Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 5642 0 пікір 28 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ОҚО: ҚАР БАРЫСЫ ҚАЙТА ОРАЛДЫ

Аумағына Қазығұрт, Төлеби, Түлкiбас аудандарының таулы аймақтары кiретiн Сайрам–Өгем ұлттық табиғи паркi 149037 гектарды алып жатыр. Ғылыми және практикалық мәлiметтер бойынша паркте өсiмдiктердiң 1635 түрi өседi. Сүтқоректiлердiң (жабайы жануарлардың) 59 түрi, құстардың 300 түрi мекендейдi. Олардың iшiнде жойылып бара жатуына байланысты өсiмдiктердiң – 62 түрi, аңдардың –10, құстардың 30 түрi «Қызыл кiтапқа» енген.

Сонымен қатар саны 200-ге жуық жоғары дәрумендiк, дәрiлiк өсiмдiктердiң де мол қоры бар.

Тау етегiн ала ағып жатқан өзендер мен бұлақтардың да саны көп. Шатқалдарда терек, қайың, шаған сияқты ағаштар мен дәрiлiк қасиетi мол шырғанақ, қарақат, Түркiстан және Понти доланалары, итмұрын, бөрiқарақат және басқа да көптеген жемiс ағаштары өседi. Жартасты жерлерде Кавказ таудағаны да кездеседi.

Бұрынғы жылдары әртүрлi антропогендiк себептермен (әсiресе, нормадан тыс мал жаю мен ормандағы өрт оқиғалары) тау ормандары деградацияға ұшыраған болатын. Қазiргi кезде күзеттi күшейту мен орман учаскелерiн мал жайылымы үшiн пайдалануды күрт азайтудың, орман өрттерiн болдырмаудың нәтижесiнде табиғи ормандарымыздың сақталуы және олардың өздiгiнен табиғи ұрпақтануы қанағаттанарлық дәрежеде.

Табиғи алуантүрлiлiктi сақтаумен қатар оны молайтудың бiр жолы – ормандардың көлемiн мәдени орман алқаптарын жасаумен арттыру. Республикалық «Жасыл даму» бағдарламасына сай парк құрылғалы бергi жылдарда 383,4 гектар жерге жаңадан орман алқабы отырғызылды.

Биыл көктемде 30 гектар жерге 12,5 мың түп алма, алмұрт көшетi егiлдi.

Парк аумағында Мензбир суыры, Тянь-Шань қоңыр аюы, елiк, тау ешкi, Қаратау арқары, борсық, үндi жайрасы, қасқыр, жабайы шошқа, қоян, түлкi және басқа да аңдар, бүркiт, ұлар, шiл кекiлiк, көкқұс, дуадақ, әртүрлi торғайлар мен кептерлер, үкi, сақалтай секiлдi көптеген құстар мекендейдi.

Айта кету керек, тау ешкi, елiк, жабайы шошқа және басқа аңдарды мүмкiндiгiнше демалушыларға, туристерге жақындату мақсатында науаларды бiртiндеп тау жоталарының төменгi ярустарына жылжытып отыруды қолданамыз. Аңдарды санау жұмысында және олардың түнгi тiршiлiгiн, миграциялық жолдарын, түрлерiн анықтауда фотоқақпандарды пайдаланып келемiз.

Бұрын басқа жаққа ауып соңғы 55-60 жыл көрiнбей кеткен қар барысының екi жұбының қайта пайда болып мекендей бастағаны нақты әдiстермен анықталды: 2010 жылы Өгем тауының Мақпал көлi аумағында – бiр рет, 2014 жылы Сарыайғыр шатқалында бiрнеше рет суретке алынды.

2015 жылғы ақпан айында Сарыайғыр шатқалында қойылған фотоқақпан бұрын бар-жоғы бiлiнбей жүрген Түркiстан сiлеусiнiн бейне суретке бiрге жүрген екi төлiмен (марғау) түсiрiп, өте сирек кездесетiн бұл аңның да парк аумағында бар екенi алғаш рет анықталды.

Парк қызметiнде қазiр экологиялық туризм мен рекреацияны жергiлiктi ерекшелiктердi ескере отырып дамыта түспекпiз. Бүгiнге 6 демалыс үйi, 1 аңшылар үйi, 2 киiз үй кешенi, 7 монша-сауна, 10 туристiк бағыт, бiрнеше демалыс алаңқайлары, шолу алаңдары туристер мен демалушылар игiлiгiне пайдаланылуда. Туристiк бағыттардың 5-i аттылы, 5-i жаяу жүру бағыттары. Туристерге қажеттi мiнiс аттар мен жол көрсетушi бөлiнедi.

Бұл туристiк бағыттар парк аумағындағы Мақпал, Сусiңген, Сайрамсу көлдерi сияқты iнжу – маржандар мен Бозторғай, Сайрамсу, Сарыайғыр, Өгем және Машат өзендерiнiң бойындағы табиғаты тұнған, керемет сұлу учаскелердi қамтиды.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары да бекiтiлген перспективтiк – тақырыптық жоспарға сәйкес толық көлемде жүргiзiлуде.

Мекемедегi осындай көлемдi әрi маңызды жұмыстарда парктiң Төлеби филиалының мемлекеттiк инспекторлары – С.Ақынбеков, Қ.Жалмұрзаев, аңшы – биолог Н.Ақымбеков, Түлкiбас филиалынан мемлекеттiк инспекторлар М.Мейiрбеков, Б.Қуандықов, С.Тажиев, Өгем филиалынан мемлекеттiк инспекторлар М.Қонысбаев, мамандар Б.Шораұлы, Т.Жиренбаев, бас орманшы С.Азимбаев, парк әкiмшiлiгiнен бөлiм бастықтары Е.Орақбаев, Ә.Сихымбаев, Қ.Мейiрбеков, М.Абдуллаев нәтижелi еңбек етiп, басқаларға үлгi болып келедi. Еңбекқор жас мамандардың да қатары көбейдi.

Ұжымдағы қызметкерлер мен мамандардың осындай сабақтастығы, табысты еңбек, бiрлiк пен ынтымақ – парк қызметiнiң жақсара түсуiнiң кепiлi.

Асқар Құлтабаров, Сайрам – Өгем мемлекеттiк ұлттық табиғи паркi бас директорының орынбасары

Abai.kz

0 пікір