Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Билік 5633 0 пікір 25 Қыркүйек, 2015 сағат 13:52

БАТЫРЛЫҚ – ЖҮРЕКТЕН

Егер менен: «Халқы үшін қайтпай күрескен қайсар жанды білесің бе?» деп сұрай қалса, ойланбастан: «Білемін. Ол – менің Тұрсын ағам, Әбдуәлиев!» (Суретте) – деп жауап берер едім.  

 ... Бұрынғы Талдықорған облысының орталығынан шығатын «Октябрь Туы» газетінің бас редакторы Тұрсын Әбдуәлиев бірде қызметкерлерін жинап алып, құрылысы аяқталуға жақын қалған мектепті қазақ тілінде дәріс беретін оқу орны жасауға ұсыныс айтайық деп ой тастады. Бұл – 1986 жылғы оқиғадан кейінгі қиын-қыстау күндердің бірі еді. Талдықорғанда жалғыз ғана қазақ мектеп-интернаты барлығына намыстанып жүрген  азаматтар мәселені бірден қолдап, көп кешікпей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Анатолий Жигулиннің алдынан бір-ақ шығады. Қаламгерлердің ұсынысын тыңдап болғаннан кейін өлкенің жарты патшасы Жигулин: «Бұларыңнан түк шықпайды. Ғимарат орыс мектебіне арналған!» – деп төтесінен кетті. Бас хатшы Колбиннің саясаты бойынша қазақ тілі мен орыс тілі теңдей жүргізілуі керек екенін түсіндірмекші болған Бас редакторға: «Сен өзі кімнің алдында отырғаныңды білесің бе?!» – деп айбат шегеді. Осындай ел мен ер намысы сыналар сәтте Әбдуәлиев: «Мен үшін сенің тағыңнан халқым қымбат!» – деп, журналистерді ертіп шыға береді.

Кешегі коммунистік жүйені көргендер бірінші хатшыға қарсы шығудың немен аяқталатынын жақсы біледі. Жұмыстан қуылсаң, әрине, онда оңай құтылғаның. Одан да зорын жасаймын десе ешкім қой дей алмайды.  «Енді не болар екен» деген сауал сол кезде әркімді де мазалағаны ақиқат. Тұрсын аға қызмет кеңсесіне келе салысымен ұжым мүшелерін қайтадан жинап алып, соңына дейін айқасуға дайын екенін, ол үшін басқа жол  қалмағанын жеткізген. «Егер менімен жүрем десеңдер – еріңдер, жоқ десеңдер оған да ренжімеймін. – деген ол. Көпе-көрнеу ұлтына жасалып отырған қиянатты көріп, қандары қарайып жүрген азаматтыр не болса да бірге көруге осылай бел буған болатын.

Бас редактор  бастаған бастамашыл топтың белсенділері болып газет қызметкерлері – жазушы-драматург Тәкен Әліпбаев, ұлтжанды жігіттер Қанат Асқаров, Кемел Құсаинов, Камал Абдрахмановтар жедел іске кірісіп кетеді. Сол кезде «Социалистік Қазақстан» газетін басқарып отырған ұлтымыздың біртуар азаматы Шерхан Мұртазаның көмегімен Жигулиннің солақай саясаты мен біржақты әрекеттерін әшкерелеген мақалалар бірінен кейін бірі республикалық басылымға шыға бастаған. Алғашында ұлттық мектептен бастау алған әңгіме қазақтардың жылдап тұрса да кезегі жылжымайтыны, шеттен келген келімсектерге кезексіз баспана берілетіні, жергілікті халыққа тек бірінші және бесінші қабаттағы пәтерлер бұйыратыны, көшелердің бірінде де ұлттық батырдың есімі жоқтығы нақтылы дерек-дәйектермен жария болған. Құрғап тұрған шөпке тастаған шырпы сияқты, әділетсіздікке қапаланған жұртшылық бірінші хатшы мен жандайшаптарының заңсыз әрекеттері жайлы мәліметтерді редакцияға өздері әкеліп тапсырып жатты. Халықтың қызу қолдауын сезінген қаламгерлер енді тартынбауға бел буған еді.

Азаматтардың тегеурінді қарсылығынан қаймыққан Жигулин өзі келіп мәміле жасады. Көпшіліктің талабын орындап, жаңа ғимарат қазақ мектебіне берілді, қазақша балабақша ашылды, газет журналистерінің көпшілігі қоныс тойын тойлап жатты, көшелерге халық қаһармандарының есімдері берілді. Енді байыз тапса да болғандай еді. Бірақ, Тұрсын Әбдуәлиев ұлттық мүддені жеке  басының мүддесіне айырбастамай, күресті жалғастыру керек деп шешкен. Орталық Комитеттің екінші хатшысы қызметіне Талдықорғаннан кеткен Ануфриев өзі келіп, мәмілегерлік жасаса да қайсар жігіттер иліккен жоқ. Бірінші хатшы кезектен тыс пленумда орынан кетуге мәжбүр болған. Бұл Тұрсын аға бастаған ұлтжанды азаматтардың күші тең емес шайқаста қарсыласын ойсырата жеңген алғашқы табысы болатын.

Қылышынан қан тамған қызыл империяның қаһарынан қаймықпай, оның жандайшаптарына қарсы шығатын Тұрсын Әбдуәлиев деген кім еді дерсіз, бәлкім?!  Алып анадан туады. Батырды заман қалыптастырады. Әйтпесе Түркістан – Сібір темір жолының бойында, қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келіп, тіршілік тауқыметін бір адамдай тартып өскен ауыл баласы келешекте елім үшін егеске түсемін деп ойламаған да шығар. Еңбек жолын теміржолшы ретінде бастады, әскери теңізші болып азаматтық борышын атқарды. Өмір мектебінен ысылып, жақсы мен жаманды айырған шақта білімсіз күні қараң екенін ұққан. Осылайша оқуға аттанды. Алматыда басталған білім жолы Мәскеуде жалғасын тапқан. Қазақ, орыс тілдерімен қатар неміс тілін де бір адамдай меңгерді. Сол кездегі ең маңызды пән – марксизм мен ленинизмді зерттеді, дүниенің астаң-кестеңін шығарған «Капиталды» оң жамбасына алды. Саясаттың сүйегін шағып, майын ішті. Міне, осындай дайындық, жылдар бойы жиналған тәжірибе, жан-жақты білім оның әлгіндей дандайсыған шовинистермен егеусге  мүмкіндік берген сияқты. Ал ең бастысы, Тұрсын ағаның бойында әділетсіздікке төзе алмайтын, қиянатқа жол бермейтін асқақ ар, өзгенің мазағына бейжай қарай алмайтын найзағай намыс, ұлтына деген шексіз махаббаты болды. Міне,  бейбіт аспан астында өмір сүріп жатырмыз дегенімізбен, ұлттық мүдделер тоғысындағы бітіспес майдан бір кездері осылайша жүрген еді.

Мен Тұрсын ағаның саналы ғұмырында жасаған батырлыққа барабар істерінің бірін ғана мысалға келтірдім. Ал, АҚШ пен Кеңес үкіметі арасындағы келісімдерге орай Батыс Еуропада орналасқан ядролық қаруларды Кербұлақ ауданының аумағына әкеліп жоюға қарсы жасаған әрекеттері қандай. Абайды дүниеге әкелген киелі өлкені жарты ғасыр ядролық сынақ алаңына айналдырғанда кім оған қарсы шықты?! Ұмытылғын ұлттық дәстүрді, құрдымға келіп тірелген қазақ тілін, тапталған намысымыз мен суалған санамызды қайта ояту үшін Тұрсын ағаның тікелей араласуымен құрылған «Азат» қозғалысыың облыстық бөлімшесі  мен «Ана тілі» қоғамдық құрылымының қыруар жұмысын кім жоққа шығара алады?! Ал, Алматы мен Талдықорған облыстары қосылған тұста облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында мамандарды таңдау, жұмысқа орналастырудағы біржақтылықты сын тезіне алып, әкімді туәбесіне келтіргені де ел арасында аңыз болып кеткелі қашан.

    Мен білетін Тұрсын аға, Әбдуәлиев: «Осы бір ерлік жасап тастайыншы» – деп дайындалмайды. Қиянатқа қарсы шығу – оның қанына сіңген, табиғатына дарыған қасиеті. Ал, күнделікті тірлікте қарапайым, көпшіл, жаны жақсылық жасауға құштар. Ары таза азамат көрсе, астындағы атын түсіп беруге дайын тұратын жомарттығы және бар. Қарамағындағылардың қамын алдымен ойлап жүретін қамқор басшы. Оның газет қызметкерлеріне пәтер әперудегі, сонау қиын-қыстау кезеңдерде шаруашылық басшыларымен келісіп, азық-түлік жеткізудегі  жанқиярлық әрекеті әркімнің есінде.

 Бәрін қозғап, Тұрсын Әбдуәлиевтың шығармашылығы жөнінде айтпай кетсек, онда түк демегенмен бірдей болар едік. Ол ең алдымен алып та, шалып та жазатын, жақсы істі алақайлап қарсы алып, қыңырды жерге кіргізердей әшкерелейтін қаламы қарымды, тілі шалымды журналист. Тұрсын ағадай терең білімді, кең ойлайтын, адам жанының қалтарыс-бұлтарыстарын зерделей алатын адам көркем әдебиетке түбі бір соғатынын білу үшін сәуегей болудың қажеті жоқ. Сондықтан  қазақтың даңқты қыздарының бірі – Зылиха Тамшыбаева хақындағы «Өмір өрінде» атты романын жұртшылық жылы қабылдады. Ал, айтыстың ақтаңгері Бақтыбай Жолбарысұлы туралы  Әбдіқадыр Алашбаевпен бірігіп жазған роман-дилогиясы тарихтың тереңіне тарта отырып, ақынның күрделі де қиын өмірін көз алдымыздан өткізді. Оқиғаға, тарихи деректерге толы еңбек қандай да марапатқа лайық. Бұр, әрине, Тұрсын ағаның шабытты шақтарының бір ғана жемісі деп сенеміз.

Жан жары Рәш апайымыз Жетісуды жырымен желпіндірген Артық ақынның қызы болса, отбасындағы жарасымдылық пен түсінік қайдан келді деуге келмес. Кешегі қиянкескі кезеңде: «Бала-шағаңнын болашағына зиян келеді ғой, соны неге ойламайсың!» – деп  байбалам салса, қанша жерден жүректі болғанымен ағамыз ойланып қалуы мүмкін еді ғой. Рәш апайымыз да тапталған ұлт намысын қайтсем көтеремін деп жүрген жарын қолдап,  жақсы сөзімен дем берді. Осылайша жұптары жараса жүріп ұл-қыздарын тәрбиеледі, құтты орындарына қондырды. Немере сүю бақытына ие болды. Міне, бүгін ағайын-дос, қаламдастарын жинап мерейлі мерекесін көппен бөлісуге ниет етіп отырған жайы бар. Осы бір салтанатты сәтте асыл да ардақты ағаны қуанышымен құттықтай отырып, ұлт мүддесі безбенге түскен шақта арын жанынан биік қойып, қазағына қорған бола білген жанмен бірге жүргеніме, жаны жақын іні бола білгеніме мақтанатынымды қоса жеткізгім келеді. Өзіңізге деген алғаусыз ақ тілегім өлең болып түзілген.

Тектілік

 

Тұрсын аға!

Перзент едің бойлай өскен Шағанды,

Еңбегіңе халқың берді бағаңды.

Ізетімді жеткізуге інілік,

Қолыма алдым қаламды.

 

Тұрған кезде компартия шеп құрып,

Санамызды жайлап еді көп күдік.

Сондай шақта ірі істерге бастады,

Қанға біткен тектілік.

 

Хас тұлпарлар тыншымайды кермеде,

Ұлт ұланы ғұмыр кешер шерлене.

Жасық жігіт басын бәске тікпейді,

Жасаймын деп мен неге.

 

Ер жігітті елдің мұңы шыңдай ма?

Батты ма екен жат қорлығы шымбайға?

Қарсы ақтыңыз қара нөпір ағынға,

Жүрек керек мұндайда.

 

Жан пида деп егер елім қолдаса,

Атой салдың көкті тұман торласа.

Бара бермес батырлыққа кез-келген,

Егер намыс болмаса.

 

Тұрған кезде ар мен намыс үйлесе,

Сан жүрдіңіз қанжар жүзі күй кеше.

Ермін деген жүздің бірі бармайды,

Егер елін сүймесе.

 

Толтырам деп жұртыңнын жоқ, кемісін,

Ұрандатып жүрдің талай ел ішін.

Әр ісіңіз демеу болды халқыңа,

Үлгі болды мен үшін.

 

Шалқар көлдің толғандай боп кемері,

Бүгінде де іс қыласыз өрелі.

Еңбегіңді елге сіңген әлі де,

Келер ұрпақ береді!

 Ұзақ та мағыналы ғұмыр кешіп, халқыңыздың махаббатына бөлене беріңіз, ардақты Тұрсын аға!

Қуат Қайранбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522