Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Билік 5461 0 пікір 28 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ОҚО: 33 ЕҢБЕК ЕРІ ШЫҚҚАН ӨҢІР

Жыл сайын қыркүйектiң соңғы жексенбiсiнде атап өтiлетiн «Еңбек күнi» мерекесiнiң маңызы ерекше. Елбасы «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегiнде баршамызды ел игiлiгi жолында қажырлы қайратпен еңбек етуге шақырып, өнiмдi еңбек еткендердi әрдайым қолдап, жұмысшы әулеттерiнiң көпжылдық дәстүрлерiн нығайту, жастар арасында жұмысшы кәсiптерiн насихаттау қажеттiгiн атап көрсеттi.

Бiздiң қасиеттi Мырзашөл халқы да еңбектiң қадiрiн жақсы бiледi. Сонау Кеңес дәуiрiнен берi «ақ алтынды» өңiрден қаншама еңбек озаттары шықты. Өзiнiң адал еңбегiмен маңдай терiн төгiп, топ жарған асыл ағалар мен апаларымыздың есiмдерi көпке үлгi-өнеге. Тынымсыз еңбектiң арқасында аймағымыздан 33 Социалистiк Еңбек Ерi, бiрнеше Жоғарғы және республикалық Кеңестердiң депутаттары шыққанын мақтан етемiз. Мақтааралдың бұл даңқты перзенттерiнiң есiмдерi аудан тарихында алтын әрiптермен мәңгiлiкке жазылып қалды.

Еңбектiң ерен үлгiсiн көрсетiп, «Мақта өсiрудiң академиктерi» атанған Шаблан Дiлдәбеков, Жолдасбай Ералиев, Жұмагүл Сәуiрбаева, Дiнәсiлбек Бөртбеков, Әжiхан Есқараев, Жолбарыс Қалшораев, Қыстаубай Аманов, тағы басқаларын ел ешқашан да ұмытпайды.

Ауданымызда ата кәсiптерiн жалғастырып, алтын арқауды үзбей келе жатқан әулеттер аз емес. Жақында осы «Еңбек күнi» мерекесiне орай «Шаңырақ» отбасы клубының ұйымдастыруымен «Еңбеккердiң мерейiн асыратын мереке» деген тақырыпта өткен кешке әулетiмен еңбексүйгiш отбасыларды арнайы шақырып, жастармен кездесу өткiздiк. Осы iс-шарада Қазыбек би ауыл округiнде тұратын Еркiн Ботабековтiң отбасы «Еңбек әулетi» деген атаққа ие болды. Бұл жиынға ұлттық қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысатын ерлi-зайыпты Аюбхан, Злиха Әбдiрахмановтар отбасы да шақырылып, олар өздерiнiң ата кәсiптерi жайлы әңгiмеледi.

Халқымыз «Еңбек қылмай ер оңбас, бiрлiк қылмай ел оңбас» деп бекер айтпаса керек. Адал, қажырлы еңбек қана адамды үлкен абырой-беделге, құрметке бөлейдi. Ерiнбей еңбек ету арқылы тұрмысың түзелiп, бай, қуатты боласың. «Елдi ел ететiн–еңбек, еңбек бәрiн де жеңбек» деген қағида осыған байланысты айтылған ғой деп ойлаймыз.

Кәмира ӨМIРБАЕВА, Мақтаарал ауданы әкiмi аппараты ұйымдастыру инспекторлық бөлiмiнiң бас инспекторы

Abai.kz

0 пікір