Жұма, 26 Сәуір 2024
Бірлік 8647 0 пікір 28 Қыркүйек, 2015 сағат 13:54

БАРКӨЛ АУЫЛЫ ҮШІН БАРЛЫҚ ҚАЗАҚ ҚУАНСЫН

Кеше Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Жаңашамалған ауылдық округі маңынан  Атажұртына қоныс аударып келген қандастармыздың «Баркөл» деп аталатын ауылы құрылып,  ондағы тұрғындардың қоныс тойы өтті. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.

2007 жылдың басынан бері тарихи Отандарына аяқ басқан оралман бауырлардың өз күшімен құрған «Баркөл» аулының ашылу салтанатына аудандық және ауылдық әкімшілік өкілдері,  Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткерлер, ғылым докторлары мен ҚХР-нан арнайы келген қонақтар қатысты.

Ал, Қазақстанның эстрада жұлдыздары торқалы тойға арнайы ат терлетіп келген көпшілікке әннен шашу шашты. 

Елге келіп еңбегі жанған бауырларымыздың осынау қуанышына арнайы ақсарбас мал сойылып, ақшаңқан  киіз үйлер тігілді.

Айта кетейік, «Баркөл» ауылының ашылу салтанаты арнайы «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орайластырылып отыр.

Бүгінде «Баркөл» ауылында қиыр шеттен атажұртына оралған  56 отбасы қоныстанған. Алдағы уақытта ауылға қоныстанушылардың қарасы 200 отбасыға дейін жетеді дейді осы игі істің ұйытқысы болып жүрген ұлтжанды азамат, «Баркөл» ауылдық кеңесінің төрағасы Мақсұтқан Дәлейұлы.

2007 жылы атажұртына табаны тиген сәттен бастап, Мақсұтқан Дәлейұлы өз қандастарын бауырына жинап, олардың жер алуына, баспана тұрғызуына, әлеуметтік тұрмысына септігін тигізіп келе жатқаны жасырын емес. Бұл тарихи отанына оралған әр қазақтың атқаруға тиіс шаруасы болғанымен, көп қазақтың қолынан келе бермейтін ерлікті Мақсұтқан Дәлейұлы жасағаны ақиқат.

Рас, Мақсұтқан Дәлейұлының мұрындық болуымен алып мегаплис Алматының іргесінде қазақы болмысты ауылдың бой көтеруі ардақты  азаматтың ұлт үшін  қызмет ету жолындағы қажырлы еңбегі мен адал ниетінің көрінісі болса керек-ті.

 

Мақсұтқан Дәлейұлы, «Баркөл» ауылдық тұтыну корпоративінің төрағасы:

-Біз бұл жұмыстарды 2007 жылдан бастап қолға алған болатынбыз. Алғашында түрлі қиындықтар мен кедергілердің болғаны жасырын емес. Құжаттарды рәсімдеу кезінде де көп кедергілер болды. Бірақ, біз әу баста осы атажұртымызға аяқ басқан бауырларымызды бір жерге топтастыру идеясы болған. Елбасымыздың айтқан сөзі бар ғой: «Мұнда келген әрбір қандасымыз Отаннан не алам деп емес, не берем деп келуі керек»,- деген.  Сөйтіп, біз бастама көтеріп, осы ауылды құру үшін жанталастық. 2007 жылы осындағы жеке тұлғалардан 12,5 гектар жер сатып алдық. Қазір мұнда 56 отбасы қоныс тепкен. Алдағы уақытта ауылымызға 200 отбасы сиятындай жеріміз бар. Ауылды құру үшін жергілікті және аудандық әкімшілік тарапынан құжаттарды рәсімдеу, электр жарығын тарту, су құбырларын реттеу секілді коммуналдық жұмыстарға қолдау болды.  Қазір ауылымызға су, электр жарығы, тіпті көгілдір отынға дейін тартылған.

Бексұлтан Ақылбекұлы, Жаңашамалған ауылдық округі әкімінің орынбасары:

Бүгінде әлемнің отыздай елінен қазақтар Атажұртына қоныс аударып, өз елімен, жерімен табысуда. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы! Қазақстан – әлемдегі барша қазақтың қастерлі қара шаңырағы!» деген сөзі бар ғой. Бүгінгі отандастарымыздың құрған ауылы малды, жанды болсын дейміз. Біз де алдағы уақыттарда өз қолымыздан көмегімізді көрсетіп отыратын боламыз. Ал әлеуметтік нысандарға келетін болсақ, бұл біріншіден саяжай кешені ретінде тіркелгендіктен, мұндағы отбасылар бау-бақша шаруашылықтармен айналысады деп жоспарланған. Сондықтан бұл ауылға әлі ауыл статусы берілмегендіктен,  қандай да бір әлеуметтік нысандарды; емхана, балабақша, мектеп т.б. салу жоспарланбаған. Десе де, жақын маңда осы «Баркөл» ауылы тұрғындарына арнап ауылдың маңынан Мешіт тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Мешіттің орны нақты белгіленіп қойды. Ал ауыл тұрғындарына арнап көшлілес орналасқан Тұрар  ауылынан келер жылы балабақша ашу жоспарда бар. Қазірдің өзінде бұл ауылдың балалары Тұрар ауылындағы орта мектепке қатынап оқиды. Ол үшін аудандық білім бөлімінен арнайы автобус бөлінген. Ол автобус осы ауылдың балаларын сабаққа апарып, алып келуде. Жол мәселесіне келер болсақ, қазір біздің бюджетіміз шектеулі болғандықтан, бәлен-түген деудің өзі қиындау. Егер ауыл тұрғындары өздері бас болып, шағыл, тасын сатып алатын болса, ауылдық әкімшілік техникалық жағынан көмектесетін болады.

 Нұргелді Әбдіғаниұлы

«Қамшы» сілтейді

Суреттерді түсірген: Аян Аманғали

 

 

 

 

 

0 пікір