Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 7322 0 пікір 24 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ЖҰМАТАЙ – ЖЫР ҚАҒАНЫ

Ғашығының есімін Аллаға айтылған мадақтың өзінен де іздеп, ғұмыр бойғы жүрек лүпілі Ләйлә деп соққан ақын Жұматай Жақып­баев­тың ту­ға­нына 70 жыл толды. Өкініштісі, өңінен поэзияның нұры төгілген кең маң­дай­лы ғазалшы ширек ғасыр бұрын ғарыш жаққа күлім­деп аттанып ке­тіп­ті. Жыр қағанының жүрегі небәрі қырық бес жыл соғып тұрды. Іңкәр­лік­тің ыс­тық отын «ләйләлап» лаулатқан же­тісулық шайыр әдебиетсүйер қауым­ның ортасында үлкен құр­метке ие болды. Мұңы мен шерін шиырлап қағаз бетіне төккен лирик ақынның жырларын жастар жатқа оқиды. Осы аптада І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Жұматай – жыр қағаны» атты дәстүрлі мүшәйра шымылдығын түрді. Тіл мерекесінің құрметіне өт­кен республикалық поэзия байқауына облыс әкімінің орынбасары Бақтияр ӨНЕРБАЕВ қатысты. 

 Биыл қалам ұстаған замандаста­рымен бірге поэзия қағанатын құрып, ғашықтық ғазалдарымен әдебиет әлемін­де айрықша із қалдырған Жұматайға арналған жыр мүшәйрасы халықаралық тілдер күнімен тұспа-тұс келді. Ақын атындағы жыр байқауына әділқазылар ретінде филология ғылымдарының док­торы, Қазақстан Журналистика академия­сы­ның академигі Бауыржан Жақып, ҚР Мем­лекеттік сыйлығының иегері Гүлнар Салықбай, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әбубәкір Қайран, балалар ақыны Әли Ысқабай шақырылды. Құрметті қонақтар мен жас ақындар шара басталмас бұрын Тіл сарайында кездесу ұйымдастырды.

«Жұма­тай – жыр қағаны» республикалық мү­шәй­расының бас жүлдегері - Салтанат Жүсіп

Әдеби кеште облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Ахмет Кендірбекұлы сөз сөйлеп, қазіргі поэ­зия жайында өз ойымен бөлісті. Сонымен бірге, құрметті қонақтар әдебиет төңі­регінде пікір алмасып, сиясы кеппеген өлеңдерін оқыды. Тіл сарайындағы тағылымды кездесу соңында ел ағалары жастарға естелік кітаптар сыйға тартып, шығармашылық табыс тіледі. Кездесу жыр қағаны атындағы мүшәйрамен жал­ға­сын тапты. Тіл мерекесінде ту тіккен әде­би шара барысында облыс әкімінің Құр­мет грамотасымен, Алғыс хатымен мәдениет, өнер және шығармашылық саласында жүрген бір топ қызметкерлер марапатталды.

Айтулы мерекеге орай Тіл комитетінің «Құрмет» грамотасын облыс әкімі аппара­тының бас инспекторы Мәрияш Сегізбаева, об­лыстық мәслихаттың заң бөлімінің бас­шысы Саматбек Нұрахметов, Текелі қала­лық мәдениет және тілдерді дамыту бө­лі­мінің басшысы Марат Дәуренбаев алды. Сонымен бірге, облыс аясында ұйым­дас­тырылған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» бай­қауында «Үздік мақала» аталымы бойынша бас жүлдені облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қуаныш Абайбекұлы, «Үздік теле­ар­на бағдарламасынан» «Жетісу» теле­ар­насының редакторы Айман Серікқызы ен­шіледі. Ал «Үздік сайт мақаласы» бойын­ша «Jetysunews.kz» ақпараттық порта­лы­ның бас директоры Қалмаханбет Мұхамет­қа­ли бас жүлдегер атанды.

– Құрметті қонақтар және өлеңсүйер қауым! – деді Бақтияр Әлтайұлы. – Бүгін біз Халықаралық тілдер мерекесі мен әйгілі ақынымыз Жұматайдың жыр мүшәйра­сында бас қосып отырмыз. Елбасы бір сө­зінде: «Мемлекеттік тіл ұлттық саясаттың дің­гегі болуы тиіс», – деп айтып кеткен бо­латын. Өздеріңіз білесіздер, Жетісу жері ұлыларға бай мекен. Кешегі Қабан, Бақ­ты­бай, Сүйінбай, Жамбыл, Мұқағали сынды ақын-жыраулар осы өңірден шықты. Со­лардан кейінгі алтын буынды жыр қағаны Жұматай Жақыпбаев жалғайды. Ол – сан қырлы талант иесі. Бір басында ақын­дықпен қоса суретшілігі де, термешілігі де, тарихшылығы да, боксшылығы да қатар жүрді.

Облыс әкімінің орынбасары құттықтау сөзінде Жұматай құрған қағанатты тілге тиек етті. Әдебиет әлемінде мұндай соны өзгеріс бұрын болмаған. Жасындай жарқ еткен ақын замандастарымен бірге жыр қағанатын құрып, нояндарын жасақтады. Сол көзкөрген нояндар бүгінде орта­мызда жүргенін, олардың әрдайым ақын рухына тағзым етіп, өлеңдеріне үлкен құрметпен қарайтынын мақтанышпен жеткізді. Бақтияр Әлтайұлының бұл сөзін ақын Бауыржан Жақып та растады. Тіпті, ол Алматы қаласынан көше есімі беріл­генін көргенде ерекше тебіренгенін, Жұ­ма­тай үшін жасалып жатқан әдеби ша­ра­лар мен игі істерге қатысқан кезде көңілін ақынға деген сағыныш кернейтінін жа­сырған жоқ.

Биыл ақынның мүшәйрасына ұзын саны 50-ден астам өлең келіп түскен. Алайда олардың 20-сы ғана іріктеуден өтіп, республикалық байқауға жарамды деп табылған. Ақындар екі бағытта бақтарын сынады. Алдымен жастар Жұматайға арнаған жүрекжарды жыр­ларын оқыса, екінші кезекте еркін тақы­рыптағы өлеңдерін төгілтті. Қатысушы­лар­дың көпшілігі соны тіркеспен, асқақ лирикалық леппен көзге түсті. Бірі ақынға арнаған жүрек сөзін «тұңғиық ішіндегі бір тамшымен» өрсе, бірі «ертерек келген көктемнің күзін де ерте түсірді». Ал Қытай елінен арнайы келген Ерлан Ясын «бір тамшы жаспен жерге қарай домалап кетті». Сахна төріне шыққан шабытты жандар көңіл толқытып, жүректі дір еткізетін ұтымды лирикалық теңеулерімен көпшілікті таңғалдырды. Әрине, олардың ішінен жүзден жүйрікті табу қиынның қиыны. Арқа даласынан келген Мерген Тоқсанбайдың «Тек сенің жанарың оқы­сын», Перизат Жаңғылышбаеваның «Ме­нен артық бола алады саған кім?» атты өлеңдері әсерлі шықты.

Әділқазылардың шешімімен «Жұма­тай – жыр қағаны» республикалық мү­шәй­расында «Әдебиет порталы» ғалам­тор жобасының редакторы Салтанат Жүсіп бас жүлдеге (100 мың теңге) ие болды. Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің студенті Нұртас Тұрғанбек бірінші, Павло­дар облысындағы «Ауыл тынысы» газе­тінің аға тілшісі Өзгеріс Қуанар, қара­ған­дылық мұғалім Мақсат Күземханов екінші орындарды алды. Ақмола облысының ақыны Мерген Тоқсанбай, тараздық Хамит Есаманов, атыраулық Алтынбек Әлібаев үшінші межеден көрінді. Жетісу өлкесінің атынан қатысқан Шұғайып Ақынұлы мен Әлия Іңкәрбек арнайы сыйлықпен марапатталды.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Abai.kz

0 пікір