Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 18578 1 пікір 2 Қазан, 2015 сағат 10:14

«АСЫЛ АРНАНЫ» КІМ ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ?

Қазақстандық Тotal.kz сайты «Асыл арнаны» кім қаржыландырады?» деген материал жариялады. (Қараңыз: http://total.kz/society/sobyitiya/2015/10/01/kto_finansiruet_telekanal_asyil_arna#begin_st). Аталған сайттың жазуынша, діни арнаны Сауд Арабиясы қаржыландырады. Сондықтан да, «Асыл арна» идеологиялық тұрғыда уахабилік және сәләфилік бағытты ұстанады-мыс. Тotal.kz мұндай ойды төмендегі хаттар арқылы дәйектепті.    

 «Асыл арна» қазақтың арнасы ма әлде арабтың арнасы ма?

«Асыл  арна» – Қазақстандағы  Ислам  діні  құндылықтарын насихаттайтын  бірден-бір телеарна. Дегенмен, бүгін осы қазақстандық арнаны қаржыландыратын тарап Сауд Арабиясы екендігі  белгілі болып  отыр.  Арнаның басы-қасында  жүрген  қызметкерлердің  дені  Сауд Арабиясынан діни білім алып келген немесе сәләфиттік бағыт ұстанған жастар екендігі де белгілі. Жуырда ғаламтор беттерінде  арнаға  қатысты  бір  тосын  ақпарат  шықты.  Атышулы австралиялық  ғаламтор журналисі Джулиан Ассанжға тиесілі Уикиликс (WikiLeaks.org) сайтында Сауд  Арабиясы билік  орындарының  құпия  хаттары жарияланған  Saudi  Cables («Сауд жеделхаттары») атты ақпараттар тізімі жарық көрді. Соның арасында Қазақстандағы «Асыл арна» телеарнасын қаржыландыруға қатысты бір ресми хат та бар. Онда Сауд Арабиясының Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми өкілдері осы арнаға қомақты қаржы бөлу жайында өзара ой бөліскен. Хаттағы һижри жыл санауымен берілген датаның бізше 2010 жылы жазылғаны белгілі болды.

Сауд Арабиясы Корольдігінің негізін Сауд әулеті мен атышулы Мұхаммед бен Абдулуаһһаб (уаһһабизм ағымының негізін қалаушы) деген бүлікшінің құрғаны тарихтан мәлім. Осы бүлікшінің бүлікшіл ілімі  Сауд мемлекетінің саяси  әрі  ұлттық идеологиялық тұғырнамасына айналған. Ондағы бүкіл діни оқу орындарында Мұхаммед бен Абдулуаһһабтың осы атышулы ілімі мен сәләфилік бағытына басымдық берілетіні бесенеден белгілі. Олай  болса, қанша уақыттан  бері  сәләфтар  қаржыландыратын «Асыл  арна» қандай идеологиялық, діни танымдық – ақидалық бағыт ұстанады деген сұрақтың туатыны заңды. Әрине,алмақтың да салмағы  бар. Кім  қаржыландырса,  соның  дегені  болмай  ма? Сәләфилік «шейхтардың» уағызын  тыңдаған  жастардың  Қазақстанда  лаңкестік  әрекет  жасап,  ұлттық құндылықтарға, салт-дәстүрге қарсы шығып жүргендеріне бүкіл халық куә. «Аллаһу акбар!» деп атойлап,  Сирия  мен  Ирактағы  «жихадқа»  аттанып,  ондағы  бейбіт  халықтың  қанын  төгіп жатқандар да осы ағымды ұстанушылар екендігі баршаға аян.

Ендеше еліміздегі тиісті орындардың діни лаңкестік, экстремизм мен радикалды ағымдарға  қарсы пәрменді шараларды қолға алып жатқаны рас болса, неліктен бұл арнаның жұмысы мен қаржы  көздерін  тексеру  назардан  тыс  қалған? Қазіртехникалық  әрі  қаржылық  мүмкіндігі Қазақстандағы басқа ақпарат құралдарынан асып түспесе, ешбір кем түспейтін телеарнада қазақ халқының ұлттық санасы мен болмысына өзек болған дәстүрлі Матуриди ақидасы дәрістерінің жүргізілмеуі, Мәуліт туралы жақ ашпауы, әрі хәкім Абайдың отыз сегізінші қара сөзінде айтып өткен діни-таным негіздерінің әлі күнге дейін насихатталмай келуінің сыры, бәлкім, осында шығар.Өзге елдің ақпараттық басқыншылығына  біздегі билік неге көз жұма қарайды? Хаттағы мәліметке  қарағанда,  қазақстандық  бірден-бір діни телеарнаның Бас  жетекшісі  сәләфи ұстанымындағы саудиялық шейх Исам бен Салих әл-Уейд екендігі де қанша жасырып келсе де әшкере болып қалды. Саудиялық ресми ұсыныс хат иесінің Қазақстандағы діни ахуалды өзінше сараптап, өз мүдделеріне  қарай бейімдеуге  тырысатыны анық байқалады. Хатта  Қазақстандағы ислами  бағыттағы  діни  уағыздарды жүргізуде сопылар  мен  шииттердің  белсенділігі  күшеюде  деуі шындыққа сая ма? Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Қазақстандағы діни мәселелерді шешуге ресми мемлекеттік тұрғыдан жауапты Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Дін істері комитетінің өкілдері не дер екен? Әлде аталмыш құзырлы орындардың бұл телеарнаға өз батасын берерде осылай бағыт аларын алдын ала біліп, сезбегені ме?

Енді сөзіміз нақты да дәлелді болуы үшін саудиялық Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты өкілдерінің бір-біріне ресми ұсыныс хатының арабша нұсқасы мен қазақша тәржімасын қаз-қалпында қалың  оқырман  талқысына  ұсынуды  жөн  көрдік. (Ұсыныс хаттың мәтіні төменде). Оқып  танысып, бағамдаңыз, ойланыңыз. Сәләфилер неге бұл арнаны қаржыландырады? Неге қамқор? Бұл арнаның басында кешегі айтыскер ақын, сөйлесе, жорға аттай қамшы салдырмайтын, сәләфилік ұстанымға сай ән-жыр, айтыстан тыйылған Мұхаммеджан Тазабековтің үкіметтік неше түрлі марапат пен сый-кәдеге бөленіп отырғаны да мемлекетіміздің бұларға деген қамқорлығын сездірмей ме? Теріс ниет-пиғылы  мен  іс-әрекеті мен (іріткі  салуымен),  бүлік  шығаруымен  Ислам  атына «Ислам терроризмі», «Ислам экстремизмі» деген халықаралық үрей туғызар атауларды жапсырып, кір келтірген уаһһабилік ағымның бізде ала-бөтен бағаланып отырғаны көп ойға жетелейді. Расында да, бұларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмайтын жағдайға жеткеніміз  бе?

 

Сауд Арабиясы корольдігінің Мәдениет және ақпарат министрлігіне жазылған хаттың аудармасы

Құрметті, Мәдениет және ақпарат министрлігінің сыртқы ақпарат өкілі! (Сауд Арабиясы корольдігінің Мәдениет және ақпарат министрлігінің сыртқы ақпарат өкілі Абдулазиз бен Салих бен Салама – ауд.)

«Асыл  арна» телеарнасының  бас  жетекшісі  Исам бен  Салих  әл-Уейдтің (саудиялық сәләфилік бағыттың көрнекті өкілі – ауд.) Аса Мәртебеліге (Корольге – ауд.) жолдаған хаты және  осыған қатысты  пікірімізді сұраған1431/6/18 (2010/6/1–ауд.) күнгі  жіберген жеделхатыңызға байланысты былай дейміз.

Аса  Мәртебелінің (Корольдің – ауд.) Астана  (Алматы)  қаласындағы  елшілігінің (Қазақстандағы Сауд Арабиясы елшілігінің – ауд.) мәліметіне қарағанда «Асыл арна» – үкіметтік емес  телеарна,  2008  жылы  Қазақстан  мұсылмандары  діни  басқармасы  мен  Әділет министрлігіндегі Дін істері комитеті және басқа да билік орындарының тікелей қолдауымен негізі қаланған. Ақидасы – Әһл сүннә уал-жамағат, мұсылмандардың арасында ортақ мүдделердің қамын жейді.Бұл телеарна Қазақстандағы ресми, қоғамдық және діни тараптардың барлығымен де тығыз байланыс орнатқан. Сондықтан да бұл арна діни насихат жүргізетін телеарнасы жоққа тән, болса да, үкімет тарапынан құрылатын осынау аймақта ерекше маңызға ие. Онымен қоса, мұнда (Қазақстанда – ауд.) қазақ халқының арасында сопылық насихатын таратып, жаңсақ істермен шұғылданатын сопы уағызшылар тобы бар. Сондай-ақ, шииттердің әсері әрі олардың Қазақстанда біршама белсенділік қаупі де бар. Діни (сәләфилік –ауд.) үгіт-насихаттың болмауы Исламға қызығушылардың аса белсенді ислами тобының осындай белсенді шииттік жағына ауып кетуіне соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ (Қазақстандағы – ауд.) елшілік  аталмыш  арнаның  көп  әрі  алуан  түрлі мұқтаждықтары туралы хабарлады. Олар түсірілім мен монтаждауға, дубляж жасауға керекті жалпы сомасы шамамен бір миллион АҚШ долларын құрайтын бүгінгі ең жетілген құрал-жабдықтарды сатып алуды қалайды. Сондай-ақ, жұмыс орны болатын ғимарат сатып алуды және қызметкерлердің санын арттыруды көздейді. Елшілік (Қазақстандағы Сауд Арабиясы елшілігі – ауд.) аймақтағы жаңа сынақт ретіндегі маңызына қарай бұл арнаны қолдау дұрыс деп санайды. Бұл мәліметтер Сіздің танысуыңыз үшін әрі Өзіңіз дұрыс деп тапқан шешім шығаруыңыз үшін жіберілді.

 Ең ізгі сәлеммен, (Сауд Арабиясы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты – ауд.) Ақпарат істері басқармасының бастығы, құрметті елші Усама Ахмад Нақлий Зафир Усейри 1431/08/01

(2010/07/13 – ауд)

(Хаттың арабша нұсқасы мына жерде: https://wikileaks.org/saudi-cables/doc121022.html)

 

Abai.kz

1 пікір