Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2594 0 пікір 11 Маусым, 2010 сағат 07:26

ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫС, МӘНСІЗ МӘЛІМДЕМЕ

Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының назарына!

«Қазақ әдебиеті» газетінің 2010 жылғы 23-29 сәуірдегі №16(3180) санында шыққан «Жаңа мешіттің көлеңкесі кесенеге түсіп тұр» атты мақала оқырман тарапынан да, осы құрылысқа қатысы бар мүдделі жақтар тарапынан да ерекше «қызығушылыққа» тап болды. Әсіресе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің ресми сайтында «Мәселенің мәнісі» айдарымен «Түркістандағы салынып жатқан мешіт көлеңкесі кесенеге түспейді. Өйткені арасы ат шаптырым» атты мақала жариялап жіберді. Ертесіне тақырып «...арасы едәуір қашық» болып өзгеріпті. Одан кейін «...Өйткені ол қорғау аймағына жатпайды» деп тағы құбылды. Осының өзі «мәселенің мәнісін» мәлімдеп отырған ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбектің ойы онға бөлініп, айтарға аргумент таппай отырғанын көрсеткендей...

Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының назарына!

«Қазақ әдебиеті» газетінің 2010 жылғы 23-29 сәуірдегі №16(3180) санында шыққан «Жаңа мешіттің көлеңкесі кесенеге түсіп тұр» атты мақала оқырман тарапынан да, осы құрылысқа қатысы бар мүдделі жақтар тарапынан да ерекше «қызығушылыққа» тап болды. Әсіресе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің ресми сайтында «Мәселенің мәнісі» айдарымен «Түркістандағы салынып жатқан мешіт көлеңкесі кесенеге түспейді. Өйткені арасы ат шаптырым» атты мақала жариялап жіберді. Ертесіне тақырып «...арасы едәуір қашық» болып өзгеріпті. Одан кейін «...Өйткені ол қорғау аймағына жатпайды» деп тағы құбылды. Осының өзі «мәселенің мәнісін» мәлімдеп отырған ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбектің ойы онға бөлініп, айтарға аргумент таппай отырғанын көрсеткендей...

Мақалада бір ғана мәселе көтерілген болатын: Түркістан қаласында салынып жатқан жаңа мешіт рұқсат етілмеген аймақта, яғни Дүниежүзілік Табиғи және мәдени мұра тізіміне енген теңдессіз сәулет ескерткіші - Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің дәл жанында, көне Яссы шаһарының орнында жүріп жатыр. Мешіт құрылысының өзі және одан кейінгі пайда болатын инфрақұрылымдар тарихи құндылығы өте жоғары көне шаһардың болмыс-бітімін мүлдем жойып жібереді, сонымен бірге ЮНЕСКО талаптары бойынша, қорғауға алынған тарихи ескерткіштің айналасынан (радиусы 1 шақырым) арнайы келісімсіз ешбір құрылыс жүргізуге болмайды. Мұндай рұқсат құрылысты жүргізіп жатқан компанияға берілмеген. Сондықтан, мешіт заңсыз салынуда.

Міне, ҚМДБ баспасөз хатшысы осы бір айдан анық нәрсені бұрмалап, тонын теріс айналдырып, «сенсация» қуған баспасөз үшін іздегенге сұраған тақырып» деген баға беріпті. Сонда рухани тұрғыдан да, сәулеттік көркемдігі жағынан да аса құнды болып саналатын мәдени мұрамызды сақтап қалу жолында мақала жариялаған «Қазақ әдебиеті» газеті, «Абай.кz» сайты және «Үш қиян» басылымдары «сенсация» қуған баспасөз болып шыққаны ма? ҚМДБ хатшысы Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы Заңына назар да аудармай, ұлттық құндылықтарға жаны ауырмайтындығын былай қойғанда, орынды мәселе көтеріп, оқырманға ой салған ақпарат құралдарына жала жауып отыр ғой!

Оңғар қажының мақаласы Түркия Республикасының қазақ халқына сыйға тартып отырған мешіт құрылысына әлдебір қараниеттілер қиянат жасап, мешіт салынып бітуге қалғанда әдейі орынсыз жерден дау көтеріп отырғандай әсерде қалдырады. «Соншама үлкен құрылыстың заңдық кем-кетігі болса, мұны көзден таса етпей күнделікті жіті бақылап, қадағалайтын көзі қырағы шенеуніктеріміз бұған дейін ай қарап отырғаны ма? Қазақ мұндайда «ақсақ қой түстен кейін маңырайды» демеуші ме еді?» деп сілтейді Оңғар қажы.

 

Рұқсатты кім беруі керек еді?

«Мешіт құрылысы Әзірет сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайын қорғау аумағына іргелес болғандықтан Мәдениет министрлігінің рұқсат-келісімі қажет екен. Кезінде алынбаған». Оңғар қажының өзі мұны мойындайды. Бірақ оны болмашы бір қағазбастылық кедергіге балап, «Жалпы, мешіт салынатын орын үшін кезінде Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің келісімі алынбаған. ...министрлік тарапынан келісімнің берілгені жөн деп санаймыз» деп талап қоя сөйлейді.

Қайталап айтайық, мешіт құрылысы ҚР Мәдениет министрлігінің құзырындағы қорғау аймағына (яғни олардың рұқсат-келісімінсіз сынық кірпіш тұрғызуға болмайтын аймақта) жоспарланғандықтан, бірден-ақ министрлікке хабарлануы, тиісті келісімі алынуы тиіс болатын. Ол жөнінде құрылысшылар немесе жер телімін берушілер білмей қалды деу де қате. Тайға таңба басқандай қылып бірнеше рет ескертілген.

ОҚО Мәдениет басқармасының бастығы А.Ниязов 2009 жылдың 24 маусым күні №806 Нұсқаухатында (предписание) Түркістан қаласының әкімі Б.Сыздықовқа «Облыстық мәдениет басқармасы Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы Заңының 19, 30, 33, 35, 37, 39 баптарын басшылыққа ала отырып, Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының қорғауға алынған табиғи ландшафт аймағында 2000 орындық мұсылман мешітінің барлық құрылыс жұмысын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрылыс жобасымен келісімі алынғанға дейін тоқтатуды талап етеді» делінген. Бұл нұсқау орындалмаған жағдайда жауапты тұлғалар заңда көрсетілгендей әкімшілік құқықбұзушылық тәртіпке тартылатыны да ескертілген.

Ол аз десеңіз, 2009 жылдың 25 тамызында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің директоры М.Садықбеков те Түркістан қаласының әкімі Қ.Молдасейітовке №245 Қызмет хатын жолдаған: «Қала әкімдігінің жоспары бойынша «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайына қарасты «Әулие Құмшық ата» жер асты мешітінің жанынан заңсыз құрылыс нысандары салынуда. ...Жалпы аталмыш жер аймағы жыл сайын археологиялық зерттеу жүргізіліп тұратын тұнып тұрған мәдени қабат болып саналады. ...«Әзірет Сұлтан» қорық мұражайына қарасты тарихи мәдени мұра объектілерінің айналасындағы қорғау аймағы арнайы белгілермен белгіленгеніне қарамастан төмендегіше заңсыздықтар орын алуда:

1. Құрылыс нысандарын салу жұмыстары «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының келісімінсіз жүргізілуде.

2. Осының себебінен тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау аймағына қатысты шекаралық арақашықтық заң талабы бойынша сақталмай отыр.

3. Қорық-мұражай жоспарлаған археологиялық қазбалар жүретін қорғау аймағының маңызды тұстары ауыр жүк машиналарының құрылыс материалдарын тасу салдарынан зиян шегіп отыр.

4. Қалалық сәулет мекемесінің жоспары бойынша тұрғын үйлерге баратын жол «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының қорғау аймағының бел ортасынан өтеді деп жоспарланған.

Осы көрсетілген заңсыздықтардың тоқтатылуына ықпал етуіңізді сұраймын».

Міне, осындай нақты талаптардың бір де бірі құлаққа ілінбей, құрылыс жалғаса берген! Бұл нені көрсетеді?! Яғни, мәселенің дәл осылай тығырыққа тірелуіне Түркістан қаласының әкімдігі мен құрылыс жүргізуші фирманың өздері кінәлі! Маңызды мәселеге министр Мұхтар Құл-Мұхамедтің өзі араласып, «Министрліктің көзқарасы бойынша уәкілетті органның рұқсатынсыз басталып кеткен Мешіттің құрылысы тоқтатылып, басқа жерге көшірілгені жөн» («Қазақ әдебиеті» газеті, №20(3180), 21.05.2010 жыл) деген байламы жарияланғаннан кейін ғана осы кезге дейін заңды талаптарды белден басып, өзімбілемдікпен қимылдағандардың байбаламы басталған...

Оңғар қажының орынсыз уәждері

«Мешіт құрылысы үшін тиісті жер телімін қаланың бұрынғы әкімі Ә.Бектаев бөлді. Ондағы қойылған бір ғана талап: «...мешіттің биіктігі Қ.А.Йасауи кесенесінен биік болмауы тиіс» дейді Оңғар Өмірбек. Біріншіден, қаланың бұрынғы әкімі Ә.Бектаев мешіт салынатын жер телімін уәкілетті орган Мәдениет министрлігінің рұқсатынсыз бөлген. Екіншіден, құрылысқа бір ғана талап емес, заң шеңберінде бірнеше талап қойылған болатын.

«Ал құрылыстың алдында сол орынға «Түркістан археологиялық қызмет» ЖШС-ы жарамды деп шешім шығарды» дейді Оңғар Өмірбек. Бұл да оқырманды адастыру. Өйткені, археологиялық зерттеу жүргізуге құқылы мекеме құрылыс салынатын орында археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін, ол жерге құрылыс салуға болады не болмаса болмайды деген түбегейлі шешім шығара алмайды. Тек қана уәкілетті органға археологиялық қазба жұмыстарының қорытындысын өткізіп, (бұл салада уәкілетті орган Мәдениет министрлігі болып белгіленген) өз ұсынысын енгізеді. Алайда, Мәдениет министрінің «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған хатында көрсетілгендей, мешіт құрылысымен танысқан комиссия шығарған қорытынды негізінде «Түркістан археологиялық қызмет» ЖШС жүргізген археологиялық жұмыстардың дұрыс жүргізілмегені және қорытындысы бұрмаланып берілгені анықталды. Осының салдарынан «Түркістан археологиялық қызмет» ЖШС-не археология жұмыстарын жүргізу үшін алуға тиісті кезекті лицензиясы Мәдениет комитеті тарапынан берілмей тасталған.

«Түркістан археологиялық қызмет» ЖШС атынан археология жұмыстарын жүргізген М.Тұяқбаев мырзаға арнайы жолыққанымызда, оның құрылысқа түбегейлі қарсы екенін білдік.

«Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Казреставрация» мекемесі тарапынан мешіттің орналасатын жері талқыланып, тиісті мамандардың қатысуымен нақтыланған және келісілген» дейді Оңғар Өмірбек. «Қазреставрация» Мәдениет министрлігіне бағынысты болғанмен, министрлік атынан рұқсат бере алмайтынын ескеру қажет.

«Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Б.Жалмұрзаевтың Дін комитеті төрағасының атына жолдаған қатынас қағазында дәйекті түрде баяндалған» дейді Оңғар Өмірбек. Бір қызығы, мәселеге тікелей қатысы жоқ Ішкі саясат басқармасы мен Дін комитеті жөнсіз араласып отыр. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы С.Сүгірбаевтың «Грин Тек Контракшн» ЖШС-ға жазған хаты бар, облыстық Мәдениет басқармасының Түркістан қаласы әкіміне жазған хаты бар, осының бәрі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің өзара қарама қайшы, қос пікір ұстанып отырғанын көрсетпей ме? Әлде ОҚО әкімдігінің кез-келген қызметкері өзінше шешім қабылдай бере ме? Әйтпесе, жер бөлу мәселесімен Облыстың Жер қатынастары басқармасы, ал тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселесі бойынша мәдениет басқармасы мен Мәдениет министрлігі айналысуға құзыретті екенін ескерсек, бұл жерде Ішкі саясат басқармасы неге килігіп отыр? Әлде, зайырлы мемлекетте Үкімет құзырынан тыс діни ұйымның жұмысына мемлекеттік органдар араласып, олармен бірлесіп жұмыс істеу керек деген өзінше шығарған заңдары бар ма?

 

 

 

 

Түрік ағайындардың кесенеге қамқорлығы хақында

Оңғар Өмірбек өз мақаласында «Бұл кесенеге әсіресе анажұрт (анадолы) аталатын түрік ағайындардың ықыласы мен қамқорлығы ерекше. 90-шы жылдардың басынан кесенені қайта қалпына келтіру іс-шараларын жүзеге асырды» дейді. Өткенді қазбалап, өнбес дау көтермек ойымыз жоқ, бірақ сөз реті келгесін айта кетейік: дәл сол түрік ағайындардың «қайта қалпына келтіру іс-шараларынан» кейін Қожа Ахмет Ясауи кесенесін неше жылдан бері қалпына келтіре алмай жатырмыз ғой! Ұлттық құндылықтарға келгенде үнемі салғырт қарайтын ҚМДБ әсіресе Ясауи кесенесі төңірегінде 20 жыл бойы орын алған оқиғалардан хабарсыз болғаны ма?!. Тіпті, Елбасының қолдауымен өмірге келген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңғырту жұмыстарының екінші мәрте жүргізіліп жатқандығын да білмеген-ау. Әйтпесе, Оңғар Өмірбек мырза өзі жанашыр деп көрсеткен түрік бауырлардың 1993 жылдан 2000 жылға дейін Ясауи кесенесіне жасаған реставрация жұмыстарының толықтай қате жүргізілуі салдарынан ортағасырлық кесене құлаудың аз-ақ алдында қалғанын, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2007 жылы 43 млн, 2008 жылы 54 млн, 2009 жылы 54 млн, 2010 жылы 66 млн теңге (алдағы жылдарға да қарастырылған) шамасында республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, реставрация жұмыстары қайта жасалынып жатқанын, сондай-ақ кесене маңына жерленген қазақтың хандары мен би, батырларының сүйектерін біржолата сүріп тастағанын білсе, бұл сөзді айтпас еді ғой!

Жалпы, осының бәрін ой елегінен өткізгенде «түрік ағайындар Ясауи кесенесіне енді бір қамқорлық көрсетер болса, ортағасырлық тарихи жәдігерден біржола айрылып тынатын шығармыз!» деген суық ой келетіні рас. Әйтпесе, өз еліндегі тарихи құндылықтарды сақтап, насихаттауда ешкімнен ақыл сұрай қоймайтын түрік бауырлардың қазақтың маңдайына біткен жалғыз жәдігерін айналшықтап шықпай қоюын қалай түсінеміз?!

 

Елбасын алға тарту

Бізде соңғы кезде өз мүддесін, өз көзқарасын Елбасының атынан тықпалап, қарсыластарын ықтырып алу әдісі кең қолданылатын болды. Оңғар қажы да өз мақаласында «Мешіттің жобасын Елбасы көріп, мақұлдады» деп шалқаяды.

Шындығында, жаңа мешіттің құрылыс құжаттарымен танысқаннан кейін анықталған бір мәселе, Діни басқарма тарапынан да, ОҚО әкімдігі тарапынан да Елбасы мақұлдаған деген пікір босқа жалаулатылып жүргені белгілі болды. Біріншіден, екі ел президенттері қойған символикалық тас кесененің дәл алдына орнатылған. Бұл екі ел басшыларының мешітті осы жерге салыңдар деген нұсқауы емес. Бұл екі елдің достығын таныту саясатымен қойылған символика.

Екіншіден, Елбасының қағаз жүзінде қазіргі мешіт салынып жатқан жерге рұқсат берілсін деген ешқандай нұсқауы жоқ болып шықты. Ал, мешіттің өз эскизіне қойған қолы бар. Алайда, ол салынатын жеріне емес, Мешіттің сәулеттік шешіміне, нұсқасына ғана берілген қолдау.

Тіпті ҚМДБ төрағасы Әбсаттар Дербісалы да Түркістан қаласының әкімі Әли Бектаевқа жазған 2008 жылғы 12 наурыздағы № 20/101 хатында, «Қазақстан, Түркия президенттері арасында болған келісімге орай Түркия тарапынан рухани астанамызда заман талабына сай мешіт салу қолға алынды. Осыған орай бұрын белгіленген жерге жақын маңнан мешіт кешені үшін жер бөлуін» сұраған. Яғни, Бас Мүфти де дәл осы жерді сұрамаған. Алайда, Ә.Бектаевтың Кесененің маңынан, ортағасырлық Түркістан қаласының рабатынан жер бөлуге осыншама құмар болғаны түсініксіз.

Үстіміздегі жылы Елбасы Үкіметке сөйлеген сөздерінің бірінде «Өзін енді бітпеген құрылыс кешендерінің ашылу салтанатына араластырмауды» өтінген болатын. Осыған қарамастан Оңтүстік Қазақстан облысындағы жергілікті баспасөз өкілдері осы заңсыз салынып жатқан мешітке Абдулла Гүл мен Н.Назарбаев келетінін жарыса айтып жатты. Бұл ақпаратты таратқан кім деген заңды сауал туады.

 

Байбаламның жөні жоқ

Оңғар қажының ҚМДБ атынан халыққа таратып отырған мәлімдемесіне қарағанда, қазіргі мешіт құрылысын жүргізіп жатқан тараптың заң талаптарын орындауға ықыласы да, құлқы да жоқ. «Негізгі құрылыстың 70 пайызы аяқталған. Расында да бұл біздің елдігімізге де, ұлтымызға да үлкен сын. Соншама үлкен құрылыстың заңдық кем-кетігі болды делік, мұны бақылаушы, қадағалаушы бүгінгі күні көреқалғыш, білеқалғыш, сезеқалғыш шенеуніктеріміздің бұған дейін ай қарап отырғаны ма? Әлде әдейі, қасақан істеп отыр ма?» деп риторикалық сауал тастайды Оңғар қажы. ҚМДБ-ның білдей баспасөз хатшысы Оңғар Өмірбек мырза ресми мәлімдемесінің алғашқы нұсқасында «мешіт құрылысының 85 пайызы аяқталып еді» деп те соққан. Шындығында небәрі фундаменті мен бірді-екілі бағаны ғана салынған мешіт құрылысын зорайтып көрсетіп, аянышты ахуал туғызбақ-ау шамасы. Сонда, тарихи-мәдени мұралар мен құрылыс саласына қатысты ҚР бірқатар заңнамаларына қарсы жұмыс жүргізіп отырғанына қарамастан, қоғамдық пікір қалыптастыра отырып, бұлар мешіт құрылысын қайта жалғастырғысы келе ме? Оның үстіне көне мұраға жанашырлық танытып отырған Мәдениет министрлігін қаралау да ҚМДБ-ның мәлімдемесінде қатар жүріп жатыр!

Асылы, бұл жерде байбаламның жөні жоқ. Екі елдің достығындай, имандылық ұясындай болар мешіт салынсын, оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Бірақ, қазақ халқының ғана емес, тұтас түркі жұртының қасиетті топырақ - Яссы шаһарының табаны да вандализмнен аман қалуы керек! Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы мешіт құрылысына жер телімін заңсыз берген, заңсыз құрылыс жұмыстарын жүргізіп, тарихи құндылықтардың бүлініп, жойылуына жеткізген әрекеттердің айыпкерлерін тезірек табады деген үміттеміз.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

 

0 пікір