Жұма, 29 Наурыз 2024
Міне, әңгіме! 8343 0 пікір 30 Қыркүйек, 2015 сағат 11:29

ҚҰР МАҚТАН ҺӘМ ҚАЙЫРЫМСЫЗДЫҚ

«Әннің де естісі бар, есері бар...» (Абай) дегендей, мақтанның да мәндісі, мәнсізі бар ғой. Оны естияр кезімізде-ақ аңғарсақ та, миығымыздан күліп жүре бердік. Орындысын жөн деп, орынсызына үндемедік.

Жөн дегеніміз не бір кісі, не бір ұжым іске асырған игіліктің мақтаныш етуімізге болатынын  білдік, ал бекер мақтанға үндемегініміз оның түп-тамыры өсек-өтірікпен өзектес екенін ескере бермегеніміз болды, қисынсыз мақтан қауласа, қоғамды шарпитынын білмедік, тек соңғы 10-15 жылда ғана біліп-көріп, таңданып жүрміз. Заман ағымына қарай жекешелендіру деген желікпеге мерзімінен бұрын тап болып, халқымыздың сан ғасырғы бүкіл тірлігінің жылы ұясы, құтты мекені болған ауылды астаң-кестең етіп, аузын ақтан, басын бақтан айырғанын көзбен көрдік.

 

«2030», «2050», «2020», «10 жыл» ма еді, «100 мектеп, 100 аурухана», «5 кезең», «100 қадам», «5 реформа», «Ауылды қалпына келтіру, дамыту» деген бе еді, әйтеуір, толып жатқан жоба-жоспарлар мен бағдарламалар жолға шықты, алайда ауылдарға соққаны, жағдайын түсінгені, қол ұшын бергені  айтуға тұрарлық емес. Бір ғана мысал: Алматының іргесіндегі Қарғалы поселкесінде ауызсу тәулік бойына  4 сағат қана болады екен. Ұзынағаш ауылы бағытындағы «Наурыз» бау-бақша бірлестігінде 3000 шамасы адам тұрса, онда бастауыш мектеп жоқ, шәкірттер 3,5 шақырым жердегі ауыл мектебіне барып-келіп оқиды екен. Бұдан: «Алматы мен Астанадан ондаған, жүздеген шақырым қашықтықтағы ауылдар нендей күйде? Нешеуі сусыз, мектепсіз, ауруханасыз, электр қуатынсыз,  жылусыз, поштасыз отыр? Халқының қаншасы жұмыссыз?» деген сұрақ туады. 

Республикамызда 500 ауыл ауызсу тауқыметін тартып отыр деген мағлұмат бар. Ал ауылды қалпына келтіру, дамытуға соңғы 10 жылда  үкіметтің ресми шешіммен неше миллиард теңге  қаржы бөлінгенін және оның қайда кеткенін ешкім білмейді, өйткені үкіметтің өзі де жым-жырт.

Ал негізінен биліктің құзырындағы бұқаралық ақпарат құралдары бұл жағдайды жазудан аулақ. Олардың жазуына, айтуына сенер болсаң: елдің тірлігінде  алаңдайтын ауыртпалық жоқ, экономикамыз жыл сайын еселене нығайып, мәдениетіміз мәуелеп, демократиямыз дамып, адам құқымыз қылаусыз сақталып, айтып-айтпай не керек, - бүгінде азаматтық қоғамды қалыптастырған Қазақстан бүкіл әлемді қызықтырып, таңдандырып, үлгі-өнеге болып тұр. Әлемдік экономиканың ғұламалары «Қазақстандық дамудың кодын білуге құлшынулы» (М. Жолдасбеков).

Қазақстан әлемдік саясат, бизнес, дін, мәдениет орталығына айналуда. Түркі  елдердің көшбасы болып та алды. Бүкіл әлемде «халықаралық бірде-бір мәселе біздің президент Н.Назарбаевсыз шешілмейтін дәрежеге жеттік» (М. Жолдасбеков). Бұл соңғы «тұжырымның» өзіміздегі көрінісі: билікті сағалаған үлкен-кіші гәзет-журналдардың әрбір саны президенттің  2-3 суретінсіз шықпайды, мақалалар «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай», «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсеткендей», «Елбасымыз Нұрекеңнің тапсырмасын орындау жолында»... деп басталып, одан арыда  да Елбасына 4-5 рет қайта оралып, өздерінің «жетістіктерін» көсіле-көсіле баяндайды. Ол мақалалар марғау оқырманды коммунизмнің төріне шығарып қояды. Елдің ішкі-сыртқы жағдайын жақсы білетін оқырманды, әрине, шарбының майын ішкізгендей мазалайды. Мен болсам: «Әттең-ай, құр мақтанудан дүниежүзілік айтыс болса, біз бас бәйгені жеңіп алар едік!» деп  кіжінемін.

Біздің осындай ерекше елде, ғажап қоғамда қайырымсыздық  болуы мүмкін бе?..

Бұл тосын сұраққа жауапты тәуелсіз баспасөзден табамыз. Тірлігіміздің шындығын сол ғана айтады. Әлдебір алаяқтың  арбауымен ипотека дегеннің иірімінде малтығып қалғандар, істеп жүрген жұмысынан жазықсыз қуылғандар,  нақақ сотты болғандар, пәтер алудың кезегінде тұрғанына 10-15 жыл  болғандар, тапқан-таянғанын үздіксіз өсетін коммуналдық қызмет төлемдері қылғып жүргендер, басқа да жәбір-жапа шеккендер араша тілей сол тәуелсіз гәзеттерге барады. Егер жаңылыспасам, «Жас алаштан» оқыдым: Алматыда осыдан үш ай бұрын бір отбасында дүниеге бірден төрт сәби келді. Сірә, қазақтың саны көбейе түскенінен шошып кетсе керек, қала әкімшілігі ол отбасына пәтер сыйламайтынын дереу мәлімдеді. Үкіметтің қаулы-қарарынсыз-ақ қалыптасқан ежелгі қайырымдылық дәстүрімізді бұзды. Ол оқиғаға қалтасы тесік көпшілік қайран қалумен тынды, ал қалтасы қалыңдар...

Алматыда миллиондаған долларға салынған, салынып та жатқан мейрамхана, мейманхана, тағы басқа «ханалар» қалтасы қалыңдардікі екенін естіп жүрміз. Жолдас-жоралардың анау-мынау тойларына, марқұмдарының аруағына арнап ас бергендеріне барасың. Ерекше еңселі де сән-сәулетті ол мейрамхана  министр Пәленбаевтың, әкім Түгленбаевтың жекеменшігі екенін «ел құлағы елуден», «отыз тістен шығып, отыз руға тараған сөзден» естисің.

Адал еңбегімен емес, «қарағайға талды жалғаумен» немесе көкесінің күшімен қалтасын қампитып алған қазекемдердің қарасы көп. Олардың бірі мына айтқан «май шелпекті» тапса, бірі тұрғын үй салып, оның пәтерлерін сатып, не  жалға беріп қарық.  Бірі түрлі құрылыстардың акциясын иемденсе, бірі - курортты аймақтың қожайыны. Бірі ауызша ақыны айтарының жартысын алдын ала жаттап келетін, қоғам келеңсіздіктерін батыл айтуы кемшін болатын айтыстың алға шыққанына аутомәшін табыс етіп мәз де, бірі аутомәшіннің жүз бірдеңе мың теңгелік мақтан нөмірін сатып алып    өркештенеді.

Солайша «өзінде бармен көзге ұрып...» жүрген байлар мен байшікештер бел алып тұрған қоғамымыз қайырымсыз. Көпшіліктің басында бар өзге қиыншылықтарды тізіп айтпағанда, ауыр дертке  ұшыраған, шыбын жаны шырқырудан қажып, өзімізде шипа таба алмай, Қытайға, Германияға, Израильге, басқа шет елдердің біріне  барып емделуге  қажетті қаржысы жоқтықтан көпшіліктен гәзет арқылы көмек сұраған қазекемдердің – мәдениет өкілдерінің он шақтысын білемін. Елімізге еңбегі сіңген белгілі қайраткерлер. Олардың бірі, мысалы, кинорежиссер Қалдыбай Әбенов. Оның 1986-жылғы Желтоқсан көтерілісіміз  туралы  тарихи шындықты айтып берген деректі «Аллажар» фильмін білмейтін қазақ бар ма?..  Өкінішке қарай, бар. Олар кімдер?..  Фильмнің билікке жақпағанын білетін жылмақайлар және  уақытын өздерінің бөспелік ырду-дырду жиындарында өткізіп, казино мен түнгі клубта ақша шашып жүрген қалың қалталылар.

Қалыбайдың достары оның шет елге барып емделуіне жәрдем жасауды өтіне гәзетке, интернет сайттарына құлаққағыс жазғалы, арнаулы есеп-шот ашқалы 9 ай болды. Амал не, жетерлік қаржы жиналмады. Көмектесуге құлшынғандардың қалталары тесік болды, ал қалтасы қалың талтаңбайлар Қалдыбайдың тағдырына елең етпеді.

Құр мақтан мен қайырымсыздық жайлаған қайран қоғам!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616