Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 6024 0 пікір 25 Қыркүйек, 2015 сағат 12:24

"ӨЛГЕН КІСІ"

(Қазақы сөздер)

Көктемнің лайсаң күндерінің бірінде Халық ата дүниеден өтті. Иә, азан шақырып қойған аты Халық еді. Атына заты сай кісі еді. Халық атаның қазасына халық көп жиналды. Қазан айналасындағы, ошақ басындағы адамдардың абың-күбің әңгімелері атамыз жайлы. Қонағасына сойылатын малды жайғап салған қасапшы көкеміз пышағын қайрап тұрып: 
- Қаншаға кепті? - деді.
- Сексен алтыда деді-ау, - деді мал сойысып жатқан жігіттердің бірі. 
- Жоқ, бұл кісіні апамдар диірменші атаның құрдасы дейтін. Диірменші атамыз биыл сексен үшке келер еді ғой. Демек, бұл кісі де сексен үшінде қайтты, - деп түзету енгізді ішек-қарын аршуға дайын отырған жеңгеміз. 
- Диірменші атаңның өзінің туған күні нақты емес қой, ол кісі де Қытай "паспыртындағы" жасымен айтып жүрді, - деп қасарысты манағы жігіт, оңай жеңіле салғысы келмей.
Осыдан басталған дау-дамай жылқының еті жіліктеніп болғанға дейін жалғасты. Бәрінің айтары сол, сексен үш пен сексен алтының маңайы. Қай жасында қайтса да бұларға бәрібір емес пе? Тақ бір молдекең келіп аталарыңның жасын анықтап беріңдер дегендей, таласты да қалды. Қайтсін енді, өздерінің басы осындайда қосылады емес пе? Қосыла қалғанда қауқылдасып қалғылары келеді де. Бұлардың өнбес дауын ұсақ-түйек жұмыстарды істеп, барып кел, шауып келдің шаруасымен жүрген Шәрбәттің баласы тыйды. Ол әзілге сүйеп:
- Ой, бекерге шәуілдеп қайтесіздер, не де болса Құдайдан бір жас кіші емес пе, - деді.
- Астапыралла, мынаның айтып отырғаны не тағы? - деді Күлжәмила тәте мұрнын бір тартып қойып.
- Құдай қаншада сонда? - деді, «жылқы қалай шығыпты, төрт елі қазы бар ма?» деп әрдеңені тексеріп жүрген Өсен ата. 
- Білмеймін, әйтеуір атамыздан бір жас үлкен.
- Қалай сонда?
- Ой, қалай сонда, қалай сонда деп қоймадыңыздар ғой, солай сонда. Қазақта сөз бар емес пе, "халық Құдайдан бір жас кіші" деген. Соны айтып отырмын.
- Ой, әкеңнің аузын ұрайын, сен де айтпайтынды айтып. Бар "іскәмикі" тасы онан да. 
Басқа жақты қайдам, біз жақта "өлген кісі" дейді. Орыстар "похорон" дейді емес пе?. Кезіге кеткендердің «қайда бара жатырсың, қайдан келе жатырсың?» деген сұрақтарына «өлген кісіге бара жатырмын, өлген кісіден келе жатырмын» деп жауап береді. 
Көшенің басында тұратын Әріпбай ағаның кемпірі жолай өтіп бара жатып Күшән апаның баласына: - Әй, шешеңді шақыр, өлген кісіге бармай ма екен? - деп сұрайды.
Күшән апаның кіші баласы: "Барып алға"н, - деп шорт кеседі. Әгәрәки қайтыс болған кісіні жерлеп жатқанда сол маңдағы бір жігітке біреу ызбандап қалса, ана жігіт те телефонын ала салып: "Сосын хабарласайыншы, өлген кісіде жүр едім", - деп қысқа қайырады. 
Осы тілмен айтқанда біздің апамыз да "өлген кісіге" барып келген еді. Айналайын ауыл адамдары мейірімді ғой, өлімді де өздері ұйымдасып жөнелтеді. Ешкім құрықол бармайды. Апамыз да сол жарты пакетпен барып, бір пакетпен қайтыпты. Біз дастархан басында шәй ішіп отырғанбыз. Дастархан басында үшеу едік. Мен бар, каникулға келген әпкем бар, әпкеме ере келген қалалық курстасы бар үшеуміз шәйдан жіберіп отырғанбыз. Апам жауынға суланған сырт киімін шешісімен пеш түбіне отыра кетті. Әпкем:
- Апа, келіңіз, тамақ ішің, - деді.
Апам жәй ғана:
- Өздерің іше беріңдер. Менің қарным тоқ, "өлген кісінің" етін жеп келе жатырмын..., - деді.
Әпкемнің курстасының көзі алайып кетті. Апама бір, бізге бір қарады. Біз түк болмағандай отырмыз. Өлген кісінің етін жесе несі бар, кеше малын сойғанда көргенбіз, семіз шыққан. Қонақ қыз көпке шыдамады. Жүрегі көтерілді-ау деймін, лоқсығандай болды да далаға тұра жүгірді. 
Апамның өлген кісінің еті дегені садақада жеген еті ғой. Ана қыз не ойлады екен деймін.
Арада жылдар өткенде біз қалаға көштік. Пайдаға асады-ау деген дүниелерді алып, басқаларын қалдырып кеттік. Керек-ау дегендерін көрші-көлем бөлісіп алды. Сонда деймін-ау, небір заттарды қалдырсақ та, осы бір "өлген кісі" деген сөзді өзімізбен бірге ала көшіппіз-ау. 
Бізді қойшы, осы қалада туып, қалада өсіп келе жатқан балаларым да "өлген кісі" дейтін болыпты. Үйге кіріп барып: "Атаң қайда кеткен?" - десең, "өлген кісіге кетті", - деп қарап тұрады.
Осы бір өлген деген онша емес сөзді біздің жақта кейде кері мағынасында да пайдаланатын кездер болады. Керемет деген мағынада. «Мә, мынау өлген машина екен», - деп жатады. Біреу бір нәрсені кереметтей қылып жасаса да ырзашылықтарын: "Мә, өлтіріпсің-ей", - деп көңілін білдіріп жатады. Бірақ осы бір өлген дегенді жақсы мағынасында айтқанда созыңқырап айтады. "Өлгееее"н деген сияқты ғой.
Әкеміз басы бос адам болғаннан кейін кейде анда-мұнда барып келіп тұрады. Енді үйде жата бергеннен кейін зерігеді ғой. Қаладағы достарына барып, аз-кем әңгіме айтып, мауқын басып келеді. Қайда барасың, қайдан келдің деп сұрап жатпаймыз. Кейде айтып кетеді, кейде айтпай кетеді. Анаукүні тағы бір жаққа шығып кеткен. Біз сұрамадық. Немерелері сұраса керек. "Өлген кісіге" кеттім деп кетіпті. Бір кезде Қаскелеңдегі ағам келді. Алдынан жүгіріп шыққан қарындастарынан: "Үйде кім бар?"- деп сұрады.
Олар: "Әкем бар, анам бар, тәтем бар", - деп жауап беріп жатты. 
- Аталарың қайда?-деді.
- "Өлген кісіге" кетті, - деді бұлар. Ағам да қу ғой:
- "Өлген кісіге" кетті ме, әлде "өлгеееен кісіге" кетті ме?-деді. Қайдан білейік!.

Бейбіт Сарыбай

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір