Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 3212 0 пікір 21 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ТЕХНОЛОГИЯҒА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ - ӨРКЕНДЕУГЕ САЛЫНҒАН ЖОЛ

Инвестициялар және даму министрі Әсет ИСЕКЕШЕВ: Технологияға салынған инвестиция – өркендеуге салынған жол

Отандық кәсіпорындардың жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін шыңдай түсу жаңа білім мен технологияларды тартуды талап етеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша осы мақсатпен Үкімет кәсіпкерлік саласында, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру, стандарттау және зияткерлік меншік бойынша қағидатты түрде тың заңнамалық актілерді дайындады. Енгізіліп жатқан жаңалықтардың басты мақсаты – шағын және орта бизнесті ынталандыру, кәсіпорындарды технологиялық тұрғыдан дамыту және елдегі инновациялық белсенділікті күшейтуге бағытталған шаралардың біртұтас кешенін жүзеге асыру. 9 – 13 қараша аралығында Астана мен Алматыда «Инновациялар апталығы» өткізіліп, оның аясында бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл іс-шара Үкіметтің инновациялық саясатының және индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдық жоспарының бір бөлігі болып табылады. Осынау елеулі оқиғаның қарсаңында біз Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Әсет ИСЕКЕШЕВКЕ жолығып, сұхбаттасқан едік.

– Құрметті Әсет Өрентайұлы, елдегі инвестициялық сая­сат­тың жүзеге асу барысы қандай? Бізді бұрынғыдан гөрі инновациялы бола түстік дегізетіндей нақты нәтижелер бар ма?

– Сұрағыңыз қарапайым сияқ­ты көрінгенімен оған жауап қайтара қою оңай емес. Неге десеңіз, мұның өзі бірнеше белес­терге бөліп қарастыруға болатын, ұдайы жүретін үдеріс. Ең бастысы, инновациялық даму идея­сы халықтың көңілінен шықты. Адамдардың ойлау жүйесі өзгере бастады. Инновациялар шек-шекара дегенді білмейді. Олар біздің өмірімізге күнбе-күн еніп, бізді дәйім қоршап тұрады. Интернет арқылы, смартфондар арқылы, басқа да гаджеттер арқылы. Әрине, бұл өнімдердің Қазақстанда жасала қоймағаны түсінікті. Әйтсе де біз осынау жаһандық инновациялық үдерістің бір бөлігіне айналуға тиіспіз. Айнала да бастадық. Жас әрі креативті кәсіпкерлердің, стартаперлердің тұтас бір жаңа толқынын көріп отырмыз. Оларға қолдау көрсетіп, тәжірибе алмасу үшін шетелдерге шығуына көмектесіп жатырмыз. Осы жазда біз инноваторлар арасында Technation конкурсын өткіздік, конкурс нәтижесі бо­йынша бірнеше жастар жаңа білім, тың дағдылар алу үшін Кремний алқабына аттанып та кетті. Мұның өзі өте тамаша! Жалпы, мен соң­ғы бірнеше жылдың ішінде инно­вациялық экономика негізін қалау­дың сәті түсті деп санаймын.

– Оның нақты нәтижелері неден көрінеді?

– Жұмыс нәтижелерінің жақ­саруынан көрінеді. Мұны тек Ұлттық статистика агенттігінің мәліметтері ғана растамайды, олар тарихи максимумның барлық негізгі индикаторлары бойынша жетістіктерге қол жеткенін айтып отыр. Оған қоса халықаралық сарапшылар ұйымдары да осыны растауда. Бүкіләлемдік экономикалық форумның соңғы есебі бойынша Қазақстан бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 140 елдің арасынан 42-ші орынға көтеріліп, өткен жылғы шебінен 8 сатыға ілгеріледі. Рейтингте мұндайлық тез көтерілуге ең алдымен инновацияларды дамыту мәселесінде жұмысты елеулі жақсартуға қол жеткізілгендігі септесті. Осы нәтиже, сондай-ақ халықаралық сарапшылардың оңды пікірлері біздің дұрыс жолда келе жатқанымызды көрсетеді.

Биылдан бастап елдің индус­триялық-инновациялық дамуының екінші бес жылдығының бағ­дар­ламасын жүзеге асыру бастал­ғанын білесіз, бұл даму ғылым мен бизнестің әлеуетін арттыруға да бағдарланған.

Қазақстан экономикасының нақты құрылымы ондағы кәсіп­орындардың 65 пайызы үшінші тех­нологиялық укладқа, 34 пайызы төртінші укладқа жататынын, тек 1 пайызы ғана бесінші және ал­тыншы технологиялық ук­лад­қа сәйкес келетінін көрсе­теді. Басқаша айтқанда, біздің эконо­микамыздың негізгі «қозғау­шылары» өткен ғасырдың ортасында дами бастаған салалардың негізінде жұмыс істеп отыр. Сон­дықтан да біз технологияға салын­ған инвестиция – өркендеуге салынған жол деп айтамыз.

– Бұл орайда ең алдымен қан­­­дай салалар дамитын бола­ды?

– Түйінді міндет екеу. Оның бі­ріншісі – экономика арқа сүйей­тін ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, мұнай-газ секторы және басқа да салалардың тех­нологиялық тұрғыдан артта қалуын қысқарту. Оның екіншісі – робот техникасы, нано-технологиялар, тағы басқа болашақтың салаларының дамуы. Бірақ біз қазіргі таңда қалыптасып отырған күрделі экономикалық ахуалды ескере келіп, шығынға түсірмейтін зерттеулер мен әзірлемелерді ғана қаржылық тұрғыдан қол­дай­тын боламыз. Мақсатты техно­логия­лық бағдарламаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр, олардың бәрі де салаларды дамытуға бағыт­талады. Сала үшін бағалы техно­логияларға ие кәсіпорындар гранттардан үміт күте алады.

– Жаңа технологияларды қалай іздемексіздер, оларды талдап-әзірлейтін ғалымдарды қайдан таппақсыздар, олардың арасынан мемлекет сенімді түрде қаржы құя алатындарын қалай іріктемексіздер?

– Экономикаға білікті кадр­лар­дың, жас ғалымдардың, өнертап­қыш­тардың, инноватор­лардың, инженерлер мен жаңашыл­дар­дың ұдайы құйылып жатуы өте маңызды. Бүгінгі таңда білім берудегі ең бағалы нәрсе білімді жи­най білу ғана емес, ол – негіз ғана, бұл арада жаңа шешімдер үшін, тың талдамалар мен инновациялар үшін креативті ойлау да өте маңызды. Елімізде ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месіне қызу дайындық жүріп жатыр, оның негізгі тақырыбы – «Болашақтың энергиясы». Бұл мемлекетке өзінің инновациялық деңгейін мығымдау және бар жаңалық атаулыны көрсетуге ғана емес, елге бүкіл әлемнің барша технологиялық «кілегейін» құйып алуға да берілген мүмкіндік. Тағы да айтамын, Қазақстан жаһандық технологиялық революцияның бір бөлігіне айналуға тиіс. Ал мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шаралар бізге болашақтың энергиясын дамыту үшін тың технологиялар тартуға көмектеседі. Елімізде қазірдің өзінде қуат үнемдеу және қуат тиімділігін арттыру саласында мемлекеттік саясат көңілдегідей жүзеге асырылып келеді.

– Сіздің ойыңызша, біздің елімізде инновациялар енгі­зудің қолайлы экожүйесі қалып­тасқан ба?

– Инновациялардың қолайлы экожүйесінің қалыптасуы бәрінен бұрын кәсіпкерліктің барлық субъек­тілерін, талант иелерін ғылым мен инновациядағы өзін-өзі таныту үдерісіне бел­сен­ді түрде қатыстырылуын қамта­масыз ететін шаралар жүйесін қамтиды. Мұның өзі біздің Ұлт жоспарын («100 нақты қадам») және индустриялық дамудың екін­ші бесжылдығының бағдар­ламасын жүзеге асыру аясындағы маңызды басымдығымыз болып табылады.

Біріншіден, зерттеушілік бел­сенділікті жеделдету мақсатында жылдың соңына дейін ғылыми және ғылыми-техникалық қыз­мет нәтижелерін коммерцияландыру жөнінде арнаулы заң қабылданады. Заңның басты мақсаты – технологияларды және олардың коммерциялық айналымын ұтымды пайдалануды ынталандыру, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарын осы іске тарту және жұмыс тиімділігін арттыру, жаңа стартап-компанияларды көбейту.

Екіншіден, екі басым ұлттық инновациялық кластерлердің – Астанадағы Назарбаев Уни­верситет пен Алматыдағы Инно­вациялық технологиялар паркін одан әрі дамыту, оларда қажетті инновациялық экожүйе жасалуда.

Мысалы, Назарбаев Универ­си­теттің инновациялық кластерін дамыту аясында қазірдің өзін­де қажетті ғылыми-зерттеу инфра­құ­рылым жасалды және оған ғылымның түрлі салаларынан 350 шетелдік ғалым тартылды.

Инновациялық технология­лар паркінің инновациялық клас­терінде 67 ғылыми-зерттеу инс­титутының, 45 жоғары оқу ор­ны­ның, 40 мыңнан астам бітірушінің қабілет-қарымы ұйыстырылған, онда технологиялық дағдыларды алуға, жобалар акселерациясына және серпінді идеялардың жүзеге асуына қажетті жағдайлар жасалуда. Болашағы мол әзірлемелерді қаржыландыру үшін Парктің мамандандырылған автономды кластерлік қоры құрылған. Қолға алынып жатқан экожүйенің негізгі элементтері студенттердің, ғалымдар мен инноваторлардың тығыз шоғырланған аймақтары. Бұл жұмысқа инвесторлар, даму­дың бастапқы белестерінде компа­нияларға қаржылық және са­раптамалық қолдауды қамтамасыз ететін жеке венчурлық инвес­торлар («бизнес періштелері»), кәсіпорындар, жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары белсенді түрде тартылатын болады. Біз әлемге дүниенің қиыр-қиырынан және біздің елден технологиялық бизнес қоғамдастығының жаңа ойыншыларын тарту үшін барынша қолайлы әлеуетке ие екенімізді танытқымыз келеді. Мұның өзі ЭКСПО-2017 көрмесінің ал­дындағы өзіндік бір ширап-шынығу іспетті.

– Алда болатын форум жөніндегі әңгімеңіз үшін рахмет. Министрмен сұхбаттасудың сәті күнде түсе бермейді ғой. Сон­дықтан мен орайы келіп тұр­ғанда әңгіменің басында ай­тып өткен бір жақсы жайға бай­ланысты қосымша мағлұ­мат беруіңізді сұраймын. Сіз Бү­кіләлемдік экономикалық форумның соңғы есебі бойынша Қазақстан бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 140 елдің арасынан 42-ші орынға көтеріліп, өт­кен жылғы шебінен 8 сатыға ілгеріледі дедіңіз. Мұның өзі Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойған мақсатқа – әлемнің ең дамы­ған 30 елінің қатарына қосы­луға жетуге нақты қадам жаса­ға­нымызды көрсетеді. Осы жайды тарата айтсаңыз.

– Иә, бұл жақсы жаңалық. Ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламасы нақты нәтижесін бере бастады. Осы ілгерілеуде мемлекетіміздің технологиялар мен инновацияларға арқа сүйеуінің шешуші маңызы болды дей аламыз. Қазақстан әлемдік рейтингтерде бизнес жүргізу жөніндегі позицияларын нығайта түсуде. Таяу күндерде Бүкіләлемдік банк пен Халықаралық қаржы корпорациясы бизнесті жүргізудің жайлылығы жөніндегі Doing Businness әлемдік рейтингтің кезекті есебін жариялады. Инвес­торлар өз капиталдарын қайда салу жөнінде шешім қабылдағанда дәл осы рейтингке арқа сүйейді. Бұл жолы Қазақстан 41-ші орынға көтеріліп, өз позициясын бірден 12 пункт­ке ілгерілетті. Есеп бо­йынша елдердің жалпы тізімінде Қазақстан қазір Хорватия мен Венгрияның арасында тұр, көп­теген еуропалық мемлекеттер бізден кейін қалған. Биыл Бү­кіләлемдік банк бір жылдың ішінде төрттен артық реформа енгізген әлемдегі небәрі 12 экономиканы бөліп атады. Олардың арасында әртүрлі бағыттарда жеті реформаны жүзеге асырған Қазақстан бірінші қатарда тұр. Сондай-ақ, Қазақстан бизнес жүр­гізуді оңайлатуға мүмкіндік берген нақты жақсаруға қол жет­кіз­ген әлемдегі таңдаулы он эко­номиканың қатарына қосылған.

– Оларды санамалап бере аласыз ба?

– Берейін. Бизнес ашу. Шағын және орта бизнес үшін, тіркеу төлемдері алынып тасталған, тіркеу мерзімі қысқартылған, компаниялардың мөрлерін пайдалану талабы жойылған. Одан кейін құрылыс бастауға рұқсат алуда да ілгерілеу бар. Рұқсат беру оңайлатылды, жер телімінің топографиялық түсірілімі талап етілмейтін болды. Меншікті тіркеуде де жақсы жаңалықтар бар. Енді меншікті беру оңайлатылған ресіммен жүреді, техникалық пас­порт алу үшін сатушының нотариуста бекітілген құжаттары және сатып алушының құрылтай құжаттары қажет емес. Кредит алу да жеңілдетілді. Қамтамасыз етілетін мәмілелер туралы арнаулы заң қабылданды, онда кепіл тұрғысында берілетін активтердің категориялары нақты көрсетілді. Басқа да оңтайлы жайлар баршылық.

Біздің елімізде инвесторларға жайлы жағдай жасау жөнінде жүйелі жұмыс жүргізілді. Doing Busi­ness зерттеуіне сәй­кес Қа­зақ­стан 2015 жылы «Инвес­тор­лар­ды қорғау» көрсеткіші бой­ынша 185 елдің ішінен 25-ші орынға шыққан. Еліміз салық төлеу жеңілдігі бойынша 18-ші орында, инвесторлардың құқығын қорғау бойынша 22-ші орында тұр.

Мемлекеттің таяу бес жылдың ішіндегі басты мақсаттарының бірі – Қазақстанды барынша оң­тайлы әлеуеті бар өңірлік инно­вация­лық хабқа айналдыру. Қазақстан үкіметі инновацияларға және стартап жобаларды жүзеге асыруға, перспективалы идеяларға, сондай-ақ оларды өндіріске енгізуге ашық­тығын анық көрсетіп келеді. Қа­зіргі қалыптасқан геосаяси жағ­дайда Қазақстанның елді Орталық Азиядағы аса ірі инвестициялық орталық ретінде танытуына бірегей мүмкіндік ашылып отыр...

Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

«Егемен Қазақстан».

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594