Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Қайнайды қаның... 5749 0 пікір 30 Қыркүйек, 2015 сағат 11:37

ҮНСІЗДІК – МІНСІЗДІК ЕМЕС...

Жалған уәде жалпасынан түсіп, қазақ теңгесі теңкиіп қалса да қазақ қоғамы мыңқ етпеді, үнсіз қалды...

Ермұрат ағам БАПИ-ша айтсақ: «Мәсімовтің міңгірін кім түсінді?» деп жүргенімізде, Бас министрдің уәжін өзге түгілі – өзі де түсінбегені мәлім болды. Қазақ үкіметінің білімсіздігі мен біліксіздігі – әлемнің алдында Еліміз бен Елбасының абыройын айрандай төгіп, сүттей шашты...

Жарты жылдай бұрын Астанада өткен қазақстандық-хорваттық бизнес-форумда қазақтың Премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВ-тің: «Бізде өзіміздің болғымыз келетін елді анық көре аламыз. Бізде осы қиын уақыттарға деген даму жоспарымыз бар. Сіздер осы көріністің бір бөлігі бола аласыздар. Біздің өзара пайдамыз үшін Қазақстанға деген инвестициялар бойынша сіздердің ұсыныстарыңызды естігім келеді… Мен сіздерге Қазақстан бизнес үшін ашық және бұл Орталық Азиядағы бизнес жүргізуге ең ыңғайлы ел деген ақпаратты жеткізгім келеді…» – дегенін сынға алған қырағы жорналшы Ермұрат ағам: «Мәсімовтің міңгірі сабақ білмейтін оқушының «екі» алмас үшін амалдаған айтары ғана болды. Оның «бізде өзіміздің болғымыз келетін елді анық көре аламыз…» деуінен-ақ ел үкіметін қандай «сұңғыла» басқарып отырғанын сабақтай бер...» – деп көрегендік танытқан екен, жете түсініп, терең бойлай алмаппыз?!.

Енді елдің күні аманында теңгені жүгенсіз жіберіп, «1 АҚШ доллары – 300 теңге болса да, қазақтың мұртын балта шаппайды» дейтін «көсем» министрлер шығып, Бас банкіші «біздің бағамда шаруамыз жоқ» деп сасқан үйрек артымен суға сүңгігенде – әлгі Бас министр Кәрім Мәсімов тағы да тасада қалды...

Бұл басының бағы бес батпан қандай күлшелі құдірет еді десеңші?!.

...Ел іші ішінара толқынданғанымен, жалпы жұрт жалтаң қақты. Тек, Алматыда қоғам белсенділері Әміржан ҚОСАНОВ, Гүлжан ЕРҒАЛИЕВА, Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Маржан АСПАНДИЯРОВА, Ерлан ҚА­­ЛИВ-тер бастама көтеріп,«Бақылау­сыз девальвация, халықтың өмір сүру деңгейінің нашарлауы: қоғам мен биліктің міндеттері» деген атпен наразылық шарасын өткізбекші болды. Шараның аты Ақтөбе өңірінің су жаңа әкімі Бердібек САПАРБАЕВ-тың жұртпен жабылып «жазған» ғылыми еңбегінің шұбалаңқы тақырыбына ұқсағанымен, аталған азаматтардың көздегені - елдің қамы, қазақтың мүддесі екендігі ақиқат. Дегенмен, Алматының ақордалықтар мақтап-баптаған «креативті» әкімі Бауыржан БАЙБЕК-тің креативтілігі «сбой» беріп, Әміржан ағама «әкірең» көрсетіпті: «шара өткізілетін алаң бос емес» дей салыпты. Бұл бала да немістің елін көргенімен, тәртібін сіңірмегенге ұқсайды. Не керек, Әбағаң да оңай шағылатын жаңғақ емес, әр алаңды сұрап, әлі жалаулатып жүрген көрінеді. Қайран шындық-ай, неткен зілбатпан ауыр едің деші!..

Төрдегілер «тәйт» десе де, Ермұрат ағамның мына сөзінің жаны бар: «Осы арада 1995-97 жылдары Қазақстан үкіметінің премьер-министрі Әкежан ҚАЖЫГЕЛДИН-нің АҚШ, Жапония, Англия, Германия және Түркия елдеріне жасаған ресми сапары еске түседі. Мәселен, Қажыгелдиннің Түркия сапарында Қазақстанда өндірілген алтынды Ыстамбұл биржасына шығару мәселесі сөз болды. Сонда біздің премьер монетарлық алтын мен тауарлық алтынға қатысты қаржылық-экономикалық мәселені шемішкедей шаққан кезде, түрік елінің сол кездегі президенті Сүлеймен ДЕМИРЕЛ-дің аузы аңқиып қалғанын өз көзіммен көрдім...»

Иә, елдің өңін де, төрін де дарынсыз­дар қаптады. Үкіметін «қытай тілінің тілмашы» басқарған елдің әл-ауқатының құлдырауын кімнен көреріңді білмей, дал болады екенсің?!.

...Құрметті қалың елім: үнсіздік дегеніміз – әсте де мінсіздік емес. 1 АҚШ доллары – 3000 қазақ теңгесіне тең болғанда да, ешкімнің де өз нәпақасын саған бөліп бермейтіндігін ұмытпағайсың! Өз құқыңды қорғай алмасаң, өлгеніңше өзгенің табанында таптала бересің!..

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Abai.kz

0 пікір