Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 10165 0 пікір 11 Маусым, 2010 сағат 07:22

КИІЗ ҮЙ

Киіз үй (оның құрылымы, ішкі безендірілуі). Қырғыз-қайcақтардың үйі оның көшпелі өміріне ыңғайлы: орташа көлем мен салмақтағы киіз үйді бір түйеге артуға болады. Ол керегелерден, жіңішке уықтар мен бірнеше киіз жабдықтардан тұрады. Біріншісі үйдің негізі, ал екіншісі суық пен аяздан қорғайды. Киіз үйдің ағаш құрамы үш бөліктен тұрады: кереге, уық және шаңырақ. Төменгі бөлік немесе кереге - түйіскен жерлері қайыспен байланған, көшуге киіз үйді жыққанда жеңіл жиналып, тіккенде керілетін торкөз ағаштар. Киіз үйдің көлемі екіден сегіз керегеге дейін барады, оларды біріктіре байлағанда қанат деп аталады.

Уықтар немесе иілген үшкір ағаштар киіз үйдің күмбезін құрайды, олардың төменгі жағы керегеге байланады, ал жоғарғы үшкір жағы киіз үйдің төбесі - шаңырақтың жанынан жасалған тесіктерге енгізіледі.

Шаңырақ деп бірнеше доға етіп иіліп, көлденең шыбықтармен бекітілген ағаш дөңгелекті айтады. Ол киіз үйдің жарық кіретін және түтін шығатын тесік қызметін атқарады. Ол қажетінше ашылып немесе қымталып отыратын киіз түндікпен жабылады.

Киіз үй (оның құрылымы, ішкі безендірілуі). Қырғыз-қайcақтардың үйі оның көшпелі өміріне ыңғайлы: орташа көлем мен салмақтағы киіз үйді бір түйеге артуға болады. Ол керегелерден, жіңішке уықтар мен бірнеше киіз жабдықтардан тұрады. Біріншісі үйдің негізі, ал екіншісі суық пен аяздан қорғайды. Киіз үйдің ағаш құрамы үш бөліктен тұрады: кереге, уық және шаңырақ. Төменгі бөлік немесе кереге - түйіскен жерлері қайыспен байланған, көшуге киіз үйді жыққанда жеңіл жиналып, тіккенде керілетін торкөз ағаштар. Киіз үйдің көлемі екіден сегіз керегеге дейін барады, оларды біріктіре байлағанда қанат деп аталады.

Уықтар немесе иілген үшкір ағаштар киіз үйдің күмбезін құрайды, олардың төменгі жағы керегеге байланады, ал жоғарғы үшкір жағы киіз үйдің төбесі - шаңырақтың жанынан жасалған тесіктерге енгізіледі.

Шаңырақ деп бірнеше доға етіп иіліп, көлденең шыбықтармен бекітілген ағаш дөңгелекті айтады. Ол киіз үйдің жарық кіретін және түтін шығатын тесік қызметін атқарады. Ол қажетінше ашылып немесе қымталып отыратын киіз түндікпен жабылады.

Киіз үйдің сыртына жабатын киіздің түрлері әрқалай, сондықтан атаулары да әртүрлі. Керегені жабатын төмендегі киіздер туырлық деп аталады, уықтың үстіне жататын киіздер үзік, ал шаңыраққа жабылатын төртбұрышты киіз түндік деп аталады. Жаңбырлы күні киіз үйден түтін шығу үшін түндікті бақанмен, яғни сырғауылдан жасалған ұзын сырық ағашқа, оның бір бұрышын іштен іліп, желді қалқалап, ық жасап көтереді. Астарына тоқылған ши салынған шағын ұзындау киіз есікті жауып тұрады. Үй жылы болу үшін кереге мен туырлықтың арасына түрлі-түсті жүнмен тоқылған ши ұстайды.

Киіз үйді тігу - қайсақ әйелдерінің ісі. Оны тігу қиын емес: керегені байлап, шаңырақты уықпен көтереді, сыртынан киіз жабады, екі арқанмен бастырып, керегенің шетіне есікті байлайды - бар жұмыс осы.

Киіздердің шеті тарқатылып кетпес үшін жиектеледі, яғни, тоқылған жіппен көмкеріледі, ал үзіктің төменгі шеті - ерекше мықты жіппен, кейде мауытымен тігіліп, әр түрлі ою-өрнекпен көмкеріледі, осылармен бірге үзікті киіз үйдің ағашына мықтап бекітетін қызыл жүннен тоқылған басқұр кигізіледі. Кейде есіктің жақтауы екі жағынан сүйектен ойып жасалған бейнелермен немесе қаңылтырға бастырған әшекейлермен өрнектеледі. Бай қайсақтар киіз үйдің ішін ташкенттік жібекпен безендіреді; мұндай таза, әдемі киіз үйлер әдетте ұзатылатын қызға жасау ретінде беріледі, оны отау деп атайды, оларды қыста ыстанып кетпес үшін құрмайды, тек жазда ғана, оның өзінде аса сыйлы қонақтар келгенде көруге болады. Мұндай ерекше киіз үйдің орташа бағасы 200-400 қойға тең. Ақ киіз өзге түстерге қарағанда артық саналады.

Кереге, уық, шаңырақ қайнатылған жосамен боялады. Боранды күндері жел жығып кетпес үшін шаңыраққа үйдің ішінен ұзын таяқтар тіреледі. Олар бақан деп аталады.

Енді киіз үйдің ішіне үңілейік. Ерлі-зайыптылардың төсегі есіктің оң жағында немесе есікке қарама-қарсы орнатылады, барлық дүние-мүлік кілемде немесе орыстың қызыл сандығының үстіне төсектің оң жағына жиналады, сыйлы қонақ келгенде, үстіне үлкен жібек кілем жабады. Құрметті қонақтарды отырғызатын орын төсектің бас жағы тұсында.

Қымыз құйылған саба мен оны пісуге арналған піспек, яғни таяқ алысырақ, төсектің аяқ жағына орналасады; ыдыс-аяқтар оң жақта жеке қойылып, беті шимен қалқаланады. Қару-жарақ төсектің үстіне ілінеді. Әсіресе, күз айларында шаңыраққа сүрлеуге қойылған жылқы еті, қазы, қой етін көре аласыз (олар туралы кейінірек айтамыз) сонымен бірге, қымызға арналған жаңа торсықтар, көнектер, майға арналған үрленген қарын мен айран құятын терілер болады.

Керегеден орыстың мыс легені мен оған ыңғайсыз бекітілген темір шығыршықты, уыққа ілінген қамшы мен ожауды көруге болады. Тұрмысы қарапайым және кедей қырғыздардың киіз үйі тіптен ретсіз: онда қонақтарға арналған құрметті орын жоқ, оны дәулетті қазақтың үйіндегідей байқай алмайсыз. Жерге киіз төселген, ал төрде киіз үстіне төселген кілем жоқ. Кедейдің үйінде барлық жерде қалай болса, солай - түтіннен қарайып кеткен шаңырақтан бастап, үнемі жаққан оттан күйіп кеткен ошақ орнына дейін салақтық байқалады.

Киіз үйді толықтыруға өзінің әдеттегі орны от жанатын жерден ешқашан түспейтін шайға арналған шәйнек немесе дәрет алуға арналған құман.

Қырғыз-қайcақтарда қос немесе жұлым үй деп аталатын тағы бір киіз үй түрі бар. Оны жылқышылар немесе жорық кезінде қолданады, мұндайда ол атқа артылады. Қостар аз кездеседі, егер ауылда кейде қос кездессе, ол саудагердікі болуы мүмкін. Қостың киіз үйден ерекшелігі - уықтары тік және шаңырағы болмайды, төбесі үшбұрыштанып бітеді, уықтың төменгі жақтары жіп орнына ілмегі болады, ол керегенің басына кигізіле салынады, қостың керегесі екеуден аспайды.

Қосты керуенмен жүргенде өте ыңғайлы деп санаған саудагерлер қолданады.

Киіз үйдің қалмақ үй деп аталатын үшінші түрі бар. Атауынан көрініп тұрғандай, бұл үй қалмақ торғауыттардан келген. Бұл қалмақ үй немесе торғауыт үй қайсақ киіз үйінен уықтарының ұзындығымен және аз иілгендігімен, шаңырағы бестен төрт бөліктен көп еместігі-мен ерекшеленеді және бұл киіз үй көбінесе конус пішінде болады.

 

ҚЫРҒЫЗ-ҚАЙСАҚ МОЛАСЫ ЖӘНЕ

ЖАЛПЫ КӨНЕ КЕЗЕҢ ТУРАЛЫ

 

Даланың барлық жерінде көптеген көне және жаңа молалар, қорғандар мен үйінділер шашырап жатыр. Бұл мылқау ескерткіштер қайсақ өмірінде тарихи тұрғыдан гөрі географиялық тұрғыдан маңыздырақ, себебі жерленгендердің аты-жөні халықтың есінде мәңгі-бақи қалады да, қайсақ өзінің жолын, бағытын осы молаларға қарап бағдарлайды.

Мола1 - нақты тұжырымдамасы жоқ атау, бұл сөздің аясына көне және жаңа зираттар да енеді, бірақ көбіне мола деп қарапайым, жай үйілген топырақ, тас үйінді немесе балшықтан иленген сиықсыз ескерткішті атайды. Жаңа молалар ескілерден осындай қарапайымдылығымен, сиықсыздығымен ерекшеленеді, тек біразын, мәселен, Құлан ханның2 моласын, Сүйік3 пен Әбілқайыр ханның моласын4 (Кіші жүз) бұл санатқа қоспау керек.

Мола салатын материалдар да өзіндік ерекшелікке ие, тек (Ташкенттен келген) шалақазақтардың5 моласы басқаша болады. Қайсақтардың моласынан оның талғамы мен сәулеті, ойма және көркемсурет өнері көрініс табады.

Жаңа молалар негізінен екі түрлі болып келеді: жеке және қорған тәріздес6, соңғы мола ташкенттік қорғандарға ұқсас, яғни сыртқы травеспен7 бекітілген есігі батысқа қараған бекініс.

Жалпы мұндай мола барлық жағы отыз сажынға, биіктігі алты не жеті аршынға тең, қабырғасының қалыңдығы сегіз вершок*1 төртбұрыш құрайды, бірақ олардың кейбірінің көлемді болатыны соншалық, жүзге жуық адам шабуылдан қорғанса, сыйып кетуі мүмкін. Бұл қорғандарды беріктігі жағынан ташкенттік бекіністермен ұқсастыра отырып, шалақазақтардікі деп айтқан жөн.

Бұл пішін басқаларға қарағанда қайсаққа көбірек ұнайды, себебі оның көлемділігі заттың ұлықтығының бірінші шарты, сондықтан осындай молалар маңызды әрі дәулетті қырғыз-қайcақтардың мәйітіне салынады. Мұндай молалар Семейдегі татар зиратында бар, қырда Үлкен және Кіші Алатау етегінде, Ұлы жүзде кездеседі.

Ұлы жүз Шу өзенінің арғы бетіне көшіп, Ташкентпен мықты байланыста болған, сондықтан бұл пішіннің де солардан келуі мүмкін және алғашқыда шеберлер сол жақтан шақырылған.

Мен Ұлы жүзде кездестірген ең үлкен осындай мола Талғар өзенінде, Қашғар керуен жолы бойында Құлан ханға арнап тұрғызылған. Бұл мола екі бөліктен тұрады: қоршауы және мазардың өзі. Қоршау қорған тәрізді*2, бұрыштарында мұнарасы бар және есіктері қарапайым әшекейленген. Мазар қоршаудың ішінде және төртбұрыш тұғырға орнатылған күмбез*3 пішінінде. Бұл моланың үлкендігі соншалық, оған барлық хан ұрпағы сыйып кетер еді.

Дәрежесі төмен адамдардың молалары бір-біріне ұқсас, конус немесе төртбұрышты пирамида сияқты, кейде төбесіне бірдеме шаншылып қойылады немесе пирамида түрінде баспалдақтар жасалып, үзік сызықтармен әшекейленеді, былайша айтқанда, молалардың түрі сансыз.

Құрылысқа арналған негізгі материал топырақ. Мұнда ол көп қолданылатын материал деуге тұрарлық. Көптеген молалар алдымен топырақтан тұрғызылып, сыртынан балшық жағылып немесе күйдірілмеген кірпішпен қаланады. Қазақтар бұл өнерді қайдан үйренгені белгісіз, бірақ күйдірілген кірпіш далада сирек деуге болмайды және ол көне құрылыстарда жиі кездеседі.

Қайсақ кірпіші балшығының мықтылығымен және тегістел-мегендігімен ерекшеленеді; ол өте жұқа және әртүрлі пішінде, қажетіне қарай дөңгелек [құрылысқа] - дөңгеленген, пирамида үшін төртбұрышты және тіктөртбұрышты. Мен Сұлтан Сүйік моласының қирандысы жанынан кірпіш күйдіретін бір ташкенттік қолынан шыққан пештерді көрдім. Бұл пештер орыс пешінен еш кем емес.

Қорған тәріздес молалар үнемі шикі кірпіштен жасалады, Ташкенттегі нағыз қорғандар сияқты балшықтан иленбейді. Өңделмеген таспен, ұсақ таспен шағын және елеусіз молалар қаланады. Мәселен, Сүйіктің моласы қасында бұзылған мазар басып қалған бірнешеуі болды. Олар жай ғана топырақ үйіліп, ұсақ таспен жабылған. Қозы Көрпештің маңында да осындай молалар көп. Олардың қатарына бекініс пен өзенге есімі берілген Қапал батырдың моласы жатыр. Ағаштан жасалған мола өте сирек кездеседі. Мен мұндайдың тек біреуін ғана көрдім: ол жіңішке терек ағашынан жоғарыға қарай үшкілдене қаланған екен.

Ұлы жүздегі Сүйіктің моласын (Абылайдың ұлы) жоғарыда айтылғандай, ташкенттік шалақазақ қалаған. Төртбұрышты бөлмені күмбез жауып тұруы керек болған, оның биіктігі он бес аршын шамасында; шамасы, шалақазақ күмбездің қалай жабылып жатқанын көріп тұрған, оны бітіріп үлгермей құрылыс құлап, шебер мен тоғыз жұмысшы қайсақты басып қалған. Сүйіктің ұлы Барақ аман қалған. 1853 жылы құлаған бұл моланың қирандысы Қаратал өзенінен он шақырым жерде Боранай тауының етегінде жатыр.

Абылай хан Әзірет сұлтанда жерленген.

Әбілқайыр ханның моласы (Кіші жүз) Торғайға оң тараптан құятын Үлкейек өзенінде. Оны Рычков 1771 жылы қалмақтар қашқан кезде сипаттап жазған. Біз оның сипаттамасын энциклопедиялық лексиконынан (бірінші том, 54 бет) келтіреміз: «Әбілқайырдың ескерткіші сұр кірпіштен қаланып, жартылай дөңгелектене біткен конус тәріздес. Оның биіктігі төрт аршын, көлденеңі үш аршын. Жартылай шардың басына әдет бойынша түрлі шүберектер, қасық, тостаған, жылқы құйрығы байланған найза мен бидай бумасы шаншылған».

Осы моланың сипаттамасына қарап мен Ұлы жүзде осыған ұқсас екі моланы кезіктірдім, сыртқы жобасына қарап бұлар Аташ батыр мен Байғазыныкі деп мөлшерлеуге болар.

Екеуінің де төртбұрыш іргетасына готика үлгісіндегі жартышарлар қойылған; шардың іші бос және бүйірінде саңылау бар: іргетасқа жақын екі үлкен тесік, біреуі терезе орнына қойылған шағын; күмбезге көтерілу үшін бір жағынан баспалдақ жасалған. Оңтүстік жағынан негізгі құрылысқа жапсарлас шағын қабырғалы орын қоршалған. Бұл шамасы дүние салған соң батырлардың жанынан орын тебетін туыстарына арналса керек. Байғазы моласының текшелі іргетасының іші қуыс және ескерткішті айнала топырақ дуалмен қоршалған зиратты айналдыра ормансыз ашық далаға әдемі жасыл көрік беретін тал ағаштары отырғызылған. Екеуінің де күмбезіне аттың қылы байланған найза қадалған.

Молалар үнемі биік жерлерге, керуен немесе көш жолдарына және өзен-көлдердің маңына қойылады. Мұндағы мақсат - өткен-кеткендер марқұмның рухына арнап дұға жасасын деген тілектен туған.

Көне ескерткіштер пішіндерінің әртүрлілігімен, материалының жақсы өңделуімен, мықты күмбезімен және қосымша ойма өрнектерімен ерекшеленеді. Жанынан өткен саяхатшы өз жазбасына бұл құрылыстар жабайы емес, білімді халықтың туындысы екенін жазады. Бірақ осы далада білім қашан гүлденген? Бұл істі тарихи шындық қаншалықты мүмкіндік береді, соншалықты түсіндіруге тырысамын.

Біріншіден, көне молалардың қарапайымдылығы мен өнер түріне қарай екі топқа бөлінетінен ескерту керек: халық моласы (үйінділер) және құрметті адамдар моласы (мазарлар).

Қазақ мазарларының түрлері

 

Бұл жер, біздің даламыз монғолдар кезеңіне дейін түркі тектес халықтардың отаны болды; өз әкесіне қарсы күресте Оғыз ханды қорғаған төрт тайпа: ұйғыр, қалаж, қаңлы және қарлұқтар түркі одағының негізін құрады. Шығу тегі басқа, бірақ түркіше сөйлеп, түркілердің ғұрпын ұстанған халықтар да болды. Олар - бұлғар, хазар, башқұрт, мадиярлар. Монғолдардың шабуылы бұл елдің тұрғындарын мүлдем өзгертіп жіберді, тайпалардың атаулары жоғалды, тек біразы ғана қазақ тайпаларының атауын сақтап қалды; ескі тұрғындар жаңа тұрғындарға сіңісіп кетті, бұл жерлерде монғол заңдарына сәйкес Алтын Орда одан басқа ордалар: Ноғай немесе Маңғыт ордасы, Оралдағы орда, Сейхунға дейінгі Көк орда және шайбанилер құрған Түмен ордасы пайда болды. Бұл ордалардың барлығының хандары өздерін дала түкпіріне жерлеуді өсиет етсе керек, мәселен, Маңғыт ордасының негізін қалаушы Едігенің моласы Ұлытаудағы қолбасшы есімімен аталатын биіктердің бірінде. Оның моласы - әшейін ұсақ тастардың үйіндісі, шамасы, кезінде оның белгілі бір пішіні болған шығар, бірақ кейіннен бұзылған, оның ерекшелігі өзі орналасқан таудың аяқ басуы қиын жерінде тұруында.

Сонымен, көне молалардың құры-лысын монғол дәуіріне жатқызғанда, монғолдардан мұндай құрылыс өнерінде көп мағлұмат талап ету керек, алайда түркілер оларға қарағанда әлдақайда білімді болған, қалалар салып, ол жерде отырықшылықтың, дәулет пен сауданың, ескерткіштерін қалдырған.

Мәселен, бұлғарлардың астанасы Бұлғары Қазаннан 60 шақырым қашықтықта, әлі күнге дейін қиранды түрінде сақталып жатыр. Түркілердің басқа қанатындағы ұйғырлардың да білімі аз болмаған, қалаларда тұрған, жазуы болып, христиан дінінің несториандық бағытын ұстанған. Бұл екі халық, шамасы, монғол билеушілеріне тамаша шеберлерді ұсынған болса керек. Итальяндық Плано Карпини Қарақорымдағы8 хан тағының көркемдігін суреттейді, оның төрт бұрқағы болған, біреуі қымыз атқылаған.

Бұдан кейін Ұлытау сияқты меңіреу далада, Кеңгірде өзінің құрылысымен таң қалдыратын Қамыр хан, Алаша хан, Домбауыл әулие, Болған ана және басқалардың, көптеген молалардың болуы заңды, бұлардың барлығы кірпіштен қаланған, сыртынан әр түсті сырмен боялған. Қаражардағы Қаракеңгірдің саласындағы Болған ананың моласы ақ түсті, күмбезі шағын ғимарат9 және басқалары да осылай салынған. Алаша хандікі сәл өзгешелеу: күмбездің іргетасы мазардан кішкентай, сондықтан төбесі жабылған, ал қабырғалары жоғары қарай тарыла келген шағын баспалдақпен шығуға болатын балкон құрған.

Бұл құрылыстардағы ең тамашасы күмбездің өте берік орнатылғаны және кірпіштердің қиғаш қаланғаны: кірпіштердің бір қатары оң жағымен төмен қаланса, өзгелері сол жағымен қаланған. Мұндай молалар далада көп қайталанбайтын өте сирек, тек Нұра өзенінің сағасындағы Ботағайдың моласы осыған ұқсас, бірақ мен оның құрылысы жайлы ештеңе айта алмаймын.

Осындай пішіннен [дамыған] көне мола пирамидаға, ашық галереяларға, тесіктері бар шақпақ тастарға айнала келе жай бағана түріне жетті.

Іші қуыс пирамида түріндегі молалар әдетте өңделмеген тастан жасалынады; мұндай молалардың пирамидалық пішіні жерден басталмайды, алдымен қабырғалары тұрғызылып, жоғарылаған сайын тарыла береді. Мен мұндай үш моланы ғана білемін: Үйге құятын, Орынбор линиясындағы, Тоғызақ өзені маңындағы Паллас жазған Кесене 10, Ақсу мен Басқан өзенінің ортасындағы, Аягөзден Қапалға жүретін жолдағы Қарасу бекінісінен 12 шақырымдағы Ордабай11 моласы, оның ішінде гранит балбал тұр және ең маңыздысы Қозы Көрпеш моласы. Ол Аягөз өзенінің жағалауында Аягөз бекінісінен 90 шақырымда тұр. [Құрылыстың] қабырғасына азиаттықтар бейнесіндегі төрт балбал қойылған, мойындарына әшекей бұйымдар тағылған, екі қолы ішіне бір кесіндіні ұстай түйіскен*4. Бұл балбалдар қайсақ жыраулары күні-түні айтатын жырдағы қаһармандарды бейнелейді. Поэма кейіпкерінің атына сәйкес мола да Қозы Көрпеш деп аталады. Аягөзге қарай жолда тағы бір мола бағанасы бар, оның маңындағы сұрықсыз балбал - Қозы Көрпештің бәсекелесі Қодардың мүсіні. Сондай-ақ, жерге қадалған бағандар да бар. Олар Қызыларай тауының етегінен орын тепкен. Олардың сипаттамасын Қоқанға барған бір есаулдың жазбасынан табуға болады12. Бұл бағандардың ұшына адам бейнелері салынған. Есаул сол жерден саңылау тесіктері бар қиғашталып қойылған тақталарды көрген13, оларды жалпы ғимараттың есігі немесе терезесі деп санайды.

Қарқаралыдан Ақтауға жүрер жолда тақтадан құралып, бір-біріне тығыз жапсырылған, бір жағында есігі бар молалар көп кездеседі14. Мұндай галереялар Ұлы жүзде де бар.

Көнеден қалған жәдігерлердің барлығын қайсақтар монғол шабуылынан кейін осы жерде көшіп-қонып жүрген ноғайлардыкі дейді, өзгелері (даланың шығыс бөлігінде) - қалмақтардыкі, батыс бөлігіндегі біразы - башқұрттардыкі немесе солармен тайпалас елдікі деп болжау керек.

Мұндай жәдігерлерге: қазірде бос қалған, кезінде қазылған кен орындары (Жезді-Кеңгір маңындағы мыс орны); бос қалған егістіктер (Түндігүр шатқалында); диірмен тасы (Алматы шатқалында) және дуал сияқты түрлі үйінділер жатады.

Ұлы жүзде жекелеген төрт қабырғалы бекіністердің дуалы мен орлар жиі кездеседі, бірақ көненің ең керемет қалдығы Кіші Алатаудағы Қора өзенінің жоғарғы сағасынан Шу өзенінің бастауына дейін қазылған ор. Бұл ор тау үстінен, шұңқырлардан қазылып өткен, ұзындығы 900 шақырымға жетіп қалады, тереңдігі қазірдің өзінде бір жарым сажыннан кем емес. Қырғыздардың бұл орға қатысты мынандай аңызы бар: бір ханның ұлын жабайы құландар жазық далаға еліктіріп, бала содан жоғалып кетеді. Құландарды қайтар жолда ұстау үшін хан далаға көлденең ор қазуды бұйырады. Бірақ, бұл Шыңғыс хан ұлысының шекарасы деп те болжауға болады15. Қапалдың маңында, Биен өзенінде гранитті бағанасы бар көне қорған тұр.

 

Шоқан Уәлиханов, көп томды шығармалар жинағы. 1-том

 

0 пікір