ерен екі өңірінде, қос облыста экономикалық тұғырнама жасап, нақты жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әл-ауқатына әсер етуге қауқарлары жетпегендер жылы жер, жұмсақ орынға ұмытылып отыр. Ал, ең әлсіз министр болудың «шеберлік сабақтарының» дәріскері Мыңбай ДАРХАНнан, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде жоғары жалақы алуға ғана жараған Қуандық БИШІМБАЕВтан, әйел босандыратын гениколог-дәрігер Зәуреш АМАНЖОЛОВАдан, партия аппаратының «интригаларының маманы» Мұхтар ЕРМАНнан, жылу жинап, жан баққан «Бауыржан» қоғамдық қорының жетекшісі Жұлдыз ОМАРБЕКОВАдан, тележүргізушілер Артур ПЛАТОНОВ мен Майя ВЕРОНСКАЯдан нендей нәтижелі жұмыс күтеміз?!. Бұл ағайындардың өзгелерге қарағанда тәуірлеу атқаратын өздерінің кәсіптерімен айналыса бергені жөн емес пе?!.

Енді әнші-бишілер мен спортшылар Қайрат НҰРТАС, Жанар ДУГАЛОВА, Нұрлан ӘЛІМЖАНОВ, Геннадий ГОЛОВКИН, Илья ИЛЬИН, Серік СӘПИЕВ, Ольга ШИШИГИНА - Мәжілістің онсыз да ойсыраған беделін ойрандап, табытқа тастады...

Мәжілістің V-шақырылымындағы ескі депутаттар (ұзын-ырғасы 30 шақты адам) Зағипа БАЛИЕВА, Мәулен ӘШІМБАЕВ, Қуаныш СҰЛТАНОВ, Гүлжан ҚАРАҒҰСОВА, Майра АЙСИНА, Сергей ДЬЯЧЕНО, Қабиболла ЖАҚЫПОВ, Бақытжан ЕРТАЕВ, Гүлнәр ИХСАНОВА, Мейрам ПІШЕМБАЕВ, Серік СЕЙДУМАНОВтар бұған дейін бүлдіргендері аз болғандай, қайта есік қағып тұр. «Бізді таратыңызшыІ» деп, күні кеше қиылған өздері еді ғой, ұятты ұрлатып алу - ауыр екен...

Сонда үміткерлердің түгелі үмітсіз әрі лайықсыз ба? Жоқ, әрине. Қазақтың қамын айтып, ұлттың ұлықтығын таныған азаматтар жоқ емес. Мысалы, Бекболат ТІЛЕУХАН, Омархан ӨКСІКБАЕВ, Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Бақытбек СМАҒҰЛ, Абай ТАСБОЛАТОВ, Мұхтар ТІНІКЕЕВ...

Елдің заң шығарушы қабырғалы құрылымының - той-Мәжіліске немесе шоу-Мәжіліске айналып бара жатқанын байқаған алыстағы Ғалым БОҚАШ бауырымыз «Фейсбуктегі» парақшасында: «...25 жыл бойы «әуелі - экономика, сосын - саясат» деп келген «дуалы ауыздың» «экономикасы» қайда кетті? Бірінші орынға қойғандағы күйі мынау болса (EIU «Қазақстан 2016 жылы 2.2 пайыз­дық рецессияға кетеді» деп болжады, 1998 жылғы сияқты құлдырау), онда екінші орында тұрғандағы жайы не болар еді? 25 жыл бойы бір сәттік «спецпроектілермен» көз алдаған науқанизм идеологиясынан бас тартып, нақты іспен айналысатын мезгіл баяғыда туғанын айтатын еті тірі бір мүше шығар ма екен?..» - деп жазыпты...

Әй қайдам, күні кеше бүгіннің Бұқарындай болған Әбіш КЕКІЛБАЕВтан қызғанған депутаттығымызды - бүгін колледждің түлегі Қайрат НҰРТАСқа тықпалағандардан татымды ештеңе шыға қоймас?!.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Abai.kz

0 пікір