Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Мәйекті 5729 0 пікір 25 Қыркүйек, 2015 сағат 12:29

ІС НАСЫРҒА ШАПҚАНДА... БҰҰ БЕЛ БАЙЛАЙДЫ

Соңғы уақыттары көптеген ірі державалардың орташа дамыған шағын елдерге тізесін батыруы қайта жалғасуда. Бұл ретте державаларды халықаралық беделді ұйымдар тоқтамға шақырып, дипломатиялық жолдарды ұсынып жатса да, құлақ асар емес. Әлдебір асығыстық бар. Бейнебір жаңа әдіспен іргелі мемлекеттер әлсіздеу, ортакеуде елдерді өзара бөлісуге кірісіп кеткендей. Ойы «бұзық» қандай мемлекетті болмасын тәртіпке келтіріп, тезге салуға тиіс  БҰҰ­ның ықпалы да осындай сын сәттерде айқындалауы керек еді.  Алайда, БҰҰ-ның да «бұзақылармен» жұмысы жүрмей тұр. Осы және өзге де жайттер көлденең сұрақтарды көбейтіп жатқан заманда Астанаға БҰҰ Бас хатшысының қоғамдық ақпарат және байланыс істері бойынша орынбасары Кристина ханым Галлахтың (суретте) келе қалмасы бар ма? Галлахтың Астанаға сапарын пайдаланып біз сұхбаттасуға асықтық. Сол сұхбатты Abai.kz ақпарарттық порталының оқырмандарына ұсынамын.  

– Біріккен ұлттар ұйымының басты үш қызметі, міндеті бар. Бірінші тарихи міндеті – әлем елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосу. Бейбітшілікті қорғау. Екінші – БҰҰ­ға мүше елдердің өзара байланысын дамыту. Ынтымағын арттыру. Үшінші қызметі – жалпы адамзаттың, жекелеген елдердегі азаматтардың құқықтарының бұзылмауын қадағалау болып табылады.

 Ұйым осы бағыттарда қызмет жасауда, - дейді Галлах ханым.

Дегенмен, Украина­Ресей арасындағы жанжалдарды, Таяу Шығыс елдеріндегі соғыстарды және басқа да осындай үлкен­үлкен мәселелерді бейбіт реттеуде БҰҰ-ның қауқарсыздық танытып отырғаны аңғарылады. Неліктен?..

-           Әрине, қазіргі уақытта Жер жүзі бойынша жанжалдар мен келіспеушіліктер көп. Кей дауларға, жанжалдарға жарты ғасырдан асып барады. Оларды шешу өте қиын. Десек те, дау-шарларды екіжақты келіссөздер мен халықаралық жиындар өткізу арқылы шешуге болады.

Өкінішке қарай, келісімге шақырумен шешілмейтін, ушығып кеткен дау-­жанжалдар да кездеседі. Лапылдап жанған оттай әсер ететін оқиғалардың ортасында БҰҰ мүшелері қарап отыр деп айта алмаймыз. Оның Бас хатшысы да әлемдік деңгейдегі мәселелерді шешуде аянбай еңбек етуде. Әрекетсіз емеспіз (Біз қойған сұраққа қайтарған осы жауабында Галлах  Украина ­Ресей мәселесін қозғамады – Н.Қ.).

Кейбір ірі елдердің (мысалы, Ресей, АҚШ және т.б.) тарапынан халықаралық шарттарды аяқасты ету қайта көрініс табуда. Бұның аяғы неге апарып соқтыруы мүмкін?

Сізбен толығымен келісемін. Шынымен де ондай жағдайлар бар. Осы мәселенің басты негіздерінің бірі – халықаралық қарарларды, шарттарды кей елдердің қабылдамағандығынан да туып отыр. Халықаралық шарттар кейбір елдердің мемлекеттік заңдарында жоқ. Әйтсе де,  олардың халықаралық шарттарға құлақ аспауына немқұрайлы қарауға болмайды. Сондықтан әлемдік қауымдастық елдері біріге отырып, оларға қысым жасауы қажет деп есептеймін. Біріксе, тыңдатуға әбден болады.

 Сонымен қатар, саяси дау-жанжалдар ашық түрде талқылануы тиіс. Мәселені шешуде әлем елдерінің барлығының мүдделері тоғысқаны жөн.

Кей мәселелерді әскери күш қолдану арқылы ғана шешу керек болар?..  

– Күш қолдану – ең соңғы шара болып саналады. Барынша дипломатиялық әдістерді қолдануымыз қажет. Дипломатиялық жолдар түгесіліп, іс насырға шапқанда ғана, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүшелері мәселені әскери күшпен шешуге бел байлайды. Бірақ, күш қолданбас бұрын саяси дау, әскери жанжал тудырған мәселе егжей­ тегжейлі зерттелетінін еске саламын.

Халықаралық шарттардың бұзылуы жалғасып жатқан тұста, болашақта орта деңгейде дамыған елдер, экономикасы кенже қалған шағын мемлекеттер өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін не істеуі қажет? БҰҰ мұндай жағдайда қандай көмек бере алады?

– Мен сізбен тағы келісемін. Әрбір орта деңгейде дамыған ел өз тәуелсіздігін берік те баянды етуі үшін Парламенті, Соты, Үкіметі кәсіби, әрі демократиялық негізде дамуы тиіс. Бұны бір дейік. Екіншіден, мемлекет ішінде демократиялық құрылымдарды қалыптастыру, яғни құқықтық сананы кеңейтіп, заң үстемдік құрған қоғам тұрғызған дұрыс. Мемлекеттік мәселелерге сергек, әрі дер кезінде жауап бере алатын қоғам – шешуші күшке ие екенін ұмытпайық. Үшіншіден, алыс­жақын елдермен жақсы қарым­қатынаста болуы қажет.

 Егер, мемлекет өзінің тәуелсіздігін қорғай алмайтындай халге жетсе, БҰҰ арнайы жиын өткізіп, мәселе көтереді. Тәуелсіздігін қорғай алмайтын мемлекеттің тарабында пәрменді қимылдар жүргізе бастайды.

-          Сұхбатыңызға  рахмет!

 Сұхбаттасқан: Құрманғали Нұрғалиев,

журналист, экономика магистрі.

Abai.kz

0 пікір